Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ібілістің тұзақтарынан сақ бол!

Ібілістің тұзақтарынан сақ бол!

Ібілістің тұзақтарынан сақ бол!

“[Олар] Ібілістің... тұзағынан босана алады” (ТІМ. 2-Х. 2:26).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

Басқаларды сынап-мінеуге бейім болсақ, не істегеніміз жөн?

Пилат пен Петірдің мысалынан қорқыныш пен қысымға берілмеуге қатысты не үйрене аламыз?

Өзімізді шектен тыс кінәлаудан қалай аулақ бола аламыз?

1, 2. Осы мақалада Ібілістің қандай тұзақтарын қарастырамыз?

 ІБІЛІС Ехобаның қызметшілерін аңшы сияқты торуылдап жүр. Бірақ көп жағдайда Ібілістің мақсаты — адамды өлтіру емес, оны тірідей ұстап, өз еркіне бағындыру (Тімөтеге 2-хат 2:24—26 оқы).

2 Аңшы жемтігін тірідей ұстау үшін түрлі тұзақтарды қолдануы мүмкін. Мысалы, ол аңды тығылып отырған жерінен шығарып, торға түсіреді. Я болмаса қақпан құрып, аңды қапылыста ұстайды. Ібіліс те Құдай қызметшілерін тірідей ұстау үшін осыған ұқсас тұзақтар қолданады. Шайтанның қолына түсіп қалмау үшін біз сергек болуымыз және оның тұзақтарына қатысты ескертулерге ден қоюымыз керек. Бұл мақалада көп адам түсіп жатқан Ібілістің үш тұзағын қарастырамыз. Олар — тілге ие болмау, қорқыныш пен қысымшылық және өзіңді шектен тыс кінәлау. Сондай-ақ біз олардан қалай сақ бола алатынымызды білеміз. Ал келесі мақалада Шайтанның тағы екі тұзағын талқылайтын боламыз.

ТІЛГЕ ИЕ БОЛМАЙ, ҚАУЫМДА ӨРТ ШЫҒАРУДАН САҚ БОЛ

3, 4. Тілімізге ие болмаудың салдары қандай болуы мүмкін? Мысал келтір.

3 Аңды тығылып жатқан жерінен шығару үшін аңшы орманға өрт қоюы мүмкін. Аңдар қаша бастағанда, аңшы оларды оңай ұстап ала алады. Шайтан да мәсіхшілер қауымында бейнелі мағынада өрт шығарғысы келеді. Осылайша қауым мүшелерін қауіпсіз жерден қашырып, өз қолына түсіреді. Біз болсақ өзіміз аңдамай оған көмектесіп, тұзағына түсіп қалуымыз мүмкін. Қалайша?

4 Шәкірт Жақып тілді отқа теңеген (Жақып 3:6—8 оқы). Егер тілімізге ерік беріп, оны дұрыс қолданбайтын болсақ, қауымда өрт шығаруымыз мүмкін. Қалайша? Келесі жағдайды қарастырайық. Қауым кездесуінде бір қыз бауырластың жалпы ізашар ретінде тағайындалғаны туралы хабарланады. Кездесуден кейін екі жариялаушы осы хабарландыру туралы сөйлеседі. Бірі қуанышын, жылы лебізін білдірсе, екіншісі тағайындалған ізашардың ниетіне күмән келтіріп, оның жай көзге түскісі келетінін айтады. Осы екі жариялаушының қайсысымен дос болғың келер еді? Олардың қайсысының қауымда өрт шығарып жатқаны айтпаса да түсінікті.

5. Тілімізге ие болмай, қауымда өрт шығарудан қалай аулақ бола аламыз?

