Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарас дамыт

Ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарас дамыт

Ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарас дамыт

“Қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін” (МАТАЙ 20:26).

1. Ұлы болуға қатысты осы дүниенің көзқарасы қандай?

 ЕЖЕЛГІ Мысыр қаласы Фивыға (қазіргі Карнак) жақын жерде, Каирдің оңтүстігінен шамамен 500 шақырым қашықтықта, биіктігі 18 метр перғауын Аменхотеп III мүсіні тұр. Бұл алып мүсіннің жанында адам өзін құртақандай сезінеді. Бұл ескерткіш перғауынның алдында үрейлі қорқыныш сезіндіру үшін тұрғызылғаны анық, әрі ол өзін барынша жоғары да маңызды, ал өзгелерді түкке тұрғысыз етіп көрсететін ұлы болуға қатысты осы дүниенің көзқарасын бейнелейді.

2. Иса ізбасарларына қандай үлгі қалдырды және өзімізге қандай сұрақтар қоюымыз керек?

2 Ұлы болуға қатысты осындай көзқарас Иса Мәсіхтің үйреткенінен өзгеше. Ізбасарларының ‘Иелері және Ұстаздары’ бола тұра, Иса өзгелерге қызмет ету арқылы ұлы болатынын үйреткен. Жердегі өмірінің соңғы күні ол мұның мәнісін шәкірттерінің аяқтарын жуу арқылы көрсетті. Расында да, неткен кішіпейілділік! (Жохан 13:4, 5, 14). Сен қайсысын көбірек қалар едің: өзгелерге қызмет етуді ме, әлде өзіңе қызмет еткенді ме? Исаның үлгісі сенде дәл сол сияқты кішіпейіл болуға деген ықылас оята ма? Онда ұлы болуға қатысты осы дүниеде қалыптасқан көзқарасты Мәсіхтің көзқарасымен салыстырып көрейік.

Ұлы болуға қатысты осы дүниенің көзқарасынан аулақ бол

3. Киелі кітаптағы қандай мысалдар атақ-даңқты адамдардан көксеудің қайғыға ұшырататынын көрсетеді?

3 Киелі кітапта ұлы болуға қатысты осы дүниенің көзқарасы түбінде бақытсыздыққа ұшырататынын көрсететін көптеген мысалдар бар. Мысалы, Естер мен Мардохайдың күндерінде парсы патшасының сарайында танымал әрі беделді болған Аманды еске түсірші. Оның атақ-даңқты қатты көксеуінің аяғы масқара болу мен өлімге әкеп соқты (Естер 3:5; 6:10—12; 7:9, 10). Ал билігі дүркіреп тұрған шағында жаза тартып, ақылынан адасқан өр көкірек Набуходоносор жайлы не деуге болады? Оның ұлы болуға қатысты бұрыс ойы мына сөздерден байқалады: “Құдіретті күшімнің арқасында, ұлылығымның даңқына арнап, патша сарайы етіп мен салған айбынды Бабыл осы емес пе?!” (Даниял 4:30). Сонымен қатар тиісті құрметті Құдайға көрсетудің орнына, өзіне таңған өр көкірек Ирод Агриппа I де мысалы бар. Ол “тірідей құртқа жем болып өлді” (Елшілердің істері 12:21—23). Ехобаның ұлы болуға қатысты көзқарасын жете түсінбеушілік осы адамдардың масқаралықпен опат болуына әкелді.

4. Осы дүниенің менмендік рухының артында тұрған кім?

4 Өмірде сыйлы, қадірлі болғымыз келетіндігі орынды нәрсе. Алайда Ібіліс мұндай ықыласымызды бойымызда менмендік рухын, яғни өзінікі сияқты атаққұмар рухты, ояту үшін пайдаланып қалады (Матай 4:8, 9). Оның “осы күнәкар дүниенің “тәңірі” екенін және өзінің ой-қалпын осы жер бетіндегілердің санасына құюға бел буғанын ешқашан ұмытпа (2 Қорынттықтарға 4:4; Ефестіктерге 2:2; Аян 12:9). Осындай ой-қалып тудырушы кім екенін біле отырып, мәсіхшілер ұлы болуға қатысты осы дүниенің көзқарасынан аулақ болады.

5. Жетістіктер, атақ-даңқ пен байлық өмірден ұзақ қанағат алуға кепілдік бере ме? Түсіндіріңдер.

