Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның заңдарынан рақат табасың ба?

Ехобаның заңдарынан рақат табасың ба?

Ехобаның заңдарынан рақат табасың ба?

“Тәңір заңынан рақат табатын адам бақытты” (ЗАБУР 1:1, 2, сілтемені қараңдар).

1. Неге біз, Ехобаның қызметшілері, бақыттымыз?

 ЕХОБА бізді өзінің адал қызметшілері ретінде қолдап, батасын береді. Рас, біз көптеген сынақтарға кезігеміз. Бірақ біз, сонымен қатар, шын бақытты адамдармыз. Бұған таңғалмаса да болады, себебі біз ‘бақытты Құдайға’ қызмет етеміз және оның киелі рухы жүрегімізге қуаныш ұялатады (1 Тімотеге 1:11, ЖД; Ғалаттықтарға 5:22). Ал қуаныш бір жақсы нәрсені күткенде немесе оған қол жеткізгенде бөленетін бақыт сезімімен келеді. Әрине, көктегі Әкеміз бізге жақсы сыйлар береді (Жақып 1:17). Сондықтан біздің бақытты екеніміз таңғаларлық нәрсе ме?!

2. Біз қандай Забур жырларын талқылаймыз?

2 Бақытқа қалай жетуге болатыны Забур жырларында анық сипатталады. Бұл Забур жырының бірінші және екінші тарауларынан анық көрінеді. Иса Мәсіхтің алғашқы шәкірттері Забурдың екінші жырын Дәуіт жазған деп санаған (Елшілердің істері 4:25, 26). Ал бірінші жырдың белгісіз құрастырушысы киелі рухтың жетелеуімен жазған жырын: “Құдайсыздар кеңесіне бармайтын... адам қандай бақытты!” — деген сөздермен бастайды (Забур 1:1, 2). Осы және келесі мақалада Забурдың бірінші және екінші жыры қуануға негіз болатын себептерді қалай көрсететінін қарастырайық.

Бақыттың сыры

3. Забур 1:1, 2-ге сәйкес Құдай заңын орындайтын адамды бақытты ететін кейбір себептер қандай?

3 Забурдың бірінші жыры Құдай заңын орындайтын адамның неге бақытты екенін көрсетеді. Осындай бақыттың себептерін түсіндіре отырып, забур жыршысы былай деп жырлайды: “Құдайсыздар кеңесіне бармайтын, күнәкарлар жолыменен жүрмейтін, мазақтаушылармен бірге отырмайтын... адам қандай бақытты!” (Забур 1:1, 2).

4. Зәкәрия мен Елізабет қандай үлгі боларлық өмір кешкен?

4 Шынайы бақытқа қол жеткізу үшін біз Ехобаның әділ талаптарына бағынуымыз керек. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның ата-анасы болу мәртебесіне ие болған Зәкәрия мен Елізабет ‘Құдай алдында әділ жандар болып, Жаратқан Иенің барлық өсиеттері мен ережелеріне сай қалтқысыз өмір сүрген’ (Лұқа 1:5, 6). Осындай жолмен жүретін болсақ және ‘Құдайсыздар кеңесіне барудан’, яғни олардың зұлым кеңестері бойынша жүруден, үзілді-кесілді бас тартатын болсақ, біз де бақытты бола аламыз.

5. ‘Күнәкарлар жолынан’ аулақ болуымызға не көмектеседі?

5 Құдайсыздардың немесе зұлымдардың ой-қалпынан бас тартатын болсақ, “күнәкарлар жолыменен жүрмейтін” боламыз. Басқаша айтқанда, тура мағынада олар жиі жиналатын жерлерде, яғни азғындықпен көңіл көтеретін немесе жаман аты шыққан жерлерде жүрмейміз. Ал күнәкарлардың Киелі кітапқа қарама-қайшы істеріне қосылғымыз келіп азғырылсақ қайтеміз? Онда дұға етіп, елші Пауылдың: “Сенбейтіндермен қоян-қолтық бірге жүріп, жаман ниеттеріне ортақтаспаңдар! Себебі әділдік пен заңсыздық арасында ортақ не бар. Яки жарық пен түнек қалай тығыз байланыста тұрмақ?” — деп айтқан кеңесі бойынша жүруге Құдайдан күш сұрайық (2 Қорынттықтарға 6:14). Егер Құдайға арқа сүйесек және ‘жүрегіміз пәк таза’ болса, күнәкарлардың көзқарасы мен өмір салтынан бас тартамыз, әрі ниеттеріміз бен қалауларымыз таза болып, ‘шынайы сенімге’ ие боламыз (Матай 5:8; 1 Тімотеге 1:5).

