Біздің мұрағаттан
Дер кезінде шыққан “көкейден кетпес” дүние
“КӨКЕЙДЕН КЕТПЕС!” Жұртшылық “Жаратылыс драмасынан” осындай әсер алды. Бұл драма дер кезінде жарық көріп, көпшіліктің санасында өшпестей із қалдырды. Шынында да, Еуропадағы Құдай халқына Гитлер режимі кезіндегі қатты қудалаудың дауылы соғардың дәл алдында “Жаратылыс драмасы” Ехоба туралы керемет куәлік берді. Бірақ бұл нендей дүние еді?
1914 жылы Ехоба халқының Бруклиндегі (Нью-Йорк, АҚШ) бас басқармасында “Жаратылыстың фотодрамасы” жарық көрген болатын. Бұл суретті слайдтар мен дыбысты әрі жылжымалы түрлі-түсті кинокадрлардан құралған бағдарлама еді. “Фотодраманы” дүниежүзінде миллиондаған адам тамашалады. 1914 жылы оның “Эврика-драма” деп аталған қысқа нұсқасы да жарық көрді. Алайда 1920 жылдарға қарай слайдтар, кинопленка мен проекторлық құрылғылар ескіріп кеткен еді. Бірақ көп адамдар “Фотодраманы” қайта көрсетуді сұрап жатты. Мәселен, Людвиксбургтің (Германия) тұрғындары: “Фотодраманы” тағы қашан көреміз?” деумен болды. Не істеуге болар еді?
Жұрттың өтінішін орындау үшін, 1920 жылдары Магдебургтегі (Германия) Бетел отбасының өкілдері Париждегі (Франция) ақпарат агенттігінен кинопленкалар, ал Лейпциг пен Дрездендегі графикалық компаниялардан слайдттар сатып алды. Сөйтіп, оларды ескі “Фотодраманың” әлі де жарамды слайдтарымен біріктірді.
Дарынды музыкант болған Эрих Фрост бауырлас кинопленкалар мен слайдтарды сүйемелдеу үшін әуен шығарды. Драмада жазылған мәтін басқа әдебиеттермен қоса, “Жаратылыс” кітабымыздан алынды. Сондықтан да “Фотодраманың” жаңадан өңделген түрі “Жаратылыс драмасы” деп аталды.
“Фотодрама” сияқты бұл жаңа драманың да ұзақтығы 8 сағатқа созылды. Оның әр бөлігі әр кеште көрсетілді. Онда жаратылу күндері туралы таңғаларлық егжей-тегжейлі жайттар қарастырылып, Киелі кітаптың және осы дүниенің тарихына шолу жасалды, сондай-ақ жалған діннің адамзаттың үмітін ақтамағанына назар аударылды. “Жаратылыс драмасы” Австрия, Германия, Люксембург, Швейцария мен басқа да жерлердегі немісше сөйлейтін адамдарға көрсетілді.
Эрих Фрост бауырлас: “Мен драманың көрсетілімі барысында әріптестеріме, әсіресе оркестрде ойнайтындарға, үзіліс кезінде қатарларды аралап, келушілерге біздің керемет кітаптарымыз бен кітапшаларымызды таратуды ұсындым. Осылай біз үйме-үй жүріп таратқаннан да көп әдебиеттер тараттық”,— деген болатын. Драманы Польша мен бүгінгі Чех Республикасында көрсеткен Иоганн Раутэнің айтуынша, көрермендердің көбісі өз мекенжайларын берген екен. Кейін олар сол адамдарға қайта барып, Киелі кітап туралы жақсы әңгімелесіпті.
1930 жылдары “Жаратылыс драмасының” әр көрсетілімінде зал адамдарға лық толы болды. Ол қай қалада көрсетілмесін, Ехоба куәгерлері жұрттың аузында жүрді. 1933 жылға қарай Германиядағы филиал ұйымдастырған осы драманың көрсетіліміне бір миллиондай адам келді. “Драманы көру үшін,— деп есіне алады Кете Крауз деген әйел бауырлас,— біз бес күн бойы ормандар, қыр-төбелер мен алқаптар арқылы 10 шақырым жер жүретінбіз”. Ал Эльза Билхартс болса: “Жаратылыс драмасы” менің шындыққа деген сүйіспеншілігімді оятты”,— дейді.
Альфред Альмендингер сол драманы көрген анасы туралы былай дейді: “Анама оның қатты әсер еткені сонша — ол келе сала, Киелі кітап сатып алып, ішінен “пургатори” (яғни күнәдан тазартатын орын) деген сөзді іздеді”. Мұндай сөзді таппаған соң, ол шіркеуге баруын доғарып, шомылдыру рәсімінен өтті. Ал Эрих Фрост “Жаратылыс драмасының” арқасында өте көп адамның шындыққа келгенін айтты (Жох. 3-х. 1—3).
“Жаратылыс драмасының” көрсетілімі өз шыңына жеткені сол еді, Еуропада нацизмнің дауылы өрши түсті. 1933 жылдан бастап Германияда Куәгерлердің ісіне тыйым салынды. Сол кезден 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін Еуропадағы Ехоба куәгерлері қатты қуғындалды. Эрих Фрост бауырлас шамамен 8 жыл түрмеде отырды. Бірақ ол аман-есен оралып, кейіннен Висбадендегі (Германия) Бетелде қызмет етті. Көкейден кетпес “Жаратылыс драмасы” Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сынаққа кезіккелі тұрған соншама көп бауырластың батылдығын шыңдай түсу үшін қалайша дәл уақытында жарық көрді десеңші! (Германиядағы мұрағатымыздан)