Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ібілістің зымиян іс-әрекеттеріне тойтарыс бер

Ібілістің зымиян іс-әрекеттеріне тойтарыс бер

Ібілістің зымиян іс-әрекеттеріне тойтарыс бер

“Ібілістің зымиян іс-әрекеттеріне тойтарыс беріңдер” (ЕФЕС. 6:11).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

Ехобаның қызметшілері материализм тұзағына түсіп қалмау үшін не істей алады?

Үйленген мәсіхшілерге азғындық орына түсіп кетпеуге не көмектеседі?

Материализм мен азғындыққа қарсы тұрғаның пайдалы екеніне неліктен сенімдісің?

1, 2. a) Шайтан майланған мәсіхшілер мен “басқа қойларды” неліктен жек көреді? ә) Осы мақалада Шайтанның қолданатын қандай тұзақтарын қарастырамыз?

 ШАЙТАН ІБІЛІС адамдарды, әсіресе Ехобаның қызметшілерін жек көреді. Ол жерде өмір сүріп жатқан майланғандарға қарсы соғыс жүргізуде (Аян 12:17). Бұл адал мәсіхшілер Патшалықты уағыздау ісінде басшылықты қолға алып, осы дүниені Шайтан билеп отырғанын жария етуде. Сондай-ақ Ібіліс “басқа қойларды” да жек көреді, өйткені олар майланғандарды қолдап отыр әрі мәңгі өмір сүруге үміттенеді. Иә, үмітсіз Шайтанның не себепті қатты ашулы екені түсінікті (Жох. 10:16). Шайтанды ешқайсысымызға да жақсылық тілемейді. Оның бар мақсаты — бізді өз жемтігі ету (Пет. 1-х. 5:8).

2 Өз мақсатын жүзеге асыру үшін Шайтан түрлі тұзақтар қолданады. Ол сенбейтіндердің “саналарын соқыр қылып қойғандықтан”, олар ізгі хабарға құлақ аспайды, әрі бұл тұзақтарды көре алмайды. Шайтан тіпті Патшалық хабарын қабыл алғандардың кейбірін де тұзаққа түсіруде (Қор. 2-х. 4:3, 4). Алдыңғы мақалада біз оның қолданатын үш тұзағынан қалай сақ бола алатынымызды қарастырғанбыз. Олар: 1) тілге ие болмау, 2) қорқыныш пен қысымшылық, 3) өзіңді шектен тыс кінәлау. Ал қазір біз Шайтанның құратын тағы екі тұзағынан қалай сақтана алатынымызды көреміз. Бұлар — материализм мен неке адалдығын бұзуға азғырылу.

МАТЕРИАЛИЗМ — АДАМДЫ ТҰНШЫҚТЫРАТЫН ТҰЗАҚ

3, 4. Осы заманның уайым-қайғысы қалайша материализм тұзағына түсіруі мүмкін?

3 Иса Мәсіх мысалдарының бірінде тікен арасына түскен тұқым жайлы айтқан. Оның айтуынша, адам ізгі хабарды естиді, “бірақ осы заманның уайым-қайғысы және алдамшы байлық бойындағы сөзді тұншықтырып, [оны] өнімсіз” етеді (Мат. 13:22). Иә, материализм Шайтан құратын тұзақтардың бірі болып табылады.

4 Иса сөзді тұншықтыратын екі фактор туралы айтқан. Олардың бірі — “осы заманның уайым-қайғысы”. Бүгінгі “ерекше қиын уақытта” уайым-қайғы әкелетін нәрселер жетіп-артылады (Тім. 2-х. 3:1). Қымбатшылық пен жұмыссыздықтың кесірінен, бәлкім, күн көру қиын болып жүрген шығар. Я болмаса ертеңгі күнді ойлап, “зейнетке шыққанда ақшам жеткілікті бола ма?” деп уайымдайтын шығарсың. Осындай нәрселерді уайымдағандықтан, кейбіреулер байлық қауіпсіздіктің кепілі деп ойлай бастап, дүниенің соңына түскен.

5. Байлық қалайша алдамшы бола алады?

5 Иса айтқан екінші фактор — “алдамшы байлық”. Сонымен, “осы заманның уайым-қайғысы және алдамшы байлық” қосылып, адамның бойындағы сөзді тұншықтырып тастауы мүмкін. Киелі кітапта “ақша адамды қорғайды” делінген (Уағ. 7:12). Бірақ байлық қуу даналыққа жатпайды. Көп адам баюға ұмтылған сайын материализмнің торына шырмала бергендерін байқаған. Кейбірі тіпті байлықтың құлына айналған (Мат. 6:24).