6. Неге мазақтаушылардан сақ болуымыз керек?

6 Ехобаға ұнамды болу үшін, әрине, ‘мазақтаушылармен бірге отырмауымыз’ керек. Кейбіреулер Құдайдың заңының өзін күлкіге айналдырады, бірақ “осы соңғы заманда” жолдан тайған мәсіхшілердің мысқылдары әсіресе ащы. Елші Петір бауырластарына: ‘Қымбатты бауырластар.., ең бастысы, осы соңғы заманда арам құмарлықтарына салынып, сендерді келемеждейтін адамдардың шығатынын біліңдер. Мұндайлардың: — Оның қайтып келетіні жөніндегі уәдесімен не болды, ә? Аталарымыз қайтыс болғаннан кейін де барлық жайттар еш өзгеріссіз, жаратылыстың басталуынан бергі қалпында қалып келеді’,— дейтінін ескерткен (2 Петір 3:1—4). Егер ешқашан да ‘мазақтаушылармен бірге отырмайтын’ болсақ, біз олардың бастарына міндетті түрде төнетін апаттан да аман боламыз (Нақыл сөздер 1:22—27).

7. Неге Забур 1:1-дегі сөздерді жүрегімізге жақын ұстағанымыз дұрыс?

7 Забур жырының алғашқы сөздерін жүрегімізге жақын ұстамайтын болсақ, Жазбаларды зерттеу арқылы пайда болған рухани күйімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Ақырында, тіпті шындықты білмей тұрған кезімізден де жаман күйге түсіп кетуіміз ықтимал. Мысалы, зұлымдардың кеңестеріне құлақ асқанымыз рухани құлдырауға жасаған алғашқы қадамымыз болуы мүмкін. Бәлкім, содан кейін олармен үнемі араласа бастайтын шығармыз. Ақырында, тіпті жолдан тайған мазақтаушыға айналуымыз мүмкін. Зұлымдармен достасудың кесірінен бойымызда Құдайға ұнамсыз рух дамып, Ехобамен қарым-қатынасымыз бұзылатыны айдан анық (1 Қорынттықтарға 15:33; Жақып 4:4). Басымызға мұндай жағдайдың түсуіне ешқашан жол бермейік!

8. Бар ойымызды рухани нәрселерге жұмылдыруға не көмектеседі?

8 Дұға бар ойымызды рухани нәрселерге жұмылдырып, зұлымдармен араласудан аулақ болуға көмектеседі. Елші Пауыл: “Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып, тілекпен, шүкіршілікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды”,— деп айтқан. Пауыл шынайы да “көңіл қоюға тұрарлық”, әділ де таза, ұнамды да “жақсы лебізді”, адамгершілікті де мақтаулы ‘жөнінде ой жүгірте беруге’ шақырады (Філіпіліктерге 4:6—8, ЖД). Пауылдың кеңесі бойынша жүрейік, әрі ешқашан зұлымдармен теңелетіндей дәрежеге дейін құлдырамайық.

9. Зұлымдардың ісіне араласпағанымызбен, қалай барлық адамдарға көмектесуге тырысамыз?

9 Біз зұлымдардың істеріне араласпаймыз, бірақ Пауылдың Рим әміршісі Феликске “әділдік, ұстамдылық және болашақ қиямет соты туралы” куәлік еткені тәрізді біз де басқаларға ілтипат таныта отырып куәлік етеміз (Елшілердің істері 24:24, 25; Қолостықтарға 4:6). Патшалық жайлы ізгі хабарды барлық адамдарға айтамыз және оларға мейірбандық танытамыз. “Мәңгілік өмір сүруге ыңғай танытқандар” болашақта Құдай жолына түсіп, оның заңдарынан рақат табатынына сенімдіміз (Елшілердің істері 13:48, ЖД).

Тәңір заңынан рақат табады

10. Ненің арқасында жеке зерттеу кезінде білгендеріміз жадымызға және жүрегімізге терең ұялап, есімізде ұзақ уақыт сақталады?