5 Тілімізге ие болмай, қауымда өрт шығарудан қалай аулақ бола аламыз? Иса: “Адамның жүрегі неге толса, аузы соны айтар”,— деген (Мат. 12:34). Демек, біріншіден, біз өз жүрегімізді тексеруіміз керек. Тілімізге ие болмауға түрткі болатын жағымсыз ойлардан аулақпыз ба? Мысалы, бір ер бауырластың қауымдағы жауапкершіліктерге ұмтылып жүргенін білсек, оның бауырластарға қызмет еткісі келетініне сенеміз бе, әлде ниетіне шек келтіреміз бе? Егер тырнақ астынан кір іздеуге бейім болсақ, мынаны ұмытпайық: Ібіліс те Құдайға адал қызмет еткен Әйүптің ниетіне шек келтірген (Әйүп 1:9—11). Бауырласты сынап-мінегенше, ол туралы не себепті жаман ойлайтынымызды түсінуге тырысқанымыз жөн. Осылай ойлауымызға расында да негіз бар ма? Әлде осы дүниенің соңғы күндері кең етек жайған мейірімсіздікке бой алдырып қойдық па? (Тім. 2-х. 3:1—4).

6, 7. a) Өзгелерді не себепті сынап-мінеуіміз мүмкін? ә) Өзгелер бізді ренжіткенде қалай әрекет етуіміз керек?

6 Өзгелерді тағы не себепті сынап-мінеуіміз мүмкін? Бәлкім, біз жетістіктеріміздің басқалардікіне қарағанда көбірек көзге түскенін қалайтын шығармыз. Бұл үшін басқаларды төмендетіп, өзімізді жоғары етіп көрсетуге тырысуымыз мүмкін. Я болмаса өзгені жамандау арқылы істеуіміз керек нәрсені істемей жүргенімізді ақтағымыз келетін шығар. Сонымен, өзгелерді сынап-мінеуге бізді менмендік, көре алмаушылық я өз-өзімізге деген сенімсіздік итермелеуі мүмкін. Алайда себебі қандай болмасын, мұның салдары жаман болады.

7 Біз бауырласты сынауға негізіміз бар деп ойлайтын шығармыз. Бәлкім, кезінде ол да біз туралы ойланбай сөйлеп қойған болар. Солай болған күнде де, кек қайтарғанымыз дұрыс емес. Әйтпесе отқа май құйып, Құдайдың емес, Шайтанның еркін орындаймыз (Тім. 2-х. 2:26). Мұндай жағдайда Исаға еліктегеніміз дұрыс. “Ол жұрт өзіне тіл тигізгенде, оларды ғайбаттамады”, қайта, “өзін әділ соттаушыға сеніп тапсырды” (Пет. 1-х. 2:21—23). Иса Ехобаның жағдайды өзі дұрыс деп тапқан жолмен, өз уақытында ретке келтіретініне сенімді болды. Біз де Ехобаға осылай сенім артқанымыз жөн. Тілімізді басқаларды нығайту үшін қолданатын болсақ, қауымның бірлігін сақтауға үлес қосамыз (Ефестіктерге 4:1—3 оқы).

ҚОРҚЫНЫШ ПЕН ҚЫСЫМШЫЛЫҚ ТҰЗАҒЫНАН САҚТАН

8, 9. Пилат Исаны не себепті өлім жазасына кесті?

8 Қақпанға түскен аң еркін қимылдай алмай қалады. Сол сияқты қорқыныш пен қысымшылыққа бой алдырған адам қандай да бір шамада еркіндігінен айырылып қалады (Нақыл сөздер 29:25 оқы). Қорқыныш пен қысымшылыққа бой алдырған екі адамның мысалын және олардан қандай сабақ ала алатынымызды қарастырайық.

