Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Электронды техниканың достыққа әсері

Электронды техниканың достыққа әсері

Техника қарыштап дамыған заманда адамдардың бір-бірімен араласуы айтарлықтай жеңілдеді. Тіпті мұхиттың арғы жағында тұрса да, олар бір-бірімен хат-хабар алысып, видео арқылы көрісіп, әлеуметтік желіде пікірлесіп жатады. Құлтемір адамға қызмет етеді деген осы болар.

Бірақ абай болмасақ, құлтемір адамға емес, адам құлтемірге қызмет қыла бастауы мүмкін. Ал бұдан мынадай қиындықтар туындап жатады:

  • достарын түсінуден қалады;

  • жалғызсырап, жабырқайды;

  • өзгені емес, өз басын көп ойлайды.

БІЛГЕН ЖӨН

ЖАНАШЫРЛЫҚ

Біреудің жанын бірден түсініп кете алмайсың. Бұл үшін уақыт тауып, ол адам жайлы ойлану керек. Ал егер бар уақытымыз хабарлама жазуға, әлеуметтік желіде отыруға кетіп жатса, басқаның сезімін қайдан түсінеміз?!

Электронды құрылғының құлы болып кетсеңіз, достарыңыздың хабарламаларына жеңіл-желпі қарап кетуіңіз әбден мүмкін. Онда бар ойыңыз мұқтаж досыңызға көмектесу емес, келген хабарламаларға жауап беріп, тез-тез құтылу болады.

ОЙТАРАЗЫ: Достарыңызға хабарлама жібергенде, оларды шын ойлайтыныңызды қалай көрсете аласыз? (ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 3:8).

ЖАБЫРҚАУШЫЛЫҚ

Бір зерттеудің нәтижесі бойынша, әлеуметтік желіде отырғаннан кейін көп адамның көңіл-күйі түсіп кететіні байқалған. Зерттеушілердің айтуынша, олар жұрттың парақшасынан суреттерін, немен айналысып жатқандарын көргенде, өз өмірлері текке өтіп жатқандай сезімде қалады.

Одан қалса, басқалардың күшті суреттерін көріп алып, өздерін олармен салыстыра бастайды. Бұлай салыстырғаннан олар ұтылмаса, ештеңе ұтпайды. Қайта, “олардың өмірі — өмір, ал менікі қара көмір екен ғой” деген жағымсыз ойда қалады.

ОЙТАРАЗЫ: Әлеуметтік желіде отырғанда, өзіңізді өзгелермен салыстырмауға не көмектеседі? (ҒАЛАТТЫҚТАРҒА 6:4).

ТЕК ӨЗІН ОЙЛАУШЫЛЫҚ

Бір мұғалиманың байқауынша, шәкірттерінің кейбірі өз пайдасы үшін ғана дос болады екен. Олар бірінші кезекте “досымнан қандай пайда көрсем екен?” деп ойлайды. Олар үшін достары мобильді қосымшалар сияқты, керек кезде пайдаланады, керек емес кезде өшіріп тастайды.

ОЙТАРАЗЫ: Әлеуметтік желілерге суретіңізді қандай ниетпен саласыз: біреумен бақталасу үшін бе, әлде өзіңізді көрсету үшін бе? (ҒАЛАТТЫҚТАРҒА 5:26).

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

ӨЗІҢІЗДІ ТЕКСЕРІҢІЗ

Сіз электронды құрылғыларға емес, олар сізге қызмет ететін болса, жора-жолдастарыңызбен араласып, олармен достығыңыз беки түседі.

КИЕЛІ КІТАП ҚАҒИДАСЫ: “Сүйіспеншілік өзімшіл емес” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 13:4, 5).

Орындағыңыз келетін кеңесті белгілеңіз немесе өз ұсынысыңызды жазыңыз.

  • Адамдармен тек хабарлама арқылы емес, жүзбе-жүз сөйлесу.

  • Біреумен сөйлесіп жатқанда, телефоныңызды басқа жерге алып қою не дауысын өшіріп қою.

  • Әлеуметтік желіде суреттер көруге, посттарды оқуға жұмсайтын уақытты азайту.

  • Адамдарды зейінмен тыңдауды үйрену.

  • Қиындықта жүрген досыңызбен хабарласу.