10 Бақытты адам жайлы забур жыршысы әрі қарай былай дейді: ‘Ол Тәңір заңынан рақат табады, күні-түні сол туралы ойлайды [“күбірлеп оқиды”, ЖД]’ (Забур 1:2, сілтемені қараңдар). Құдайдың қызметшілері ретінде біз ‘Тәңір заңынан рақат табамыз’. Мүмкін болса, жеке зерттеу мен ой жүгірту кезінде “күбірлеп”, яғни даусымызды шығарып оқуымызға болады. Сонда Жазбалардан оқығандарымыздың барлығы жадымызда және жүрегімізде ұзақ уақыт сақталып, терең ұялайды.

11. Неге Киелі кітапты “күні-түні” оқығанымыз жөн?

11 “Адал да ақылды құл” бізді Киелі кітапты күнделікті оқуға шақырады (Матай 24:45, ЖД). Ехобаның адамзатқа берген хабарымен жақсырақ танысқымыз келетіндіктен, біз Киелі кітапты “күні-түні”, иә, тіпті қандай да бір себептермен ұйықтай алмай жатқанда да оқығанымыз абзал. Петір бізді: “Жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің “таза сүтіне” құштар болыңдар. Содан нәр алғанда рухани өсіп, өлімнен құтқарыла аласыңдар”,— деп шақырған (1 Петір 2:1, 2). Киелі кітапты күнделікті оқығаннан және Құдай Сөзі мен оның ниеттері жайлы түнде де ой жүгірткеннен рақат табасың ба? Забур жыршысы рақат тапқан (Забур 62:7).

12. Ехобаның заңдарынан рақат табатын болсақ, біз не істейтін боламыз?

12 Біздің мәңгілік бақытымыз Құдайдың заңдарынан рақат тапқанымызға байланысты. Оның заңдары кемелді де әділ және оларды ұстанғанды зор сый тосады (Забур 18:8—12). Шәкірт Жақып: “Кім кемелді тағылымға — күнәның құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға — ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес, жүзеге асырушы болып, бақытты болмақ”,— деп жазған (Жақып 1:25, сілтемені қараңдар). Ехобаның заңдарынан шынымен рақат табатын болсақ, рухани нәрселерге ден қоймайтын бір де бір күніміз болмайды. Шынында да, біз ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ зерттеп, Құдай Патшалығының мүддесін бірінші орынға қоятын боламыз (1 Қорынттықтарға 2:10—13; Матай 6:33).

Ол ағашқа ұқсайтын болады

13—15. Қай мағынада біз сарқылмайтын бұлақтың басына отырғызылған ағашқа ұқсай аламыз?

13 Әрі қарай әділ адамды суреттей келе, забур жыршысы: “Ол мерзімінде жемісін беретін, жапырақтары еш кеуіп сембейтін, су жағасындағы ағашқа ұқсайды: не істесе де, табыссыз қалмайды”,— дейді (Забур 1:3). Басқа кемелсіз адамдар тәрізді Ехобаға қызмет етіп жүрген біз де өмірде қиыншылықтарға кезігеміз (Әйүп 14:1). Біз сенімімізге бола қуғын-сүргін мен басқа да көптеген сынақтарға ұшырауымыз мүмкін (Матай 5:10—12). Бірақ мықты ағаштың әжептеуір күшті желдің өзіне төтеп беретіні сияқты біз де Құдайдың көмегімен бұл сынақтардан сәтті өте аламыз.

14 Суы сарқылмайтын бұлақтың басына отырғызылған ағаш ыстық күнде немесе құрғақшылық кезінде де қурамайды. Құдайдан қорқатын болсақ, сарқылмас күштің қайнар көзі Ехоба Құдайдың өзі бізге күш беріп тұрады. Пауыл Құдайдың көмегіне үміт артқан, сондықтан да: “Маған күш-қуат берушінің [яғни Ехобаның] арқасында бәріне де төзе аламын”,— деп айта алған (Філіпіліктерге 4:13, ЖД). Ехоба өзінің киелі рухы арқылы басшылық беріп, рухани қолдап отырғанда, бейнелеп айтқанда, біз жеміс бермей қурап, семіп немесе рухани өліп қалмаймыз. Керісінше, Құдайға жемісті қызмет етеміз, әрі оның киелі рухының жемісін көрсетеміз (Еремия 17:7, 8; Ғалаттықтарға 5:22, 23).