5 Ібілістің санаға құятыны — осы дүниедегі атақ-даңқ, сый-сыяпат пен ақшаға толы қалта өміріңді сөзсіз бақытты етеді деген ой. Бұл, расында да, солай ма? Жетістіктер, атақ-даңқ пен байлық қанағатпен өмір кешудің кепілі болып табыла ма? Киелі кітап бізге мұндай ойдың шырмауына түсіп қалмауды ескертеді. Данышпан патша Сүлеймен: “Мен әрбір еңбектің және әрбір істегі табыстың адамдар арасында өзара көре алмаушылық тудыратынын көрдім. Бұл да бос әурешілік әрі жанды қинайды екен”,— деп жазған (Екклесиаст 4:4). Өмірлерінің мәні осы дүниеде байлық пен атақ-даңққа ие болу деп есептеген көп адам Құдай рухымен жазылған Киелі кітаптағы осы кеңестің дәл айтылғандығын растай алады. Мысалы, адамды Айға алып ұшуға арналған ғарыш кемесінің жобасын жасап, құрастырып, сынақтан өткізуге көмектескен бір кісі былай деп есіне алды: “Мен ауыр еңбектеніп, өз ісімнің нағыз шебері болдым. Алайда мұным бекер, немесе түкке тұрғысыз болды, себебі бұл ұзақ бақыт та әкелмеді, жүрегіме тыныштық та бермеді” a. Ұлы болуға қатысты осы дүниелік түсінік — мейлі, іскерлік, спорт әлемінде не көңіл көтеруде болсын — өмірден ұзақ қанағат алуға кепілдік бермейді.

Сүйіспеншілікпен қызмет ету ұлы етеді

6. Жақып пен Жоханның ұлы болуға қатысты жаңсақ көзқараста болғандары неден көрінеді?

6 Исаның өмірінде болған бір оқиға нағыз ұлы болудың не екенін көрсетеді. Ол шәкірттерімен бірге б. з. 33 жылы Құтқарылу мейрамына Иерусалимге кетіп бара жатады. Жолда Исаның немере бауырлары Жохан мен Жақып ұлы болуға қатысты жаңсақ көзқараста екендерін байқатады. Олар шешелері арқылы Исаға: ‘Патшалығыңызда біреумізге оң, екіншімізге сол жағыңызда отыруды бұйырсаңыз екен’,— деген тілек білдіреді (Матай 20:21). Яһудилер арасында оң не сол қол жақта отыру үлкен құрмет деп есептелетін (3 Патшалықтар 2:19). Жақып пен Жохан қысылып-қымтырылмастан, ең жоғары орынға ұмтылып, осы беделді орынды иеленбекші болды. Бірақ Иса олардың ойындағысын түсініп, осы жағдайды ұлы болуға қатысты көзқарастарын түзету үшін пайдаланды.

7. Иса шынайы мәсіхшілер үшін ұлы болудың жолын қалай көрсеткен?

7 Иса осы тәкаппар дүниеде өзгелердің үстінен қадағалап, бұйырып және аузынан шыққанын екі етпей лезде орындататын адамды ұлы деп есептейтінін білген. Бірақ Исаның ізбасарларының арасында кішіпейілдікпен қызмет ететін адам ұлы болып саналады. Иса: “Қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін, қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл іспетті қызмет ете берсін”,— деген (Матай 20:26, 27).

8. Қызметші болу деген нені білдіреді және өзімізге қандай сұрақтар қоюымызға болады?

8 Киелі кітаптағы “қызметші” деп аударылған грек сөзі өзгелер үшін бар ынтасымен, табандылықпен қызмет ететін адамды білдіреді. Иса шәкірттеріне мынадай маңызды сабақ үйреткен: адамды өзгелерге бұйрық беру емес, сүйіспеншілікпен қызмет ету ұлы етеді. Сондықтан өзіңнен: “Жақып не Жоханның орнында болсам, қалай әрекет етер едім? Адамды шын мәнінде ұлы ететін сүйіспеншілікпен қызмет ету екенін түсінер ме едім?” — деп сұра (1 Қорынттықтарға 13:3).

9. Иса өзгелерге қалай қарауға қатысты қандай үлгі қалдырды?

9 Иса шәкірттеріне ұлы болуға қатысты көзқарасының осы дүниенің түсінігінен айырмашылығы бар екенін өз үлгісімен көрсетті. Ол ешқашан да қызмет еткен адамдарына жоғарыдан қарап немесе өздерін төмен сезіндірмеген. Адамдардың бәрі — ерлер де, әйелдер де, балалар да, байлар мен кедейлер де, күштілер мен аты шулы күнәкарлар да — оның жанында өздерін еркін сезінген (Марқа 10:13—16; Лұқа 7:37—50). Адамдар көбінесе әлсіздерге шыдамдылық таныта бермейді. Ал Иса тіпті басқаша еді. Шәкірттері кейде ойланбай әрекет етіп не айтысып қалса да, шыдамдылықпен оларды үйретіп, шынымен кішіпейіл әрі жуас екенін көрсеткен (Зәкәрия 9:9; Матай 11:29; Лұқа 22:24—27).

