Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Адал да ақылды құл кім?”

“Адал да ақылды құл кім?”

“Қожайыны үйіндегі басқа құлдарға ас-суын уақтылы беріп тұруға тағайындаған адал да ақылды құл кім?” (МАТ. 24:45).

1, 2. Бүгінде Иса қандай арна арқылы бізді тамақтандыруда және осы арнаны білгеніміз неліктен өте маңызды?

“БАУЫРЛАСТАР, сендер дер кезінде тура маған қажетті мақалаларды шығарған кездерді санасам, сан жетпейді”. Бұл сөздерді бір әйел бауырлас дүниежүзілік бас басқармамызда қызмет ететін бауырластарға арнаған хатында жазған. Көбіміз оның сөздерімен келісетін шығармыз. Алайда біз бұндай жайтқа аса таңғалмаймыз.

2 Рухани ас-суды уақтылы алып отырғанымыз қауымның Басы Исаның өз уәдесінде тұрғанын дәлелдейді. Ол ас-суды кім арқылы беруде? Өзінің “осында болуының” белгісі жайлы сөзінде Иса үйдегі басқа құлдарға “ас-суын уақтылы беріп тұру” үшін, “адал да ақылды құлды” қолданатынын айтты * (Матай 24:45—47 оқы). Бұл адал құл — осы соңғы күндерде Иса шынайы ізбасарларын тамақтандыру үшін қолданатын арна. Осы адал құлдың кім екенін білгеніміз өте маңызды. Өйткені рухани күйіміз бен Құдаймен қарым-қатынасымыз осы арнаға тәуелді (Мат. 4:4; Жох. 17:3).

3. Адал құл жайлы мысал біздің әдебиеттерде қалай түсіндіріліп келді?

3 Олай болса, Исаның адал құл жайлы мысалын қалай түсінуіміз керек? Осыған дейін бұл біздің әдебиеттерде келесідей түсіндіріліп келді: Б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамында Иса адал құлды үйіндегі басқа құлдардың үстінен қарауға тағайындады. Құл сол кезден бастап жер бетінде кез келген уақытта өмір сүрген барлық майланған мәсіхшілердің тобын білдіреді. Үйдегі басқа құлдар жеке-жеке майланғандарды бейнелейді. 1919 жылы Иса адал құлды “бүкіл меншігіне”, яғни жерде Патшалықтың мүддесіне қатысы бар нәрсенің бәріне қараушы етіп тағайындады. Алайда әрі қарай да мұқият зерттеудің және дұға ете отырып ой жүгіртудің нәтижесінде, Исаның адал да ақылды құл жайлы айтқан сөздеріне қатысты түсінігімізді айқындай  түсу керектігі көрінді (Нақ. с. 4:18). Осы мысалды, сондай-ақ оның көкте және жерде өмір сүруге үміттенетін мәсіхшілерге қандай қатысы бар екенін қарастырайық.

БҰЛ МЫСАЛДАҒЫ ОҚИҒАЛАР ҚАШАН ОРЫНДАЛАДЫ?

4—6. Неліктен біз адал құл туралы мысал 1914 жылы соңғы күндер басталғаннан кейін орындала бастады деп тұжырымдай аламыз?

4 Мәнмәтінінен көрінетіндей, адал да ақылды құл туралы мысалдағы оқиғалар б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамында емес, осы заманның ақырында орындала бастаған. Жазбалардың көмегімен қалайша осындай тұжырымға келгенімізді көрейік.

5 Адал да ақылды құл туралы мысал “[Исаның] осында болуы мен осы заманның аяқталып қалғанын” білдіретін белгі туралы пайғамбарлықтың бір бөлігі болып табылады (Мат. 24:3). Бұл пайғамбарлықтың Матай 24:4—22 тармақтарда жазылған алғашқы бөлігі екі рет орындалмақ еді: Алдымен, б. з. 33 жылынан 70 жылына дейін, ал екінші рет, біздің күндерімізде әрі кеңірек көлемде. Бұл дегеніміз Исаның адал құл туралы сөздері де екі рет орындалады дегенді білдіре ме? Жоқ.

6 Матай 24:29-дан бастап, Иса негізінен біздің күндерімізде болатын оқиғалар туралы баяндаған (Матай 24:30, 42, 44 оқы). Зор алапаттың кезінде не болатынын айта келе, ол жұрттың “Адам Ұлының құдіретпен және салтанатты ұлылықпен бұлттарда келе жатқанын көретінін” айтқан. Сосын, соңғы күндерде өмір сүретін адамдарды сергектік сақтауға шақырып Иса: “Иелерің қай күні келетінін білмейсіңдер” және “Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді”,— деді *. Демек, Иса адал құл туралы мысалды соңғы күндерде болатын оқиғалар туралы баяндаған кезде айтты. Ендеше, біз оның адал құл туралы сөздері 1914 жылы соңғы күндер басталғаннан кейін ғана орындала бастады деп тұжырымдай аламыз. Бұл өте қисынды. Неге олай дейміз?

