Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Руларды санау кітабының көңіл бұрарлық тұстары

Руларды санау кітабының көңіл бұрарлық тұстары

Ехобаның сөзі тірі

Руларды санау кітабының көңіл бұрарлық тұстары

МЫСЫРДАН шыққан соң, исраилдіктер халық болып құрылды. Одан соң көп ұзамай олар Уәде етілген жерге кірулері керек еді, бірақ олай болмады. Оның орнына олар қырық жылдай “ұлы да қорқынышты” шөл даланы кезіп жүрулері керек болды (Заңды қайталау 8:15). Неге? Руларды санау кітабындағы тарихи мәліметте не болғаны баяндалады. Бұл кітап Ехобаға бағынып, әрі оның өкілдерін сыйлау керек екеніне көзімізді әбден жеткізу керек.

Мұсаның шөл далада және Моаб жазығында жазған Руларды санау кітабы б. з. б. 1512 жылдан б. з. б. 1473 жылға дейінгі 38 жыл 9 ай аралығын қамтиды (Руларды санау 1:1; Заңды қайталау 1:3). Бұл кітап екі рет жүргізілген халық санағына байланысты осылай аталған. Ол екі санақтың арасында 38 жыл өткен (1—4, 26-тараулар). Руларды санау кітабы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Синай тауының етегінде болған оқиға баяндалады. Екіншісінде исраилдіктер шөл даланы кезіп жүрген кездерінде болған жағдайлар суреттеледі. Соңғы бөлімінде Моаб жазығындағы оқиғалар қарастырылады. Оны оқығанда өзіңе: “Осы оқиғалардан не үйренемін? Осы кітаптағы принциптердің бүгін мен үшін пайдасы бар ма?” — деген сұрақтар қоюыңа болады.

СИНАЙ ТАУЫНЫҢ ЕТЕГІНДЕ

(Руларды санау 1:1—10:10)

Екі санақтың біріншісі исраилдіктер Синай тауының етегінде тұрғанда жүргізілген. Леуіліктерді санамағанда жасы жиырмадан асқан ер адамдардың саны 603 550 болған. Санақты әскери мақсатпен жүргізген болуы әбден мүмкін. Әйелдерді, балаларды және леуіліктерді қоса алғанда бүкіл халықтың саны үш миллионнан асса керек.

Санақ жүргізілген соң исраилдіктер көшіп-қонуға, леуіліктердің қызметтеріне, киелі шатырда атқарылатын қызметке, карантинге, қызғаныш туған жағдайға және назир антына қатысты басшылықтар алды. 7-тарауда құрбандық шалатын орынның бағышталуына байланысты рубасылардың шалған құрбандықтары жайлы, ал 9-тарауда Құтқарылу мейрамын тойлау жайлы айтылады. Жиынға сонымен қатар көштің қалай қоныстанып, қандай тәртіппен қозғалуына қатысты басшылықтар берілді.

Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:

2:1, 2 — Шөл далада жүріп қос тігерде ру-руымен айнала қоныстанған “белгі” немесе “ту” не нәрсе болған? Киелі кітапта ол нақты суреттелмейді. Бірақ бұлар қасиетті рәміздер немесе діни маңызы бар нәрселер болмаған. Белгілер пайдалы қызмет атқарған. Ол адам қостың ішінде өз руын тауып алу үшін орнатылған.

5:27 — Әйелі неке адалдығын сақтамағанда, ‘құрсағының түсіп кеткені’ нені білдірген? “Құрсақ” деген сөз көбею мүшелерін білдіреді. ‘Құрсақтың түсіп кеткені’ бала көтеру қабілетінен айырылуды білдірген.

