Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның адалдығы мен кешірімділігін бағала

Ехобаның адалдығы мен кешірімділігін бағала

“Уа, Ехоба, сен ізгі әрі кешіруге дайынсың, Өзіңе арқа сүйейтіндердің ешқайсысынан айнымас сүйіспеншілігіңді аямайсың” (ЗАБ. 86:5 ЖД).

1, 2. а) Неге біз адал және кешірімшіл достарды бағалаймыз? ә) Қандай сұрақтарды қарастырамыз?

СЕН кімді нағыз дос деп айтар едің? “Менің ойымша, нағыз дос деген қиналған шағыңда қасыңнан табылатын және қателескеніңде сені кешіре білетін адам”,— дейді Эшли есімді бауырлас. Адал және кешірімшіл достарды қай-қайсымыз да бағалаймыз. Олармен бірге болғанда, біз сүйіспеншіліктеріне бөленеміз әрі өзімізді бақытты да алаңсыз сезінеміз (Нақ. с. 17:17).

2 Ехоба — ең адал да кешірімшіл Дос. Забур жыршысы ол туралы былай деген: “Уа, Ехоба, сен ізгі әрі кешіруге дайынсың, Өзіңе арқа сүйейтіндердің ешқайсысынан айнымас сүйіспеншілігіңді [немесе “адал сүйіспеншілігіңді”] аямайсың” (Заб. 86:5 ЖД). Адал және кешірімшіл болу деген нені білдіреді? Ехоба осы тартымды қасиеттерді қалай танытады? Біз оған қалай еліктей аламыз? Осы сұрақтардың жауаптары ең жақын Досымыз Ехобаны одан бетер жақсы көруге талпындырады. Сонымен қатар бауырластармен де достығымызды нығайтады (Жох. 1-х. 4:7, 8).

ЕХОБА — АДАЛ ҚҰДАЙ

3. Адал болу деген нені білдіреді?

3 Адалдық — шын берілгендікті, сенімділік пен айнымастықты қамтитын қасиет. Адал адам тұрақсыз емес. Ол бәрі жақсы болған кезде ғана емес, қиын шақтарда да жаныңнан табылып, сүйіспеншілігін көрсетеді. Киелі кітапта Ехобаның адал Құдай екені айтылған. Иә, ол — ең адал тұлға (Аян 16:5).

4, 5. а) Ехоба адалдығын қалай танытады? ә) Ехобаның адалдығы туралы ой жүгірту бізге қалайша жігер береді?

4 Ехоба бұл қасиетті қалай танытады? Ол өзіне адал қызметшілерін ешқашан тастамайды. Ехобаның адал қызметшісі Дәуіт бұны растаған (Патшалықтар 2-жазба 22:26 оқы). Ол бастан қиын кездерді кешіргенде, Ехоба оны жетелеп, қорғап,  құтқарып жүрді (Пат. 2-ж. 22:1). Дәуіт Ехобаның сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де адалдық танытатынына куә болды. Неліктен Ехоба оған адалдық танытты? Өйткені Дәуіттің өзі “адал жан” болған. Ехоба өз қызметшілерінің адалдығын жоғары бағалайды және оларға да адалдық танытады (Нақ. с. 2:6—8 ЖД).

5 Ехобаның қалай адалдық танытатыны жайлы ой жүгірту бізге жігер береді. Рид есімді бір адал ер бауырлас былай дейді: “Дәуіттің басына қиын күндер туғанда, Ехобаның оған қалай қамқор болғаны туралы оқу маған зор демеу береді. Дәуіт үңгірлерді паналап, жауларынан қашып жүрген кезде, Ехоба оны қорғап отырған. Бұл мені қатты жігерлендіреді! Осыны оқығанда, басыма қандай күн тумасын, жағдайым қаншалықты қиын болып көрінбесін, егер адал болып қалсам, Ехоба мені тастамайтыны есіме түседі”. Сенің де осыған сенімді екеніңе күмән жоқ (Рим. 8:38, 39).

6. Ехоба адалдығын тағы қалай танытады және бұл оның қызметшілеріне қандай игілік әкеледі?

6 Ехоба адалдығын тағы қалай танытады? Ол өз принциптеріне адал. Ехоба бізді мынаған сендіреді: “Сендер қартайған шақта да Мен өзгермеймін” (Ишая 46:4). Ол шешімдерін әрдайым өзінің дұрыс пен бұрысқа қатысты өзгермейтін нормаларына негіздеп қабылдайды (Малх. 3:6). Ехоба адал Құдай екенін берген уәделерін жүзеге асырумен де көрсетеді (Ишая 55:11). Оның бұл қасиеті барлық адал қызметшілеріне игілік әкелуде. Қалайша? Егер біз Ехобаның принциптерін барынша ұстансақ, ол уәдесіне сай бізге батасын беретініне толықтай сенімді бола аламыз (Ишая 48:17, 18).

