Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Айтшы, бұл қашан болады?”

“Айтшы, бұл қашан болады?”

“Сенің осында болуың мен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?” (МАТ. 24:3).

1. Елшілер сияқты біз де нені білгіміз келеді?

ИСАНЫҢ жердегі қызметі аяқталып қалған кезде, шәкірттері болашақта не болатынын білгісі келді. Сондықтан Исаның өлімге кесілуіне бірнеше күн қалғанда, төрт елшісі одан: “Айтшы, бұл қашан болады? Сенің осында болуың мен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады (Мат. 24:3; Мар. 13:3). Сонда ол көптеген көңіл қоярлық жайттан тұратын пайғамбарлықты айтып берді. Бұл пайғамбарлық Матай кітабының 24, 25-тарауларында жазылған. Исаның сөздері бізді қатты қызықтырады, өйткені біз де болашақта не болатынын білгіміз келеді.

2. а) Көптеген жыл бойы жүргізілген зерттеудің нәтижесінде біз нені жақсырақ түсіндік? ә) Біз қандай үш сұрақты қарастырамыз?

2 Ехобаның қызметшілері көптеген жыл бойы Исаның соңғы күндерге қатысты пайғамбарлығын дұға ете отырып зерттеп келген. Олар Исаның алдын ала айтып кеткен оқиғалары қашан болатынын жақсырақ түсінуге тырысты. Осыған қатысты түсінігіміз қалайша молая түскенін білу үшін, үш сұрақты қарастырайық. “Зор алапат” қашан басталады? Иса “қойлар” мен “серкелерді” қашан соттайды? Иса қашан “келеді”? (Мат. 24:21; 25:31—33).

ЗОР АЛАПАТ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?

3. Бұрынырақ зор алапаттың болатын уақытына қатысты түсінігіміз қандай болды?

3 Біз жылдар бойы зор алапат 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыспен басталды деп, ал майланғандардың тамтығы ізгі хабарды барлық халықтарға уағыздай алу үшін, 1918 жылы соғыс аяқталғанда Ехоба “сол күндерді қысқартты” деп ойлап келдік (Мат. 24:21, 22). Ал уағыз ісі аяқталған соң, Шайтанның билігі құрдымға кетеді деп пайымдағанбыз. Осылайша зор алапат келесідей үш бөліктен тұрады деп есептелетін: оның бастамасы (1914—1918 жылдар), зор алапаттың уақытша тоқтатылуы (1918-ден бері  қарай) және оның Армагеддонмен аяқталуы.

4. Нені түсінгеніміздің арқасында Исаның соңғы күндерге қатысты пайғамбарлығы айқындала түсті?

4 Алайда әрі қарай зерттей келе біз Исаның соңғы күндерге қатысты пайғамбарлығының кейбір бөліктері екі рет орындалатынын түсіндік (Мат. 24:4—22). Бұл пайғамбарлық алдымен б. з. І ғасырында Яһудеяда орындалды және біздің күнімізде бүкіл жер бетінде орындалып жатыр. Осыны түсінгеніміздің арқасында тағы бірнеше жайт айқындала түсті *.

5. а) 1914 жылы қандай кезең басталды? ә) “Толғақ азабы іспетті ауыр кезеңге” қатысты пайғамбарлық сөздер б. з. І ғасырының қай жылдарына сәйкес келеді?

5 Сонымен қатар біз зор алапаттың 1914 жылы басталмағанын ұғындық. Неге біз ондай тұжырымға келдік? Өйткені Киелі кітап пайғамбарлығынан көрінетіндей, зор алапат халықтар арасындағы соғыстан емес, жалған дінге қарсы шабуылдан басталады. Демек, 1914 жылы бастау алған оқиғалар зор алапаттың емес, “толғақ азабы іспетті ауыр кезеңнің” бастамасы (Мат. 24:8). Бұл “толғақ азабы іспетті ауыр кезеңге” қатысты пайғамбарлық сөздер Иерусалим мен Яһудеяда б. з. 33—66 жылдары орын алған жайттарға сәйкес келеді.

