Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жүрек қалауларыңды тексеріп тұр

Жүрек қалауларыңды тексеріп тұр

Киелі кітапта былай делінген: “Адамның жүрегі бәрінен бетер алдамшы әрі жазылмайтындай бүлінген” (Ерм. 17:9). Алдамшы жүрегің бір нәрсені қатты аңсаған кезде, “онда тұрған не бар?” деп өзіңді ақтауға бейімсің бе?

Киелі кітапта мынадай ескерту жазылған: “Жүректен жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, жалған куәлік, қорлық сөздер шығады” (Мат. 15:19). Бейнелі жүрегіміз бізді алдап, Құдайдың еркіне қайшы келетін істі ақтауға түрткі болуы мүмкін. Кейде мұны қателік жасап қойғаннан кейін ғана түсініп жатамыз. Олай болса, бұрыс жолға түскенге дейін, жүрегімізде не жатқанын тексеруге не көмектеседі?

ЖҮРЕК ҚАЛАУЛАРЫҢДЫ ТЕКСЕР

Киелі кітапты күн сайын оқығанымыз бейнелі жүрегімізге қалай әсер етеді?

Киелі кітапты күн сайын оқы және оқығандарың жайлы ой жүгірт.

“Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қай-қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, тіпті жан мен рухты... айырады, әрі жүректегі ой-ниетті аян етеді”,— деп жазды елші Пауыл (Евр. 4:12). Өзімізге Киелі кітаптың көзімен қарағанымыз жүрек қалауларымызды анықтауда зор көмек болады. Құдай Сөзін күн сайын оқып, оқығандарымыз жайлы ой жүгірту арқылы Ехобаның ойлары мен көзқарастарын бойымызға сіңіргеніміз өте маңызды.

Киелі кітаптағы кеңестерге құлақ асқанымыз және ондағы принциптерді қолданғанымыз ар-ұжданымызға, яғни “куәлік ететін” ішкі даусымызға, жақсы әсер етеді (Рим. 9:1). Үйретілген ар-ұжданымыз бұрыс әрекетті ақтаудан аулақ болуға көмектеседі. Сондай-ақ Киелі  кітапта бізге “ескерту ретінде жазылған” мысалдар да бар (Қор. 1-х. 10:11). Солардан сабақ алғанымыз бізді қателік жасаудан сақтайды. Бізге тағы не көмектеседі?

Дұға арқылы жүрегімізде не жатқанын анықтай аламыз

Құдайға дұға айтып, жүрек қалауларыңды тексеруге көмектесуін сұра.

Ехоба “адам жүрегін тексереді” (Шеж. 1-ж. 29:17). Ол “жүрегімізден жоғары әрі бәрін біледі” (Жох. 1-х. 3:20). Ехобаны алдау мүмкін емес. Оған өз уайымдарымызды, сезімдерімізді және қалауларымызды айтсақ, ол бізге жүрегімізде не жатқанын тексеруге көмектеседі. Біз тіпті одан “жүрегімді тазарта гөр” деп сұрауымызға болады (Заб. 50:12). Иә, жүрегіміздің түбінде не жатқанын анықтауда дұғаның маңызы зор.

Кездесулер жүрек қалауларымызды тексеруге көмектеседі

Қауым кездесулерінде мұқият бол.

Кездесулерде айтылатын нәрселерді мұқият тыңдағанымыз ішкі болмысымызды шыншылдықпен тексеруге көмектеседі. Әрбір кездесуде жаңа нәрсе айтылмаса да, ол жерде Киелі кітап принциптеріне қатысты түсінігімізді тереңдетеміз және жүрек қалауларымызды саралауға көмектесетін құнды ескертулер естиміз. Сондай-ақ бауырластардың түсініктемелері де ішкі болмысымызды жақсартуға көп септігін тигізеді (Нақ. с. 27:17). Кездесулерде бауырластармен үнемі араласып тұрудың орнына бөлектенетін болсақ, бұл біздің “қара басымызды ойлауға” түрткі болуы мүмкін (Нақ. с. 18:1). Сол себепті өзімізден былай деп сұрағанымыз абзал: “Кездесулерге үзбей барып, олардың пайдасын көріп жүрмін бе?” (Евр. 10:24, 25).