10. Исаның бүкіл өмірі өзгелер үшін риясыз қызмет еткенін қалай көрсетті?

10 Мәртебесі аса жоғары Құдай Ұлы өзінің қалдырған жанқиярлық үлгісімен ұлы болудың шын мәнінде нені білдіретінін көрсетті. Иса жерге өзіне қызмет еткізу үшін емес, ‘алуан түрлі ауруларды’ сауықтырып және адамдардың бойындағы жындарды қуып шығарып өзгелерге қызмет ету үшін келген. Ол қатты шаршап, тынығуды қажет етсе де, өзгелердің мүддесін өзінікінен жоғары қойып, оларды жұбатуға барынша күш салды (Марқа 1:32—34; 6:30—34; Жохан 11:11, 17, 33). Сүйіспеншілігі оны адамдарға рухани көмектесуге талпындырып, ол Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау үшін шаңды жолдармен жүздеген шақырым жерлерді жүріп өтті (Марқа 1:38, 39). Исаның өзгелерге қызмет етуді өте маңызды деп қарастырғандығында шек жоқ.

Мәсіхтің кішіпейілділігіне елікте

11. Қауымда бақылаушы болып тағайындалған бауырластардан қандай қасиеттерді таныту талап етіледі?

11 XlX ғасырдың аяғында Құдай халқының қажеттіліктері үшін қызмет етуге аралаушы өкілдер таңдалып жатқанда, мәсіхші бақылаушылардың дұрыс көзқарас таныту керектігіне аса мән берілген болатын. 1894 жылғы “Сион Күзет мұнарасының” 1 қыркүйектегі санында айтылғандай, “көкірек көтермейтін, момын... өзінің емес, Мәсіхтің мүддесін жақтауға ұмтылатын, өз біліміне емес, оның қарапайым да күшті Сөзіне назар аударатын кішіпейіл ой-қалыптағы” ер кісілер талап етілген еді. Шынайы мәсіхшілер жауапкершіліктерге ешқашан да қалауларын қанағаттандыру не атақ пен билікке ие болу, өзгелерге үстемдік ету үшін ұмтылмау керектігі анық. Кішіпейіл бақылаушы жүктелген жауапкершіліктері өзін жоғары көтеріп, асқақтату үшін емес, ‘игілікті іске’ арналғанын естен шығармайды (1 Тімотеге 3:1, 2). Барлық ақсақалдар мен қызмет көмекшілері қолдарынан келгенше, өзгелерге кішіпейілділікпен қызмет етіп, қасиетті қызметте басшылықты қолға алып, еліктеуге тұрарлық үлгі көрсетулері керек (1 Қорынттықтарға 9:19; Ғалаттықтарға 5:13; 2 Тімотеге 4:5).

12. Қауымда жауапты істерді атқаруға ынталанып жүрген бауырластар өздеріне қандай сұрақтар қоюына болады?

12 Қандай да бір жауапты істерді атқаруға ынталанып жүрген әрбір бауырлас өзінен: “Өзгелерге қызмет етудің мүмкіндіктерін қарастырам ба, әлде өзіме қызмет еткенін қалаймын ба? Өзгелердің көзіне түсе бермейтін пайдалы істерді атқаруға дайынмын ба?” — деп сұрауы қажет. Мысалы, жас бауырлас қауым кездесулерінде баяндама айтуға даяр болар, бірақ егде жастағыларға қол ұшын беруге келгенде бұған зауқы соға қоймас. Ол, бәлкім, қауымдағы жауапкершілігі бар бауырластармен араласқанға қуанар, ал уағыздауға келгенде бұлай етпейтін шығар. Мұндай жас бауырлас өзінен: “Мен бірінші кезекте жұрттың мақұлдауы мен мақтауына ие болатын қызметтің түріне көңіл қоям ба? Өзгелердің көзіне ілігуге тырысам ба?” — деп сұрағаны абзал болар еді. Жеке бастың абырой-атағын іздеу Мәсіхтің үлгісіне еліктемегендік екені анық (Жохан 5:41).

