Киелі кітапта гомосексуализмге қатысты не айтылған?
БІР ЖЫНЫСТЫ неке мәселесі көп елде әлі күнге дейін дау-дамай тудыруда. Ал АҚШ-та 2015 жылы Жоғарғы сот барлық штаттарда бір жынысты некеге тұруға рұқсат берді. Содан бері бұл тақырыпқа қызығып интернетке кіргендердің саны күн санап артуда. Ең көп қойылған сауалдардың бірі “Бір жынысты некеге қатысты Киелі кітапта не айтылған?” деген сұрақ болды.
Киелі кітапта бір жынысты адамдардың неке құруға құқықтары бар-жоғы жөнінде ештеңе айтылмаған. Алайда одан әлдеқайда маңызды сұрақтың жауабын білгеніміз жөн. Бұл — “Киелі кітапта гомосексуализмге қатысты не айтылған?” деген сұрақ.
Киелі кітаптың қағидаларын мұқият қарастырмай жатып, көп адам бұл сұрақтың жауабын білеміз деп айтады. Бірақ шын мәнінде олардың пікірі қарама-қайшылыққа толы! Кейбіреулер Киелі кітапта гомосексуализм сөзсіз айыпталады деп ойлайды. Ал басқалары Киелі кітаптағы “өзге адамды сүй” деген өсиетті бір жынысты адамдарға да қатысты қолдануға болады деп сенеді (Римдіктерге 13:9).
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?
Келесі ой-пікірлер шындыққа жанаса ма?
-
Киелі кітап гомосексуализмді айыптайды.
-
Киелі кітап гомосексуализмге жол береді.
-
Киелі кітап гомосексуалдарды жек көруге я жақтырмауға талпындырады (гомофобия).
ЖАУАБЫ:
-
ШЫН. Киелі кітап “еркекқұмар еркектердің... Құдай Патшалығын мұра етпейтінін” айтып, гомосексуализмді айыптайды (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Бұл әйелдерге де қатысты (Римдіктерге 1:26).
-
ЖАЛҒАН. Киелі кітаптың заң-талабы бойынша, жыныстық қатынас тек некедегі ер мен әйелдің арасында болу керек (Мұсаның 1-жазбасы 1:27, 28; Нақыл сөздер 5:18, 19).
-
ЖАЛҒАН. Киелі кітап гомосексуализмді айыптағанмен, гомосексуалдарды жақтырмауға я оларға қиянат жасауға талпындырмайды (Римдіктерге 12:18) [1].
Ехоба куәгерлерінің ұстанымы қандай?
Ехоба куәгерлері Киелі кітапта ең дұрыс өнегелік нормалар жазылған деп сенеді әрі сол нормалар бойынша өмір сүруге тырысады (Ишая 48:17) [2]. Бұл дегеніміз — Ехоба куәгерлері гомосексуализмді қоса алғанда, жыныстық жүгенсіздіктің қай түрінен де аулақ жүреді деген сөз (Қорынттықтарға 1-хат 6:18) [3]. Олардың өмірлік ұстанымы осы әрі олардың бұған құқықтары бар.
Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы “барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” деген кеңесті орындауға тырысады
Дей тұрғанмен Ехоба куәгерлері “барлық адамдармен тату болуға” тырысады (Еврейлерге 12:14). Олар өздері гомосексуализмнен аулақ жүргенмен, басқаларды өз көзқарастарын ұстануға күштемейді, гомосексуалдарға қорлық көрсететіндерге қосылмайды я оларға қорлық көрсетілгенін естігенде қуанбайды. Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы “Барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” деген кеңесті орындауға тырысады (Матай 7:12).
Киелі кітап жеккөрініш сезімін оята ма?
