Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Иеміздің кешкі асының сен үшін қандай мәні бар?

Иеміздің кешкі асының сен үшін қандай мәні бар?

Иеміздің кешкі асының сен үшін қандай мәні бар?

“Кімде-кім лайықсыз түрде Иеміздің нанын жеп, тостағанынан ішсе, сол Иеміздің денесі мен қанына қарсы күнә жасайды” (1 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 11:27).

1. Үстіміздегі 2003 жылдың басты оқиғасы қандай болмақ және ол қайдан бастау алған?

ҮСТІМІЗДЕГІ 2003 жылдың басты оқиғасы 16 сәуірде күн ұясына қонғаннан кейін болмақ. Сол кезде Ехоба Куәгерлері Мәсіхтің өлімін Еске алу кешіне жиналады. Алдыңғы мақалада көрсетілгендей, Иса Иеміздің кешкі асы деп те аталатын осы мерекені өзінің адал елшілерімен б. з. 33 жылы Құтқарылу мейрамын тойлап болғаннан кейін ендірген. Еске алу кешінің рәміздері — ашытылмаған нан мен шарап — Мәсіхтің күнәсіз тәні мен төгілген қанын, яғни адамзатты күнә мен өлімнен азат ете алатын жалғыз құрбандықты, білдіреді (Римдіктерге 5:12; 6:23).

2. 1 Қорынттықтарға 11:27-тармақта қандай ескерту жазылған?

2 Еске алу кешінің рәміздерінен дәм тататындар мұны лайықты түрде істеулері керек. Осылай болу керек екендігін елші Пауыл Қорынттағы Иеміздің кешкі асын лайықсыз түрде тойлап жүрген мәсіхшілерге жазған хатында анық көрсеткен (1 Қорынттықтарға 11:20—22). Ол былай деп жазды: “Кімде-кім лайықсыз түрде Иеміздің нанын жеп, тостағанынан ішсе, сол Иеміздің денесі мен қанына қарсы күнә жасайды” (1 Қорынттықтарға 11:27). Бұл сөздердің мәні неде?

Еске алу кешін лайықсыз түрде тойлау

3. Қорынттағы мәсіхшілердің көбісі Иеміздің кешкі асында не істейтін?

3 Қорынттағы мәсіхшілердің көбісі Еске алу кешіне лайықсыз түрде қатысқан. Олардың арасында бірлік жоқ еді. Кейбіреулері кездесуге кешкі астарын ала келіп, кездесудің кезінде не оған дейін жеп отыратын, олар жиі ішіп-жеуде қомағайлыққа салынатын. Олар ой-сана жағынан да, рухани жағынан де сергек емес-тін. Мұнысымен ‘Иеміздің денесі мен қанына қарсы күнә жасайтын’. Ал кешкі астарын ішпей келгендер, қарындары ашып, ойларын жинақтай алмай отыратын. Иә, рәміздерден дәм тататындардың көбісі Еске алу кешінің маңыздылығын жете түсінбеген әрі оны сыйламаған. Сондықтан олардың айыпталуға лайық болғанына таңқалудың қажеті жоқ (1 Қорынттықтарға 11:27—34).

4, 5. Неге Еске алу кешінде рәміздерден дәм тататындар өздерін тексерулері керек?

4 Жыл сайын Еске алу кеші жақындағанда рәміздерден дәм тататындар өздерін тексергендері жөн. Осы ортақ астан дәм тату үшін олар жақсы рухани күйде болулары керек. Исаның құрбандығын сыйламайтын немесе оны менсінбейтін кез келген адамға ‘Құдай халқының арасынан... жойылып’ кету қаупі төнеді. Ежелгі уақытта да арамдалған бола тұра, қарым-қатынас немесе ризашылық құрбандығынан жеген исраилдік өлімге кесілетін (Леуіліктер 7:20; Еврейлерге 10:28—31).