6. Зор алапат неден басталады?

6 Зор алапат неден басталады? Иса былай деген: “Даниял пайғамбардың айтқанына сай, қаңыратып бос қалдыратын жеркенішті нәрсенің қасиетті орында тұрғанын көргенде (оқыған адамға мұны түсіну үшін қырағылық қажет), Яһудеядағылар тауларға қашсын” (Мат. 24:15, 16). Бұл сөздер бірінші рет б. з. 66 жылы Рим әскері (“жеркенішті нәрсе”) Иерусалим мен ғибадатханаға (яһудилер үшін қасиетті орынға) шабуыл жасағанда орындалды. Ал екінші рет әрі үлкен көлемде бұл пайғамбарлық Біріккен Ұлттар Ұйымы  (бүгіндегі “жеркенішті нәрсе”) жалған мәсіхшілердің шіркеулеріне (мәсіхшісымақ адамдар үшін қасиетті нәрсеге) және Ұлы Бабылдың қалған бөлігіне шабуылдағанда орындалмақ. Бұл шабуыл Аян 17:16—18 тармақтарда да сипатталған. Зор алапат, міне, осыдан басталмақ.

7. а) Бірінші ғасырда кімдер және қалай аман қалды? ә) Болашақта нені күте аламыз?

7 Иса “сол күндердің қысқартылатынын” айтқан. Бұл пайғамбарлық бірінші рет б. з. 66 жылы Рим әскері кейін шегініп, шабуылын “қысқартқанда”, яғни уақытша тоқтатқанда орындалды. Сол кезде Иерусалим мен Яһудеядағы майланған мәсіхшілер “аман қалу” үшін қашып кетті (Матай 24:22 оқы; Малх. 3:17). Олай болса, біз келе жатқан зор алапаттың кезінде не болады деп күте аламыз? Ехоба шынайы дін жалған діндермен бірге жойылып кетпеу үшін, Біріккен Ұлттар Ұйымының жалған дін атаулыға қарсы шабуылын “қысқартады”. Осылайша Құдай халқы міндетті түрде аман қалады.

8. а) Зор алапаттың бастапқы бөлігінен кейін қандай жайттар орын алмақ? ә) Қай кезде 144 000-ның соңғы мүшесі көктегі сыйын алатын көрінеді? (Қосымша мәліметті қара).

 8 Зор алапаттың бастапқы бөлігінен кейін қандай оқиғалар орын алмақ? Исаның сөздерінен көрінетіндей, Армагеддонға дейін белгілі бір уақыт өту керек. Сол кезеңде қандай оқиғалар болмақ? Мұны біз Езекиел 38:14—16 және Матай 24:29—31 (оқы) тармақтардан білеміз *. Содан кейін біз зор алапаттың шарықтау шегі — Армагеддон соғысының куәсі боламыз. Бұл шайқас б. з. 70 жылындағы Иерусалимнің жойылуына сәйкес келеді (Малх. 4:1). Алдағы зор алапат, оның шарықтау шегі Армагеддонды қоса алғанда, “дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған және қайтып қайталанбайтын” ерекше оқиға болмақ (Мат. 24:21). Ол біткен соң, Мәсіхтің мыңжылдық билігі басталады.

9. Исаның зор алапатқа қатысты пайғамбарлығы бізді қандай сезімге бөлейді?

 9 Зор алапат туралы осы пайғамбарлық бізге жігер береді. Неліктен? Өйткені бұл бізді қандай қиындықтар болмасын, Ехобаның халқы зор алапаттан аман өтетініне сендіреді (Аян 7:9, 14). Бәрінен бұрын біз Армагеддонда Ехобаның билігінің ақталып, киелі есімінің қастерленетініне қуаныштымыз (Заб. 82:18; Езек. 38:23 ЖД).