7. Орақ кезі басталғанда, қандай сұрақ туындады және неге?

7 Келесі сұрақ туралы ойланып көрейікші: “Адал да ақылды құл кім?” Бірінші ғасырда мұндай сұрақ ешкімде туындамаса керек. Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, кереметтер жасағанынан және керемет дарындарды өзгелерге бере алғандарынан елшілердің Құдайдың қолдауына ие екендері айқын көрінді (Ел. іс. 5:12). Сондықтан да ешкімде Мәсіхтің кімді басшылық етуге тағайындағаны жайлы сұрақ туындамаған. Алайда 1914 жылы жағдай мүлдем өзгеше еді. Сол жылы орақ кезі басталды. Арамшөпті бидайдан ажырататын уақыт ақыры келіп жетті (Мат. 13:36—43). Орақ кезі басталып жатқанда, келесідей маңызды сұрақ туындады: Исаның ізбасарларымыз деп жүрген жалған мәсіхшілер көбейіп кеткенде, бидай тәрізді шынайы майланған мәсіхшілерді қалай анықтауға болатын еді? Бұл сұраққа адал құл туралы мысал жауап берді: Мәсіхтің майланған ізбасарларын рухани тоқ жүргендерінен тануға болатын еді.

АДАЛ ДА АҚЫЛДЫ ҚҰЛ КІМ?

8. Не себепті адал құлдың майланған мәсіхшілерден құралғаны орынды?

8 Адал құл жердегі майланған мәсіхшілерден құралу қажет. Олар “патша әрі діни қызметкерлер” деп аталған және оларға “өздерін түнектен тамаша жарығына шақырғанның керемет қасиеттерін барлық жерде жариялау” тапсырылған болатын (Пет. 1-х. 2:9). Сондықтан осы “патша әрі діни қызметкерлердің” өз бауырластарына шындықты үйретуге тікелей атсалысқандары орынды-ақ (Малх. 2:7; Аян 12:17).

9. Майланған мәсіхшілердің барлығы адал құлға жата ма? Түсіндір.

 9 Жердегі майланған мәсіхшілердің барлығы адал құлға жата ма? Жоқ. Өйткені майланған мәсіхшілердің бәрі бірдей дүниежүзіндегі бауырластарға рухани ас-су беру ісіне атсалыспайды. Бидайға жататын майланған ер бауырластардың кейбірі өз қауымдарында қызмет көмекшісі не ақсақал болып қызмет етеді. Олар үйме-үй уағыздайды, қауымда тәлім береді және бас басқармадан келетін басшылықты адал ұстанады. Дегенмен олар дүниежүзіндегі бауырластарға рухани ас-суды беруге атсалыспайды. Сондай-ақ майланғандардың арасында кішіпейіл әйел бауырластар да бар. Ал олар ешқашан қауымда тәлімгердің міндетін атқаруға тырыспайды (Қор. 1-х. 11:3; 14:34).

10. Адал да ақылды құл кім?

10 Адал да ақылды құлдың сонда кім болғаны? Иса аздың қолымен көпті тамақтандырғанын ескерсек, адал құл — Мәсіхтің осында болатын уақытында, рухани ас-суды дайындап, үлестіруге тікелей қатысатын майланған ер бауырластардың кішігірім тобы. Соңғы күндер бойы адал құлды құрайтын ер бауырластар бірге бас басқармада қызмет етуде. Ал соңғы онжылдықтарда бұл құл Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі ретінде белгілі. Сондай-ақ байқасақ, адал құл бірнеше адамнан тұрса да, Исаның мысалында ол бір құл ретінде сипатталған. Демек, Басқарушы кеңес шешімдерді бірлесе қабылдайды.

ҮЙДЕГІ БАСҚА ҚҰЛДАР ДЕГЕН КІМДЕР?

11, 12. а) Исаның мысалында адал да ақылды құл қандай екі жауапкершілікке тағайындалады? ә) Иса қашан және кімді үйіндегі басқа құлдардың үстінен қараушы етіп тағайындады?

11 Көңіл қоярлық тағы бір жайт, Исаның мысалында адал да ақылды құл екі түрлі жауапкершілікке тағайындалады. Біріншісі — үйіндегі басқа құлдарға, ал екіншісі — қожайынның бүкіл меншігіне қарау. Бұл мысал тек осы заманның ақырында орындалу керек болғандықтан, бұл екі тағайындалу да 1914 жылы басталған Исаның патша ретінде осында болуынан кейін болмақ еді.