13. а) Бақылаушының кішіпейіл үлгісі өзгелерге қалай әсер ете алады? ә) Неліктен кішіпейілділік мәсіхші таңдап жататын нәрсе емес деп айтуға болады?

13 Мәсіхтің кішіпейілділігіне еліктеуге барынша тырыссақ, бұл бізді өзгелерге қызмет етуге талпындырады. Ехоба Куәгерлерінің бір филиалының істерін тексерген аумақтық бақылаушының мысалын қарастырайық. Күн тәртібінің тығыз және міндеттерінің көптігіне қарамастан, ол сым тігін машинасының қызметін реттей алмай жатқан бір жас бауырласқа көмектеспекші болып тоқтайды. “Мен өз көзіме өзім сенбедім! — деді әлгі жас бауырлас.— Ол маған жас кезінде Бетелде қызмет етіп жүргенінде дәл осындай машинада жұмыс істегенін айтты және оны зорға реттейтінін есіне алды. Ол істейтін маңызды істері толып жатса да, менімен бірге сол машинада әжептәуір уақыт жұмыс істеді. Бұл маған қатты әсер етті”. Осы бауырласымыз, қазір Ехоба Куәгерлерінің бір филиалында бақылаушы, кішіпейілділіктің сол үлгісін әлі де ұмытпаған. Біз көзге түсе қоймайтын, қарапайым нәрселерді істеуге өзімізді ешқашан да тым жоғары не маңызды санамайық. Қайта, кішіпейілділікке бөленуіміз керек. Мұны істеуді өзіміз шешіп жатпаймыз, бұл — мәсіхші киіп алуға тиіс ‘жаңа болмыстың’ бөлігі (Філіпіліктерге 2:3; Қолостықтарға 3:10, 12; Римдіктерге 12:16).

Ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарас дамыт

14. Ехобамен және бір сенімдегілермен қарым-қатынасымыз жайлы ой жүгірткеніміз ұлы болуға қатысты дұрыс көзқарас дамытуға қалай көмектеседі?

14 Ұлы болуға қатысты дұрыс көзқарасты қалай дамыта аламыз? Мұның бір жолы — Ехоба Құдаймен қарым-қатынасымыз жайлы ой жүгірту. Ұлылығы, құдіреті мен даналығы оны жұмыр басты пенделерден әлдеқайда жоғары етеді (Ишая 40:22). Бір сенімдегі бауырластарымызбен қарым-қатынасымыз жайлы ойланғанымыз да кішіпейілділікті дамытуымызға көмектеседі. Мысалы, біз өзгелерден қандай да бір жағынан артық шығармыз, бірақ олар өмірдің өзге бір әлдеқайда маңызды саласында бізден артық болар немесе бауырластарымыздың бойында бізде жетіспейтін қандай да бір қасиеттері болуы мүмкін. Негізінде, Құдайдың көз алдында қымбат адамдардың көбісі әдетте көзге түсе бермейді, өйткені олар момын әрі кішіпейіл (Нақыл сөздер 3:34; Жақып 4:6).

15. Құдай халқының адалдық танытқандары өзгелерге жоғарыдан қарауға ешкімде де негіз жоқ екенін қалай көрсетеді?

15 Бұл сенімдері үшін қудаланған Ехоба Куәгерлерінің мысалдарынан жақсы көрінеді. Көбінесе осы дүниедегілер жай қарапайым адамдар деп есептейтіндер ауыр сынақтарда Құдайға адал болып қалған. Осындай мысалдардың үстінен ой жүгірткеніміз әрдайым кішіпейіл болуымызға көмектесіп, ‘өзіміз туралы тиістісінен артық ойламауға’ үйретеді (Римдіктерге 12:3) b.

16. Қауымдағылардың бәрі Исаның қалдырған үлгісіне еліктеп, ұлы болуға қатысты көзқарасты қалай дамыта алады?

16 Барлық мәсіхшілер — жастар да, кәрілер де — ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарас дамытуға тырысулары керек. Қауымда түрлі істер атқарылу керек. Көзге көріне бермейтін істер тапсырылғанда, ешқашан наразылық білдірме (1 Патшалықтар 25:41;  4 Патшалықтар 3:11). Ата-аналар, балаларыңды, жасөспірім балаларыңды да, өздеріне берілген кез келген тапсырманы — мейлі, Патшалық Сарайында немесе конгресс өтетін орында болсын — қуана-қуана атқаруға талпындырасыңдар ма? Өздеріңнің де қарапайым, көзге түсе қоймайтын істерді орындайтындарыңды олар көре ме? Қазір Ехоба Куәгерлерінің бас басқармасында қызмет ететін бір бауырласымыз ата-анасының үлгісін айқын көз алдына елестетіп, былай деді: “Патшалық Сарайын не конгресс орындарын тазалауға деген көзқарастарынан бұл істі олардың өте маңызды деп қарастыратыны көрінетін. Олар жиі қауымның не бауырластардың игілігі үшін кез келген істі атқаруға ерік білдіретін және тапсырмалардың ешқайсысын да төмен деп есептемейтін. Осындай көзқарас маған Бетелде кез келген тапсырманы атқаруға қуана-қуана келісуге көмектеседі”.