ИСА ҚОЙЛАР МЕН СЕРКЕЛЕРДІ ҚАШАН СОТТАЙДЫ?

10. Бұрында қойлар мен серкелер қашан ажыратылады деп ойладық?

10 Енді Исаның пайғамбарлығының басқа бір бөлігінің — қойлар мен серкелерге үкім шығаратыны туралы астарлы әңгіменің — қашан орындалатынын қарастырайық (Мат. 25:31—46). Ертеректе біз адамдар 1914 жылдан бастап, бүкіл соңғы күндер барысында қойлар мен серкелерге бөлінеді деп ойладық. Сондай-ақ Патшалық хабарынан бас тартып, зор алапат басталмай тұрып қайтыс болған адамдар серкелер ретінде өліп, қайта тірілуге деген үміті болмайды деп тұжырымдағанбыз.

11. Неліктен адамдарды қойлар мен серкелерге бөлу 1914 жылы басталуы мүмкін емес?

11 1995 жылы шыққан “Күзет мұнарасында” Матай 25:31 қайта қарастырылды. Онда былай делінді: “Ұлылыққа бөленген Адам Ұлы періштелерімен бірге келген кезде, салтанатты тағына отырады”. Осы журналда Иса 1914 жылы патша болғанымен, “барлық халықтарды” соттау үшін “салтанатты тағына отырмағаны” жазылған (Мат. 25:32; Даниял 7:13 салыстыр). Алайда қойлар мен серкелер жайлы астарлы әңгімеде Иса бірінші кезекте Соттаушы ретінде сипатталады (Матай 25:31—34, 41, 46 оқы). Иса 1914 жылы әлі барлық халықтардың Соттаушысы болмағандықтан, оның адамдарды қойлар мен серкелерге бөліп, үкім шығаруы да сол жылы басталуы мүмкін емес *. Олай болса, Исаның соты қашан басталмақ?

12. а) Иса қашан алғаш рет барлық халықтарды Соттаушы ретінде әрекет етеді? ә) Матай 24:30, 31 мен Матай 25:31—33, 46-да қандай оқиғалар сипатталған?

12 Исаның соңғы күндерге қатысты пайғамбарлығынан көрінетіндей, жалған діндер жойылған соң, ол алғаш рет барлық халықтарды Соттаушы ретінде әрекет етеді.  8-абзацта айтылғандай, сол кезде болатын жайттардың кейбірі Матай 24:30, 31-де жазылып кеткен. Осы тармақтарды қарастыра келе, Иса алдын ала айтып кеткен оқиғалар қойлар мен серкелер жайлы астарлы әңгімедегі оқиғаларға ұқсайтынын байқауға болады. Мысалы: Адам Ұлы салтанатты ұлылықпен және періштелермен келеді; жер бетіндегі барлық ұлттар жиналады; қойлар “бастарын көтереді”, себебі оларды “мәңгілік өмір” күтіп тұр *. Ал серкелер “өздерін ұрғылап зар еңірейді”, өйткені өздерінің “мәңгілікке жойылатынын” білетін болады (Мат. 25:31—33, 46).

13. а) Қашан Иса адамдарды қойлар мен серкелерге бөліп, соттайтын болады? ә) Бұл түсінік қызметімізге деген көзқарасымызға қалай әсер етеді?

13 Сөйтіп, біз қандай тұжырым жасай аламыз? Иса зор алапат кезінде келгенде, барлық халықтарды қойлар мен серкелерге бөліп, соттайды. Содан кейін, зор алапаттың шарықтау шегі Армагеддон шайқасында серке іспеттілер мәңгілікке жойылады. Осы түсінік қызметімізге деген көзқарасымызға қалай әсер етеді? Бұл уағыздау ісінің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға көмектеседі. Зор алапат басталғанға дейін, адамдардың әлі де ойларын өзгертіп, “өмірге апаратын” тар жолға түсуге уақыттары бар (Мат. 7:13, 14). Әрине, адамдар қазірден бастап қой не серке іспетті көзқарас танытуы мүмкін. Десе де кімнің қой, кімнің серке екені  тек зор алапат кезінде біржолата анықталатынын ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан бізде мүмкіндігінше көп адамға Патшалық хабарын тыңдап, құлақ асуларына мүмкіндік беруге келелі себеп бар.