12 Иса адал құлды үйіндегі басқа құлдарға қараушы етіп қашан тағайындады? Бұл сұрақтың жауабын алу үшін, орақ кезі басталған 1914 жылға қайта оралайық. Жоғарыда талқылағанымыздай,  ол кезде көптеген топ өздерін мәсіхшілерміз деп жүрді. Иса қай топтың ішінен адал құлды таңдап алып, тағайындамақ еді? Бұл сұрақтың жауабы 1914 жылдан 1919 жылдың басына дейінгі аралықта Иса Әкесімен бірге ғибадатхананы, яғни ғибадат етуге арналған рухани құрылымды тексеруге келген соң берілді * (Малх. 3:1). Ехоба мен Иса адал “Киелі кітап зерттеушілерінің” шағын тобының Құдай мен оның Сөзіне деген шынайы сүйіспеншілігін көріп қуанды. Әрине, оларды біраз тазарту керек болды, бірақ олар қысқа уақытқа созылған тексеру мен түзетуді кішіпейілділікпен қабылдады (Малх. 3:2—4). Осы адал “Киелі кітап зерттеушілері” бидай тәрізді шынайы мәсіхшілер еді. 1919 жылы болған рухани жаңару кезінде Иса олардың арасынан лайықты майланған ер бауырластарды адал да ақылды құл болуға таңдап алып, үйіндегі басқа құлдардың үстінен қараушы етіп тағайындады.

13. Үйдегі басқа құлдарға кімдер кіреді және неге?

13 Ал үйіндегі басқа құлдар деген кімдер? Бір сөзбен айтқанда, оларға рухани тамақты қабылдайтындардың бәрі жатады. Соңғы күндердің басында, үйдегі басқа құлдардың бәрі майланғандар болды. Кейінірек үйдегі басқа құлдарға ұлы жамағатты құрайтын басқа қойлар кіре бастады. Қазір басқа қойлар Мәсіхтің жетелеуіндегі “біртұтас отардың” басым бөлігін құрайды (Жох. 10:16). Екі топ та адал құл уақтылы үлестіретін бірдей рухани ас-судың пайдасын көруде. Ал бүгінде адал да ақылды құлды құрайтын Басқарушы кеңестің мүшелері жайлы не деуге болады? Оларға да рухани ас-су қабылдау қажет. Сондықтан олар өздерінің жеке тұлға ретінде Исаның өзге шынайы ізбасарлары сияқты үйдегі басқа құлдар болып табылатындарын кішіпейілділікпен мойындайды.

Көктегі не жердегі өмірге үміттенбейік, бәріміз де үйдегі басқа құлдарға жатамыз әрі уақтылы үлестірілетін бірдей рухани ас-суға мұқтажбыз

14. а) Адал құлға қандай іс тапсырылған және бұған не кіреді? ә) Иса адал да ақылды құлға қандай ескерту айтты? (“Алайда құл зұлым болса...” деген қоршауды қара).

14 Иса адал да ақылды құлға маңызды жауапкершілік тапсырған. Киелі кітап заманында, сенімді құл не қызметші үй басқарушысы болатын (Лұқа 12:42). Сондықтан адал да ақылды құлға Құдайдың қызметшілерін басқару жауапкершілігі жүктелген. Бұл жауапкершілікке дүние-мүлікті, уағыздау ісін, конгресс бағдарламаларын,  қызметте, жеке және қауымда қолдануға арналған Киелі кітапқа негізделген әдебиеттердің басып шығарылуын қадағалау жатады. Үйдегі басқа құлдар осы адал құл үлестіретін барлық рухани ас-суға тәуелді.

ҚҰЛ ҚОЖАЙЫННЫҢ БҮКІЛ МЕНШІГІНЕ ҚАРАУШЫ ЕТІП ҚАШАН ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ?

15, 16. Иса адал құлды бүкіл меншігіне қараушы етіп қашан тағайындайды?

15 Иса адал құлды екінші жауапкершілікке, яғни “бүкіл меншігіне қарауға” қашан тағайындамақ еді? Ол былай деді: “Қожайыны қайтып келгенде, оның солай істеп жүргенін көрсе, сол құл бақытты! Сендерге шындығын айтамын, ол оны бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындайды” (Мат. 24:46, 47). Байқасақ, Иса өзі келіп, құлдың “солай істеп жүргенін”, яғни рухани ас-суды адалдықпен үлестіріп жүргенін көрген соң ғана оны екінші жауапкершілікке тағайындайды. Демек, бұл екі тағайындаудың арасында белгілі бір уақыт өту керек. Иса құлды қалай және қашан бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындайтынын білу үшін, бізге келесі екі нәрсені анықтап алу керек: ол қашан келеді және оның меншігіне не жатады?