ЕХОБАНЫҢ АДАЛДЫҒЫНА ЕЛІКТЕ

7. Ехобаның адалдығына еліктеудің бір жолы қандай?

 7 Біз Ехобаның адалдығына қалай еліктей аламыз? Бұның бір жолы — қиындыққа кезігіп жүргендерге қол ұшын беру (Нақ. с. 3:27). Мысалы, денсаулығы нашарлағандықтан, туыстары қарсылық көрсеткендіктен не қандай да бір әлсіздіктерінің кесірінен еңсесі түсіп жүрген бауырласты білесің бе? Неге сондай бауырласқа “мейірімді де жұбанышты сөздер” айтып, рухын көтермеске? * (Зәк. 1:13). Осылайша сен адал әрі “ағайыннан жақын” шынайы дос екеніңді көрсетесің (Нақ. с. 18:24).

8. Біз Ехобаның адалдығына қалай еліктей аламыз, мысалы некеде?

8 Ехобаның адалдығына еліктеудің тағы бір жолы — жақсы көретін адамдарымызға адал болу. Мәселен, егер неке құрған болсақ, өмірлік серігімізге адалдық сақтауымыз керектігін түсінеміз (Нақ. с. 5:15—18). Сондықтан түбінде неке адалдығын бұзуға апаруы мүмкін кез келген әрекеттен аулақ боламыз (Мат. 5:28). Ал бауырластарға деген адалдығымыз жанды жаралайтын өсек таратудан не жала жабудан аулақ болғанымыздан көрінеді. Біз ондай әңгімелерді таратпақ түгілі, тіпті тыңдаудан да бас тартамыз (Нақ. с. 12:18).

9, 10. а) Біз ең біріншіден кімге адал болып қалғымыз келеді? ә) Неліктен Ехобаның өсиеттеріне мойынсұну әрдайым оңай болмауы мүмкін?

9 Біз ең алдымен Ехобаға адал болып қалғымыз келеді. Бұл үшін барлық нәрсеге Ехоба сияқты қарауға тырысу, яғни ол жақсы көретінді жақсы көріп, жек көретінді жек көру керек, әрі бұл жүріс-тұрысымыздан көрініс табуы қажет (Забур 96:10 оқы). Көзқарасымызды Ехобаның көзқарасына сай келтірген сайын, оның өсиеттеріне бағыну анағұрлым оңай болады (Заб. 118:104).

 10 Әрине, Ехобаның өсиеттеріне мойынсұну әрдайым оңай бола бермейді. Адалдық сақтау үшін көп күш салуымыз керек болуы мүмкін. Мысалы, кейбір салтбасты бауырластар неке құруды қалағанмен, Құдай қызметшілерінің арасынан өздеріне лайықты жар болатын адамды әлі таба қоймады (Қор. 1-х. 7:39). Мәселен, тұрмыс құрмаған бір қыз бауырластың әріптестері үнемі оны бір жақсы жігітпен таныстыруға тырысатын шығар. Ал ол онсыз да жалғыздық сезімімен күресіп жүрген болуы мүмкін. Десе де ол бар күшін салып, Ехобаның алдында мінсіздігін сақтауда. Осылайша адалдық танытатын бауырластар біз үшін керемет үлгі емес пе?! Қиындықтарға қарамастан өзіне адалдық сақтайтындарға Ехоба батасын төгетіні сөзсіз (Евр. 11:6).

“Шынайы дос ағайыннан жақын болар” (Нақ. с. 18:24) (7-абзацты қара)

“Бір-біріңді... кеңпейілмен кешіріңдер” (Ефес. 4:32) (16-абзацты қара)

ЕХОБА — КЕШІРІМДІ ҚҰДАЙ

11. Кешірімшіл болу нені білдіреді?

11 Ехобаның асыл қасиеттерінің бірі — оның кешірімшілдігі. Кешірімшіл болу нені білдіреді? Бұған, негізінде, бізді ренжіткен адамды шын өкінгені үшін кешіру жатады. Бірақ бұл адамның бұрыс қылығын мақұлдауды не ешнәрсе болмағандай сыңай танытуды білдірмейді. Қайта, бұл бойымызда реніштің ұялауына жол бермей, жантыныштығын сақтауды білдіреді. Жазбаларда Ехобаның шын өкінген адамдарды “кешіруге дайын” екендігі айтылған (Заб. 86:5 ЖД).

