НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЖАМАННАН ЖИРЕНІП, ЖАҚСЫҒА ҮЙРЕНЕЙІК
2. Жағдай жасаңыз
-
Сіз дұрыс тамақтануды мақсат еттіңіз. Бірақ әлгі балмұздақ аузыңызға түсуге тіленіп тұрғандай-ақ.
-
Темекі шегуді тастаймын деп шештіңіз. Бірақ бір досыңыз сіздің осы шешіміңіз жайлы біле тұра, сізге темекі ұсынады.
-
Бүгін жаттығу жасауды жоспарладыңыз, бірақ сөрені ақтарып, жүгіруге арналған аяқ-киімді алып шығарудың өзі қиын!
Осы үш жағдайда да мәселені не нәрсе қиындатқанын байқадыңыз ба? Айналамыздағы адамдар мен біз тап болған жағдай жақсы әдеттерді қалыптастырып, жамандарынан арылуға кедергі жасауы мүмкін екенімен келісетін шығарсыз.
КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, аңғал алға жүріп, жапа шегер” (Нақыл сөздер 22:3).
Бұл кеңес бізді алдын ала ойлануға талпындырады. Осылай істесек, мақсаттарымызға жетуге кедергі жасайтын жағдайлардан аулақ болып, оларға жетуге көмектесетін қолайлы жағдай жасауға барынша тырысамыз (Тімөтеге 2-хат 2:22). Бір сөзбен айтқанда, айналамыздағы жағдайды өзіміз қадағалағанымыз жақсы.
Бұрыс нәрсені істеуді қиындатып, дұрыс нәрсені істеуді оңайлатыңыз
НЕ ІСТЕУІҢІЗГЕ БОЛАДЫ?
-
Бұрыс нәрсені істеуді барынша қиындатыңыз. Мысалы, зиянды тамақты жемеуді шешсеңіз, ондай тамақтың үйде болмауына қам жасаңыз. Сонда зиянды тамақты жегіңіз келіп кеткенде, оны тауып жегеннен жемей-ақ қойған оңай болады.
-
Дұрыс нәрсені істеуді оңайлатыңыз. Мысалы, таңертең жаттығу жасауды жоспарласаңыз, сол күні кешке спорт киіміңізді дайындап, төсегіңіздің жанына қойып қойыңыз. Басы жеңіл басталған істі аяқтау да жеңіл болады.
-
Дос таңдауға келгенде талғампаз болыңыз. Біз өзіміз жиі араласатын адамдарға еліктегіш келеміз (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Сондықтан жақсы әдеттерге дағдылануға көмектесетін адамдарға жақын болып, ал күресіп жүрген әдеттеріңізді құптайтын адамдармен жиі араласпауға тырысыңыз.