9 Римдік әкім Понти Пилат Исаның кінәсіз екенін білген, сондықтан оған зиян тигізгісі келмеген көрінеді. Пилаттың айтуынша, Иса “өлім жазасына кесілетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқ”. Десе де ол Исаны өлім жазасына кесті. Не себепті? Өйткені ол халықтан қорықты (Лұқа 23:15, 21—25). Олар Пилатқа дегендерін істету үшін: “Оны босатсаңыз, Рим патшасына дос емессіз”,— деп айқайлады (Жох. 19:12). Сірә, Пилат Мәсіхті босатып жіберсем, дәрежемнен не тіпті өмірімнен айырылып қаламын деп қорыққан шығар. Осылайша ол қысымға беріліп, Ібілістің еркін орындады.

10. Петір Мәсіхтен не себепті танды?

10 Елші Петір Исаның ең жақын достарының бірі болды. Ол жұрттың көзінше Исаны Мәсіх деп атауға қорықпаған (Мат. 16:16). Кейбір шәкірттері Исаның сөздерін дұрыс түсінбей, оның соңынан еруді доғарғанда, Петір оған адал болып қалған (Жох. 6:66—69). Ал жаулары Исаны тұтқындауға келгенде, Петір қолына семсер алып, оны қорғауға әрекеттенген (Жох. 18:10, 11). Алайда кейін ол Исадан танды. Елші Петір қысқа уақытқа адам алдындағы қорқыныш тұзағына түсіп, дұрыс нәрсені істеуге деген батылдығын жоғалтты (Мат. 26:74, 75).

11. Біз қандай қысымға кезігуіміз мүмкін?

11 Мәсіхшілерге Құдайға ұнамайтын істерді істеуге қысым жасалғанда, оларға қарсы тұру қажет. Жұмыс берушіміз не тағы басқалар бізді алдауға немесе жыныстық өнегесіздік жасауға итермелеуі мүмкін. Жас бауырластарды сыныптастары емтихан кезінде көшіруге, порнография көруге, темекі тартуға, есірткі қабылдауға, арақ-шарап ішуге немесе жыныстық қатынасқа түсуге итермелеуі мүмкін. Олай болса, адам алдындағы қорқыныш пен қысымға беріліп, күнә жасап қоймау үшін не істей аламыз?

12. Пилат пен Петір қорқыныш пен қысымға не себепті берілді?

12 Пилат пен Петірдің қорқыныш пен қысымға не себепті берілгенін көрейік. Мәсіх туралы көп білмесе де, Пилат оның жазықсыз әрі ерекше адам болғанын түсінген. Алайда Пилаттың кішіпейілділігі мен Құдайға деген сүйіспеншілігі болмады. Сондықтан Ібіліске оған өз дегенін істету оңай болды. Ал Петірдің тура білімі де, Құдайға деген сүйіспеншілігі де болған. Алайда кейде Петір өзіне тым сенімді болған, қорқынышқа бой алдырған, қысымға да берілген. Иса тұтқынға алардан бұрын Петір: “Сені тіпті бәрі тастап кетсе де, мен тастамаймын”,— деп мақтанған еді (Мар. 14:29). Егер оның Құдайға деген сенімі “Ием маған жар, қорықпаймын ешбір жайттан, Не істей алады адам баласы маған?” деп жырлаған забур жыршысынікіндей болғанда, ол басына түскен сынаққа әлдеқайда дайын болар еді (Заб. 117:6). Жердегі өмірінің соңғы түні Иса Петір мен тағы екі елшіні ертіп, Гетсимани бағына барды. Иса олардан сергек болуды сұрады, алайда Петір мен басқа елшілер ұйықтап қалды. Иса қастарына келіп, оларды оятты да: “Азғырылмау үшін сергек болып, дұға етіңдер”,— деді (Мар. 14:38). Бірақ Петір қайтадан ұйықтап қалды да, кейінірек қорқыныш пен қысымға беріліп қалды.

13. Жаман істер істеуге қысым жасалғанда, бұған қалай қарсы тұра аламыз?