12. а) Ехоба қаншалықты кешірімді? ә) Біреудің “күнәсін кешіру” деген нені білдіреді?

12 Ехоба бізді қаншалықты кешіреді? Ол “жомарттықпен”, яғни толықтай әрі біржолата кешіреді (Ишая 55:7). Ехобаның толықтай кешіретінін қайдан білеміз? Елшілердің істері 3:19-дағы (оқы) сөздер бізді не нәрсеге сендіретініне назар аударайық. Елші Петір тыңдаушыларын “өкініп... қайта бет бұруға” шақырған. Күнә жасаған адам шын жүректен өкінсе, ол өзінің бұрыс жолмен жүргеніне қатты күйінеді. Сондай-ақ жасаған күнәсін қайталамауға  бел буады (Қор. 2-х. 7:10, 11). Оған қоса, шынымен өкінгені адамды “қайта бет бұруға”, яғни бұрыс істерін тастап, Құдайға ұнамды өмір сүруге талпындырады. Петір мұның нәтижесінде оның күнәсі “кешірілетінін” айтқан. “Кешіру” деп аударылған грек сөзі “өшіріп тастау” дегенді білдіреді. Демек, Ехоба кешіргенде, күнәмізді ұмытады, былайша айтқанда, оны өшіріп тастайды. Иә, Ехоба толықтай кешіреді (Евр. 10:22; Жох. 1-х. 1:7).

13. “Жасаған күнәларын бұдан былай есіме алмаймын” деген сөздер бізді не нәрсеге сендіреді?

13 Ехобаның біржолата кешіретінін қайдан білеміз? Майланған мәсіхшілермен жасалған жаңа келісімге қатысты Еремияның пайғамбарлығын қарастырайық. Бұл келісімнің арқасында төлем құрбандығына сенім білдіргендер кешірімге ие бола алады (Еремия 31:34 оқы). Ехоба былай дейді: “Мен олардың әділетсіз істерін рақымшылықпен кешіріп, жасаған күнәларын бұдан былай есіме алмаймын”. Демек, Құдай бізді кешірсе, сол күнәміз үшін ешқашан бізге қарсы шықпайды. Ехоба күнәмізді ойынан шығармай, бізді қайта-қайта жазғырып, жазаламайды. Ол күнәларымызды біржолата кешіреді (Рим. 4:7, 8).

14. Ехобаның кешірімділігі жайлы ой жүгіртудің қандай пайдасы бар? Мысал келтір.

14 Ехобаның кешірімділігі жайлы ой жүгірту бізге жұбаныш сыйлайды. Бір мысалға назар аударайық. Көптеген жыл бұрын бір әйел бауырлас, оны Дариға деп атайық, қауымнан шығарылған болатын. Бірнеше жыл өткен соң, ол қауымға қайта қабылданды. Дариға былай дейді: “Өзіме және басқаларға Ехоба мені кешіргеніне сенетінімді айтсам да, ол менен алшақ, ал басқаларға жақынырақ тұрғандай көрінетін”. Дегенмен ол Ехобаның кешірімділігі сипатталатын Киелі кітаптағы үзінділерді оқып, ой жүгіртуден жұбаныш алды. Ол сөзін жалғап: “Мен бұрын-соңды Ехобаның маған деген сүйіспеншілігі мен мейірімін осыншалықты сезінбеппін”,— деді. Өзіне әсіресе қатты әсер еткен ойды айтып, Дариға былай деп қосты: “Ехоба күнәларымызды кешірсе, олардың дағынан енді өмір бойы арыла алмаймын деген ойда болмауымыз керек *. Мен Ехобаның кешіріміне толық ие болғаныма сенбей, өмірімнің соңына дейін күнәмді арқалап өтемін деп ойладым. Маған біраз уақыт қажет екенін білемін, бірақ қазір Ехобаға одан да жақын бола алатынымды түсіне бастадым, әрі үстімдегі ауыр жүктен де арылып, жеңілдеп қалдым”. Біз қызмет етіп жүрген Құдайымыз неткен кешірімді әрі сүйіспеншілігі мол десеңдерші! (Заб. 102:9).

ЕХОБАНЫҢ КЕШІРІМДІЛІГІНЕ ЕЛІКТЕ

15. Ехобаның кешірімділігіне қалай еліктей аламыз?

15 Басқаларды кешіру арқылы біз Ехобаның кешірімділігіне еліктей аламыз (Лұқа 17:3, 4 оқы). Естеріңде болса, Ехоба бізді кешіргенде, жасаған күнәміз үшін болашақта бізге қарсы шықпайтынын айттық. Олай болса, біз де өзгелерді кешіргенде, қателіктерін ұмыт қалдырып, бұл туралы болашақта сөз де қозғамайық.