6, 7. a) Жұмыста материализмге итермелейтін қандай жағдай болуы мүмкін? ә) Көбірек жұмыс істеу талап етілгенде, мәсіхші нендей жайттарды салмақтап-саралауы керек?

6 Материализм, яғни дүниеқұмарлық болмашы нәрседен басталуы мүмкін. Келесідей жағдайды қарастырайық. Бастығың қасыңа келіп былай дейді: “Менде жақсы жаңалық бар! Компаниямыз көп пайда түсіретін келісім-шартқа тұрды. Бірнеше ай бойы жұмыс көп болады. Кейде тіпті қосымша жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ сен еш уайымдама, жақсы ақша аласың”. Әрине, отбасын қаржылай қамтамасыз ету — сенің міндетің, бірақ сенің басқа да міндеттерің бар (Тім. 1-х. 5:8). Мысалы, келесі жайттар туралы ойлашы: Қосымша жұмыс қанша уақытыңды алады? Бұл сенің қауым кездесулері мен отбасылық ғибадат кешіне қатысу сияқты рухани істеріңе кедергі жасамай ма?

7 Шешім қабылдамай тұрып сен үшін не маңызды екенін ойлап көр: қосымша ақша ма, әлде Ехобамен қарым-қатынасың ба? Көбірек ақша тапқың келгендіктен, Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюды доғарасың ба? Өзіңнің және отбасыңның рухани күйіне атүсті қарайтын болсаң, материализм саған қанша зардап әкелуі мүмкін екенін түсінесің бе? Егер қазір осындай жағдайда болсаң, материализм тұзағына түсіп қалмау үшін не істей аласың? (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10 оқы).

8. Өмір салтымызды тексеруге Жазбалардағы қандай мысалдар көмектеседі?

8 Өмір салтыңды оқта-текте тексеріп тұрғаның материализмнің тұзағына түсіп қалмауға көмектеседі. Біз ешқашан рухани нәрселерді бағаламаған Есаудың кебін кигіміз келмес еді (Жар. 25:34; Евр. 12:16). Сондай-ақ біз Иса кездестірген бай кісі сияқты болғымыз келмейді. Ол Исаның “мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны кедейлерге үлестір де, соңымнан ер” деген шақыруын қабыл алмады. Бұл кісі “көңілі түсіп кетіп қалды, өйткені дүние-мүлкі аса көп еді” (Мат. 19:21, 22). Ол байлықтың тұзағына түсіп, тарихтағы ең ұлы адамның соңынан еру мәртебесінен айырылып қалды. Иса Мәсіхтің шәкірті болу мәртебесінен біз де айырылып қалмайық.

9, 10. Киелі кітапқа сай, біз дүние-мүлікке қалай қарауымыз керек?

9 Материализм тұзағына түсіп қалғымыз келмесе, Исаның келесі кеңесіне құлақ асайық: “Не ішіп-жейміз? Не киеміз?” деп ешқашан уайымдамаңдар. Себебі басқа ұлт адамдарының бар есіл-дерті осы нәрселерде. Ал бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой” (Мат. 6:31, 32; Лұқа 21:34, 35).

10 Дүние-мүліктің соңына түсудің орнына, Киелі кітап жазушысы Ағұр сияқты ойлайық. Ол былай деген: “Кедейлік те, байлық та маған бұйырмашы, Тек бере гөр күнделікті нанымды” (Нақ. с. 30:8). Ағұр ақшаның қорғай алатынын да, алдамшы екенін де түсінген. Осы заманның уайым-қайғысы және алдамшы байлық Ехобамен қарым-қатынасымызды бұза алатынын ұмытпа. Дүние-мүлікті шектен тыс уайымдайтын болсақ, Патшалықтың мүддесін ойлауға уақытымыз бен күш-қуатымыз қалмауы мүмкін. Олай болса, материализм тұзағынан сақ болуға беліңді бекем бу! (Еврейлерге 13:5 оқы).

НЕКЕ АДАЛДЫҒЫН БҰЗУҒА АЗҒЫРЫЛУ — ЖАСЫРЫН ТҰЗАҚ

11, 12. Мәсіхші жұмысында азғындық тұзағына қалайша түсіп қалуы мүмкін?

11 Үлкен аңды қолға түсіргісі келетін аңшы аң жиі өтетін жолда ор қазады да, үстін ағаштармен жауып, оның бетіне топырақ сеуіп қояды. Шайтан қолданатын азғырулардың бірі осы тұзаққа ұқсайды. Ол — азғындық (Нақ. с. 22:14; 23:27). Көптеген мәсіхші азғындық жасауға қолайлы жағдайдың тууына жол беріп, осы тұзаққа түсіп қалған. Ал кейбіреулері некеден тыс романтикалық сезімдер дамытып, жұбайының көзіне шөп салған.