15 “Ұқсайды” деп аударылған еврей сөзін забур жыршысы салыстыру үшін қолданған. Ол кейбір ұқсастықтары болғанымен, бір-бірінен мүлдем өзгеше екі түрлі нәрсені салыстырады. Адам ағаштан өзгеше, дегенмен суы сарқылмайтын бұлақтың басына отырғызылған ағаштың жайқалып өсуі забур жыршысының есіне “Тәңір заңынан рақат табатын” адамның рухани өркендеуін түсірген болу керек. Егер Құдай заңынан рақат табатын болсақ, біздің ғұмырымыз да ағаштың ғұмырындай ұзақ болады. Иә, біз мәңгі өмір сүре аламыз (Жохан 17:3).

16. Неге және қалайша ‘не істесек те табыссыз қалмаймыз’?

16 Тура жолмен жүретін болсақ, Ехоба бізге сынақтар мен қиыншылықтарға төтеп беруге көмектеседі. Біздің қызметіміз қуанышты әрі жемісті (Матай 13:23; Лұқа 8:15). ‘Не істесек те табыссыз қалмаймыз’, себебі біздің басты мақсатымыз — Ехобаның еркін орындау. Оның еркі әрқашан жүзеге асатындықтан және оның өсиеттерін қуана атқаратындықтан, біз рухани көркейе береміз (Жаратылыс 39:23; Ешуа 1:7, 8; Ишая 55:11). Тіпті бақытсыздыққа ұшырасақ та, солай бола бермек (Забур 111:1—3; 3 Жохан 2).

Құдайсыздар көркейіп жатқан тәрізді

17, 18. а) Забур жыршысы құдайсыздарды неге теңейді? ә) Тіпті байлығы асып-тасып жатса да, неге бұл құдайсыздарға мәңгілік қорғаныш бола алмайды?

17 Құдайсыздар мен әділдердің айырмашылығы жер мен көктей ғой! Құдайсыздар кейде байлыққа кенеліп жатқандай көрінетін болар, бірақ рухани жағына келгенде олай емес. Бұл забур жыршысының келесі сөздерінен жақсы көрінеді: “Ал құдайсыздарда бұлай болмайды: олар жел ұшырған қабыққа ұқсайды, Құдай сотында ақтала алмайды, әділдер қауымында орны болмайды” (Забур 1:4, 5). Забур жыршысының: “Ал құдайсыздарда бұлай болмайды”,— деп айтқанына көңіл бөліңдерші. Ол құдайсыздардың жемісі мол әрі ұзақ жасайтын ағашқа теңелетін Құдайға ұнамды адамдарға ұқсамайтынына нұсқайды.

18 Байлығы асып-тасып жатса да, бұл құдайсыздарға мәңгілік қорғаныш бола алмайды (Забур 36:16; 72:3, 12). Олар Исаның мұраға қатысты дауды шешіп беруін өтініп келген кісіге айтып берген астарлы әңгімесіндегі түйсіксіз бай адамға ұқсайды. Қасында тұрғандарға Иса: “Абайлаңдар, дүниеқор болудан сақтаныңдар! Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды”,— деді. Ол мұны түсіндіру үшін бір бай адам мол өнім алғандықтан, жиып-тергенін сақтайтын жер болу үшін қамбаларын бұзып, одан да үлкендерін соғуды жоспарлағаны жайлы астарлы әңгіме айтады. Одан соң ол ішіп-жеп, көңіл көтеруді жоспарлайды. Бірақ Құдай: “Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның алынады! Сонда сенің жиып-тергенің кімге қалады?” — дейді. Сөйтіп, тоқетерін айта келе, Иса: “Өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдаймен қатынасында бай болмаған адамның ақыры осылай болады”,— деп аяқтайды (Лұқа 12:13—21).

19, 20. а) Ежелгі Исраилдегі астық бастыру мен ұшыру тәсілін суреттеп беріңдер. ә) Неге құдайсыздар дәннің қауызына теңеледі?

