Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Біздің мұрағаттан

Пилигримдермен бірге саяхат

Пилигримдермен бірге саяхат

“МЕН ешқашан үйме-үй уағыздай алмаспын!” Бөтен адамдарға уағыздау керек дегенді естігенде, Киелі кітап зерттеуді жаңадан бастағандардың көбісі өздерін осылай сезінеді. Алайда жоғарыдағы сөздерді пилигрим деп аталған шешен баяндамашы әрі Киелі кітап тәлімгері айтқан болатын.

Шіркеулерін тастаған “Сион күзет мұнарасының” көптеген оқырмандары өздері сияқты Киелі кітап шындығына сусаған адамдармен аралас-құралас болғысы келді. Бұл журнал оларды бір сенімдегі адамдарды іздеп тауып, Киелі кітапты бірге жиналып зерттеуге талпындырды. Шамамен 1894 жылдан бастап Күзет мұнарасы қоғамы өтініш жасаған топтарға аралаушы өкілдерін жіберіп отырған. Осы қызметке тәжірибелі, еңбекқор, кішіпейіл, Киелі кітапты жақсы білген, сөзге шешен әрі тәлім беру қабілеті бар және төлем құрбандығына сенім танытатын ер адамдар таңдалатын. Кейін олар пилигримдер деп аталатын болды. Әдетте пилигримнің сапары бір не екі күнге созылатын. Көптеген “Киелі кітап зерттеушілері” уағыздауды пилигримнің баяндамасына шақыру қағазын таратудан бастаған. Хьюго Ример (кейінірек ол Басқарушы кеңестің мүшесі болды) кешкісін бір мектептің ішінде баяндама айтқан соң, түн ортасына дейін Киелі кітап туралы сұрақтарға жауап берумен болды. Шаршаған, бірақ бақытты болған ол кездесудің керемет өткенін айтты.

“Күзет мұнарасында” айтылғандай, пилигрим сапарларының басты мақсаты сенушілердің үйінде жиналатын қауымды рухани нығайту еді. Жер-жерден келген “Киелі кітап зерттеушілері” баяндамалар тыңдауға және сұрақ-жауап ретінде өткен талқылауларға қатысу үшін жиналатын. Содан соң мәсіхшілерге тән қонақжайлылық танытудың кезегі келетін. Мод Эббот есімді әйел бауырлас кішкентай кезінде пилигримнің таңертеңгі баяндамасын тыңдап, кейін барлығымен бірге ауладағы ұзын үстелдің айналасына отырған. Сол кезді ол былай деп есіне алады: “Ол жерде ет, қуырылған тауық, нанның әр түрі, бәліш және торт сияқты неше түрлі тамақ болды. Бәріміз әбден тойғанша жедік. Ал сағат екілер шамасында келесі баяндаманы тыңдауға жиналдық”. Алайда Мод бауырлас: “Ол кезде бәріміз маужырап отырдық”,— деп мойындады. Көп уақыт бойы пилигрим болған Бенжамин Бартон бірде былай деген: “Алдыма қойылған тамақтың барлығын жей бергенімде, баяғыда-ақ пилигрим ретінде жер басып жүрмес едім”. Ақыр соңында, Бруклиндегі бас басқарма хат жолдап, игі ниетті әйел бауырластарды пилигримдерге “кәдімгі, қарапайым ғана тамақ” дайындауға және “түн ұйқысын бұзбауға” кеңес берді.

Пилигримдер тәлім беру шеберлігін шыңдап, тақырыпты қызықты етіп жеткізу үшін көрнекі құралдарды, кестелерді және тағы басқа нәрселерді қолданған. Р. Х. Барбердің баяндамалары “әрқашан дәмді болатын”. Уолтер Дж. Торн “ертедегі рубасылары сияқты” сөйлейтін. Ал бір күні Шилд Тутджиян “Форд А” машинасында келе жатып: “Тоқта!”— деп айқайлап жіберді. Сосын ол сыртқа атып шығып, бір шоқ дала гүлдерін жинап алды да, серіктеріне сол жерде Ехобаның жаратылыстары туралы баяндама айтып берді.

