Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Неге Иеміздің кешкі асын атап өту керек?

Неге Иеміздің кешкі асын атап өту керек?

Неге Иеміздің кешкі асын атап өту керек?

“Мен Иеміздің Өзінен қабылдап, сендерге де айтып тапсырдым” (1 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 11:23).

1, 2. Иса б. з. 33 жылы Құтқарылу мейрамы тойланған кеште не істеді?

ЕХОБАНЫҢ жалғыз Ұлы мен ‘қиындыққа ұшыраған кездерінде Онымен бірге болған’ 11 кісі бас қосты (Лұқа 22:28). Б. з. 33 жылының 31 наурызы. Бейсенбі. Кеш. Иерусалимнің үстінен аспанды керемет сұлулыққа бөлеп толған ай көтерілген кез болса керек. Иса Мәсіх пен оның елшілері қазір ғана Құтқарылу мейрамын тойлап бітті. Опасыз Яһуда Исқариот жөнелтілген болатын, бірақ бұл өзгелердің де тарайтын уақыты дегенді білдірмейтін. Неге? Өйткені Иса аса бір маңызды нәрсе істегісі келген еді. Ол не нәрсе болды екен?

2 Ізгі хабарлардың бірін жазған Матай сол жерде болғандықтан, мұны бізге сол әңгімелеп берсін. Ол былай деп жазды: “Иса қолына нан алып, бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып: “Алып жеңдер, бұл — Менің денем”,— деді. Иса тостағанды да алып, шүкіршілік етті. Оларға беріп жатып, былай деді: “Мынадан бәрің де ішіңдер. Өйткені бұл — күнәлары кешірілсін деп көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) келісімді бекітетін Менің қаным” (Матай 26:26—28). Бұл бір-ақ рет болу керек нәрсе ме? Мұның мәні не? Бүгінде біз үшін мұның қандай да бір мәні бар ма?

“Осылай істей беріңдер”

3. Неге Исаның б. з. 33 жылы түнде істегені маңызды болған?

3 Иса Мәсіхтің б. з. 33 жылы 14-ші нисан күні түнде істегені өміріндегі аса маңызды нәрсе еді. Жиырмадан астам жыл өткен соң, Елші Пауыл Қорынттағы осы оқиғаны әлі де атап өтіп жүрген майланған мәсіхшілерге осы жөнінде жазған. Б. з. 33 жылы Пауыл Иса мен оның он бір елшінің қасында болмағанмен, сол оқиға жөнінде елшілердің бірінен біліп алғаны сөзсіз. Сондай-ақ ол сол оқиғаға қатысты толығырақ мәлімет жөнінде Құдайдан аян алған болса керек. Ол былай деп жазды: “Мен Иеміздің өзінен қабылдап, сендерге де айтып тапсырдым: Иеміз Иса ұсталып берілер түні нанды алып, шүкірлік етті де, үзіп беріп, былай деді: “Бұл — сендер үшін құрбан болатын менің денемді білдіреді. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істей беріңдер!” Сондай-ақ, кешкі астан кейін тостағанды да алып: “Мына тостаған  — төгілмек қаныммен бекітілетін жаңа келісімді білдіреді. Одан ішкен сайын мені еске түсіру үшін осылай істей беріңдер!” — деді (1 Қорынттықтарға 11:23—25, ЖД).

4. Неге мәсіхшілер Иеміздің кешкі асын атап өтулері керек?

4 Ізгі хабарлардың бірін жазған Лұқа Исаның: “Мені естеріңе түсіру үшін осылай істей беріңдер!” — деп бұйырғанын растаған (Лұқа 22:19, ЖД). Бұл сөздер “Мені еске түсіру үшін осылай істеңдер!” (Киелі кітап. Таурат, Забур, Пайғамбарлар жазбаларының таңдамалы жиынтығы және Інжіл шариф) деп те аударылады. Бұл мереке жиі Мәсіхтің өлімін Еске алу кеші деп те аталады. Сонымен қатар кешке ендірілгендіктен, Пауыл оны орынды түрде Иеміздің кешкі асы деп атаған (1 Қорынттықтарға 11:20, ЖД). Сонымен, мәсіхшілерге Иеміздің кешкі асын атап өту бұйырылған. Бірақ ол не үшін ендірілген?