12 Орынсыз романтикалық қарым-қатынас адамның жұмыс орнында дамып кетуі мүмкін. Бір есепке сай, неке адалдығын бұзған әйелдердің жартысынан көбі және ер адамдардың төрттен үші әріптесімен көңілдес болған. Сен қарсы жынысты адамдармен жұмыс істейсің бе? Олармен қарым-қатынасың қандай? Араларыңда романтикалық сезім дамып кетпеу үшін олармен қарым-қатынасыңа шек қоясың ба? Мысалы, әйел бауырлас жиі жұмыстағы ер адаммен әңгімелесіп жүруі мүмкін. Уақыт өте келе бауырласымыз оны сырлас досындай көріп, тіпті некедегі қиыншылықтары туралы шер тарқататын шығар. Ал ер бауырлас бірге жұмыс істейтін әйелмен жақсы араласа бастап, былай деп ойлауы мүмкін: “Ол менің пікіріммен санасады, мұқият тыңдайды. Ол мені шын құрметтейді. Әйелім осындай болса ғой!” Осы мәсіхшілерге азғындық жасау қаупі төніп тұрғаны анық емес пе?

13. Орынсыз романтикалық сезімдер қауымда қалай дамуы мүмкін?

13 Орынсыз романтикалық сезімдер тіпті мәсіхшілер қауымында дамуы мүмкін. Өмірде болған бір мысалды қарастырайық. Даниел мен оның әйелі Сара a жалпы ізашар болатын. Даниелдің айтуынша, ол “жоқ” дегенді білмейтін ақсақал еді. Ол қауымда берілген міндеттердің бірде-біреуінен бас тартпайтын. Даниел бес жас жігітпен Киелі кітап зерттеу жүргізетін. Кейін олардың үшеуі шомылдыру рәсімінен өтті. Жаңадан шомылдыру рәсімінен өткен бұл бауырластарға көп көмек қажет еді. Даниелдің теократиялық тапсырмалардан қолы босамай жүргендіктен, оларға жиі Сара көмектесетін. Даниелдің бұрынғы зерттеушілері эмоциялық жағынан көмекке мұқтаж болғанда да, Сара олардың жанынан табылды. Сара да қамқорлықты қажет етті, мұны ол Даниелдің зерттеушілерінен көрді. Осылайша азғындық жасау қаупі төнді. “Айлар бойы әйелім басқаларға көмектесіп жүріп, өзі рухани және эмоциялық жағынан тозып кетті. Осы жайт және менің оған көңіл бөлмей кеткенімнің арты қайғылы болды: мен Киелі кітап зерттеген жігіттердің бірімен әйелім көзіме шөп салды. Ол көз алдымда жүріп рухани әлсіреп кетті. Мен өз міндеттеріме беріліп кеткенім сонша — мұны байқамай да қалыппын”. Сен осындай қайғылы жағдайды болдырмау үшін не істей аласың?

14, 15. Үйленген мәсіхшілерге азғындық орына түсіп қалмауға не көмектеседі?

14 Азғындық орына түсіп қалмау үшін некедегі адалдықтың маңыздылығы жайлы ой жүгірт. Иса: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деп айтқан (Мат. 19:6). Сенің теократиялық міндеттерің жұбайыңнан маңыздырақ деп ешқашан ойлама. Бұған қоса, маңызды емес істермен айналысып, жұбайыңнан жиі бөлек жүрсең, некең әлсіреп, неке адалдығын бұзуға азғырылып қалуың мүмкін.

15 Ал егер қауым ақсақалы болсаң ше? Елші Петір: “Өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарын ықтиярсыз емес, шын көңілмен, қандай да бір пайда көздеп емес, бар ынта-жігермен бағыңдар,— деп айтқан (Пет. 1-х. 5:2). Әрине, қамқорыңдағы қауым мүшелерін назардан тыс қалдырмауың қажет. Алайда сен ақсақал ретіндегі қызметіңді отағасы ретіндегі міндеттеріңді ысырып қойып атқарғаның жөн емес. Өз жұбайың үйде “ашығып” отырғанда, бар назарыңды қауымдағы бауырластарды рухани нәрлендіруге аударудың еш пайдасы жоқ. Бұл тіпті қауіпті де. Даниел былай дейді: “Өмір қауымдағы міндеттерді атқарудан ғана тұрмайды, өз отбасыңды құрбан ету дұрыс емес”.