5 Пауыл Еске алу кешін ертедегі ортақ ас дастарқанымен салыстырған. Ортақ астан дәм тататындардың Мәсіхпен “еншілес” екенін жазғанда, Пауыл былай деген: “Иеміздің де, жындардың да тостағандарынан бірдей іше алмайсыңдар! Сол сияқты, Иеміздің және жындардың да дастарқандарына бірдей қатысуларыңа болмайды!” (1 Қорынттықтарға 10:16—21). Егер рәміздерден дәм татып жүрген адам ауыр күнә жасап қойса, мұнысын Ехобаның алдында мойындап, сондай-ақ қауым ақсақалдарынан рухани көмек сұрағаны абзал (Нақыл сөздер 28:13; Жақып 5:13—16). Егер ол шынымен күнәсіна өкінсе, соған сай әрекет етеді, сонда оның рәміздерден дәм татқаны лайықсыз болып есептелмейді (Лұқа 3:8).

Ізетпен бақылайтындар

6. Құдай Иеміздің кешкі асындағы рәміздерден дәм тату мүмкіндігін кімдерге берген?

6 Бүгінгі таңда Мәсіхтің 144 мың бауырласының қалған тамтығына жақсылық жасап жүргендер Иеміздің кешкі асындағы рәміздерден дәм татулары керек пе? (Матай 25:31—40; Аян 14:1). Жоқ. Құдай мұндай мүмкіндікті ‘Мәсіхпен “еншілес”’ болу үшін, өзі киелі рухпен майлағандарына ғана берген (Римдіктерге 8:14—18, сілтемеге қараңдар; 1 Жохан 2:20). Ал Патшалық билігінің астында, жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттенетіндер жөнінде не деуге болады? (Лұқа 23:43; Аян 21:3, 4). Олар Исаның көкте өмір сүруге үміті бар “еншілестері” болмағандықтан, Еске алу кешіне ізетпен бақылайтындар ретінде қатысады (Римдіктерге 6:3—5).

7. І ғасырдағы мәсіхшілер Еске алу кешінің рәміздерінен дәм татулары керек екенін қайдан білген?

7 Бірінші ғасырдағы шынайы мәсіхшілер киелі рухпен майланған болатын. Олардың көбісі басқа тілдерде сөйлеу сияқты киелі рухтың табиғаттан тыс бір немесе бірнеше сыйына ие еді. Оларға майланған ба, жоқ па немесе Еске алу кешінің рәміздерінен дәм татулары керек пе, жоқ па екенін анықтау қиынға соқпайтын. Ал қазіргі уақытта бұл мәселені киелі рухтың жетелеуімен жазылған келесі сөздерге негізделіп шешуге болады: “Құдай Рухының жетелеуімен жүретіндер — Құдайдың рухани балалары. Сендер өздеріңді құл етіп, қайтадан қорқытып жүретін рухты емес, Тәңірдің рухани баласы еткен Киелі Рухты қабылдадыңдар. Ол арқылы біз Тәңір Иеге сиынғанда “Абба, Әке!” деп шақырамыз” (Римдіктерге 8:14, 15, сілтемені қараңдар).

8. Матай 13-тарауында әңгімеленетін “бидай” мен “бидайық” кімдерді білдіреді?

8 Ғасырлар бойы шынайы мәсіхшілер жалған мәсіхшілерді білдіретін ‘бидайық’ басып кеткен егіндіктегі ‘бидай’ іспетті өскен (Матай 13:24—30, 36—43). ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап “бидай” анағұрлым айқындала түскен еді, бірнеше жылдан кейін майланған мәсіхші ақсақалдарға келесі нұсқау берілді: “Ақсақалдар... [Еске алу кешіне] жиналғандарға мынадай шарт қоюлары керек: 1) [Мәсіхтің] қанына сену, 2) өздерін Жаратқан Иеге бағыштап, өмірлерінің аяғына дейін оған толықтай қызмет етуге даяр болу. Осылай еткендердің бәрін Иеміздің өлімін еске алу мерекесіне шақырған жөн” (“Жазбаларды зерттеу” VI том, “Жаңа жаратылыс”, 473-бет, ағ.) *.

“Басқа қойларды” іздеу

9. “Өте үлкен тобырдың” кімдерді білдіретіні 1935 жылы қалай түсіндірілді және рәміздерден дәм татып жүргендердің кейбіреулеріне бұл қалай әсер етті?