Еске алу кешінің ендірілуінің себебі

5, 6. а) Исаның Еске алу кешін енгізуінің бір себебі қандай? ә) Иеміздің кешкі асын енгізуінің екінші себебін атаңдар?

5 Еске алу кешінің ендірілуінің бір себебі — Исаның Көктегі Әкесінің билігін жақтаушы ретінде өлгендігі. Жанын қию арқылы Мәсіх адамдар Құдайға қара басының қамы үшін ғана қызмет етеді деп, жалған айып таққан Ібіліс Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеген (Әйүп 2:1—5). Исаның әділеттілігін сақтап өлгені Шайтанның таққан айыбын жоққа шығарып, Ехобаның жүрегін қуанышқа бөлеген (Нақыл сөздер 27:11).

6 Иеміздің кешкі асының ендірілуінің тағы бір себебі  — Исаның кемелді, күнәсіз адам ретінде жанын қиып, ‘көптеген адамдардың азаттық төлемін өтегенін’ есімізге салу (Матай 20:28). Алғашқы адам Құдайға қарсы күнә жасауымен кемелді өмірінен және соған байланысты барлық игіліктерден айырылған болатын. Алайда Иса: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады”,— деген (Жохан 3:16). Расында да “күнәның беретіні — (мәңгілік) өлім, ал Құдайдың беретін сыйы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы мәңгілік өмір” (Римдіктерге 6:23). Иеміздің кешкі асын атап өткеніміз Исаның құрбандық өлімі арқылы Ехоба мен оның Ұлының зор сүйіспеншілік көрсеткенін есімізге салады. Біз олардың осындай сүйіспеншілігіне қалайша риза болуымыз керек десеңдерші!

Иеміздің кешкі асы қашан тойлану керек?

7. Қай мағынада майланған мәсіхшілер Еске алу кешін тойлаған “сайын” рәміздерден дәм татады?

7 Иеміздің кешкі асына қатысты Пауыл: “Сендер осылай нан жеп, тостағаннан ішкен сайын, Иеміз қайтып келгенше, Оның құрбандық өлімін жариялай бересіңдер”,— деген (1 Қорынттықтарға 11:26). Әрбір майланған мәсіхші Еске алу кешінің рәміздерінен өмірлерінің ақырына дейін дәм татып отырады. Осылайша олар Ехобаның және осы дүниенің алдында Оның Иса арқылы берген азаттық төлеміне сенетінін қайта-қайта жариялап отырады.

8. Майланған мәсіхшілер топ ретінде қай уақытқа дейін Мәсіхтің өлімін Еске алу кешін атап өтеді?

8 Майланған мәсіхшілер қай уақытқа дейін топ ретінде Мәсіхтің өлімін Еске алу кешін атап өтулері керек? Пауыл “Иеміз қайтып келгенше” деген. Ол Иса Патша тағына отырған кезінде өзінің майланған ізбасарларын қайта тірілу арқылы қабылдайтын уақыт жөнінде айтқан болса керек (1 Салониқалықтарға 4:14—17, ЖД). Бұл Исаның: “Барып, дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін”,— деген сөздеріне сай келеді (Жохан 14:3).

9. Исаның Марқа 14:25-те жазылған сөздері нені білдіреді?

9 Иса Еске алу кешін ендіргенде, шарап құйылған тостаққа нұсқап, адал елшілеріне: “Мен Құдай Патшалығында жаңа түрде ішетін күніме дейін енді қайтып жүзім шырынынан ішпеймін”,— дейді (Марқа 14:25). Иса көкте кәдімгі шарап ішпейді, ал шарап кейде қуанышты бейнелейтін болғандықтан, соған қатысты айтса керек (Забур 103:15; Екклесиаст 10:19). Патшалықта бірге болу — соны сағына күтіп жүрген Иса үшін де, оның ізбасарлары үшін де зор қуаныш (Римдіктерге 8:23; 2 Қорынттықтарға 5:2).

10. Еске алу кеші жылына неше рет аталып өтілу керек?

