Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба — танысуға тұратын Құдай

Ехоба — танысуға тұратын Құдай

Ехоба — танысуға тұратын Құдай

ӨМІРДЕ бір маңызды нәрседен құр қалып жатқан жоқсыз ба? Құдай туралы аз білетін болсаңыз, онда көп нәрседен құр қалып жатырсыз деп айтуға болады. Неліктен? Өйткені Құдай туралы білім алғанның өмірде елеулі пайдасы бар екенін миллиондаған адамдар түсініп жатыр. Бұл бізге қазір де, болашақта да пайдасын тигізеді.

Киелі кітаптың авторы Ехоба Құдай өзі туралы білгенімізді қалайды. Забур жыршысы: “Ехоба есімді жалғыз Сенің бүкіл жер бетіндегілердің барлығынан да Ең Жоғарғы екеніңді білсін”,— деп жазды. Құдай өзі туралы білгеннің адамға пайдалы екенін біледі. Ол былай дейді: “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін”. Құдіретті Ехоба Құдаймен танысқанның бізге қандай пайдасы бар? (Забур 83:18, ЖД; Ишая 48:17).

Мысалы, күнделікті кездесіп жатқан қиыншылықтарды шешуге басшылықты және болашаққа деген үміт пен жан тыныштығын табамыз. Оның үстіне, Ехобаны тани бастаған соң, дүниедегі басқа да адамдарды мазасыздандырып жатқан күнделікті адамдарды ойланыдратын сұрақтарға деген көзқарасымыз өзгереді. Бұл қандай сұрақтар?

Өміріңіздің мәні бар ма?

Ғылым мен техниканың керемет жетістіктеріне қарамастан, “Мен не үшін өмір сүріп жатырмын? Болашағым қандай болмақ? Өмірдің мәні неде?” деген сұрақтар адамдарды әлі күнге дейін ойландыруда. Егер адам бұл сұрақтарға қанағаттандырарлық жауап таба алмаса, онда өмірі мағынасыз болады. Адамдар өмірінде рухани мәнсіздікті сезініп жатыр ма? Бір мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылдардың аяғында Германияда жүргізілген сауалнаманың көрсеткіші бойынша сұралғандардың жартысы жиі немесе кейбір кезде өмірдің мағынасыз болып көрінетіндігін айтқан. Мүмкін, осындай жағдай сіз тұрып жатқан жерде де кездесетін шығар.

Егер әлдекім өмірінің мәні неде екенін түсінбесе, онда оның өз болашағын тұрғызуға негізі болмайды. Көптеген адамдар бұның орнын мансаппен немесе байлық жинаумен толтыруға тырысады. Сөйтсе де өмірдің мәнсіздігі ойландырып, мазалай беруі мүмкін. Нәтижесінде кейбір адамдар өмір сүргісі келмей кетеді. Мұндай жағдайды “Интернешнл геральд трибюн” (International Herald Tribune) газетінің айтуынша, байлық пен атақтың құшағында жүрген өте әдемі әйел басынан кешкен. Өте бай тұрғанымен ол өмірінің мәнсіздігінен өзін жалғыз және бақытсыз сезінген. Кейіннен оның ұйықтататын дәрі ішіп өлгендігі анықталады. Сіз басқалардың да осылай жалғыздықтан шаршап, өз өміріне қол салған қайғылы жағдайларды білетін шығарсыз.