9 Уақыт өте келе Ехобаның ұйымы Мәсіхтің майланған ізбасарларына ғана емес, өзге де адамдарға көңіл қоя бастады. 1930 жылдардың орта шенінде осыған қатысты маңызды оқиға болды. Сол уақытқа дейін Құдайдың халқы Аян 7:9-да айтылған “өте үлкен тобырды” қалыңдықтың жолдас қыздары немесе серіктері, яғни қайта тірілген 144 мың майланған мәсіхшілермен бірге көкте болатын рухани таптың екінші бөлігі деп есептеген (Забур 44:15, 16; Аян 7:4; 21:2, 9). Бірақ 1935 жылы 31 мамырда Ехоба Куәгерлерінің Вашингтонда өткен конгресінде айтылған баяндамада Киелі кітапқа негізделіп, “өте үлкен тобырдың” соңғы күндері өмір сүріп жатқан “басқа қойларды” білдіретіндігі көрсетілді (Жохан 10:16). Осы конгрестен кейін, кейбіреулер көкте емес, жерде өмір сүруге үміттенетіндердің қатарынан екендерін түсініп, Еске алу кешінде рәміздерден дәм татуларын доғарды.

10. Бүгіндегі “басқа қойлардың” үміті мен жауапкершіліктерін қалай суреттеп берер едіңдер?

10 1935 жылдан бастап “басқа қойларға”, яғни азаттық төлеміне сеніп, өздерін Құдайға арнап, майланған “кішкентай қораға” Патшалық туралы ізгі хабарды жариялауға көмектесіп жүргендерге, ерекше көңіл бөлінуде (Лұқа 12:32). Басқа қойлардың Патшалықты мұра ететін тамтықтан айырмашылығы, олардың жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттенетіндіктерінде ғана. Ежелдегі Исраил елінде Ехобаға ғибадат етіп, Мұса заңына бағынған жат жерлік кірмелер іспетті бүгіндегі басқа қойлар рухани Исраилдің мүшелерімен бірге ізгі хабарды уағыздау сияқты міндеттерін орындауда (Ғалаттықтарға 6:16). Сөйтсе де ежелгі Исраилде кірмелердің ешқайсысы патша не діни қызметкер бола алмайтын, тап сол сияқты басқа қойлардың ешқайсысы көктегі Патшалықта билік ете де алмайды, діни қызметкер де бола алмайды (Заңды қайталау 17:15).

11. Неге адамның шомылдыру рәсімінен өткен уақыты оның қандай үміті бар екендігіне әсер етуі мүмкін?

11 Отызыншы жылдары көкке баратын таптың көбісі жиналып қалғаны айқындала түскен болатын. Қазір ондаған жылдардан бері жер бетінде өмір сүруге үміттенетін басқа қойларды іздеу жұмысы жүріп жатыр. Егер майланғандардың біреуі адал болмаса, 144 мыңның арасындағы оның орнын басқа қойлардың ұзақ уақыттан бері Құдайға адал қызмет етіп келе жатқандарының бірі алынатын болса керек.

Жаңсақ ойдың пайда болу себептері

12. Қандай жағдайда рәміздерден дәм татуды тоқтатқан жөн және неге?

12 Майланған мәсіхшілер көкке шақырылғандарына шүбәсіз сенімді. Ал егер әлдебіреу көкке шақырылмаса да, Еске алу кешінің рәміздерінен дәм тататын болса ше? Енді, көкке баруға деген үміттерінің жоқ екендігін түсінген уақытта, олардың ар-ұждандары дәм татуды доғаруға талпындыратындығында күмән жоқ. Болашақ патша әрі діни қызметкер болуға шақырылмаған бола тұра, өзін солай етіп көрсететіндер Құдайға ұнамды болмайды (Римдіктерге 9:16; Аян 20:6). Ехоба менменсіп Һарон ұрпағына тиесілі діни қызметкерлікке қол сұққысы келген леуілік Қорахты жазалаған (Мысырдан шығу 28:1; Руларды санау 16:4—11, 31—35). Егер мәсіхшілердің қайсыбірі қателесіп, Еске алу кешінің рәміздерінен дәм татып жүрген болса, бұлай етуін тоқтатып, кішіпейілділікпен Ехобадан кешірім сұрап дұға етуі керек (Забур 18:14).