16, 17. a) Әріптестеріне романтикалық қарым-қатынас дамытуға қарсы екенін көрсету үшін мәсіхші не істей алады? ә) Мәсіхшілерге неке адалдығын бұзбауға көмектесе алатын мақалалардың мысалын келтір.

16 Мәсіхшілерге неке адалдығын бұзу тұзағына түсіп қалмауға көмектесетін жақсы кеңестер “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарынан оқуға болады. Мысалы, “Күзет мұнарасының” 2006 жылдың 15 қыркүйегіндегі санында мынадай кеңес берілген: “Жұмыс орнында не басқа жерде болсын, әлдекімге тым жақындатып жіберетін жағдайлардан қаш. Мысалы, қарсы жынысты адаммен жұмыстан кейін қосымша жұмыс істеу азғырылуға әкеп соғуы мүмкін. Некеде тұрғандықтан сөзіңмен де, жүріс-тұрысыңмен де басың бос еместігін анық көрсетуің керек. Құдайға ұнамды болғың келгендіктен, қылымсып, әдепсіз киініп не сәнденуіңмен өзіңе орынсыз көңіл аудартқың келмейтіні анық. Жұмыс орнында жұбайыңның және балаларыңның суреттері көрінетін жерде тұрғаны өзіңе де, басқаларға да сен үшін не маңызды екенін есіңе салып тұрар еді. Басқалардың өзіңе қырындауына себеп бермеу немесе біреу қырындаса, оған шыдап отыра бермеу шешіміңе берік бол”.

17 “Ояныңдар!” (ор.) журналының 2009 жылдың сәуір айындағы “Неке адалдығы дегеніміз не?” деген мақалада әйелің не күйеуің болып табылмайтын адаммен жыныстық қатынасқа түсу жайлы қиялдамауға кеңес берілген. Сондай-ақ бұл мақалада осындай қиялдар неке адалдығын бұзу ықтималдығын арттыратыны туралы айтылған (Жақ. 1:14, 15). Егер сен неке құрған болсаң, жұбайың екеуіңнің ара-тұра осындай мәліметтерді қарастырғандарың даналыққа жатады. Неке — Ехобаның өзі бастау берген қасиетті құрылым. Жұбайыңмен бірге некелерің жайлы әңгімелесуге уақыт бөлсеңдер, осы қасиетті құрылымды бағалайтындарыңды көрсетесіңдер (Жар. 2:21—24).

18, 19. a) Неке адалдығын бұзудың салдары қандай? ә) Неке адалдығын сақтағанымыз қандай пайда әкеледі?

18 Егер сен орынсыз романтикалық қарым-қатынас дамытуға азғырылып жүрсең, азғындық пен неке адалдығын бұзудың салдары жайлы ой жүгірт (Нақ. с. 7:22, 23; Ғал. 6:7). Азғындыққа баратындар Ехобаға ұнамсыз болып қалады және жұбайына, өздеріне де зияндық жасайды (Малахи 2:13, 14 оқы). Ал неке адалдығын сақтау қандай пайда әкелетіні жайлы ойлашы. Мәңгі өмір сүру үмітіне ие болып қана қоймай, қазірдің өзінде бақытты өмір кешіп, ар-ұжданың таза болады (Нақыл сөздер 3:1, 2 оқы).

19 Забур жыршысы Құдай заңы жайында: “Тәліміңді сүйгендер тыныштыққа кенелер, Ештеңеге сүрінбей, аман-есен жүрер”,— деген (Заб. 118:165). Олай болса, шындықты жақсы көріп, осы зұлым күндері “қалай әрекет ететіндеріңе мұқият ден қойыңдар, ақылсыз емес, дана болыңдар” (Ефес. 5:15, 16). Біздің өмір жолымыз Шайтан құрған тұзақтарға толы, ол Құдайдың шынайы қызметшілерін ұстап алғысы келеді. Алайда біз өзімізді қорғай алатындай жақсы жабдықталғанбыз. Ехоба “тойтарыс беруіміз” үшін және “Зұлымның отты жебелерінің бәрін өшіріп тастай алуымыз” үшін қажеттінің бәрін беріп отыр (Ефес. 6:11, 16).

[Сілтеме]

a Есімдер өзгертілген.

[Зерттеуге арналған сұрақтар]

[26-беттегі сурет]

Материализм рухани жағынан тұншықтырып жіберуі мүмкін. Сен бұған жол берме!

[29-беттегі сурет]

Біреудің қырындағанына қылымсу азғындыққа апаруы мүмкін