Біз үшін сабақ:

6:1—7. Назир антын бергендер құрбандыққа барып, жүзімнен жасалған өнімдерден және мас қылатын ішімдіктерден дәм татпаған. Олар шаштарын өсіріп, әйелдің күйеуіне немесе әкесіне бағынышты болғаны тәрізді Ехобаға бағынышты екендіктерін білдірген. Тіпті жақыны қайтыс болса да, назир антын бергендер мәйітке қол тигізбей, тазалықтарын сақтаған. Бүгін толық уақытты қызметшілер өз мүдделерінен бас тартуларымен және Ехоба мен оның орнатқан тәртіптеріне бағынуларымен жанқиярлық рух танытады. Кейбіреулер тіпті отбасында жақын адамы қайтыс болғанның өзінде келуі қиын немесе тіпті келуі мүмкін емес алыс жерлерге тағайындалулары ықтимал.

8:25, 26. Леуіліктердің қызметі тиісті түрде атқарылу үшін және қартайған адамның жасы ескерілгендіктен, жасы келген леуіліктер міндеттерінен босатылған. Бірақ басқа леуіліктерге көмектескілері келсе, жасы келген леуіліктер оны өздері шешкен. Бүгінде Патшалықтың жариялаушысы болу міндетінен ешкім босатылмағанымен, бұл заңның негізінде жатқан принциптен біз көп сабақ аламыз. Жасы келгендіктен мәсіхші кейбір жауапкершілігін атқара алмайтын болса, өзінің шамасы жететін басқа қызметті атқара беруіне болады.

ШӨЛ ДАЛАДА КӨШІП-ҚОНЫП ЖҮРУ

(Руларды санау 10:11—21:35)

Ақырында киелі шатырдың үстіндегі бұлт көтерілгенде жолға шығып, исраилдіктер 38 жыл және бір не екі ай дегенде Моаб жазығына келеді. Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Жақсы жерге қараңдар” (ор.) атты брошюрасының 9-бетіндегі картадан олардың жүрген жолдарын қарағаның пайдалы болады.

Қадешке бара жатып Паран шөлінде халық кем дегенде үш рет күңкіл шығарады. Бірінші рет бүлікті басу үшін Ехоба адамдардың кейбірін жалмап қою үшін от жіберді. Одан соң исраилдіктер ет жоқ деп шағымданғанда, Ехоба бөденелерді береді. Мәриям мен Һаронның Мұсаға қарсы күңкіл шығаруы Мәриямның уақытша алапеске ұшырауымен аяқталды.

Қадеште отырғанда Мұса 12 адамды Уәде етілген жерді барлап келуге жұмсады. Олар 40 күннен соң оралады. Он барлаушының жағымсыз хабарына сеніп, халық Мұсаны, Һаронды және дұрыс хабар әкелген Ешуа мен Халепті таспен атып өлтіргісі келеді. Бүлік шығарғаны үшін Ехоба індет жібермекші болады, бірақ Мұса араша түскендіктен, Құдай алғашқы санаққа кіргендердің бірі қалмай қырылып қалғанша, халықтың шөл далада 40 жыл жүретінін айтады.

Ехоба қосымша ережелер береді. Қорах пен басқа да адамдар Мұса мен Һаронға қарсы бүлік шығарады, бірақ олардың біразын от жалмап, біразын жер жұтып қояды. Келесі күні бүкіл қауым Мұса мен Һаронға қарсы күңкіл шығарады. Нәтижесінде 14 700 адам Ехобаның жазасына ұшырап опат болады. Өзінің бас діни қызметкер ретінде кімді таңдағанын білдіру үшін Құдай Һаронның таяғын бүр жарғызады. Одан соң Ехоба леуіліктердің қызметтері мен халықтың тазару рәсімін жасауына қатысты басқа да заңдар береді. Қызыл сиырдың күлін қолдану Исаның құрбандығы арқылы тазарудың бейнесі болды (Еврейлерге 9:13, 14).