19 Құдайсыздар “Құдаймен қатынасында бай” емес. Сондықтан олар қауіпсіздігі мен тұрақтылығы жағынан алғанда бидай дәнінің қауызынан артық емес. Ежелгі Исраилде бидайды жинаған соң, әдетте биік орналасатын жазық жерге, немесе қырманға, алып келген. Мұнда сабағын майдалап, дәнді қауызынан айыру үшін малға жегілген тұлықтасты немесе табанында үшкір тастары не темір тістері бар маланы бидайдың үстінен жүргізген. Одан соң пайда болған топанды жел тұрып тұрғанда күрекпен лақтырып, ұшырып отырған (Ишая 30:24). Дән қырманға түсетін де, самал жел сабанды бір жанына түсіріп, ал қауызын ұшырып әкететін (Рут 3:2). Бұдан кейін дәнді ұсақ тастар мен басқа да керексіз заттардан тазартып, електен өткізген соң, оны сақтап қоюға немесе ұн қылып тартып алуға болатын (Лұқа 22:31, сілтемені қараңдар). Ал қауызы болса жойылып кеткен.

20 Дәннің жерге түсіп, одан соң сақталып, ал қауыздың желмен ұшып кеткені тәрізді әділдер қалады да, құдайсыздар жойылып кетеді. Әрине, біз жақын арада күнәкарлардың мәңгіге жоқ болатынына қуанамыз. Сонда Ехобаның заңдарынан рақат табатын адамдарды Құдай молынан жарылқайды. Бойсұнғыш адамдар ақырында Құдайдың сыйы мәңгілік өмірге ие болатыны сөзсіз (Матай 25:34—46; Римдіктерге 6:23).

‘Әділдердің жолына’ Құдай батасын береді

21. Қалайша Ехоба “әділдердің жолын біліп отырады”?

21 Бірінші жыр келесі сөздермен аяқталады: “Әділдің қамын Жаратқан ойлайды [“Ехоба әділдердің жолын біліп отырады”, ЖД], ал құдайсыздың ізі де қалмайды” (Забур 1:6). Қалайша Құдай “әділдердің жолын біліп отырады”? Егер дұрыс жолда тұрсақ, Құдайға ұнамды өмір кешіп жүргеніміз көктегі Әкемізге ұнайтынына және ол бізге өзі мақұлдаған қызметшілері ретінде қарайтынына сенімді бола аламыз. Сонда оның шынымен жағдайымызды жасайтынына сенімді бола отырып, барлық уайымымызды оған арта аламыз және артқанымыз дұрыс (Езекиел 34:11; 1 Петір 5:6, 7).

22, 23. Зұлымдар мен әділдерді не күтіп тұр?

22 ‘Әділдердің жолы’ мәңгі қалады, ал теріс жолынан қайтпайтын зұлым адамдар Ехобаның сотында жойылады. Өздерімен бірге олардың ‘жолы’ немесе өмір жолдары да аяқталады. Біз Дәуіттің: “Енді аз ғана уақыт, сонда зұлымдар болмайды; орнына қарайсың, ол болса жоқ. Ал момындар жерді мұра етіп, бейбітшіліктің көптігімен рақаттанады. Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгілік өмір сүреді”,— деген сөздерінің орындалатынына сенімді бола аламыз (Забур 36:10, 11, 29).

23 Енді ешқашан зұлымдар болмайтын Жұмақ орнаған жерде өмір сүру мәртебесіне ие болатын болсақ, өзімізді сондай бақытты сезінетін боламыз! Сонда момындар мен әділдер шынайы бейбітшіліктің рақатын көреді, себебі олар ‘Тәңір заңынан’ әрқашан рақат табатын болады. Бірақ ол уақыт келгенге дейін ‘Жаратқанның жарлығы’ бірінші орында тұру керек (Забур 2:7а). Келесі мақала бұл жарлықтың нені білдіретінін әрі оның біз үшін және бүкіл адамзат үшін қандай мәні бар екенін түсінуге көмектеседі.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Неге Құдай заңын орындайтын адамдар бақытты?

• Ехобаның заңдарынан рақат табатынымыз неден көрінеді?

• Қалайша жақсы суғарылып тұрған ағашқа ұқсауға болады?

• Қай жағынан әділдер мен зұлымдардың жолының айырмашылығы бар?

[Зерттеуге арналған сұрақтар]

[9-беттегі сурет]

Дұға еткеніміз зұлымдармен араласудан аулақ болуға көмектеседі

[10-беттегі сурет]

Неге әділдер ағашқа ұқсайды?