Пилигрим қызметі әсіресе орта жастағы не одан асқан бауырластарға қиынға соғатын. Алайда кейбірі үшін ең қиын шақ қызметтерінің мақсаты өзгергенде болды. Енді олар үйме-үй уағыздау ісінде алдыңғы қатарда жүру керек болды. “Күзет мұнарасының” 1924 жылғы 15 наурыздағы санында айтылғандай, шынайы мәсіхшілердің “басты ісі — Патшалық туралы куәлік ету. Пилигримдер осындай мақсатпен жіберілді”.

Кей пилигримдер мұндай өзгеріске наразы болғанға ұқсайды. Олар аралаушы қызметін доғарды. Ал тағы біреулері өз бетінше діни топтар құрып алды. Робби Д. Аткинс бір шешен пилигримнің былай деп мұңын шаққанын есіне алды: “Мен тек мінбеден уағыз айтуды ғана білемін. Мен ешқашан үйме-үй уағыздай алмаспын!” Аткинс бауырлас сөзін былай деп жалғастырды: “Кейін мен оны 1924 жылы Охайо штатындағы Колумбуста өткен конгресте көрдім. Мыңдаған бақытты бауырластардың арасында ол бір ағаштың көлеңкесінде сондай бақытсыз болып жалғыз өзі тұрды. Мен оны содан кейін көрген емеспін. Көп ұзамай ол ұйымнан кетіп қалды”. Ал “көптеген бақытты бауырластар көліктеріне кітаптар тасып жүрді”. Олардың үйме-үй жүріп куәлік етуге ықыласты болғандары шүбәсіз (Ел. іс. 20:20, 21).

Көптеген пилигримдер басқа бауырластар сияқты қобалжыса да, басқаларды уағыздау қызметіне баулуға барынша тырысты. Үйме-үй уағызына қатысты неміс тілінде сөйлеген Максвелл Г. Френд есімді пилигрим былай деп жазды: “Пилигримдік қызметтің бұл тұсы сапарларымызды әлдеқайда жемісті етті”. Джон А. Боннет есімді пилигримнің айтуынша, жалпы алғанда, бауырластар бар назарды енді Патшалықты уағыздауға аудару керектігін қуанышпен қабылдады. Басым көпшілігінің “майданның алдыңғы шебінде жүруге деген құлшыныстары жалындап тұрды”.

Жылдар бойы адал пилигримдер бауырластарға жақсы әсер етіп келді. “Олар көп игілік пен пайда әкелгендері сөзсіз, мен ол кезде бала болсам да мұны түсінетінмін”,— деді Норман Ларсон есімді бауырлас. “Пилигримдер менің дұрыс қалыптасуыма көп септігін тигізді”. Осындай жанқияр да шын берілген аралаушы бақылаушылар бауырластардың “Біз үйме-үй уағыздай аламыз” деп айта алуларына осы күнге дейін көмектесіп келеді.

[32-беттегі сөздер]

Пилигрим келгенде біз мәз-мейрам болатынбыз!

[31-беттегі сурет]

Бенжамин Бартон 1905 жылы шамамен 170 сапар жасады

[32-беттегі сурет]

Уолтер Дж. Торн есімді пилигрим әке ретінде танымал еді, өйткені ол Мәсіхке тән қасиеттер мен әкелік қамқорлық танытқан

[32-беттегі сурет]

Дж. А. Брауни 14 кішігірім топты нығайтып, жігерлендіру үшін шамамен 1902 жылы Ямайкаға пилигрим ретінде жіберілді

[32-беттегі сурет]

Пилигримдер бауырластардың сенімін, бірлігін және ұйымға деген адалдығын нығайтты