ЖҮРЕГІМІЗ НЕ НӘРСЕГЕ БЕЙІМ?

Алдамшы жүрегіміз бізді бұрыс жолға түсуге еліктіруі мүмкін. Бұл орайда келесі төрт жайтқа назар аударайық: дүние-мүлікке ұмтылу, ішімдік ішу, араласатын ортаны таңдау және көңіл көтеру. Осылардың әрқайсысына жеке тоқталайық.

Дүние-мүлікке ұмтылу.

Тұрмыс қамын ойлау — кәдімгі нәрсе. Алайда Иса дүние-мүлікке тым көп мән берудің қауіпті екенін астарлы әңгіме арқылы көрсеткен болатын. Бір бай кісінің астыққа толы қамбалары болған екен. Ол жаңадан жиналған мол астықты қайда жинарын білмей, басы қатады. Ақырында қамбаларын бұзып, орнына үлкенірек қамбалар соғуды шешеді. Ол былай дейді: “Бар астығым мен дүниемді сонда жинайын. Сосын, өзіме: — Көп жылға жететін мол қорың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер,— деймін”. Алайда бұл бай кісі бір айнымас шындықты ескермеген болатын. Ол өмірінен сол түні-ақ айырылуы мүмкін еді (Лұқа 12:16—20).

Жасымыз келген сайын қарттық шағымыздың қамын тым көп ойлағанымыз соншалық — кездесулер өтетін кештерде қосымша жұмыс істегенімізді ақтай бастауымыз және мәсіхшілік міндеттерімізге немкетті қарап кетуіміз мүмкін. Осындай бейімділіктен абай болуымыз керек емес пе? Бәлкім, сен толық уақыт қызмет етуден артық ештеңе жоқ екенін түсінетін жас бауырлас шығарсың. Алайда алдымен аяққа тұрып алайын деп, мұны кейінге қалдырып жүрген жоқсың  ба? Құдайдың көзінде бай болу үшін қолдан келгеннің бәрін қазір істеуіміз керек емес пе? Өйткені ертең тірі боламыз ба, жоқ па, мұны ешкім білмейді.

Ішімдік ішу.

Нақыл сөздер 23:20-да (Тт): “Шарапқа қызара бөртетіндердің ортасына... жолама”,— делінген. Егер адам ішімдікке құмар болса, өзінің үнемі ішетінін ақтауы мүмкін. Ол мас болу үшін емес, жай шаршағанды басып, босаңсу үшін ішемін дейтін шығар. Егер сен осы үшін ішімдікті қажет етсең, жүрек қалауларыңды шыншылдықпен тексеретін уақыт келген болар.

Араласатын ортаны таңдау.

Әрине, кей жағдайларда, мысалы мектепте, жұмыста не қызметте, осы дүниелік адамдармен сөйлеспеу мүмкін емес болады. Алайда олармен араласу, тіпті достасып кету — мүлдем басқа нәрсе. Олардың көп жақсы қасиеттері бар деп өз-өзімізді ақтаймыз ба? Киелі кітапта “Алданбаңдар, жаман орта жақсы әдеттен айырады” деген ескерту жазылған (Қор. 1-х. 15:33). Азғана лай таза суды ластайды. Сол сияқты Құдайға қызмет етпейтіндермен достасқанымыз рухани күйімізді құлдыратып, осы дүниенің көзқарасына, киім киісіне, сөйлеген сөзі мен жүріс-тұрысына еліктеуге талпындыруы мүмкін.

Көңіл көтеру.