Зор алапат басталғанша адамдарда көзқарастарын өзгертуге мүмкіндік болады (13-абзацты қара)

ИСА ҚАШАН КЕЛЕДІ?

14, 15. Қай төрт жазба орны Мәсіхтің болашақта Соттаушы ретінде келетініне нұсқайды?

 14 Исаның пайғамбарлығын әрі қарай зерттеп, біз басқа да көңіл қоярлық жайттардың болатын уақытына қатысты түсінігімізді өзгерту қажет деп таптық. Бұған аталмыш пайғамбарлықтың өзі себеп болды. Осыны қарастырып көрейік.

15 Матай 24:29—25:46 тармақтарда жазылған пайғамбарлықтың бөлігінде Иса осы соңғы күндер мен алдағы зор алапатта не болатынына баса назар аударған. Онда Иса сегіз рет өзінің “келуі” не қайтып келуі жайлы айтқан *. Ол зор алапатқа қатысты былай деген: “Олар Адам Ұлының... бұлттарда келе жатқанын көреді”. “Иелерің қай күні келетінін білмейсіңдер”. “Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді”. Сондай-ақ қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімесінде Иса: “Ұлылыққа бөленген Адам Ұлы періштелерімен бірге келеді”,— деді (Мат. 24:30, 42, 44; 25:31). Бұл төрт жазба орнының бәрі де Мәсіхтің болашақта Соттаушы ретінде келуіне нұсқайды. Ал енді Исаның келуі туралы айтылатын қалған төрт жазба орнын қарастырып көрейік.

16. Тағы қай жазба орындарында Исаның келуі туралы айтылады?

16 Адал да ақылды құлға қатысты Иса: “Қожайыны қайтып келгенде, оның солай істеп жүргенін көрсе, сол құл бақытты!”— деді. Он қыз туралы астарлы әңгімесінде ол: “Олар май сатып алуға кеткенде, күйеу жігіт келеді”— деген. Күміс ақша туралы мысалында Иса: “Арада көп уақыт өткен соң қожайыны келіп, құлдарынан есеп беруді талап етеді”,— деп айтты. Сондай-ақ осы мысалда қожайын: “Қайтып келгенімде, өзімдікін өсімімен қайтарып алатын едім”,— дейді (Мат. 24:46; 25:10, 19, 27). Исаның келуі туралы осы төрт жазба орны қай уақытқа нұсқайды?

17. Матай 24:46-да айтылған Исаның келуі туралы бұрын не деген едік?

17 Бұрын біз әдебиеттерімізде осы  соңғы төрт жазба орны Исаның 1918 жылғы келуіне нұсқайды деп жазғанбыз. Мысал үшін Исаның “адал да ақылды құлға” қатысты сөздерін алайық (Матай 24:45—47 оқы). Осы тараудың 46-тармағында айтылған қожайынның “келуі” Исаның 1918 жылы майланғандардың рухани күйін тексеруге келген уақытына нұсқайды деп есептейтінбіз, ал 1919 жылы Қожайын адал құлды бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындады деп санайтынбыз (Малх. 3:1). Алайда Исаның пайғамбарлығын тереңірек зерттей келе, біз бұл пайғамбарлықтың белгілі бір тұстарына қатысты түсінігімізді өзгертуіміз керектігіне көзіміз жетті. Неліктен?

18. Исаның пайғамбарлығын толықтай қарастырғанымыздың арқасында оның келуіне қатысты қандай тұжырымға келеміз?

