Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Олар дайындық рухын танытты. Мексика

Олар дайындық рухын танытты. Мексика

КӨП жас Куәгерлердің өмірлерін қарапайым етіп, қызмет аясын кеңейтіп жатқанын көру неткен қуаныш! (Мат. 6:22). Олар қандай өзгерістер жасады? Қандай қиыншылықтарға кезікті? Бұл сұрақтардың жауабын алу үшін Мексикада қызмет етіп жатқан бауырластардың кейбірімен танысайық.

“БІЗГЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЖАСАУ КЕРЕКТІГІН ТҮСІНДІК”

Құрама Штаттарда тұрған Дастин мен Джейса 2007 жылдың қаңтар айында үйленді. Содан көп ұзамай олардың көптен бері көкейінде жүрген арманы орындалды: олар қайық сатып алып, қысы-жазы сонда өмір сүретін болды. Олардың қайықтары Тынық мұхитына жақын орналасқан Астория қаласының жанында (АҚШ, Орегон штаты) байланған еді. Бұл әсем қала орманды қырлар мен қарға жамылған таулардың арасында орналасқан. “Қайда қарасаң да, табиғат көрінісі көздің жауын алады!”— дейді Дастин. Басында бұл ерлі-зайыпты Ехобаға арқа сүйеп, қарапайым өмір сүріп жатырмыз деп санады. “Біз 7,9 метрлік қайықта тұрып, жарты күндік жұмыс істейміз, шет тіліндегі қауымға барамыз және арасында қосалқы ізашар ретінде қызмет етіп тұрамыз ғой”,— деп ойлады олар. Бірақ уақыт өте олар өз-өздерін алдап жүргендерін түсінді. Дастин былай дейді: “Қауымға демеу болудың орнына, бар  уақытымызды қайықты жөндеуге сарп ететінбіз. Ехобаны шынымен де бірінші орынға қою үшін, бізге өзгерістер жасау керектігін түсіндік”.

Джейса былай деп қосты: “Тұрмысқа шықпас бұрын мен Мексикада тұрып, ағылшын тіліндегі қауымда қызмет еттім. Маған сол жерде қызмет ету қатты ұнайтын, сондықтан мен сонда қайтып барғым келді”. Содан Дастин мен Джейса шетелде қызмет етуге деген қалауларын жандандыру үшін, отбасылық ғибадат кезінде оруға дайын тұрған танаптарға көшіп барған бауырластардың өмірбаяндарын оқи бастады (Жох. 4:35). “Біздің де қызметтен осындай қуаныш алғымыз келіп кетті”,— деп бөлісті Дастин. Сөйтіп, Мексикада жаңадан құрылған топқа көмек қажет екенін естігенде, екеуі көшуді шешті. Олар жұмыстан шығып, қайықтарын сатып, Мексикаға қарай жол тартты.

“ӨМІРІМІЗДЕГІ ЕҢ ТАМАША ЖАЙТ”

Дастин мен Джейса Текоманға — Асториядан оңтүстікке қарай 4345 шақырымдай жердегі Тұнық мұхиттың бойындағы қалаға — қоныс тепті. “Мұнда таулар мен самал желдің орнына, кілең лимон ағаштары мен шақшиған күн”,— дейді Дастин. Басында олар екі қолға бір жұмыс таба алмай жүрді. Қаражат аз болғандықтан, олар аптадан аптаға күніне екі рет күріш пен үрме бұршақ жеп жүрді. “Бірақ, бір қызығы, тамағымызға қарай алмай кеткенде, Киелі кітап зерттеушілеріміз манго, банан, папайя мен сөмке-сөмке лимон әкеп беретін болды”,— деп қосты Джейса. Уақыт өте бұл жұп Тайваньда орналасқан тіл үйрету мектебіне жұмысқа тұрып, интернет арқылы сабақ беретін болды. Тауып жатқан ақшалары олардың күнделікті қажеттіліктеріне жеткілікті.

Дастин мен Джейса қазіргі өмірлері туралы қандай ойда? Екеуі бірауыздан былай дейді: “Мұнда көшкеніміз — өміріміздегі ең тамаша жайт. Ехобамен және бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз нығайған үстіне нығая түсті. Біз күнде бірге болып, көп нәрсені бірге істейміз: уағызға барамыз, зерттеушілерімізге қалай көмектесетініміз туралы ақылдасамыз, қауымға дайындаламыз. Бұған қоса, бізде бұрынғыдай уайым жоқ”. Олар сөздерін былай деп тамамдады: “Бұрын біз Забур 34:8-дегі (ЖД) “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер” деген сөздердің мәнін толық түсінбеген едік, ал қазір бұл уәденің шындық екеніне көз жеткіздік”.

МЫҢДАҒАН ЕРІКТІ ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ НЕ ҚОЗҒАУ САЛУДА?