Бүгінде заманауи технологияның арқасында әртүрлі көңіл көтеру түрлеріне оп-оңай қол жеткізуге болады. Алайда олардың көбісі күмәнді не мәсіхшілерге лайықсыз. Елші Пауыл: “Араларыңда әрқилы арам істердің тіпті аты да аталмасын”,— деген болатын (Ефес. 5:3). Жүрегіміз қандай да бір арам нәрсені көруді не тыңдауды қаласа ше? Бәлкім, біз: “Аздап демалу не көңіл көтеру бәрімізге де қажет, көңіл көтеру түрін таңдауға келгенде, әркім өзі шешеді емес пе?”— деп өз-өзімізді алдауымыз мүмкін. Алайда Пауылдың кеңесіне мұқият ден қойып, арам нәрсенің көзіміз бен құлағымыз арқылы санамызға енуіне жол бермейік.

ӨЗГЕРІСТЕР ЖАСАЙ АЛАМЫЗ

Алдамшы жүректің қалауларына бой алдырып, бұрыс істерді ақтауға әдеттеніп кеткен болсаң, өзгерістер жасауға әлі де кеш емес екенін ұмытпа (Ефес. 4:22—24). Мұны екі бауырластың мысалынан көруге болады.

Дүние-мүлікке қатысты көзқарасын өзгерткен Мигель * былай дейді: “Мен туған елде адамдардың көбісі жабдықтар мен техника құралдарының ең жақсы әрі ең соңғы үлгілерін алу үшін барын салады. Менің де осы дүниеден мүмкін болған нәрсенің бәрін алуға жан сала тырысқан кездерім болған. Мен дүниеқұмар болмай-ақ, бұған қол жеткізе аламын деп ойладым. Бірақ көп ұзамай дүние-мүліктің соңынан қуу шегі жоқ жол сияқты екенін түсіндім. Мен Ехобаға көзқарасым мен жүрек қалауларым жайлы дұға еттім. Оған бүкіл отбасымызбен толық уақыт қызмет еткіміз келетінін айттым. Әйелім мен балам үшеуіміз өмірімізді қарапайым етіп, көбірек қажеттілік бар жерге көшіп баруды шештік. Көп ұзамай ізашар болып қызмет ете бастадық. Біз бақытты да қанағаттанарлық өмір кешу үшін көп нәрсе керек емес екенін түсіндік”.

Ли есімді ер бауырлас өзін шыншылдықпен тексергеннің арқасында жаман ортадан бас тарта алды. “Мен жұмыс бабымен шетелдіктермен үнемі араласатынмын,— дейді Ли.— Іскерлік кездесулерде көп ішімдік қойылатынын білетінмін, бірақ маған олармен отырған өте қызық болатын. Жиі мас болуға шақ қалатынмын, бірақ артынан өкініп жататынмын. Мен жүрегімді шыншылдықпен тексеруім керек еді. Киелі кітаптағы ескертулер мен ақсақалдардың берген кеңестерінің арқасында шын мәнінде Ехобаны жақсы көрмейтін адамдармен араласуды қалайтынымды түсіндім. Қазір кәсібімді мүмкіндігінше телефон арқылы жүргізіп, тауар әкелушілермен аз қатынас жасауға тырысамын”.

Біз өз-өзімізбен шыншыл болып, жүрек қалауларымызды тексеріп отыруымыз қажет. Сондай-ақ Ехобаның “жүректің құпияларын да білетінін” есте ұстай отырып, одан дұғада көмек сұрағанымыз маңызды (Заб. 43:22). Ехоба бізге өзінің Сөзі Киелі кітапты берген. Ол біз үшін айна іспетті бола алады (Жақ. 1:22—25). Қауым кездесулері мен әдебиеттер арқылы берілетін кеңестердің де көмегі зор. Осы аталған шаралар бізге жүрегімізді сақтап, әділдіктің ақ жолымен жүруге көп септігін тигізетіні сөзсіз.

^ абзац 18 Есімдер өзгертілген.