Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Күші кетпейтін ем

Күші кетпейтін ем

Бұл журналда біз біраз қағидаларға тоқталдық. Осылардың арқасында миллиондаған адам алалаушылықтан айтарлықтай арылды. Сөздің шыны керек, біз оны өз күшімізбен толықтай жеңе алмаймыз. Сонда біз оны еш жеңе алмай өтеміз бе?

Ең үздік үкімет

Осы уақытқа дейін ешбір үкімет алалаушылықты жеңе алмаған. Сонда бұл жабысқақ дертті алып жығатын ешбір үкіметтің болмағаны ма?

Алалаушылықты алып тастаймын деген үкіметтің іс-қимылы мынадай болу керек:

  1. 1. Адамдардың ойларын өзгертуге, жағымсыз сезімдерден арылуға ықыластарын оятады.

  2. 2. Әділетсіздіктің салған жарасын емдейді, сонда адамдардың кеудесінде ыза-кек қалмайды.

  3. 3. Билік басына азаматтарын бөліп-жармайтын шыншыл басшыларды қояды.

  4. 4. Барлық ұлт өкілдерін біріктіреді.

Киелі кітапта Жаратушы осындай үкіметті құрғаны айтылған. Ол “Құдай Патшалығы” деп аталады (Лұқа 4:43).

Қазір сол үкімет өз азаматтарына не беретінін көрейік.

1. Озық тәрбие

“Тұрғындары әділдік жасауды үйренеді” (ИШАЯ 26:9).

“Шынайы туралықтың нәтижесі тыныштық, Шынайы туралықтың жемісі мәңгі жайбарақаттық пен қауіпсіздік болады” (ИШАЯ 32:17).

Бұл сөздердің мәні қандай? Құдай құрған үкімет азаматтарына жақсыны жаманнан, әділдікті әділетсіздіктен ажыратуды үйретеді. Соның арқасында олардың бір-біріне деген көзқарастары өзгереді. Сонда барлық адамдар бір-бірін жақсы көретін болады.

2. Шипа

“Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (АЯН 21:4).

Бұл сөздердің мәні қандай? Бұл үкімет әділетсіздік салған жараны жазады. Сонда кезінде әділетсіздіктің құрбаны болғандар ыза-кектен арылады.

3. Жақсы басшы

“Ол тек көргеніне сай төрелік етпейді, Тек естігеніне сай түзетпейді. Қайта, жарлыға әділ үкім шығарады, Жердегі момындардың мүддесі үшін халықты турашылдықпен түзетеді” (ИШАЯ 11:3, 4).

Бұл сөздердің мәні қандай? Құдайдың көктегі үкіметінің Патшасы Иса Мәсіх жер бетіне әділ билік жүргізеді. Ол бір ұлтты басқа ұлттан биік қоймайды, ол барлығына бірдей қарайды. Иса Мәсіх жердегі барлық адамдар оның әділ заңдарына бағынып жатқанына көз жеткізіп отырады.

4. Бірлік

Құдайдың үкіметі өз азаматтарын “ниеттес болуға, бір-бірін сүюге, өзара бірлікте әрі пікірлес болуға” үйретеді (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 2:2).

Бұл сөздердің мәні қандай? Бір-бірімізді риясыз жақсы көргендіктен, бар ұлттың баласы бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүреді. Құдай үкіметі орнататын бұл бірлікті адам баласы бұған дейін көрген емес. Ғасырлар бойы аңсап келген бірлікке олар тек Құдай үкіметінің тұсында жетеді.