13, 14. Не себепті әлдекім көкке шақырылғанмын деген жаңсақ ойда болуы мүмкін?

13 Не себепті кейбіреулерде көкке шақырылғанмын деген жаңсақ ой пайда болуы мүмкін? Жұбайының қайтыс болуының немесе басына қандай да бір қайғы-қасірет түсуінің салдарынан адамның жер бетіндегі өмірге деген құштарлығы жоғалуы мүмкін. Немесе әлдебіреу өзін майланған мәсіхшімін деп есептейтін жақын жолдасымен тағдырлас болуды қалайтын болар. Мынаны ескерген жөн: Құдай ешкімге біреуді көкке шақырылғанмын деген ойда болуға талпындырып, майланғандардың қатарын толтыруды тапсырмаған. Сондай-ақ Құдай әлдебіреуді Патшалықтың мұрагері ретінде майлағанда, оған мұны дауыс беру арқылы білдірмейді.

14 Өзге біреу жақсы адамдардың бәрі көкке барады деген жалған дін ілімінің ықпалымен көкке шақырылғанмын деген тұжырымға келуі мүмкін. Сондықтан бұрынғы көзқарастарымыздың не басқа нәрсенің жаңсақ қадам жасауымызға ықпал етуінен сақ болуымыз керек. Мысалы, әлдекімнің өзінен былай деп сұрауына болады: сезіміме әсер ететін дәрі-дәрмек қабылдаймын ба? Бойымды өзім анық-қанығына жете алмайтын қатты сезімнің билеп, соның жетегінде кету менің болмысыма тән нәрсе ме?

15, 16. Неге кейбіреулер майланғанмын деген жаңсақ тұжырымға келуі мүмкін?

15 Ал өзге біреулер өздеріне мынадай сұрақ қоюларына болады: атаққұмармын ба? Қазір немесе болашақта Мәсіхпен бірге билік етуді көксеп жүрген мансапқор емеспін бе? І ғасырда Патшалықты мұра етуге шақырылғандардың бәрі жауапты орындарға ие болмаған. Сондай-ақ көкке шақырылғандар беделді болуға ұмтылмайды әрі майланғандықтарын мақтан тұтпайды. Олар “Мәсіхтің ой-ниеті” бар мәсіхшілерден күтуге болатын кішіпейілділік танытады (1 Қорынттықтарға 2:16).

16 Кейбіреулер Киелі кітапты жақсы білгендіктен, көкке шақырылғанмын деген ойда болуы мүмкін. Бірақ киелі рухпен майланғандығы адамға ерекше түсінік бермейді. Мысалы, Пауыл кейбір майланғандарға қандайда бір нәрселерді үйретіп, түсіндіруге мәжбүр болған (1 Қорынттықтарға 3:1—3; Еврейлерге 5:11—14). Құдай өзі тағайындаған арна арқылы бүкіл халқын ас-сумен қамтамасыз етіп отыр (Матай 24:45—47). Сондықтан майланған мәсіхшілер жерде өмір сүруге үміттенетіндерден анағұрлым дана деген ойда болмаған жөн. Киелі кітапқа негізделген сұрақтарға шебер жауап беру, куәлік ету, баяндамалар айту сияқты нәрселер адамның киелі рухпен майланғандығының белгісі емес. Бұл нәрселерді жерде өмір сүруге үміттенетіндер де жап-жақсы атқара алады.

17. Рухпен майлану неге және кімге байланысты?

