НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛЫҢЫЗ
Аурудан қорғаныңыз
ЕЖЕЛДЕ қалалар мықты дуалмен қоршалатын. Егер жау дуалдың бір кішкентай ғана жерін бұзса, бүкіл қалаға қауіп төнетін. Сіздің денеңіз дуалмен қоршалған қалаға ұқсайды. Аман-сау жүруіңіз денсаулығыңыздың дуалдарын қаншалықты жақсы қорғайтыныңызға байланысты. Қазір қандай бес жайт денсаулығыңызға қауіп төндіруі мүмкін екенін және олардан қалай қорғануға болатынын қарастырамыз.
1 СУ
ҚАУІП. Зиянды ағзалар ластанған су арқылы денеңізге тікелей енуі мүмкін.
ҚОРҒАНУ ЖОЛЫ. Ең дұрысы — су көзін ластанудан сақтау. Сіз қолданатын су көзі лас екенін білсеңіз не тазалығына күмәндансаңыз, оны үйде тазартуға болады *. Таза суды беті жабылатын ыдыста сақтап, шүмек арқылы не таза ожаумен алған жөн. Таза су тұрған ыдысқа қолыңызды салмаңыз. Мүмкін болса, нәжіс дұрыс жолмен жойылғанның арқасында су көзі ластанбайтын ортада өмір сүріңіз.
2 АЗЫҚ-ТҮЛІК
ҚАУІП. Зиянды ағзалар азық-түліктің сыртында не ішінде болуы мүмкін.
ҚОРҒАНУ ЖОЛЫ. Сыртынан бүлінбеген әрі нәрлі болып көрінген азық-түлік лас болуы мүмкін. Сондықтан барлық жеміс-жидек пен көкөністі жақсылап жууды дағдыға айналдырыңыз. Тамақ пісіргенде не дастарқан жайғанда азық-түлік салатын ыдыстар, үстел беті мен қолыңыз таза болу керек. Ішіндегі қауіпті микробтар өлу үшін кейбір тамақты белгілі бір температурада пісіру қажет болар. Түсі өзгерген не дәмі мен иісі жағымсыз азық-түліктен аулақ болыңыз. Бұлар зиянды микробқа лық толы болуы мүмкін. Жақын арада қолданбайтын азық-түлікті бірден тоңазытқышқа салған дұрыс. Ауырып жүрген кезіңізде басқаларға тамақ дайындамағаныңыз жақсы *.
3 ШЫБЫН-ШІРКЕЙ
ҚАУІП. Шыбын-шіркейлер өз ағзаларында тіршілік ететін зиянды микроағзаларды адамға жұқтыруы мүмкін.
ҚОРҒАНУ ЖОЛЫ. Ауру тарататын шіркейлердің белсенді кезеңінде далаға шықпаңыз немесе жеңі мен балағы ұзын киім киіп жүріңіз. Масахананың ішінде ұйықтаңыз және шіркейді үркітетін препараттарды (репеллент) қолданыңыз. Тұрып қалған суды төгіп тастаңыз, себебі онда масалар жиналып, көбеюі мүмкін *.
4 ЖАНУАРЛАР
ҚАУІП. Жануардың ағзасындағы микробтар оның өзіне еш зиян тигізбегенмен, адам үшін аса қауіпті болуы мүмкін. Үй жануары не басқа бір хайуанат адамды тістесе, тырнаса я болмаса оның нәжісі адам денесіне тисе, денсаулығына қауіп төнуі мүмкін.
ҚОРҒАНУ ЖОЛЫ. Кейбіреулер жануарларға жиі қол тигізбес үшін оларды далада ұстауды жөн көреді. Үй жануарын ұстағаннан кейін, қолыңызды жуыңыз. Ал жабайы жануарларға мүлдем жоламаған дұрыс. Егер сізді жануар тістеп не тырнап алса, жараны жақсылап жуып, дәрігерге көрініңіз *.
5 АДАМДАР
ҚАУІП. Кейбір микроағзалар жөтеліп-түшкіргенде шығатын сілекей тамшылары арқылы жұғуы мүмкін. Сондай-ақ олар тері мен тері жанасқанда, мысалы құшақтасқанда не қол алысқанда, тарайды. Әлдебіреуден тараған микроағзалар есік пен телефон тұтқаларында, текпешек таяныштарында, пультте және компьютер экраны мен пернетақтада жасырынып жатуы мүмкін.
ҚОРҒАНУ ЖОЛЫ. Ұстара, тіс тазалағыш пен орамал сияқты жеке заттарды алмасып қолданбаған дұрыс. Құрамында қаны бар нәрселерге, қанға және жануар мен адамның денесінен бөлінетін басқа да сұйықтықтарға жанаспау керек. Қолды жиі әрі жақсылап жууды ешқашан ұмытпаған жөн. Инфекцияның тарауына тоқтау қоюдың ең тиімді жолы осы болар.
Мүмкін болса, ауырып қалған кездері үйде қалыңыз. Құрама Штаттарының Індетті қадағалау мен алдын алу орталығы алақанға емес, беторамалға не киім жеңіне жөтеліп-түшкіру керектігін айтып ескертеді.
“Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар” деген бір көне нақыл бар (Нақыл сөздер 22:3). Қауіпті аурулар кең тараған бұл заманда осы кеңеске құлақ асу қаншалықты маңызды десеңізші! Жергілікті денсаулық сақтау орталықтарына барып кеңесіп тұрыңыз және жекебас гигиенасын сақтау арқылы “қатерден бас сауғалаңыз”. Осылай етсеңіз, денсаулығыңыздың “дуалын” қорғап, ауруға жол бермейсіз!
^ 6-абзац Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы суды хлорлау, күн көзіне қою, фильтрден өткізу және қайнату сияқты жолдармен тазартуға кеңес береді.
^ 9-абзац Азық-түлікті сақтауға қатысты көбірек мәліметті 2012 жылдың маусым айында шыққан “Ояныңдар!” журналының (орысша) 3—9 беттерінен таба аласыз.
^ 12-абзац Безгек ауруының алдын алуға қатысты кеңестерді 2015 жылдың шілде айында шыққан “Ояныңдар!” журналының (орысша) 14, 15-беттерінен таба аласыз.
^ 15-абзац Улы жәндік не жануардан жарақат алсаңыз, кідірместен дәрігердің көмегіне жүгініңіз.