16. а) Кешірімшіл болу бұрыс қылықты мақұлдауды не басқалардың бізге әділетсіздік жасауына жол беруді білдіре ме? Түсіндір. ә) Құдай бізді кешірсін десек, не істеуіміз қажет?

 16 Кешірімшіл болу ренжіткен адамның бұрыс қылығын мақұлдауды не бізге әділетсіздік жасауына жол беруді білдірмейді. Қайта, бойымызда реніш ұялатпай, жантыныштығын сақтауды білдіреді. Сондай-ақ Ехоба бізді кешсін десек, басқа адамдармен қарым-қатынасымызда оның кешірімділігіне еліктегеніміз маңызды (Мат. 6:14, 15). Ехоба  — жанашыр Құдай, сондықтан ол біздің “топырақтан екенімізді” есінен шығармайды (Заб. 102:14). Олай болса, біздің де жанашырлығымыз басқалардың кемелсіз екенін ескеріп, оларды кеңпейілмен кешіруге талпындыру керек емес пе? (Ефес. 4:32; Қол. 3:13).

Бізді ренжіткен адам үшін шын жүректен дұға етейік (17-абзацты қара)

17. Бауырласымыз ренжітіп қойса, кешірімді болуға не көмектеседі?

 17 Әрине, басқаларды кешіре салу оңай бола бермейді. Тіпті бірінші ғасырдағы майланған мәсіхшілердің кейбіріне араларындағы келіспеушіліктерді шешу оңайға соқпаған (Філіп. 4:2). Егер бауырласың сені ренжітіп қойса, кешірімді болуға не көмектеседі? Әйүпті еске алайық. Елифаз, Билдад және Зофар есімді доссымақтары оған негізсіз айып таққанда, бұл оның жанына батты (Әйүп 10:1; 19:2). Ақырында Ехоба бұл жалған айып тағушыларды түзетті. Құдай оларға Әйүпке барып, күнәлары үшін құрбандық шалуды бұйырды (Әйүп 42:7—9). Бірақ Ехоба Әйүпке де талап қойды. Қандай? Ол әлгі үш кісі үшін дұға ету керек еді. Әйүп солай етті, ал Ехоба оған кешірімділік танытқаны үшін батасын берді (Әйүп 42:10, 12, 16, 17 оқы). Бұл оқиғадан қандай сабақ аламыз? Бізді ренжіткен адам үшін шын жүректен дұға еткеніміз ренішті ұмытуға көмектеседі.

ЕХОБАНЫҢ АСЫЛ ҚАСИЕТТЕРІН БАРЫНША БАҒАЛАЙ БЕР

18, 19. Ехобаның асыл қасиеттерін бағалай түсу үшін не істеуіміз қажет?

18 Ехобаның керемет қасиеттері жайлы көбірек білу бізді бір сергітіп тастады. Біз оған еркін жақындай алатынымызды, оның ешкімді алаламайтынын, жомарт және иліккіш, әрі адал да кешірімшіл екенін білдік. Әрине, біздің Ехоба туралы білетінімізден білмейтініміз көп. Қуанышқа орай, біз оны мәңгілік бойы тани беретін боламыз (Уағ. 3:11). Біз елші Пауылдың: “О, неткен зор Құдайдың баталары! Неткен мол даналығы мен білімі! Үкімдеріне адам ақылы жетпес, жолдарын оның ешкім зерттеп бітпес!”— деген сөздерімен келісеміз, әрі Ехобаның сүйіспеншілігі мен осы мақалаларда қарастырылған алты қасиеті туралы да осылай айта аламыз (Рим. 11:33).

19 Бәріміз де Ехобаның асыл қасиеттерін әрі қарай да бағалай берейік! Бұл үшін біз оның қасиеттері туралы көбірек білгеніміз, олар туралы ой жүгірткеніміз және өз өмірімізде танытқанымыз жөн (Ефес. 5:1). Осылай еткен сайын, біздің де забур жыршысының келесі сөздеріне қосылатынымыз шүбәсіз: “Құдайға жақын болғаным қандай игі!” (Заб. 72:28).

^ абзац 7 Осыған қатысты пайдалы кеңестерді “Күзет мұнарасының” (ор.) 1995 жылдың 15 қаңтарындағы санының “Сен жақын арада кімді жігерлендірдің?” және 1995 жылдың 1 сәуіріндегі санының “Қалай сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыра аласың?” деген мақалалардан табуға болады.

^ абзац 14 “Иеһоваға жақында” кітабының 26-тарауы, 10-абзацын қара.