17 Егер бір сенімдегі бауырлас көкке шақырылу жөнінде сұраса, ақсақал не рухани толысқан өзге бір мәсіхшінің онымен бұл сұрақты талқылауына болады. Алайда бұл мәселеде біреу үшін өзге адам шешім қабылдай алмайды. Негізінде, әлдекім шынында да көкке шақырылған болса, оған өзгелердің кепілдігі қажет те емес. Майланғандар “рухани қайта туылып, жаңа өмірге ие болған ғой. Бұл шіріп кететін табиғи тұқым арқылы жүзеге асқан жоқ, қайта, олар ешқашан құрымайтын “рухани тұқым”  — Құдайдың өмір беретін мәңгілік сөзін қабылдағанда қайта туылып, жаңа өмірге ие болған” (1 Петір 1:23). Өзінің рухы және Сөзі арқылы Құдай адамның бойына “ұрық” сеуіп, бұл оны көкке баруға үміттенетін “жаңадан жаратылған адам” етеді (2 Қорынттықтарға 5:17). Сондай-ақ майланғандарды таңдайтын Ехобаның өзі. Майлану — “адамның қалауы мен әрекетіне емес, Құдайдың рақымына байланысты” (Римдіктерге 9:16). Сонымен, адам не нәрсеге негізделіп көкке шақырылғанына сенімді бола алады?

Олардың сенімді болуларының себептері

18. Қалай Құдайдың рухы майланғандардың рухымен бірге растайды?

18 Майланған мәсіхшілердің көкке баратын үміті бар екендігіне Құдай рухының куәлігі сендіреді. “Сендер... Тәңірдің рухани баласы еткен Киелі Рухты қабылдадыңдар. Ол арқылы біз Тәңір Иеге сиынғанда “Абба, Әке!” деп шақырамыз. Киелі Рух Құдайдың рухани баласы екенімізді өз рухымызбен бірге растайды. Рухани баласы болғандықтан, Оның бізге дайындап қойған мәңгілік игіліктеріне де ие боламыз: Құдай Мәсіхке сыйлағандары іспетті игіліктерді бізге де сыйламақ. Егер Мәсіхтің жолында жүріп, азабына ортақ болсақ, Оның салтанатты ұлылығына да ортақ болып, сол игіліктерді қабылдаймыз” (Римдіктерге 8:15—17, сілтемені қараңдар). Киелі рухтың әсерімен майланғандардың рухы немесе өмірлеріне бағыт беретін көзқарастары, Жазбалардағы Ехобаның балаларына қатысты айтылған нәрселерді өздеріне жатқызуға талпындырады (1 Жохан 3:2). Құдайдың рухы оларды Өз балалары екендігіне сендіріп, бойларына керемет үміт дарытады (Ғалаттықтарға 4:6, 7). Әрине, кемелді болып, туған-туысқандарың мен жора-жолдастарыңның арасында өмір сүргенге не жетсін, бірақ Құдайдың майланғандарға берген үміті бұл емес. Құдай өзінің рухы арқылы олардың бойында көкке баруға деген үмітті берік етіп дамытқаны соншалық, олар жердегі өмірдің қызығы мен игіліктерінің бәрінен бас тартуға даяр болады (2 Қорынттықтарға 5:1—5, 8; 2 Петір 1:13, 14).

19. Жаңа келісім майланғандардың өмірінде қандай рөл атқарады?

19 Майланған мәсіхшілердің көкке баратындығына және өздерімен жаңа келісім бекітілгеніне деген сенімдері берік. Бұл жөнінде Иса Еске алу кешін ендіргенде айтқан: “Мына тостаған — сендер үшін төгілмек қаныммен бекітілген Жаңа келісім” (Лұқа 22:20). Жаңа келісімді Құдай майланғандармен бекіткен (Еремия 31:31—34; Еврейлерге 12:22—24). Иса — сол келісімнің негізін салушы. Исаның қаны төгілгенде жаңа келісім күшіне еніп, оған яһудилер ғана емес, басқа ұлт адамдары да қосыла бастады. Олар Ехобаның атымен аталатын халықты құрайтын Ыбырайымның “ұрпағының” бөлігі болды (Ғалаттықтарға 3:26—29; Елшілердің істері 15:14). Сол ‘мәңгілік келісімнің’ арқасында рухани исраилдіктердің барлығы көктегі өмірге қайта тірілтіліп, өлместікті иемдену мүмкіндігін алып отыр (Еврейлерге 13:20).

20. Мәсіх майланғандармен қандай келісім бекітті?