17. Кішіпейіл әйел бауырластар қалай қауым үшін бата бола алады?

17 Өзгелердің мүддесін өзіміздікінен жоғары қоюға байланысты б. з. б. V ғасырда Парсы империясының патшайымы болған Естер керемет үлгі көрсеткен. Ол патша сарайында өмір сүрсе де, Құдайдың еркіне сай әрекет етіп, оның халқы үшін өмірін қауіпке тігуге дайын болды (Естер 1:5, 6; 4:14—16). Экономикалық жағдайы қандай болмасын, бүгінде мәсіхші әйелдер жаны күйзелгендерді жігерлендіру, ауырғандарға бару, уағыздау ісіне атсалысу мен ақсақалдармен қызметтес болу арқылы Естер сияқты рух таныта алады. Осындай кішіпейіл әйел бауырластар қауым үшін қандай бата десеңші!

Ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарастың әкелетін баталары

18. Ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарас танытқанымыз қандай баталар әкеледі?

18 Ұлы болуға қатысты Мәсіхтікіндей көзқарасты ұстансаң, мол батаға ие боласың. Өзгелерге риясыз қызмет еткенің өзіңе де, өзгеге де қуаныш сыйлайды (Елшілердің істері 20:35). Бауырластарың үшін дайындықпен әрі барыңды салып игілік істер болсаң, олардың саған деген сүйіспеншілігі арта түседі (Елшілердің істері 20:37). Ең маңыздысы, бір сенімдегілердің игілігі үшін істегендеріңді Ехоба өзіне ұнамды дәріптеу құрбандығы ретінде қарастырады (Філіпіліктерге 2:17).

19. Ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарасқа байланысты не нәрсеге бел бууымыз керек?

19 Әрбіріміз өз жүрегімізді тексеріп, былай деп сұрауымыз қажет: “Ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарас дамыту керек деп тек аузыммен ғана айтып қоям ба, жоқ әлде іс жүзінде көрсету үшін бар ынтамды салам ба?” Ехобаның тәкаппарларға қалай қарайтыны бізге анық (Нақыл сөздер 16:5; 1 Петір 5:5). Сондықтан біздің істеріміз — мәсіхшілер қауымында болсын, отбасы өмірі мен маңайымыздағылармен күнделікті қарым-қатынасымызда болсын — ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарасты ұнататынымызды көрсетсін. Бәрін де Құдайды дәріптеп-мадақтау үшін істейік (1 Қорынттықтарға 10:31).

[Сілтемелер]

a 1984 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 қазандағы санының “Табысты болудың жолын іздеуде” атты мақаланы қараңдар (8—11 бет., ор.).

b Мысалдарды 1992 жылғы “Ехоба Куәгерлерінің жылнамасы” (181, 182-бет, ор.) мен 1993 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 қаңтардағы санынан қараңдар (27—31 бет., ор.).

Түсіндіре аласыңдар ма?

• Неліктен ұлы болуға қатысты осы дүниенің көзқарасынан аулақ болуымыз керек?

• Иса ұлы болудың жолын қалай көрсеткен?

• Бақылаушылар Мәсіхтің кішіпейілділігіне қалай еліктей алады?

• Ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарасты дамытуымызға не көмектеседі?

[Зерттеуге арналған сұрақтар]

[27-беттегі қоршау]

Кім ұлы болуға қатысты Мәсіхтікі сияқты көзқарасқа ие?

Өзіне қызмет етуді қалайтын адам ба, әлде өзгеге қызмет етуге дайын адам ба?

Жұрт көзіне түсетін істі дұрыс көретін бе, әлде қарапайым істерді атқаратын ба?

Өзін жоғары есептейтін адам ба, әлде өзгелерді жоғары қоятын ба?

[24-беттегі сурет]

Перғауын Аменхотеп III алып мүсіні

[25-беттегі сурет]

Аманның опат болуына не себеп болғанын білесің бе?

[26-беттегі суреттер]

Өзгелерге қызмет етудің мүмкіндіктерін іздейсің бе?