18 Матай 24:46-ның алдындағы тармақтарда “келу” сөзі бірізділікпен Исаның зор алапат кезінде үкім шығарып, жүзеге асыратын уақытына нұсқайды (Мат. 24:30, 42, 44). Сондай-ақ 12-абзацта қарастырғанымыздай, Матай 25:31-дегі Адам Ұлының “келуі” де тура осы болашақтағы сот кезеңіне нұсқайды. Демек, Матай 24:46, 47-дегі Исаның адал құлды бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындау үшін келуі де оның болашақта зор алапат кезіндегі келуіне нұсқайды деп тұжырымдауға негіз бар *. Иә, Исаның пайғамбарлығын толықтай қарастырудың нәтижесінде, оның келуіне қатысты сегіз жазба орнының бәрі де Исаның болашақта зор алапат кезінде соттауға келетін уақытына сілтейтіні анық болды.

19. Біз қандай жаңа түсініктерді қарастырдық және келесі мақалаларда қандай сұрақтарды қарастырамыз?

19 Сонымен біз не білдік? Осы мақаланың басында біз үш сұрақ көтердік. Алдымен біз зор алапат 1914 жылы емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы Ұлы Бабылға шабуыл жасағанда басталатынын білдік. Сосын біз Иса 1914 жылы қойлар мен серкелерге үкім шығаруды бастамады, қайта, оларды зор алапаттың кезінде соттайды деп түйіндеуге қандай негіз бар екенін қарастырдық. Ал соңында біз Иса адал құлды бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындауға келуі неліктен 1919 жылы емес, зор алапаттың кезінде болады деп тұжырымдауға болатынын білдік. Сонымен біз талқылаған үш сұрақтың жауабы болашақтағы бір кезеңге — зор алапатқа нұсқайды. Түсінігіміздің осылайша өзгергені адал құл туралы мысалға қатысты түсінігімізге қалай әсер етеді? Сондай-ақ бұл жаңа түсінік Исаның осы соңғы күндері орындалып жатқан астарлы әңгімелеріне, яки мысалдарына қатысты түсінігімізге қандай өзгерістер енгізуді талап етеді? Осы маңызды сұрақтар келесі мақалаларда қарастырылады.

 

^ абзац 4 4-абзац: Көбірек мәлімет алу үшін, “Күзет мұнарасының” (ор.) 1994 жылдың 15 ақпанындағы санының 8—21 беттерін және 1999 жылдың 1 мамырындағы санының 8—20 беттерін қара.

^ абзац 8 8-абзац: Осы тармақтарда сипатталған оқиғалардың тағы бірі — “таңдап алынғандардың жинап алынуы” (Мат. 24:31). Соған қарағанда, зор алапаттың бірінші бөлігі аяқталған соң, әлі де жер бетінде өмір сүріп жатқан майланғандардың барлығы Армагеддон басталмас бұрын белгілі бір уақытта көкке баратын көрінеді. Бұл жаңа түсінік “Күзет мұнарасының” (ор.) 1990 жылдың 15 тамызындағы санының 30-бетіндегі “Оқырман сауалдары” айдарында жазылған мәліметке өзгеріс енгізеді.

^ абзац 11 11-абзац: “Күзет мұнарасының” (ор.) 1995 жылдың 15 қазанындағы санының 18—28 беттерін қара.

^ абзац 12 12-абзац: Осы оқиғаға қатысты Лұқа 21:28-де не делінгенін қара.

^ абзац 15 15-абзац: Киелі кітапта “келу” және “қайтып келу” сөздері ерхомаи деген бір грек етістігінен аударылған.

^ абзац 18 18-абзац: Жоғарыда айтылып кеткендей, Матай 24:30, 42, 44-те “келе жатқанын”, “келетінін” және “келеді” деп аударылған грек сөзі де, Матай 24:46-дағы “қайтып келгенде” деп аударылған грек сөзі де бір грек етістігінің түрлері болып табылады.