13 Пилат пен Петірдің мысалынан қандай сабақ ала аламыз? Адам алдындағы қорқынышқа бой алдырып қалмау үшін бізде тура білім, кішіпейілділік, қарапайымдылық, Құдайға деген сүйіспеншілік пен адамның емес, Ехобаның алдында қорқыныш болу керек. Сеніміміз тура білімге негізделген болса, біз өз нанымдарымыз туралы батыл әрі сенімділікпен айтатын боламыз. Бұл қысымға қарсы тұруға және адам алдындағы қорқынышқа берілмеуге көмектеседі. Біз өз күшімізге тым сенімді болудың орнына, Ехобаның күшіне мұқтаж екенімізді кішіпейілділікпен мойындауымыз қажет. Ехобаның рухын сұрап дұға етуіміз керек, ал оған деген сүйіспеншілігіміз оның талаптарын орындауға және есімін даңқтауға талпындыру қажет. Сондай-ақ бізге сынақтарға алдын ала дайындалған жөн. Мысалы, балаларымызбен бірге дұға етіп, құрбы-құрдастары жаман істерді істеуге итермелегенде, қалай әрекет етуді үйретуге болады (Қор. 2-х. 13:7) a.

ӨЗІҢДІ ШЕКТЕН ТЫС КІНӘЛАУ ТҰЗАҒЫНАН АУЛАҚ БОЛ

14. Бұрынғы қателіктерімізге қатысты Ібіліс қандай ойда болғанымызды қалайды?

14 Аң аулаушы жемтігін ұстау үшін оның әдетте жүретін жеріне арқанның бір ұшына тас не бөренені байлап, ағашқа іліп қояды, ал бір ұшын жерде таспен бекітіп қояды. Аң өзі аңдамай жерде жатқан арқанға тиіп кеткенде, әлгі зілдей зат үстіне құлап, оны мыжып тастайды. Адамның өзін шектен тыс кінәлауы осындай езіп тастайтын ауыр тасқа ұқсайды. Бұрынғы жасаған қателіктерімізді ойлаған кезде, біз “әбден әлсіреп, қатты ыңқылдауымыз” мүмкін (Забур 37:4—6, 9 оқы). Шайтан Ехобаның мейіріміне ие болуға лайық емеспіз және оның талаптарына сай бола алмаймыз деп ойлағанымызды қалайды.

15, 16. Өзімізді шектен тыс кінәлаудан қалай аулақ бола аламыз?

15 Адамды ауыр тастай езіп тастайтын шектен тыс кінәлаудан қалай аулақ бола аламыз? Егер ауыр күнә жасап қойған болсаң, Ехобамен қарым-қатынасыңды бірден қалпына келтіруге тырыс. Ақсақалдарға жолығып, көмек сұра (Жақ. 5:14—16). Жағдайды түзету үшін қолыңнан келгеннің бәрін істе (Қор. 2-х. 7:11). Егер саған жаза қолданылса, ұнжырғаң түспесін. Ехоба жақсы көретіндерді жазалайды (Евр. 12:6). Күнәні қайталамауға бел буып, осы шешіміңе сай әрекет ет. Өкініп, Құдайға қайта бет бұрған соң, Иса Мәсіхтің төлем құрбандығы күнәларыңды өтей алатынына сенімді бол (Жох. 1-х. 4:9, 14).

16 Кейбіреулер күнәлары үшін кешірілген болса да, өздерін кінәлай беруі мүмкін. Егер сенің жағдайың осындай болса, Ехоба Петірді және басқа да елшілерді сүйікті ұлы Исаны сын сағатта тастап кеткендері үшін кешіргенін ұмытпа. Ехоба Қорынт қаласында ауыр күнә жасағаны үшін қауымнан шығарылып, бірақ кейіннен өкініш білдірген адамды да кешірген (Қор. 1-х. 5:1—5; Қор. 2-х. 2:6—8). Құдай Сөзінде ауыр күнәларына өкініп, Құдайдың кешіріміне ие болған басқа да адамдар туралы жазылған (Шеж. 2-ж. 33:2, 10—13; Қор. 1-х. 6:9—11).

