Киелі кітапқа негізделген ажырасуға болатын жалғыз себеп
Киелі кітапқа негізделген ажырасуға болатын жалғыз себеп
ТАУДАҒЫ уағызында Иса Мәсіх былай деп атап өткен болатын: “Кім әйелінен ажыраспақ болса, оған арнайы куәлік қағазын беруге тиіс” деген бұйрық та берілген. Ал Мен сендерге былай деймін: жеңіл жүріске түспеген әйелінен ажырасқан әркім соның неке адалдығын бұзуына себепші болады. Кім күйеуінен ажырасқан әйелге үйленсе, сол да неке адалдығын бұзады” (Матай 5:31, 32). Сонымен қатар Иса парызшылдарға Мұса әйелдерімен ажырасуға рұқсат бергенімен, бұл “әуел баста” Құдайдың ниетінде болмағанын түсіндіре отырып, былай деген: “Сендерге айтамын: кім жеңіл жүріске түспеген әйелінен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады” (Матай 19:8, 9). Бүгінде “жеңіл жүріске түсу” мен “неке адалдығын бұзу” тіркестері әр түрлі мағынада қолданылады. “Жеңіл жүріске түскендер” деп некеге тұрмаған, өз еркімен қарама-қарсы жынысты адамдармен жыныстық қатынасқа баратын адамдарды айтады. “Неке адалдығын бұзушылар” — некеге тұрған, бірақ өз еркімен заңды некеде тұрмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсетіндер. Алайда, “жеңіл жүріске түсу” тіркесі — гректің порни́а сөзінің аудармасы. Бұл сөз Жазбалардың талаптарына сәйкес келмейтін, некеден тыс жыныстық қатынастың кез келген түрін қамтиды. Олай болса, Иса Мәсіхтің Матай 5:32 мен 19:9-да айтқан сөздері некені бұзатын ажырасудың жалғыз себебі ерлі-зайыптылардың бірі жасаған порни́а екенін көрсетеді. Бұндай жағдайда мәсіхші, егер қаласа, ажырасып, қайтадан басқа бір сенімдегі бауырласпен некеге тұруына құқы бар (1 Қорынттықтарға 7:39).
Егерде үйленген адам жынысы бір адаммен азғындық жасайтын болса (гомосексуализм), бұл — жиіркенішті әрі лас нәрсе. Осындай әдепсіз істері үшін өкінбейтіндер Құдай Патшалығынан орын алмайды. Киелі кітапта малмен жыныстық қатынас та, әрине, айыпталады (Леуіліктер 18:22, 23; Римдіктерге 1:24—27; 1 Қорынттықтарға 6:9, 10). Осы жиіркенішті қылықтардың бәрі де кең ұғымды білдіретін порни́аға кіреді. Атап өтетін жайт, Мұсаның заңы бойынша, гомосексуалистер мен малмен жыныстық қатынасқа түсетіндер өлім жазасына тартылатын; бұл кінәсіз жұбайына қайтадан жаңа некеге тұруына рұқсат беретін (Леуіліктер 20:13, 15, 16).
Иса Мәсіх ‘кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзатындығын’ айтқан (Матай 5:28). Алайда ол жүректе жасалған, бірақ іс жүзінде болмаған, азғындық ажырасуға құқық береді деп отырған жоқ. Мәсіхтің сөздері жүректі таза сақтап, сананы әдепсіз ойлармен, сондай-ақ құмарлықтармен толтырмау керектігін көрсетеді (Філіпіліктерге 4:8; Жақып 1:14, 15).
Яһуди раббыларының заңында неке парызын атқаруға үлкен мән берілетін және егерде әйелі құрсақ көтере алмайтын болса, ажырасуына жол берілетін. Алайда Киелі кітап мәсіхшілердің мұндай себеппен ажырасуларына рұқсат бермейді. Сараның ұзақ уақыт бойы құрсақ көтермеуі Ыбырайымның одан ажырасуына себеп болған жоқ; Ысқақ пен Рабиғаның, Жақып пен Рахиланың, діни қызметкер Зәкәрия мен Елізабеттің жағдайында солай болған (Жаратылыс 11:30; 17:17; 25:19—26; 29:31; 30:1, 2, 22—25; Лұқа 1:5—7, 18, 24, 57).
Жазбаларда егер жұбайы неке парызын атқара алмаса, егер ақыл-есінен адасқан болса, айықпайтын дертпен немесе қарауға жиіркенетін аурумен ауырған жағдайда мәсіхшінің ажырасуына болады деген ешқандай да нұсқаулар жоқ. Сүйіспеншілік мәсіхшіні ажырасуға емес, осындай жолдасына жанашырлықпен қамқорлық жасауына талпындырады (Ефестіктерге 5:28—31). Сол сияқты, Киелі кітап мәсіхшіге жұбайы өзге дінді ұстанғаны үшін де ажырасуға жол бермейді; қайта, онда сенбейтін жұбайымен бірге бола отырып, мәсіхшінің оны шынайы сенімге алып келуі мүмкін екендігі айтылған (1 Қорынттықтарға 7:12—16; 1 Петір 3:1—7).