Десе де кейбір адамдар: “Киелі кітап гомосексуалдарға деген жеккөрініш сезімін оятады, сондықтан осы кітап бойынша өмір сүретіндер оларды жақтырмайды”,— деп ойлайды. Осындай пікірді ұстанатындардың айтуынша, “Киелі кітап жазылған заманда адамдар біржақты, сыңаржақ көзқарас ұстанған. Ал қазіргі қоғам нәсілі, ұлты және жыныстық талғамы әртүрлі адамдардың барлығына бірдей қарайды”. Мұндай адамдар үшін гомосексуализмді айыптау адамдарды нәсіліне қарап алалаумен бірдей. Бірақ бұлай деу қисынсыз. Не себепті?
Өйткені гомосексуалдардың іс-әрекеттерін айыптау мен олардың өздерін жақтырмау екі түрлі нәрсе. Киелі кітап бізді барлық адамдарды құрметтеуге шақырады (Петірдің 1-хаты 2:17) [4]. Бірақ бұл кез келген іс-әрекетті құптауымыз керек дегенді білдірмейді.
Бір мысал қарастырайық. Сіз темекі шегу зиян, тіпті жеркенішті деп есептейсіз делік. Бірақ сіздің бір әріптесіңіз темекі шегеді. Темекіге деген көзқарасыңыз онікінен өзгеше болғаны үшін сізді бірбеткей адам деуге бола ма? Сіздің темекі шекпейтініңіз міндетті түрде әріптесіңізді жақтырмайтыныңызды білдіре ме? Әріптесіңіз темекіге деген көзқарасыңызды өзгертуді талап етсе, темекі шекпейтін адамдарды жақтырмай, біржақты көзқарас танытып жатқан оның өзі емес пе?
Ехоба куәгерлері Киелі кітаптың талаптары бойынша өмір сүруді шешкен. Олар Киелі кітапта айыпталатын іс-әрекеттерді құптамайды. Дегенмен олар өзге өмір салтын ұстанатын адамдарды мазақ қылмайды, оларға қиянат та жасамайды.
Киелі кітаптың көзқарасы тым қатал ма?
Өз жынысының адамына құмары ауатын адамдар туралы не деуге болады? Олар сондай болып туған ба? Егер сондай болып туған болса, оған осы қалауын қанағаттандыруға болмайды деу қатыгездікке жата ма?
Киелі кітап адам баласының кейбір мінезі қанына терең сіңіп кететінін растағанмен, адамның не себепті гомосексуал болатынын түсіндірмейді. Дегенмен онда Құдайдың көңілінен шығу үшін белгілі бір әрекеттерден, оның ішінде гомосексуализмнен, аулақ болуымыз керектігі нақты айтылған (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5).
Кейбіреулерге Киелі кітаптың көзқарасы тым қатал болып көрінетін шығар. Неге? Өйткені олар адам баласы кез келген қалауын қанағаттандыруы керек деп ойлайды. Олардың пікірінше, жыныстық қалаулардың маңызды болғаны соншалық, оларды тыюға болмайды, бұл тіпті мүмкін емес. Алайда Киелі кітапта адам өз қалауларын тізгіндей алатыны айтылады. Жануардан айырмашылығы — қалауларының жетегінде кетер-кетпесін адам өзі шеше алады (Қолостықтарға 3:5) [5].
Бір мысал қарастырайық. Кейбір мамандардың айтуынша, адам баласына кей мінез-құлық тумысынан тән болуы мүмкін. Мысалы, кейбіреулер қызба мінезді келеді. Киелі кітап адамның не себепті ашушаң болатынын түсіндірмейді. Бірақ кей адамдардың ашуға тез берілетінін Нақыл сөздер 22:24; 29:22). Дей тұрғанмен Киелі кітапта: “Ашуланба, қаһарланба да”,— деген кеңес жазылған (Зәбүр 37:8; Ефестіктерге 4:31).
растайды (Ешкім де ашушаң адамға мұндай кеңес беру қатыгездікке жатады деп ойламайды ғой. Тіпті мамандардың өздері әлдебір адамдардың ашушаң мінезі ата-анасынан берілген деп есептесе де, оларға ашуларын тізгіндеуге барынша көмектесуге тырысады.