17. Төлем құрбандығының арқасында біз үшін не мүмкін болды?

17 Бұрын істеген қателіктеріңе шын өкінген болсаң әрі Ехобаның мейірімді екеніне сенсең, ол сені кешіріп, күнәларыңды ұмытады. Исаның төлем құрбандығы сенің күнәларыңды өтей алмайды деп ойлаушы болма. Әйтпесе сен Шайтан құрған тұзаққа түсіп қаласың. Ібіліс төлем құрбандығының құны адам өкінген күнде де, оның барлық күнәларын өтей алмайды деп жаңсақ ойлағанымызды қалайды (Нақ. с. 24:16). Төлем құрбандығына деген сеніміміз иықтан басып тұрған шектен тыс кінәлау сезімінен арылып, Құдайға шын жүректен, бар ақыл-ойыңмен және жан-тәніңмен қызмет етуге көмектеседі (Мат. 22:37).

БІЗ ШАЙТАННЫҢ АЙЛА-АМАЛДАРЫНАН БЕЙХАБАР ЕМЕСПІЗ

18. Ібілістің тұзақтарынан қалай сақ бола аламыз?

18 Шайтанға біздің қай тұзаққа түсетініміз маңызды емес. Ол әйтеуір біреуіне түсіруді немесе өз дегенін істетуді қалайды. Бірақ біз Ібілістің “айла-амалдарын жақсы білеміз”, демек, олардан сақ бола аламыз (Қор. 2-х. 2:10, 11). Егер сынақтарға төзуге көмектесетін даналықты сұрап дұға ететін болсақ, Шайтанның тұзақтарына түспейміз. “Қайсыбіреуіңе даналық жетпей жатса, жомарттықпен әрі еш жазғырмай-ақ бере салатын Құдайдан сұрай берсін, сонда оған беріледі”,— деп жазды Жақып (Жақ. 1:5). Дұғаларымызға сай әрекет етіп, жүйелі түрде жеке зерттеу жүргізгеніміз және Құдай Сөзін іс-жүзінде қолданғанымыз жөн. Адал да ақылды құл әдебиеттері арқылы өмір жолымызға нұр шашып, Ібілістің тұзақтарынан сақ болуымызға көмектесіп жатыр.

19, 20. Неге біз жамандықты жек көруіміз қажет?

19 Дұға айтып, Киелі кітапты зерттесек, дұрыс нәрсені істеуге деген сүйіспеншілігіміз дамиды. Алайда жаман нәрселерді жек көргеніміз де аса маңызды (Заб. 96:10). Құмарлықтармен күресудің тиімді жолы — олардың салдары туралы ойлану (Жақ. 1:14, 15). Жамандықты жек көріп, жақсылықты жақсы көруді үйренгеннен кейін, Шайтанның тұзақтары бізді еліктірмек түгілі, жеркеніш тудыратын болады.

20 Ехоба Құдай Шайтанның тұзағына түсіп қалмауымызға көмектесіп жатқанына қаншалықты ризамыз десеңші! Өз киелі рухын, Сөзін және ұйымын қолданып, Ехоба бізді “Зұлымнан” сақтап отыр (Мат. 6:13). Келесі мақалада Ібіліс Құдай қызметшілерін тірідей ұстау үшін қолданып жатқан тағы екі тұзақтан қалай сақ бола алатынымызды қарастырамыз.

[Сілтеме]

a Ата-аналар балаларымен “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.) кітабының 2-томы, 132, 133 беттердегі “Қысымға қарсы тұру жоспарын” талқылағандары жөн. Бұл мәліметті отбасылық ғибадат кеші кезінде қолдануға болады.

[Зерттеуге арналған сұрақтар]

[21-беттегі сурет]

Тілімізге ие болмасақ, қауымда өрт шығаруымыз мүмкін

[24-беттегі сурет]

Сен шектен тыс кінәлау сезімінен арыла аласың