Таудағы уағызында Иса: “Жеңіл жүріске түспеген әйелінен ажырасқан әркім соның неке адалдығын бұзуына себепші болады. Кім күйеуінен ажырасқан әйелге үйленсе, сол да неке адалдығын бұзады”,— деген (Матай 5:32). Бұнымен Иса егерде күйеуі “жеңіл жүріске (порни́а) түспеген” әйелімен ажырасатын болса, ол әйелінің болашақта неке адалдығын бұзуына себеп болатындығын көрсетті. Өйткені әйелі күйеуінің көзіне шөп салмағандықтан неке бұзылмайды, олай болса әйелдің қайтадан басқа некеге тұрып, жыныстық қатынаста болуына құқы жоқ. “Кім күйеуінен ажырасқан әйелге үйленсе, сол да неке адалдығын бұзады” дегенде, Мәсіх “жеңіл жүріске (порни́а) түспей” ажырасқан әйелмен қиылған неке туралы айтқан болатын. Мұндай әйел ресми түрде ажырасқан болса да, Киелі жазбаларға сай, Құдайдың көз алдында ол ажырасқан болып есептелмейді.
Матай сияқты, Исаның ажырасуға байланысты парызшылдарға айтқан сөздерін Марқа да жазған: “Кім әйелінен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. Егер әйел күйеуінен ажырасып, басқаға тисе, оның да неке адалдығын бұзғаны” (Марқа 10:11, 12; Матай 19:3—9). Осыған ұқсас сөздерді Лұқа 16:18-ден де табамыз: “Әйелінен ажырасып, басқаны алған әркім неке адалдығын бұзады. Сондай-ақ, күйеуінен ажырасқан әйелді алған да неке адалдығын бұзады”. Осы тармақтарды бөле жара қарастырар болсақ, қандай себеп болмасын, мәсіхшіге ажырасуға болмайды немесе ең әрі кеткенде, ажырасқан адам өзінің бұрынғы жұбайы өлмейінше, қайта некеге тұруға құқы жоқтай көрінуі мүмкін. Алайда Марқа мен Лұқа жазған Исаның сөздерін Матайдың егжей-тегжейлі жазған мәліметтерімен салыстыра отырып қарастыру керек. Матайдың сөздері “жеңіл жүріске түспеген” деген маңызды сөздермен толықтырылған (Матай 19:9; сондай-ақ Матай 5:32-ні қара). Бұл сөздер Марқа мен Лұқаның айтқан ажырасуы азғындық жасаған өмірлік серігінің “жеңіл жүріске түсуінен” (порни́а) емес, басқа кез келген себеппен болған ажырасу екенін көрсетеді.
Егерде көзіне шөп салған адам өз ісіне өкінетін болса, онда Киелі кітап ажырасуды міндеттемейді. Мұндай жағдайда өзінің неке адалдығын бұзған әйелі Гомерьді қайта алған Ошия сияқты, сондай-ақ рухани азғындық жасағанына өкінген Исраилге рақымдылық танытқан Ехоба сияқты, мәсіхші күйеуі немесе әйелі кінәлі серігіне рақымдылық таныта алады (Ошия 3-тарау).
Ехобаның әуел бастағы нормасының қайта орнауы. Иса Мәсіхтің айтқан сөздері Ехобаның әуел бастағы некеге қатысты жоғарғы нормаларының қайтадан орнатылғанын анық көрсетіп тұр. Сондай-ақ бұл сөздерден Исаның шәкірті болғандар осы жоғарғы нормаларды қатаң ұстанулары керектігі де айқын көрінеді. Мұсаның заңы жол беріп отырған жақтарын ұстанатын кезде өмір сүрсе де, Исаның шынайы шәкірттері — оның Әкесінің еркін орындап, Исаның сөздерін ұстанатындар — мұндай заңды ұстанбаған әрі жұбайына тасбауырлық көрсетпеген (Матай 7:21—29; 19:8). Мәсіхтің шынайы шәкірттері ретінде, олар Құдайдың әуел баста некеге қатысты орнатқан принципін, атап айтқанда, “жеңіл жүріске (порни́а) түспеген” жұбайымен ажыраспауды, бұзбаулары керек еді.
Жеңіл жүрістегі әйелмен жақындасқан бойдақ кісі онымен “біртұтас” болады. Сол сияқты, неке адалдығын бұзушы енді өзінің заңды әйелімен емес, жыныстық қатынасқа түскен адамымен “біртұтас” болады. Осылайша неке адалдығын бұзушы өзінің денесіне ғана қарсы күнә жасамай, осыған дейін “біртұтас” болып келген заңды әйеліне де қарсы күнә жасайды (1 Қорынттықтарға 6:16—18). Бұдан неке адалдығын бұзу Құдайдың принципіне сәйкес, ажырасуға толық негіз болып табылатынын көруге болады. Неке адалдығын бұзудың себебінен болған ажырасу осы дүниелік заңның ғана емес, Киелі кітаптың принциптері бойынша да ажырасу болып табылады. Бұл кінәсіз серігіне құрмет тұтатындай жаңа некеге тұруына жол береді (Еврейлерге 13:4).