Ехоба куәгерлері Киелі кітап қағидаларына қайшы келетін кез келген іс-әрекетке, оның ішінде некелеспеген ер мен әйелдің арасындағы жыныстық қатынасқа да, дәл осылай қарайды. Киелі кітапта: “Әрқайсысың өз тәніңді қасиетті сақтап, қадірлеп, жүгендей біліңдер... ашкөздікке, нәпсіқұмарлыққа салынбаңдар”,— деп жазылған (Салоникалықтарға 1-хат 4:4, 5).
“Кезінде кейбіреулерің сондай болдыңдар”
Бірінші ғасырда Құдай жолына түскен адамдардың шыққан ортасы мен өмір салттары әртүрлі болған. Бұл адамдардың кейбірі өмірлерін түбегейлі өзгертті. Мысалы, Киелі кітапта “азғындар, пұтқа табынушылар, неке адалдығын бұзушылар, табиғи емес жыныстық қатынаста қолданылатын еркектер, еркекқұмар еркектер” жайлы сөз етіледі де, “кезінде кейбіреулерің сондай болдыңдар” деп айтылады (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11).
“Кезінде кейбіреулерің сондай болдыңдар” деген сөздер гомосексуализммен айналысуды қойғандар өз жынысының адамына деген құмарлығынан біржола арылды дегенді білдіре ме? Бұлай болмаса керек. Өйткені Киелі кітапта: “Киелі рухтың жетелеуімен жүруді доғармаңдар, сонда ешқандай тәндік құмарлыққа берілмейсіңдер”,— делінген (Ғалаттықтарға 5:16).
Байқасаңыз, мұнда Құдай жолына түскен адам енді ешқашан бұрыс нәрселерді құмартпайтын болады деп айтылмаған. Тармақтан көрінетіндей, ондай адам құмарлыққа берілмеуді өзі жөн көреді. Құдайдың көңілінен шыққысы келетін адамдар мұндай құмарлықтарының жетегіне ермей, оларды тізгіндеуге тырысады (Жақып 1:14, 15) [6].
Сонымен Киелі кітаптан бір нәрсені қалау мен соны істеудің арасында айырмашылық бар екені көрінеді (Римдіктерге 7:16—25). Гомосексуалды қалаулары бар адамның ашулану, зинақорлық жасау я ашкөздік таныту сияқты әрекеттерге деген қалауы болса, оларды тізгіндей алар еді. Дәл сол сияқты ол өз жынысының адамына деген қалауын да жүгендей алады (Қорынттықтарға 1-хат 9:27; Петірдің 2-хаты 2:14, 15).
Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы өнегелік нормалар бойынша өмір сүргенмен, басқаларды өз көзқарастарын ұстануға күштемейді. Олар басқаша өмір сүруді шешкен адамдардың құқығын қорғайтын заңдарды өзгертуге де тырыспайды. Ехоба куәгерлерінің айтып жүрген хабары адамдарға жақсы әсер етеді. Олар өздерін тыңдағысы келген барлық адамға осы хабарды зор қуанышпен жеткізеді (Елшілердің істері 20:20).
^ 1. Римдіктерге 12:18: “Барлық адамдармен тату болыңдар”.
^ 2. Ишая 48:17: “Мен Құдайларың Ехобамын. Мен сендерге пайдалыны үйретемін”.
^ 3. Қорынттықтарға 1-хат 6:18: “Азғындықтан аулақ болыңдар!”
^ 4. Петірдің 1-хаты 2:17: “Әркімге тиісті құрмет көрсетіңдер”.
^ 5. Қолостықтарға 3:5: “Топырақтан жаралған дене мүшелеріңнен туындайтын азғындық, арам істер, нәпсіқұмарлық... сияқты бейімділіктеріңді өлтіріңдер”.
^ 6. Жақып 1:14, 15: “Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады. Ал құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады”.