Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Өзгелерге деген сый-құрмет қайда қалды?

Өзгелерге деген сый-құрмет қайда қалды?

ӨЗГЕЛЕРДІ ҚҰРМЕТТЕУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

Өзгелерді құрметтеу ашуды басады және жағдайды одан әрі ушықтырып жіберуден сақтайды.

  • Киелі кітапта мынадай нақыл бар: “Биязы жауап ашуды басар, Ауыр сөз ыза тудырар” (Нақыл сөздер 15:1). Құрметсіздік отқа май құяды, мұның соңы жақсылыққа апармайды.

  • Иса пайғамбар: “Адамның жүрегі неге толы болса, аузы соны айтар”,— деген (Матай 12:34). Сый-құрмет танытпау біздің өзгелерге деген көзқарасымызды айқын етеді. Бұл адамды нәсіліне, ұлтына, руына немесе әлеуметтік жағдайына бола менсінбейтінімізді көрсетуі мүмкін.

    Жақында 28 елде жүргізілген сауалнамаға сай, 32 000 қатысушының 65 пайызы адамдар арасындағы құрметсіздік бұрын-соңды болмағандай деңгейге жеткенін айтты.

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ

Көзқарастарымен келіспесеңіз де, мектепте болсын, жұмыста болсын, барлық адамды құрметтеңіз. Біреумен сөйлескенде, оның ойымен келісе алатын тұстарыңызды байқауға тырысыңыз. Сонда сынап-мінеуден, айыптаудан аулақ боласыз.

“Өздерің айыпталмас үшін, өзгелерді айыптауды доғарыңдар” (Матай 7:1).

Сыйласаңыз — сыйлы боласыз. Басқаларға жақсы қарап, бәрін тең санасаңыз, олар да сізге солай қарауға ықыласты болуы мүмкін.

“Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” (Лұқа 6:31).

Кешірімді болыңыз. Өзгелердің сөздері мен іс-әрекеттеріне тым қатты мән бермеңіз, “мені әдейі ренжітті” деген ойдан аулақ болыңыз.

“Терең түсінік адамды ашуға баяу етер, Кінәні кешіргені оны тартымды етер” (Нақыл сөздер 19:11).

БІЗДІҢ ҚОСЫП ЖҮРГЕН ҮЛЕСІМІЗ

Ехоба куәгерлері тұратын жерлерінде және жұмыс орындарында сый-құрметті өздері де танытады, өзгелерді де танытуға талпындырады.

Біз тегін Киелі кітап курсын ұсынамыз. Бұл курс барлық адамға арналған, бірақ біз ешкімді көзқарасымызды ұстануға күштемейміз. Киелі кітаптан білгендерімізді өзгелерге айтқанда, мұны мүмкіндігінше “жұмсақтықпен әрі зор құрметпен” істейміз (Петірдің 1-хаты 3:15; Тімөтеге 2-хат 2:24).

Ешкімді бөліп-жармаймыз. Қауым кездесулерімізге Киелі кітапты білсем деп келген барлық адамды жылы қарсы аламыз. Біз толерантты болуға, яғни өзгелердің ерекшелігін сыйлауға және “әркімге тиісті құрмет көрсетуге” ұмтыламыз (Петірдің 1-хаты 2:17).

Үкіметке құрмет көрсетеміз. Қай елде тұрсақ та, біз жергілікті заңға мойынсұнамыз және салық төлейміз (Римдіктерге 13:1). Саяси мәселелерге араласпай, бейтарап болсақ та, өзгелердің бұл мәселеде қабылдайтын шешімдері мен таңдауларын құрметтейміз.