Исраилдіктер Қадешке қайтып келген соң, Мәриям сол жерде қайтыс болады. Халық тағы да Мұса мен Һаронға қарсы шағымданады. Оның себебі не еді? Судың жоқтығы. Халықты ғажайып түрде сумен қамтамасыз еткенде, Мұса мен Һарон тиесілі түрде Ехобаны даңқтамағандықтан, уәде етілген жерге кіру мүмкіндігінен айырылады. Исраилдіктер Қадештен әрі қарай жылжиды, ал Һарон Ор тауында қайтыс болады. Едом елін айналып өтіп бара жатып исраилдіктер қалжырап, Құдай мен Мұсаға қарсы сөйлей бастайды. Ехоба оларды жазалау үшін улы жыландарды жібереді. Мұса тағы да араша түседі де, Құдай оған мыс жылан жасатқызып, жылан шаққандар соған қарап аман қалу үшін оны ағашқа қағып жоғары көтеріп қоюды бұйырады. Жылан біздің мәңгілік өмірге ие болуымыз үшін Иса Мәсіхтің бағанаға қағылатынын білдірген (Жохан 3:14, 15). Исраил аморлықтардың Сигон және Ог патшаларының көзін жойып, олардың жерлерін иемденіп алады.

Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:

12:1 — Неге Мәриям мен Һарон Мұсаға қарсы күңкіл шығарады? Олардың шағымданғандарының негізгі себебі Мәриямның көбірек беделге ие болғысы келгендігі болу керек. Мұсаның әйелі Сапура шөл далада оған қайтып келгенде, Мәриям бұдан былай қостағы ең беделді әйел бола алмай қалатын болдым деп қорықса керек (Мысырдан шығу 18:1—5).

12:9—11 — Неге алапеске Мәриям ғана ұшырады? Шағым айтып, Һаронды өз жағына шығуға көндірген Мәриям болуы әбден мүмкін. Һарон өзінің қателігін мойындап, дұрыс ой-қалып танытты.

21:14, 15 — Мұнда қандай кітап жайлы айтылған? Киелі жазбаларда оның жазушылары мәлімет көзі ретінде сүйенген әр түрлі кітаптар туралы айтылады (Ешуа 10:12, 13; Патшалықтар 11:41; 14:19, 29). Соның бірі — “Ехобаның шайқастары жайлы кітап”. Онда Ехобаның халқы жүргізген соғыстар жайлы тарихи мәліметтер жазылған.

Біз үшін сабақ:

11:27—29. Мұса Ехобаға қызмет етіп, жауапкершіліктер алып жатқандарға қалай қарау керек екенімізге қатысты керемет үлгі көрсетті. Барын салып өзіне атақ іздеудің орнына, ол Елдад пен Модадтың пайғамбарлық ете бастағанына қуанышты болған.

12:2, 9, 10; 16:1—3, 12—14, 31—35, 41, 46—50. Ехоба өзінің халқынан Өзі орнатқан билікті құрметтейді деп күтеді.

14:24. Әлемнің күнә жасауға итермелеуіне қарсы тұрудың ең дұрыс жолы — ‘өзге рух’, немесе ой-қалып, дамыту. Біздің ой-қалпымыз осы дүниеден өзгеше болу керек.

15:37—41. Исраилдіктердің киімдерінің етектеріндегі ерекше шашақтары олардың естеріне Құдайға қызмет етіп, оның өсиеттеріне бағыну үшін таңдалған халық екендіктерін естеріне салып отыру керек болған. Біз де Құдайдың нормаларымен жүре отырып, осы әлемнен ерекшеленуіміз керек емес пе?

МОАБ ЖАЗЫҒЫНДА

(Руларды санау 22:1—36:13)

Исраилдіктер Моаб жазығындағы шөл далаға қоныстанғанда, моабтықтардың үрейлері қалмады. Сондықтан Моаб патшасы Балақ исраилдіктерді қарғау үшін Балағамды жалдайды. Бірақ Ехоба Балағамды бата беруге мәжбүр етеді. Одан соң олар моабтық және мадияндық әйелдер арқылы исраилдік еркектерді еліктіріп, азғындық пен пұтқа табыншылыққа итермелейді. Нәтижесінде Ехоба күнәға батқан 24 000 адамды жойып жібереді. Пінехес Ехобамен басқа құдайдың бақталасуына жол бермейтінін көрсеткенде, жазалау тоқтайды.

