Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК

Ризашылық

Ризашылық

Ризашыл болудың пайдасы көп. Мысалы, бұл игі қасиет жан саулығы мен тән саулығын сақтауға көмектеседі. Сондықтан бәріміз де әрдайым ризашыл болуға тырысқанымыз абзал.

Ризашыл болудың сізге қандай пайдасы бар?

МЕДИЦИНА САЛАСЫНДАҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕР

Бір еңбекте жазылғандай, ризашыл болу адамның бақыттырақ болуына айтарлықтай септігін тигізеді (“Harvard Mental Health Letter”). Жүрегі ризашылыққа толған адамның бойын жиі жағымды сезімдер билейді, қуанышты сәттері көп болады, денсаулығы жақсарады, қиындықпен оңай күреседі және басқалармен қарым-қатынасы жақсы болады.

КИЕЛІ КІТАП НАҚЫЛЫ

Киелі кітап бізді ризашыл болуға шақырады. Әрдайым алғыс білдіріңдер деген кеңес берген елші Пауыл бұл жағынан өзі жақсы үлгі көрсеткен. Мысалы, ол адамдардың ізгі хабарды естіп, қабыл алғаны үшін үнемі Құдайға алғыс айтып отырған (Қолостықтарға 3:15; Салоникалықтарға 1-хат 2:13). Бақытымыз баянды болу үшін ара-тұра алғыс білдіру жеткіліксіз. Біз бұған әдеттенуіміз керек. Мұндай игі қасиет айналамыздағы адамдарды қашырып, қуанышымыздан айыратын жағымсыз қылықтардан арылуға, мысалы іштар, ренжігіш я сыңаржақ болмауға көмектеседі.

Бұл орайда Жаратушы Құдайымыздың өзі керемет үлгі көрсетеді. Ол тіпті жұмыр басты пендеге ризашылық білдіреді! Киелі кітапта: “Құдай әділетсіз емес. Ол... өзінің есіміне деген сүйіспеншіліктерің мен еңбектеріңді ұмытпайды”,— деп жазылған (Еврейлерге 6:10). Иә, ризашылық білдірмеу Жаратушымыз үшін әділетсіздік болып табылады.

“Әрдайым қуаныңдар. Барлық жағдайда... алғыс айтыңдар” (Салоникалықтарға 1-хат 5:16, 18).

Ризашыл болғанымыз өзгелермен қарым-қатынасымызды қалай жақсартады?

ӨМІРДЕН КӨРЕТІНІМІЗ

Әлдекімнің берген сыйлығына, жылы сөзіне я көмегіне шын жүректен ризашылық білдірсек, ол адам бір марқайып, мерейі өсіп қалады. Тіпті бізге бір жақсылық жасаған, мысалы есікті ашып берген бөтен адамға шын жүректен алғыс айтсақ, оның іші жылып қалады.

КИЕЛІ КІТАП НАҚЫЛЫ

Иса пайғамбар былай деген: “Беріңдер, сонда жұрт сендерге де береді. Қойындарыңа нығыздап, шайқап, тасып-төгілген мөлшерде салып береді” (Лұқа 6:38). Оңтүстік Тынық мұхиты аралдарында орналасқан Вануату елінде тұратын Роуз есімді құлағы естімейтін қыздың мысалына тоқталайық.

Роуз Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулеріне барып жүрді. Бірақ өзі де, қауымдағылардың ешқайсысы да ым тілін білмегендіктен, қауымнан ештеңе түсінбей қайтатын. Бірде қауымға ым тілінің кәсіби аудармашылары болып табылатын бір ерлі-зайыпты келді. Туындаған жағдайды көрген олар сондағыларды ым тіліне үйрете бастады. Роуз бұл шараға дән риза болды. “Мені жақсы көретін достарымның көп болғанына қуанамын”,— дейді ол. Ал Роузға көмектескен ерлі-зайыптылар үшін оның жылы лебізін естіп, қауымда жауап беріп жүргенін көру бір ғанибет. Өзімен сөйлесу үшін басқалардың да ым тілін үйренуге күш салып жатқандарына Роуздың алғысы шексіз (Елшілердің істері 20:35).

“Кім құрбандық ретінде алғыс ұсынса, сол мені (Құдайды) мадақтайды” (Зәбүр 50:23).

Әрдайым ризашыл болуға не көмектеседі?

КИЕЛІ КІТАП НАҚЫЛЫ

Біздің сезімдеріміз ой-санамызбен тығыз байланысты. Киелі кітап жазушысы Дәуіт Құдайға былай сиынған: “Барлық істерің жөнінде ойланамын, қолыңның істерін ой елегіне саламын” (Зәбүр 143:5). Иә, Дәуіт көп ойланбайтын түсінігі саяз адамдардың қатарынан болмаған. Ол өмір бойы Құдайдың істері жайлы терең ойланғандықтан, жүрегі әрдайым ризашылыққа толы болған (Зәбүр 71:5, 17).

Киелі кітапта мынадай тамаша кеңес бар: “Күллі шынайы... сүйіспеншілік оятатын, жылы лебіз айтылатын, игі әрі мақтауға тұратын нәрселер жөнінде үнемі ойланыңдар” (Філіпіліктерге 4:8). “Үнемі ойланыңдар” деген сөздер бұған әдеттенуіміз керектігіне нұсқайды. Осылай етсек, жүрегіміз әрдайым ризашылыққа толы болады.

“Жүрек толғанысымнан түсінік байқалады” (Зәбүр 49:3).