16 Иса қашан келеді? Мұның жауабын мәнмәтіннен білеміз. Есімізде болса, Исаның “келуі” жайлы айтылған алдыңғы тармақтарда бұл сөз оның осы заманның ақырында адамзатқа үкім шығарып, оны жүзеге асыруға келетін уақытына нұсқайды * (Мат. 24:30, 42, 44). Олай болса, адал құл жайлы мысалдағы Исаның “келуі” зор алапаттың кезінде орын алатын болады.

17. Исаның меншігіне не кіреді?

17 Исаның “бүкіл меншігіне” не жатады? Иса өз меншігінің тек жердегі  нәрселермен шектелетінін айтқан жоқ. Исаның көкте де зор билігі бар ғой. Ол өзі жайлы: “Маған көк пен жердегі барлық билік берілген”,— деді (Мат. 28:18; Ефес. 1:20—23). Қазір оның меншігіне өзіне 1914 жылдан бері тиесілі Патшалығы кіреді әрі ол ондағы билігін майланған ізбасарларымен бөлісетін болады (Аян 11:15).

18. Неліктен Иса адал құлды бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындауға қуанышты болады?

18 Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, қандай тұжырымға келеміз? Зор алапаттың кезінде сот жүргізуге келгенде, Иса адал құлдың үйдегі басқа құлдарға рухани ас-суды уақтылы беріп жүргенін көреді. Сонда Иса оны қуана-қуана бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындайды. Адал құлды құрайтын адамдар осы екінші жауапкершілікке көктегі сыйларын алып, Мәсіхпен бірге патша болғанда тағайындалады.

19. Адал да ақылды құлды құрайтын бауырластар көкке барғанда, басқа майланғандарға қарағанда көбірек сый ала ма? Түсіндір.

19 Адал да ақылды құлды құрайтын бауырластар көкке барғанда, басқа майланғандарға қарағанда көбірек сый ала ма? Жоқ. Мұны түсіну үшін келесі жайтты қарастырайық. Өлер алдындағы түні Иса 11 адал елшісіне өзімен бірге патша болатындарын уәде етті (Лұқа 22:28—30 оқы). Бірақ жылдар өте, Иса 144 000-ның барлығы онымен бірге тақта отырып, билік ететінін айтқан (Аян 1:1; 3:21). Демек, елшілердің кішігірім тобына уәде етілген сыйға майланғандардың барлығы ие болады. Сол сияқты, Матай 24:47-де Иса бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындайтынын кішігірім топқа, яғни адал да ақылды құлды құрайтын майланған ер бауырластарға уәде етсе де, сайып келгенде, көктегі зор билікке 144 000-ның барлығы да ие болады (Аян 20:4, 6).

144 000-ның барлығы да Исамен бірге көктегі зор билікке ие болады (19-абзацты қара)

20. Иса адал да ақылды құлды не үшін тағайындаған және біз не істей бергіміз келеді?

20 Адал да ақылды құлды қолданып, Иса бірінші ғасырдағыдай аздың қолымен көпті тамақтандыруда. Иса адал да ақылды құлды шынайы ізбасарларына — майланғандар мен басқа қойларға — соңғы күндерде рухани ас-суды уақтылы беріп отыруға тағайындады. Олай болса, адал да ақылды құрайтын майланған ер бауырластарды адалдықпен қолдау арқылы осы құрылым үшін ризашылығымызды білдіре берейік (Евр. 13:7, 17).

 

^ абзац 2 2-абзац: Осыдан бұрын Иса осыған ұқсас мысалда “құлды” “басқарушы”, ал “үйіндегі басқа құлдарды” “басқа қызметшілер” деп атаған (Лұқа 12:42—44).

^ абзац 6 6-абзац: Мәсіхтің “келуі” (грекше eрхомаи) мен оның “осында болуы” (парусия) екі бөлек нәрсе. Оның көзге көрінбей осында болуы сот жүргізуге келетін кезінен бұрын басталмақ еді.

^ абзац 12 12-абзац: Осы сандағы “Мен осы заманның ақырына дейін әр күні сендермен біргемін” деген мақаланың 10—12 беттеріндегі 5—8 абзацтарын қара.

^ абзац 16 16-абзац: Осы сандағы “Айтшы, бұл қашан болады?” деген мақаланың 7, 8-беттеріндегі 14—18 абзацтарын қара.