10 Исаның өлімі ай сайын, апта сайын немесе күнде тойлану керек пе? Жоқ. Иса Иеміздің кешкі асы мейрамын ендірді де, сол күні, яғни исраилдіктердің б. з. б. 1513 жылы Мысыр құлдығынан босаған күні ‘естерінде қалу’ үшін тойлайтын Құтқарылу мейрамы күні өлді (Мысырдан шығу 12:14). Құтқарылу мейрамы жылына бір-ақ рет яһудилердің нисан айының 14-ші жұлдызында тойланатын (Мысырдан шығу 12:1—6; Леуіліктер 23:5). Бұл Исаның өлімін тойлау да ай сайын, апта не күн сайын емес, Құтқарылу мейрамы іспетті жылына бір рет қана тойлану керек екендігіне нұсқайды.

11, 12. Ертеде Еске алу кешінің тойлануы жайында тарих не дейді?

11 Сонымен, Еске алу кешінің жылына бір рет 14-ші нисанда атап өтілгені жөн. Бір анықтамалық кітапта былай деп ескерілген: “Кіші Азиядағы мәсіхшілерді үнемі 14 нисанда пасханы [Иеміздің кешкі асын] тойлайтын болғандықтан квартодецимандар [онтөрттіктер] деп атайтын... Бұл дата жұма күнге не аптаның кез келген күніне түсуі мүмкін” (The New Schaff-Herzog Encyclopedia of Religious Knowledge, IV том, 44-бет).

12 Б. з. ІІ ғасырындағы жораларға қатысты тарихшы Дж. Л. фон Мосхайм квартодецимандардың Еске алу кешін 14 нисанда атап өтетінін, өйткені “Мәсіхтің көрсеткен үлгісі олар үшін заң” іспетті болғанын айтқан. Өзге бір тарихшы былай деген: “Азиядағы квартодецимандардың шіркеулерімен Иерусалим шіркеулерінің жораларын атап өту тәртібі бірдей болған. Екінші ғасырда сол шіркеулер 14 нисанда өтетін Пасхаларында Мәсіхтің өлімі арқылы азат етілгендерін тойлайтын”,— деп жазды (Studia Patristica, 1 962, V том, 8-бет).

Нанның мәні

13. Иеміздің кешкі асын енгізгенде Иса қандай нанды қолданған?

13 Иса Еске алу кешін ендіргенде ‘қолына нан алып, бата беріп, оны сындырып, шәкірттеріне береді’ (Марқа 14:22, ЖД). Бұл сол кеште Құтқарылу мейрамында қолданылған нан еді (Мысырдан шығу 13:6—10). Ол ашытқысыз пісірілген жұқа әрі сындыруға оңай болатын. Оны сындырып-сындырып үлестіретін. Иса керемет жасап, мыңдаған адамдарды тамақтандыру үшін көбейткен нан да сондай болған. Сондықтан Иса оны сындырып-сындырып үлестірген (Матай 14:19; 15:36). Демек, ол уақытта Еске алу кешінде нан сындыратын діни жора болмағаны анық.

14. а) Неге Еске алу кешіне тек ашытқысыз пісірілген нан қолданылады? ә) Иеміздің кешкі асына қандай нан алуға не пісіруге болады?

14 Еске алу кешінде қолданылған нанға қатысты Иса: “Бұл — сендер үшін құрбан болатын Менің денем”,— деген (1 Қорынттықтарға 11:24; Марқа 14:22). Нан ашытқы қосылмаған болуға тиіс-тін. Неге? Өйткені ашытқы бұзылғандықты, зұлымдықты не күнәлі болуды бейнелейді (1 Қорынттықтарға 5:6—8). Нан төлем құрбандығы ретінде ұсынылған Исаның кемелді, күнәсіз адами денесінің лайықты бейнесі болған (Еврейлерге 7:26; 10:5—10). Ехоба Куәгерлері осыны естерінде ұстап, Еске алу кешін атап өткенде, Иса көрсеткен үлгі бойынша ашытқысыз пісірілген нан қолданады. Кейде олар яһудилердің пияз не жұмыртқа сияқты нәрселер қосылмаған мацасын қолданады. Болмаса, ашытқы қосылмаған нанды ақталмаған дәннен жасалған кішкене ұнды (мүмкіндігінше бидай ұнын) азғантай суға араластырып істейді. Иленген қамыр жұқа етіп жайылып, болар-болмас майланған табаға салынып, құрғақ, қатырлақ болғанша пісіріледі.

Шараптың мәні

15. Мәсіх өзінің өлімін Еске алу кешін ендіргенде тостағанда не болған?

