Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҒАСЫРЛАР ҮНІ

Аристотель

Аристотель

ОСЫДАН 2300 жылдан аса уақыт бұрын ғылым мен философияға айтарлықтай үлес қосқан ұлы ғұламалардың бірі — Аристотель. Оның жұртшылықтың назарын аулаған еңбектері көптеген тілге аударылып, кеңінен зерттелді. “Аристотельдің дүниетанымы 2000 жылдай уақыт бойы Еуропа халықтарының ой-санасына ықпал етіп келді”,— деп жазды Джеймс Маклаклан есімді тарихшы профессор. Бұл ғұламаның кей ой-пікірлері католик, протестант және ислам дініне де әсер етпей қоймады.

Әуесқой ғалым

Аристотель түрлі тақырыпта — өнер, астрономия, биология, этика, тіл, заң, логика, магнетизм, метафизика, қозғалыс, ләззат алу, поэзия, саясат, психология, шешендік өнер және жан туралы жазған. Ол жанды өледі деп қарастырған. Дегенмен ол биология мен логика саласында сіңірген еңбегімен көбірек танымал.

Ежелдегі грек ғалымдары дүниені түсіндіруге келгенде өздерінің бақылауларына, дедукция мен қисынға жүгінген. Олар шындық деп білген нәрселерді негізге алып, солар жайлы қисынды түрде ой түзсек, ақырында дұрыс тұжырымға келеміз деп сенген.

Мұндай тәсіл ғалымдарға бірқатар ақылға қонымды тұжырым жасауға көмектесті. Мысалы, олар ғаламда белгілі бір тәртіп бар екенін түсінді. Алайда көріп-естіп қана жүргізген бақылауларының салдарынан Аристотель мен басқа да ғұламалар үлкен қателіктер жасады. Мысалы, олар планеталар мен жұлдыздар Жерді айналады деп сенді. Бұл пікір сол заманда бұлтартпас шындық болып есептелетін. Бір кітапта бұған қатысты былай делінген: “Гректердің “Жер ғаламның центрінде орналасқан” деген тұжырымы қисынды әрі жүргізілген бақылауларға сай болып көрінген” (“The Closing of the Western Mind”).

Бұл қате пікір тек ғылымның аясында қалса, зардабы аз болар еді. Бірақ, өкінішке орай, олай болмай шықты.

Католик дінінің Аристотельді қабыл алуы

Орта ғасырда мәсіхшілікті ұстанған Еуропа елдерінде Аристотельдің кейбір ілімдері көпшілік мойындаған шындық ретінде қабылданды. Бұл Рим католик теологтарының, әсіресе Фома Аквинскийдің (шамамен 1224—1274 жж.), Аристотельдің жазғандарын өздерінің діни ілімдеріне қосқаннан кейін орын алды. Содан, Аристотельдің орнынан қозғалмайтын Жер ғаламның нақ ортасында орналасқан деген пікірі католик дінінің іліміне айналды. Бұл ілімді Кальвин мен Лютер деген протестант дінінің жетекшілері де қабылдап, оны Киелі кітап та растайтынын айтты (“ Олар Киелі кітапты дұрыс түсінбеді” деген қоршауды қараңыз).

Аристотельдің кейбір ілімдері көпшілік дұрыс деп тапқан шындық ретінде қабылданды

Чарлз Фриман есімді жазушы былай деген: “Ой-пікірдің (Аристотель ілімдерінің) кей тұстары мен католицизмнің ара-жігін ажырату қиын болып кетті”. Осының салдарынан Аквинский Аристотельге католик дінін қабылдатып, оны “шомылдыру рәсімінен өткізді” деген сөз тарады. Фриманның айтуынша, шындығына келгенде, “Аквинскийдің өзі аристотелизмді қабыл алған еді”. Аквинский ғана емес, бүкіл католик шіркеуі жайында да осылай десек, қателеспейміз. Осы бір олқылықтың зардабын итальян астрономы әрі математигі Галилей тартты. Ол өз бақылауларына сүйеніп, Жердің Күнді айналатынын дәлелдемек болғаны үшін инквизиция сотының алдына шақырылып, өз пікірінен бас тартуға мәжбүрленді *. Бір қызығы, Аристотель ғылыми деректердің жаңарып, түзетіліп отыратынын түсінген. Ал шіркеудің осындай көзқарасты ұстанбағаны өте өкінішті!

^ 11-абзац 2003 жылдың 22 сәуірінде шыққан “Ояныңдар!” журналындағы (орысша) “Галилейдің шіркеумен текетіресі” деген мақаланы қараңыз.