Әйтсе де өміріміздің құпия сырын ғылым ашып береді деген сөздерді де естіген боларсыз? “Ғылым қаншалықты рас болғанымен ол рухани басшылық бере алмайды,— дейді Германия апталық газеті “Вохе” (Die Woche).— Эволюциялық теория да аяғына дейін дәлелденбегенге ұқсайды, тіпті өзінің түсініксіз флуктуацияларымен белгілі кванттық физика да бізге жұбаныш пен қауіпсіздік бере алмайды”. Ғылым жаңалықтары өмірдің әр түрлі жақтары мен табиғаттағы процестерді түсіндіруде үлкен көмегін тигізді. Алайда ғылым “Біз не үшін өмір сүріп жатырмыз және болашақта бізді не күтіп тұр?” деген сұраққа жауап бере алмайды. Тек ғылымға сүйенер болсақ, өмірдің мәні туралы сұрағымыз жауапсыз қала береді. Қорыта келе, “Зюддойче цайтунг” (Süddeutsche Zeitung) газетінің айтуынша, қазір “барлық жерде басшылыққа деген мұқтаждық көбеюде”.

Жаратушының басшылығынан жақсырақ басшылықты кім бере алады? Алғашқыда адамзатты жерге қоныстандырған Құдай болғандықтан, ол адамның не үшін өмір сүріп жатқанын білуге тиісті. Киелі кітаптың айтуынша, Ехоба адамзатты жерді ұрпақтарымен толтырсын, жерді өңдесін, сақтасын деген мақсатпен жаратқан. Олар барлық істерінде Құдайдың әділдігіне, даналығына, сүйіспеншілігіне еліктеу керек еді. Ехоба бізді не үшін жаратқанын білгеннен соң ғана, не үшін өмір сүріп жатқанымызды жақсы түсінуге болады (Жаратылыс 1:26—28).

Не істеуге болады?

Мен не үшін өмір сүріп жатырмын? Болашағым қандай болмақ? Өмірдің мәні неде? Осындай сұрақтарға осы күнге дейін қанағаттандырарлық жауап таба алмадық делік, сонда не істеуіміз керек? Киелі кітап Ехобаны жақыннан танып біле беруге кеңес береді. Иса Мәсіхтің өзі былай деген: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану”. Киелі кітап әрі қарай да Құдайға ұнамды қасиеттерді, әсіресе сүйіспеншілікті, дамыта беруге, сөйтіп Мәсіхтің Патшалығында өмір сүруге деген мақсатыңызға жетуге жан-тәніңізбен тырысуға шақырады. Осы шақыруға құлақ ассаңыз, өмірдің мәні неде екенін табасыз және болашаққа деген сенімді үмітіңіз болады (Жохан 17:3; Екклесиаст 12:13). Сонда осы күнге дейін ойландырып келген сұрақтар әрі қарай мазаламайды деуге болады (Жохан 17:3; Екклесиаст 12:13).

Бұл шынында да маңызды ма? Бұл туралы Ханс әңгімелеп бере алады *. Бірер жылдар бұрын, Ханс Құдайға аздап сенетін, бірақ бұл сенім оның өміріне әсер етпейтін. Ханс есірткіге құмартып, өнегесіз өмір кешеді. Бұдан басқа ол мотоциклге қызығатын және кішігірім қылмыстар жасайтын. “Бірақ мен шын қанағат сезіміне бөленбедім, менің өмірім бұрынғысынша мағынасыз еді”,— деп есіне алады Ханс. Жиырма бестер шамасында Ханс Құдай туралы білгісі келіп, Киелі кітапты мұқият оқи бастады. Ехобамен жақынырақ таныса келе, ол не үшін өмір сүру керек екенін түсінеді, сөйтіп өз өмір салтын өзгертіп, шомылдыру рәсімінен өтеді де, Ехоба Куәгері болады. Қазір ол он жылдан бері толық уақытты қызмет етіп келе жатыр. “Ехобаға қызмет ету өмірдегі ең жақсы жол,— деп, ол ашығын айтты.— Бұл жолды еш нәрсемен теңестіруге болмайды. Ехобамен танысқаннан соң, мен өмірдің мәні неде екенін түсіндім”.

Әрине адамдарды мазасыздандырып жатқан жалғыз ғана өмірдің мәні туралы сұрақ емес. Дүние жүзіндегі жағдайлар күннен-күнге қиындап бара жатқандықтан, көптеген адамдарды тағы да басқа сұрақ ойландыруда.

