Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Өзің жұбанып, өзгелерді де жұбат

Өзің жұбанып, өзгелерді де жұбат

Кемелсіз болғандықтан, бәріміз де ауырамыз, тіпті кейбірімізге ауыр дертпен күресуге тура келеді. Осындай қиындықты жеңіп шығуға бізге не көмектеседі?

Мұндайда туыстар, достар мен бауырластардың бізге жұбаныш бергені бірден-бір көмек болары даусыз.

Досымыздың жылулықпен, сүйіспеншілікпен айтқан сөздері жараға жағылған шипалы майдай әсер етуі мүмкін (Нақ. с. 16:24; 18:24; 25:11). Десе де шынайы мәсіхшілер өзгелерден жұбаныш алуды ғана ойламайды. Құдай өздерін қалай жұбатса, олар да “әртүрлі қиындық көріп жүргендерді солай жұбатуға” тырысады (Қор. 2-х. 1:4; Лұқа 6:31). Мұның бір мысалын Мексикада облыстық бақылаушы болып қызмет ететін Антонио есімді бауырластың өмірінен көруге болады.

Лимфома деп аталатын қанның қатерлі ісігіне шалдыққанын білгенде, Антонионың жаны қатты қиналған еді. Бірақ ол өз-өзін қолға алып, жағымсыз сезімдерін тізгіндеуге тырысты. Оған не көмектесті екен? Антонио Патшалықтың әндерін жаттап алып, оларды айтып жүретін және өлеңнің сөздері жайлы ой жүгіртетін. Сондай-ақ дауыстап дұға айтқаны және Киелі кітапты оқығаны да ол үшін зор жұбаныш көзі болды.

Антонио өткенді еске алып, бауырластардың көрсеткен көмегінің орны бөлек болғанын айтады. Ол былай дейді: “Әйелім екеуіміз уайымға батқан кездері қауым ақсақалы болып қызмет ететін туысымызды шақырып алып, бірге дұға айтатынбыз. Осының арқасында көңіліміз орнығып, жанымыз жай табатын. Расында да, туыстарымыз бен бауырластарымыз әрдайым жанымыздан табылғандықтан, айтарлықтай қысқа уақыт ішінде жағымсыз сезімдерімізді жеңе алдық”. Антонионың мейірімді де қамқор достарына деген алғысы шексіз.

Уәде етілген киелі рухтың да көмегін айтпай кетуге болмайды. Елші Петір Құдай рухының сый ретінде берілетінін айтқан (Ел. іс. 2:38). Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында осы сөздер дәл орындалып, көп шәкірттер киелі рухпен майланды. Алайда Петірдің айтқан сөздерінің бізге де қатысы бар. Ехоба киелі рухты бізге де молынан бере алады. Ендеше неге соны сұрамасқа? (Ишая 40:28—31).

ҚАЙҒЫРЫП ЖҮРГЕНДЕРГЕ КӨП КӨҢІЛ БӨЛІҢДЕР

Елші Пауыл өмірінде көп қиындық көрген. Ол тіпті өліммен бетпе-бет келген (Қор. 2-х. 1:8—10). Бірақ ол өлімнен жанұшыра қорықпады. Құдайдың оны ешқашан жалғыз қалдырмайтынын білгені оған жұбаныш беретін. Бұл жайлы ол былай деп жазды: “Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайы әрі Әкесі мадақталсын. Ол — қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі. Ол бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады” (Қор. 2-х. 1:3, 4). Пауыл басына түскен қиындықтардың жігерін жасытуына жол бермеді. Қайта, сол қиындықтар көмекке мұқтаж бауырластарға көбірек жанашырлық танытып, оларды жұбатуға талпындырған.

Антонио ауруынан айығып, аралаушы бақылаушы ретіндегі қызметіне қайта оралады. Ол бұрын да бауырластарына әрдайым көңіл бөлетін, бірақ енді әйелі екеуі ауырып жүрген бауырластардың үйіне барып, оларды жігерлендіруге көбірек күш салатын болды. Мысалы, бірде Антонио ауыр дертке шалдыққан бауырластың хал-жағдайын сұрап үйіне барғанда, оның қауым кездесулеріне барғысы келмейтінін байқайды. “Оның Ехобаға және бауырластарға деген сүйіспеншілігі суымаған болатын,— деп түсіндіреді Антонио.— Жай ауруы жанына қатты батқандықтан, өзін түкке тұрғысыз сезінген еді”.

Антонио оны жігерлендіру үшін бір отырыста оған дұға айтуды ұсынады. Бауырласымыз өзін лайықсыз сезінгенімен, бұдан бас тартпайды. Антонио былай дейді: “Оның дұғасы сондай әсерлі болды. Содан кейін оның жүзі жайнап сала берді. Ол өзін керекті адам ретінде сезіне бастады”.

Бәріміз де қандай да бір қиындықтарды бастан өткергенбіз. Бірақ Пауыл айтқандай, осының арқасында өзгелерге жұбаныш беруге талпынамыз. Ендеше, Құдайымыз Ехобаға еліктеп, қиындық көріп жүрген бауырластарымызды назарымыздан тыс қалдырмай, олар үшін жұбаныш көзі бола берейік.