15 Ашытқысыз пісірілген нанды үлестіргеннен кейін, Иса тостағанды алып ‘шүкіршілік етіп, оларға [елшілеріне] береді. Одан бәрі де ішеді’. Сосын Иса былай деп түсіндіреді: “Бұл — көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) келісімді бекітетін Менің қаным” (Марқа 14:23, 24). Тостағанда не бар еді? Онда жүзім шырыны емес, ашытылған шарап болған. Жазбаларда шарап жөнінде айтылғанда, бұның мағынасы ашымаған жүзім шырыны дегенді білдірмейді. Мысалы, Исаның сөзіне сәйкес, ‘торсықты жарып, ағып кететін’ жүзім шырыны емес, ашыған жас шарап. Сондай-ақ Мәсіхтің жаулары оны “шарап ішуді жақсы көреді” деп айыптаған. Исаның ішкені жай ғана жүзім шырыны болса, олардың таққан айыптары мағынасыз болар еді (Матай 9:17; 11:19). Құтқарылу мейрамында да шарап ішілетін, сондықтан Иса өзінің өлімін Еске алу кешін ендіргенде соны қолданған.

16, 17. Еске алу кешін атап өту үшін қандай шарап жарамды және неге?

16 Исаның төгілген қанын бейнелеу үшін тек қызыл шарап жарамды. Оның өзі: “Бұл — көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) келісімді бекітетін Менің қаным”,— деген. Ал елші Петір былай деген: “Ата-бабаларыңнан жеткен пайдасыз өмір салтынан азат болуларың үшін не төленгенін [майланған мәсіхшілер, сендер] білесіңдер: күміс, алтын сияқты өткінші заттар емес, Құдайдың мінсіз де мүлтіксіз “Тоқтысы” — Мәсіхтің Өзі құрбан болып, баға жетпес қанын төгуімен құтқарылуларыңның құнын төледі” (1 Петір 1:18, 19).

17 Еске алу кешін ендіргенде, Исаның қызыл жүзім шарабын қолданғаны сөзсіз. Бірақ қазіргі қызыл шараптарға спирт, коньяк не әр түрлі шөптер мен дәмдеуіштер қосылатын болғандықтан, бұл мейрамда қолдануға жарамайды. Исаның қаны еш нәрсені қосуды талап етпеген. Демек, портвейн, херес және вермут сияқты шараптар жарамайды. Еске алу кешіне арналған тостағанда қант қосылмаған, күшейтілмеген шарап болу керек. Қолдан жасалған қант қосылмаған қызыл жүзім шарабын не қызыл бургун немесе кларет сияқты шараптарды да қолдануға болады.

18. Неге Иса Еске алу кешіндегі нан мен шарапқа қатысты ешқандай керемет жасамаған?

18 Иса Еске алу кешін ендіргенде керемет жасап, рәміздерді өзінің табиғи тәні мен қанына айналдырмаған. Адамның тәнін жеп, қанын ішетіндер кісі етін жейтін жалмауыз ретінде қарастырылып, Құдай заңын бұзу болып табылады (Жаратылыс 9:3, 4; Леуіліктер 17:10). Исаның тәніне нұқсан келтірілмеген, қаны төгілмеген болатын. Яһудилердің күнтізбесі бойынша тап сол 14-ші нисан күні күндіз оның тәні кемелді құрбандық ретінде ұсынылып, қаны да сол күні төгілу керек болатын. Демек, Еске алу кешіндегі нан мен шарап Мәсіхтің тәні мен қанын білдіретін рәміз ретінде қолданылады *.

Еске алу кеші  — ортақ ас

19. Иеміздің кешкі асын тойлағанда неге бірнеше тәрелке мен тостаған қолданылуы мүмкін?