Неліктен мұндай бақытсыздықтар болып жатыр?

Бақытсыздыққа ұшыраған кезде, “Неге бұлай болды?” деген сұрақ адамның ойынан кетпейді. Бақытсыздыққа ұшыраған адамның қайғыдан айығуы — жиі жоғарыдағы сұраққа дұрыс жауап табуына байланысты. Егер ол қанағаттандырарлық жауап таба алмаса, қасірет шегеді, тіпті қатуланып кетуі мүмкін. Мысалы, Брунимен болған жағдайды алайық.

“Бірнеше жыл бұрын менің кішкентай қызым шетінеді”,— деп әңгімелейді орта жасқа келіп қалған Бруни.— Мен Құдайға сенетінмін, сондықтан жұбаныш іздеп жергілікті діни қызметкерге бардым. Ол Сюзаннаны Құдай аспанға алып кетті және онда қазір ол періште деп түсіндірді. Қызымның өлімінен кейін өмірімнің астан-кестені шыққаны аздай, қызымды аспанға алып кеткені үшін енді Құдайға ашуландым”. Бруни осы оқиғадан кейін бірнеше жылдар бойы азап шекті. Ол әңгімесін былай деп жалғастырды: “Кейіннен бір Ехоба Куәгері Киелі кітаптан маған Құдайға ашулануға негіз жоқ екенін көрсетті. Ехоба Сюзаннаны аспанға алып кеткен жоқ және ол қазір періште емес. Оның ауруы адамзаттың кемелсіздігінің салдары. Сюзанна Ехобаның қайта тірілтетін күнін күтіп, қазір өлім ұйқысында жатыр. Мен оған қоса, Құдай адамзаттың жерде, жұмақта мәңгілік өмір сүруін қалайтынын және бұл ойын өте жақында іске асыратынын білдім. Ехобаның шын мәнінде кім екенін түсіне бастадым да, оған жақындай түстім, сөйтіп қайғымнан арыла бастадым” (Забур 37:29; Елшілердің істері 24:15; Римдіктерге 5:12).

Миллиондаған адамдар қазір қайғылы оқиғалардан, соғыстардан, аштық немесе табиғи апаттардан азап шегіп жатыр. Бруни Киелі кітаптан Ехобаның мұндай бақытсыздықтарға кінәлі емес екендігін, оның ешқашан да адамзаттың қасірет шеккенін қаламағанын және өте жақында зұлымдықты жоятынын білгеннен соң, жеңілдеп қалды. Расында, зұлымдықтың көбеюі — біздің “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқандығымыздың белгілері. Біз асыға күтіп жүрген керемет өзгерістердің орындалуы өте жақын (2 Тімотеге 3:1—5; Матай 24:7, 8).

Құдаймен қалай танысуға болады?

Ханс пен Бруни де Құдай туралы тым аз білетін. Құдай туралы өте аз білсе де, олар оған сенген. Құдай туралы білім алу үшін уақыт бөле бастаған соң, олардың талпыныстары жарылқанды. Олар қазіргі ең маңызды сұрақтарға түсінікті жауап алды. Бұл оларға жан тыныштығын сыйлап, болашаққа деген зор үміт берді. Ехобаның миллиондаған қызметшілері де осындай өмірді бастарынан өткізген.

Ехоба туралы білім алу Киелі кітапты мұқият оқудан басталады. Киелі кітапта Құдайдың кім екені және оның бізден нені талап ететіні туралы жазылған. Бірінші ғасырдағы кейбір мәсіхшілер де осылай істеген. Тарихшы әрі дәрігер Лұқа Берея мен Грециядағы қауым мүшелері еврейлер туралы былай деді: “Олар [Пауыл мен Сыйластан естіген] Ізгі хабарды шын көңілмен қабылдап, шындығына көздерін жеткізу үшін күн сайын Киелі жазбаларды зерттеді” (Елшілердің істері 17:10, 11).

Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер де бірге жиналып қауым кездесулерін өткізетін (Елшілердің істері 2:41, 42, 46; 1 Қорынттықтарға 1:1, 2; Ғалаттықтарға 1:1, 2; 2 Салониқалықтарға 1:1). Қазір де солай. Ехоба Куәгерлерінің қауым кездесулерінің мақсаты — адамдардың Ехобаға жақындап, оған қуанышпен қызмет етулеріне көмектесу. Көрші тұратын Ехоба Куәгерлерімен араласып тұру да өз пайдасын тигізеді. Олар қызмет етіп жатқан Құдайына еліктеп, соған ұқсауға тырысып жатқандықтан, мүмкіндігінше Ехобаға тән қасиеттерді танытады. Сондықтан Ехоба Куәгерлерімен араласып тұру Ехобамен жақынырақ танысуға көмектеседі (Еврейлерге 10:24, 25).

“Бір ғана Тұлғамен танысу үшін осынша күш салудың қажеті бар ма?” — деп сұрарсыз. Күш салу, әрине, қажет. Мысалы, басқа да алдыңызға қойған мақсаттарыңызға жету үшін тырысу қажет емес пе? Спортшылар дайындалған кезде қаншама күш жұмсайтынын ойланып көріңізші. Мысалы, шаңғы тебуден Олимпиядалық ойындардың алтын жүлдегері франциялық Жан Клод Кили халықаралық жарыстарда жеңіске жету үшін не істеу керектігі жөнінде былай деді: “Сен 10 жыл бұрын бастауың керек және жылдан-жылға жоспар құрып, бұл туралы күнде ойланып жүруің керек... Бұл 365 күн бойы осы туралы ойланып жүруді және физикалық еңбектенуді білдіреді”. Он минутқа созылатын жарысқа қатысу үшін осыншама күш, уақыт қажет болса, Құдай туралы білім алуда қаншалықты үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болар еді!

Күннен күнге нығайып отыратын қарым-қатынас

Кім өмірдегі маңызды нәрселерді жіберіп қойғысы келеді? Ешкім. Сондықтан өз өміріңіздің мағынасын түсінбесеңіз немесе мұндай қасіреттердің не үшін болып жатқанын түсінгіңіз келсе, Ехоба Құдай туралы біле беруді жалғастыра беріңіз. Ол туралы білгеннен соң, өміріңізді күн санап жақсы жағына өзгеріп отырады.

Ехоба туралы біле беруді тоқтататын кез бола ма? Ехобаға көп жылдар бойы қызмет етіп келе жатқандар ол туралы білетіндеріне және әлі де керемет нәрселер біліп жатқандарына таңғалады. Біле түскеніміз бізді бақытты етеді және Құдайға жақындатады. Біз мына сөздерді жазған елші Пауылмен келісеміз: “О, неткен бай Құдайдың даналығы, Неткен терең Оның білік-парасаты! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес! “Кім Тәңірдің ақыл-парасатын ұққан, Кеңесші боп бағыт берді Оған?” (Римдіктерге 11:33, 34).

[Сілтеме]

^ 12-абзац Есімдері өзгертілген.

[5-беттегі сөздер]

“Мен не үшін өмір сүріп жатырмын? Болашағым қандай болмақ? Өмірдің мәні неде?” — деген сұрақтар адамдарды әлі күнге дейін ойландыруда

[6-беттегі сөздер]

Мен Ехобаның шын мәнінде кім екенін түсіне бастадым да, оған жақындай түстім

[7-беттегі сөздер]

“Ехобаға қызмет ету — өмірдегі ең жақсы жол. Бұл жолды еш нәрсеге теңеуге болмайды. Ехобамен танысқан соң, өмірдің мәні неде екенін түсіндім”