20 Майланғандар қандай үмітке ие екендерін жақсы біледі. Олармен тағы бір келісім, Патшалық туралы келісім, бекітілген. Исаның өзі олармен “еншілес” екендігі жөнінде былай деген: “Ал сендер қиындыққа ұшыраған кездерімде менімен бірге болдыңдар. Сондықтан Әкемнің менімен келісім бекіткені сияқты, мен де сендермен Патшалық туралы келісім бекітемін” (Лұқа 22:28—30, ЖД). Мәсіх және онымен бірге патшалық ететіндердің арасындағы сол келісім мәңгілікке бекітілген (Аян 22:5).

Еске алу кешінің қарсаңы — игілікті кезең

21. Еске алу кешінің қарсаңы біз үшін барынша пайдалы болу үшін не істеуімізге болады?

21 Еске алу кешінің қарсаңында көптеген қуанышқа бөлейтін жайттар болады. Біз сол уақытқа жоспарланған Киелі кітап үзінділерін оқып, оның көптеген пайдасын көреміз. Сонымен қатар бұл әсіресе дұға айту, Исаның жердегі өмірі мен өлімі туралы ой жүгірту және Патшалық туралы уағыз айту үшін керемет уақыт болып табылады (Забур 76:13; Філіпіліктерге 4:6, 7). Ал Кештің аталып өткені төлем құрбандығын беру арқылы Ехоба Құдай мен Мәсіхтің көрсеткен сүйіспеншілігін есімізге салады (Матай 20:28; Жохан 3:16). Олардың біз үшін істегені үміт пен жұбаныш береді, сондай-ақ бұл Мәсіхтің жолымен жүруге деген шешімімізді нығайтуы керек (Мысырдан шығу 34:6; Еврейлерге 12:3). Сонымен қатар Еске алу кеші Құдайға бағышталғанымызға сай өмір сүріп, оның аяулы Ұлының адал ізбасарлары болуымызға күш беруі керек.

22. Адамдардың Құдайдан алған сыйларының ең зоры қандай және соған деген ризашылығымызды қалай білдіруімізге болады?

22 Ехоба бізге қандай керемет сыйлар беріп отыр десеңші! (Жақып 1:17). Бізде оның Сөзі арқылы беріп отырған басшылығы, рухының көмегі және мәңгілік өмірге деген үмітіміз бар. Құдайдың майланғандар мен өзгелерге, яғни сенім артатындардың барлығына, берген ең зор сыйы  — Исаның құрбандығы (1 Жохан 2:1, 2). Ал сен үшін Исаның өлімінің қандай мәні бар? 2003 жылы 16 сәуірде күн батқан соң, ризашылықтарын білдіру үшін Иеміздің кешкі асын тойлауға жиналатындардың арасында сен де боласың ба?

[Сілтеме]

^ 8-абзац Ехоба Куәгерлері басып шығарған еңбек. Қазір басылымда жоқ.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Еске алу кешіндегі рәміздерден кімдер дәм татулары керек?

• Неге “басқа қойлар” Иеміздің кешкі асына ізетті бақылаушылар ретінде ғана қатысулары керек?

• Майланған мәсіхшілер Исаның өлімін Еске алу кешінде нан мен шараптан дәм татулары керек екендерін қайдан біледі?

• Еске алу кешінің қарсаңы нендей нәрселер үшін керемет кезең болып табылады?

[Зерттеуге арналған сұрақтар]

[14-беттердегі кесте/суреттер]

(Толық мәтінді басылымнан қара)

Еске алу кешіне келгендер

МИЛЛИОН

15,597,746

15

14

13,147,201

13

12

11

10

 9

 8

 7

 6

 5

4,925,643

 4

 3

 2

 1

878,303

63,146

1935 1955 1975 1995 2002

[14-беттегі сурет]

Үстіміздегі жылы Иеміздің кешкі асын тойлауға келесің бе?

[17-беттегі суреттер]

Еске алу кешінің қарсаңы Киелі кітапты көбірек оқудың және Патшалық туралы уағыздауға көбірек қатысудың себебі болып табылады