ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ
Мидияның жабысқақ жіпшелері
МИДИЯ су астындағы жартастарға, бөренелер мен кемелердің түбіне жабысады. Теңізде мекендейтін басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы, мидия затқа өз денесімен емес, биссус жіпшелері деп аталатын жіңішке талшықтардың көмегімен жабысып, қалбалақтап тұрады. Мидияның осы бір ерекшелігі оған еркін қозғалуға әрі қоректенуге мүмкіндік береді. Бір қарағанда, бұл жіпшелер теңіз толқындарының әсерімен оп-оңай үзіліп кететіндей көрінеді. Бұл нәзік жіпшелер мидияның затқа берік жабысып, ағынмен бірге ағып кетпеуіне қалай көмектеседі?
Көңіл қоярлық жайттар. Биссус жіпшелерінің бір ұшы қатқылдау, ал екінші ұшы жұмсақ әрі созылғыш келеді. Ғалымдардың айтуынша, мидия жіпшелерінің затқа берік жабысуының сыры — олардың 80 пайызы қатты, ал 20 пайызы жұмсақ материалдан тұратынында. Осының арқасында жіпшелер әрлі-берлі лақтыратын теңіз толқындарының зор күшіне қарсы тұра алады.
Гай Дженин есімді профессор өз зерттеулерінің таңғалдырарлық нәтижесімен бөлісіп былай деді: “Бұл ағзаның құпиясы жіпшелердің жұмсақ бөлігі мен қатты бөлігінің ғажайып түрде тоғысуында”. Ғалымдар биссус жіпшелерінің ерекшеліктерін әртүрлі салада қолдануға болатынын айтады. Бұған ғимараттар мен теңіз асты кемелеріне құрылғыларды бекіту, сіңірді сүйекке жалғау немесе ота кезінде кесілген жерді біріктіруді жатқызуға болады. “Бекіту, жабыстыру тәсілдеріне келгенде, табиғаттан үйренеріміз әлі көп”,— дейді Калифорния университетінің профессоры Херберт Уэйт (Санта-Барбара, АҚШ).
Сіз қалай ойлайсыз? Мидияның жабысқақ жіпшелері эволюцияның барысында өздігінен пайда болды ма, әлде бұл Жаратушының туындысы ма?