Екінші рет жүргізілген санақтан Ешуа мен Халептен басқа бірінші санаққа кірген адамдардың бірі де қалмағаны көрінді. Ешуа Мұсаның орнын басады. Исраилдіктерге әр түрлі құрбандықтар шалуға және ант беруге қатысты ережелер берілді. Исраил халқы сонымен қатар мадияндықтардан өштерін қайтарады. Рубен, Ғад рулары мен Манаса руының жартысы Иордан өзенінің шығыс жағына қоныстанады. Исраилдіктерге Иорданнан қалай өтуге және жерді қалай иемденіп алуға қатысты басшылықтар беріледі. Жердің шекаралары нақты белгіленеді. Жер жеребе тастау арқылы бөліну керек. Леуіліктерге 48 қала беріліп, оның ішіндегі алтауы бас сауғалайтын қалалар болды.

Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:

22:20—22 — Неге Ехоба Балағамға ашуланды? Ехоба Балағам пайғамбарға исраилдіктерді қарғама деп айтқан болатын (Руларды санау 22:12). Бірақ ол исраилдіктерді қарғау мақсатымен Балақтың адамдарына ілесіп шықты. Балағам Моаб патшасына жағынғысы әрі оның сыйлығын иемденгісі келді (2 Петір 2:15, 16; Яһуда 11). Тіпті исраилдіктерді қарғаудың орнына бата беруге мәжбүр болғанның өзінде, ол патшаға ұнау үшін Бағалға табынатын әйелдер арқылы исраилдік еркектерді еліктіруге кеңес берді (Руларды санау 31:15, 16). Демек, Құдайдың Балағамға ашулануына оның арсыз ашкөздігі себеп болған.

30:6—8 — Мәсіхші адам әйелінің берген анттарын күшінен айыра ала ма? Бүгінде Ехоба қызметшілерінің берген анттарын жеке қарастырады. Мысалы, Ехобаға бағышталу — өмірін оған арнайтынын айтып ант ету (Ғалаттықтарға 6:5). Күйеудің мұндай антты күшінен айыратын билігі жоқ. Дегенмен әйелі Құдай Сөзіне немесе күйеуінің алдындағы міндетіне қарсы келетін уәде беруден аулақ болу керек.

Біз үшін сабақ:

25:11. Пінехес Ехобаға құлшыныспен қызмет етудің сондай керемет үлгісін көрсеткен! Қауымдағы тазалықты сақтап қалғымыз келсе, бұл бізді азғындыққа қатысты кез келген ауыр күнәні ақсақалдарға айтуға талпындыру керек емес пе?

35:9—29. Байқаусызда кісі өлтіріп қойған адам үйін тастап, уақытша бас сауғалайтын қалаға қашқаны бізге өмірдің қасиетті екенін және оны бағалау керек екенін үйретеді.

35:33. Жазықсыз қан төгіліп арамдалған жер оны төккен адамның қанымен ғана тазарады. Ехобаның жер бетін жұмаққа айналдырмай тұрып, ондағы зұлымдарды жоятыны қандай орынды! (Нақыл сөздер 2:21, 22; Даниял 2:44).

Құдай Сөзінің әсері күшті

Біз Ехоба мен оның халқының арасындағы жауапкершілік жүктелген бауырластарды сыйлауымыз керек. Бұл Руларды санау кітабынан айқын көрінеді. Қауымдағы тыныштық пен бірлікті сақтауға септігін тигізетін неткен маңызды сабақ!

Руларды санау кітабындағы жазылған оқиғалар өзінің рухани күйіне немқұрайды қарағандар күңкілдеу, азғындық және пұтқа табыну тәрізді күнәларды оп-оңай жасап қоятынын көрсетеді. Осы кітаптан алынған мысалдар мен сабақтардың кейбіреулерін Ехоба Куәгерлерінің қызмет кездесуіндегі “Жергілікті қажеттіліктер” бөлімінде қолдануға болады. Расында да, “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12).

[31-беттегі сурет]

Киелі шатырдың үстіндегі ғажайып бұлт арқылы Ехоба исраилдіктердің қалай қоныстанып, қандай тәртіппен қозғалуына қатысты басшылық беріп отырған

[32-беттегі суреттер]

Ехоба бағынуымызға лайық және бізден өзінің өкілдерін құрметтейді деп күтеді