2900-ден астам бойдақ не үйленген, жастары 20, 30-дардағы бауырластар Мексиканың үлкен қажеттілік бар аймақтарына көшіп барды. Не себепті бұл Куәгерлер қызметтің осындай қиын түрін бастады? Осы бауырластардың бір тобына аталмыш  сұрақты қойғанда, олар мұның негізгі үш себебіне нұсқады. Бұл қандай себептер?

Литисия мен Ермильо

Ехоба мен жақындарына сүйіспеншілік таныту. Литисия 18 жасында шомылдыру рәсімінен өткен. Ол былай дейді: “Мен өз өмірімді Ехобаға бағыштағанда, енді оған шын жүректен және бүкіл жан-тәніммен қызмет етуім керектігін түсінетінмін. Ехобаны шын жүректен жақсы көретінімді көрсету үшін, күшім мен уақытымның көп бөлігін оған қызмет етуге арнағым келді” (Мар. 12:30). Литисияның күйеуі Ермильо көбірек уағыздаушы қажет аймаққа көшіп барғанда 20-дан енді асқан болатын. Ол былай дейді: “Адамдарға рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектескенім — адамдарға сүйіспеншілік танытудың ең жақсы жолы екенін түсіндім” (Мар. 12:31). Сөйтіп, ол банктегі жұмысын және өркендеп жатқан Монтеррей қаласындағы жайлы өмірін тастап, кішкентай қалашыққа көшіп барады.

Эсли

Нағыз әрі сарқылмас қуанышқа ие болу. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін көп ұзамай Литисия тәжірибелі ізашар болған әйел бауырласпен бірге шалғайда орналасқан қалаға барды. Сонда олар бір айдай қызмет етті. Литисия былай деп есіне алады: “Мен қызметімізден қатты әсер алдым. Біз жариялап жүрген Патшалық туралы хабарды адамдардың қалай қабылдап жатқанын көргенде, қуаныштан төбем көкке жететін. Ал айдың соңында мен өз-өзіме: — Мен өмірімді міне осылай өткізгім келеді!— дедім”. Қажеттілік көп жерде қызмет ету қандай қуаныш әкелетінін көргені Эсли деген 20-дан асқан бойжеткен бауырласқа да қатты әсер етті. Мектепте оқып жүрген кезінде ол қызмет аясын кеңейткен бірнеше құлшынысты жас Куәгермен танысты. Ол былай дейді: “Сол бауырластардың қуаныштан бал-бұл жайнаған жүздерін көргенде, менің де өмірім солардікіндей болғанын қалап кеттім”. Көптеген қыз бауырлас Эсли сияқты қажеттілік бар жерлерде қызмет ете бастады. Мәселен, Мексикадағы 680-нен астам қыз бауырлас сондай жерлерде қызмет етеді. Жастар мен үлкендер үшін олар неткен жақсы үлгі десеңші!

Мағыналы да қанағаттандырарлық өмір сүру. Мектепті бітіріп жатқанда Эслиге университетте тегін оқу ұсынылды. Құрдастары бұл ұсынысты қабыл алып, елден қалмауға — жоғары білім алып, мансап қууға, көлік сатып алуға және ел-жер көріп қыдыруға — талпындырды. Бірақ Эсли олардың кеңестерінің жетегінде кетпеді. Ол былай дейді: “Менің мәсіхші достарымның кейбірі осындай мақсаттарға ұмтылып жүрді. Байқағаным, рухани мақсаттар олар үшін енді басты орында тұрған жоқ еді. Сондай-ақ олар осы дүниелік істермен шырмала беріп, ақыры қиындықтардан көз ашпады. Ал мен жастық шағымды Ехобаға деген қызметке толықтай арнағым келді”.

Ракель мен Филип

Эсли ізашарлық қызметте өзін асырауға мүмкіндік беретін мамандық алу үшін қосымша курстар бітіріп, Патшалықтың жариялаушылары өте қажет болған аймаққа көшіп барды. Ол тіпті жергілікті адамдар сөйлейтін отоми мен тлапанеко тілдерін үйренуге көп күш салды. Шалғай аумақтарда қызмет етумен өткізген үш жылын еске алып, ол былай дейді: “Қажеттілік көбірек жерде қызмет еткенім өмірімді әлдеқайда мағыналы да қанағаттандырарлық етті. Ал ең бастысы — бұл менің Ехобамен қарым-қатынасымды нығайтты”. Жастары 30-дан асқан Құрама Штаттардан келген Филип пен Ракель есімді ерлі-зайыпты бұл сөздермен келісіп, былай дейді: “Бұл дүние тез өзгеріп отырғандықтан, көп адам өмірлерінің тұрақсыз екенін ойлап уайымдайды. Алайда Киелі кітаптағы хабарды әлі де көп адам тыңдайтын аумақта қызмет еткеніміз өмірімізді мағыналы етеді. Бұл бізге зор қанағат әкеледі!”

ҚИЫНШЫЛЫҚТАРМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСУГЕ БОЛАДЫ?

Вероника

Қажеттілік көбірек жерлерде қызмет етудің өз қиындықтары бар. Мысалы, күн көру мәселесі. Өзіңді асырай алу үшін жергілікті жағдайға бейімделуге дайын болуың керек. Вероника есімді тәжірибелі ізашар былай дейді: “Қызмет еткен бір аймақта арзан әрі тез дайындалатын тамақтар пісіріп, сататынмын. Ал өзге бір аймақта қызмет еткенде киім-кешек сатып, шаш қиятынмын. Қазір болса үй жинаймын және жас ата-аналарға сабақ беріп, оларды балаларымен тіл табысуға үйретемін”.

Шалғай аумақта жергілікті адамдардың арасында өмір сүріп жатсаң, басқа мәдениет пен салт-дәстүрлерге үйрену қиын болуы мүмкін. Науатл тіліндегі аумақта қызмет етіп жатқанда Филип пен Ракель осы қиыншылықты бастан кешкен. “Біздің мәдениеттеріміздің айырмашылығы жер мен көктей еді”,— дейді Филип. Олар қалай бейімделді? “Біз науатл адамдарының жақсы жақтарына назар аударуға тырыстық. Олардың отбасылары берік еді, бір-біріне бауырмал болатын әрі өте жомарт еді”. Ракель былай деп қосты: “Біз онда тұрып және сол жерде бауырластармен иық тіресе қызмет етіп көп нәрсеге үйрендік”.

ӨЗІҢДІ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЙ АЛАСЫҢ?

Қажеттілік көбірек жерде қызмет еткің келсе, қазірден бастап бұған қалай дайындала аласың? Осындай қызметте тәжірибелері бар бауырластар көшпес бұрын өмірді қарапайым ете бастап, барды қанағат етуді үйренуге шақырады (Філіп. 4:11, 12). Сен тағы не істей аласың? Литисия былай дейді: “Мен бір жерге ұзақ уақытқа байлап қоятын жұмыстардан бас тартатынмын. Мен кез келген уақытта, кез келген жерге көшуге дайын болғым келді”. Ермильо: “Мен тамақ пісіруді, кір жууды және киім үтіктеуді үйрендім”,— деп бөлісті. Ал Вероника былай деді: “Отбасыммен бірге тұрғанда мен үй жинауға атсалысатынмын және арзан, бірақ нәрлі тамақ әзірлеуді үйреніп алдым. Сондай-ақ үнемшіл болуды да дағдыға айналдырдым”.

Амелия мен Левай

Отау тіккендеріне сегіз жыл болған Құрама Штаттардан көшкен Левай мен Амелия нақты дұға еткендері Мексикада қызмет етуге дайындалуға қалай көмектескені туралы айтады. Левай былай дейді: “Біз шетелде бір жыл тұру үшін қанша ақша керектігін есептеп, Ехобаға нақты осынша ақша табуға көмектесуін сұрап дұға еттік”. Олар бірнеше айдың ішінде дұғада айтқан соманы жинап, кідірместен көшіп кетті. Левай былай дейді: “Ехоба біздің нақты өтінішімізді орындады, енді біздің әрекет ететін кезегіміз келді”. Амелия былай деп жалғастырады: “Біз бір жылға ғана бара аламыз деп ойлағанбыз, алайда қазір мұнда жүргенімізге жеті жыл болды әрі бұл жерден кеткіміз жоқ! Мұнда тұрып Ехобаның бізге тікелей көмектесіп жатқанын сезінеміз. Біз күн сайын оның ізгілігін көрудеміз”.

Адам мен Дженифер

Құрама Штаттардан келген Адам мен Дженифер Мексикадағы ағылшын тілді аумақта қызмет етуде. Олар да дұғаның маңыздылығына көз жеткізген. Бұл жұп келесідей кеңес береді: “Қолайлы жағдайды күтіп отырмаңдар. Шетелде қызмет ету туралы ұдайы дұға етіп, дұғаларыңа сай әрекет етіңдер. Өмірлеріңді қарапайым етіп, қызмет еткілерің келетін елдегі филиалға хат жазыңдар. Сосын, кететін шығынды есептеп алып, көшіңдер” *. Егер солай етсеңдер, сендерді рухани бай әрі қызыққа толы өмір күтіп тұр.

^ абзац 21 Көбірек мәліметті “Біздің патшалық қызметіміздің” 2011 жылғы тамыз айындағы санының “Македонияға” көшіп бара аласың ба?” деген мақаладан таба аласыңдар.