19 Иса Еске алу кешін ендіргенде, адал елшілерін бір тостағаннан ішуге шақырған. Матай жазған ізгі хабарда: “Иса тостағанды да алып, шүкіршілік етті. Оларға беріп жатып, былай деді: — Мынадан бәрің де ішіңдер”,— делінген (Матай 26:27). Рәміздерден он бір ғана адам дәм татқандықтан, Исаның бір ‘тостаған’ қолданғаны қиындық тудырмаған, сондай-ақ олар бір үстелдің басына жайғасса керек. Үстіміздегі жылы Ехоба Куәгерлерінің дүние жүзіндегі 94 000-нан аса қауымдарында аталып өтетін Иеміздің кешкі асына миллиондаған адамдар жиналады. Осыншама көп қауым бір кеште жиналатын болғандықтан, олардың бәрі бір тостағанды қолдана алмайды. Сөйтсе де үлкен қауымдарда рәміздерді қатысушылардың бәріне ақылға қонымды уақыт аралығында ұзатып шығу үшін бірнеше тостаған қолданылғанымен, Исаның төгілген қанына қатысты принцип бұзылмайды. Сол сияқты нанды да бірнеше тәрелкеге салуға болады. Жазбаларда осы мақсат үшін қолданылатын тостаған мен тәрелкенің ерекше болуы керек екендігі жөнінде еш нәрсе айтылмаған. Алайда тостаған да, тәрелке де осындай оқиғада қолдануға лайықты болуға тиіс. Тостағанға шарапты ұзатып жатқанда төгіліп кетпейтіндей етіп құйған жөн.

20, 21. Неге Еске алу кешін ортақ ас деуге болады?

20 Бірнеше тәрелке нан мен бірнеше тостаған шарап қолданылғанына қарамастан, Еске алу кеші ортақ ас болып есептеледі. Ежелгі Исраилде адам Құдайға арнап киелі орынға мал әкеліп, сол жерде бауыздалып, ортақ ас беруіне болатын. Малдың бір бөлігі құрбандық шалатын орында өртелетін, бір бөлігі қызметтерін атқарып жүрген діни қызметкерлердің, ал бір бөлігі малды әкелген кісімен және оның отбасымен дастарқандас болатын Һаронның ұлдарынан шыққан діни қызметкерлердің үлесіне тиетін (Леуіліктер 3:1—16; 7:28—36). Еске алу кеші де ортақ ас болып табылады, өйткені оларды ортақ нәрсе біріктіреді.

21 Ортақ асқа Ехоба оны Ұйымдастырушы ретінде қатысады. Иса құрбандық, ал майланған мәсіхшілер рәміздерден дәм татушылар ретінде қатысады. Ехобаның дастарқанынан дәм татқандары рәміздерді қабылдайтындардың Онымен тату екендігін білдіреді. Осыған қатысты Пауыл былай деген: “Біз Иеміздің құрбандығын еске алып “шүкірлік тостағанынан” ішкенде Мәсіхтің төгілген қанының игілігінен үлес алғанымызды білдіреміз, солай емес пе? Нанды үзіп жегенде, құрбан болған Мәсіхтің денесінің игілігінен үлес алғанымызды білдіреміз емес пе? Нан біреу болғандай, біз — көпшілік те біртұтас рухани денеміз. Себебі бәріміздің жейтініміз бір нан” (1 Қорынттықтарға 10:16, 17).

22. Еске алу кешіне қатысты қандай сұрақтарды қарастырамыз?

22 Иеміздің кешкі асы — Ехоба Куәгерлері жыл сайын атап өтетін жалғыз діни мереке. Олардың мұнысы дұрыс та, өйткені Иса ізбасарларына: “Мені еске түсіру үшін осылай істей беріңдер”,— деп бұйырған. Еске алу кешінде біз Исаның өлгенін, Ехобаның билігінің мүддесі үшін өлгенін, еске аламыз. Жоғарыда аталып өткендей, ортақ ас дастарқанындағы нан Мәсіхтің құрбан болған тәнін, ал шарап төгілген қанын білдіреді. Бірақ рәміздерден, нан мен шараптан, дәм тататындардың саны өте аз. Неге олай? Бұл Кештің рәміздерінен дәм татпайтын миллиондаған адамдар үшін қандай да бір мәні бар ма? Иеміздің кешкі асының сен үшін қандай мәні бар?

[Сілтеме]

^ 18-абзац Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” энциклопедиясының ІІ том, 271-бетін қараңдар.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Иса Иеміздің кешкі асын не үшін енгізген?

• Еске алу кеші қаншалықты жиі аталып өту керек?

• Еске алу кешіне арналған ашымаған нан нені білдіреді?

• Еске алу кешіне арналған шарап нені білдіреді?

[Зерттеуге арналған сұрақтар]

[11-беттегі сурет]

Иса Иеміздің кешкі асын ендірген