Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба сендерді қасиетті етті

Ехоба сендерді қасиетті етті

“[Сендер] тазардыңдар, қасиетті болдыңдар” (ҚОР. 1-Х. 6:11).

1. Нехемия Иерусалимге қайтып келгенде, қандай сұмдық жайттардың куәсі болды? (Осы беттегі суретті қара.)

БҰЛ Нехемияның Иерусалимге екінші рет қайтып келген кезі еді. Б. з. б. 443 жылдан бері біршама уақыт өтті. Қаланың тұрғындары дүрлігіп жүр. Не себепті? Шынайы ғибадатқа қарсылық білдірген бір шетелдік ғибадатхананың бөлмесіне жайғасып алыпты. Ал леуіліктер өз қызметтерін тастап кетіп қалған. Демалыс күні ақсақалдар ғибадат ісінде халыққа басшылық берудің орнына сауда жасап жүр. Көптеген исраилдіктер басқа халықтармен қыз алысып, қыз берісіп жатты. Бұл Нехемия куә болған сұмдықтардың кейбірі ғана еді (Нех. 13:6).

2. Исраилдіктер қалай қасиетті халық болды?

2 Исраилдіктер Құдайға бағышталған халық болатын. Б. з. б. 1513 жылы олар Ехобаның еркін орындауды қатты қалайтындарын көрсетіп, бір ауыздан: “Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындаймыз!”— деген еді (Мыс. ш. 24:3). Сонда Құдай оларды өзге ұлттардан бөлектеп, өзінің қасиетті халқы етті. Ал қырық жылдан кейін Мұса осыны тағы да исраилдіктердің есіне салып: “Сендер Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті халықсыңдар. Ол жер бетіндегі барлық халықтардың ішінен сендерді Өзінің халқы және ерекше құнды меншігі болуға таңдап алған”,— деді (Заң. қ. 7:6). Олар қандай зор мәртебеге ие болды десеңші!

3. Нехемия Иерусалимге екінші рет келгенде, яһудилердің рухани күйі қандай болды?

3 Өкінішке қарай, исраилдіктердің қасиетті халық болуға деген ықыластары ұзаққа созылмады. Яһудилердің арасында Құдайдың еркін орындаған адамдар әрқашан болғанмен, исраилдіктердің көбісі сырт көзге ғана Құдайға шын берілген қасиетті халық болып көрінуге тырысатын. Нехемия Иерусалимге екінші рет қайтып келгенде, исраилдіктердің адал тамтығының шынайы ғибадатты қалпына келтіру мақсатымен Бабылдан қайтып келгеніне жүз жылдай уақыт өткен еді. Бірақ олардың рухани істерге деген құлшыныстары бәсеңдей бастаған болатын.

4. Қасиетті болып қалуға көмектесетін қандай жайттарды қарастырамыз?

4 Құдай біздің күнімізде Ехоба куәгерлерін өзінің  қасиетті халқы етті. Майланған мәсіхшілер де, “ұлы жамағат” та қасиетті. Олар қасиетті қызметті атқаруға бөлініп алынды (Аян 7:9, 14, 15; Қор. 1-х. 6:11). Ешқайсысымыз да исраилдіктер сияқты Құдайдың ықыласынан айырылып қалғымыз келмесі анық. Ендеше, Құдайдың көзінде қасиетті болып қалып, қызметімізді әрі қарай да адал атқара беруге бізге не көмектеседі? Осы мақалада Нехемия кітабының 13-тарауындағы төрт жайтты қарастырамыз: 1) жаман ортадан аулақ болу; 2) теократиялық шараларды қолдау; 3) рухани істерді басты орынға қою; 4) мәсіхшілік болмысты сақтау. Қазір әрқайсысына жеке тоқталайық.

ЖАМАН ОРТАДАН АУЛАҚ БОЛ

Нехемия Ехобаға адал екенін қалай көрсетті? (5, 6-абзацтарды қара)

5, 6. Елияшип пен Тобиях деген кімдер және Елияшип Тобияхпен не себепті жақын араласқан дей аламыз?

5 Нехемия 13:4—9 оқы. Айналамыздағы адамдар бізге жаман әсер етуі мүмкін, сондықтан қасиетті болып қалу әрдайым оңай бола бермейді. Елияшип пен Тобияхтың мысалын қарастырайық. Елияшип бас діни қызметкер, ал Тобиях аммондық еді. Тобиях Яһудеядағы парсы әкімшілігінде кішігірім қызмет атқарған көрінеді. Ол басқа сыбайластарымен бірге Нехемияның Иерусалимнің қабырғасын қайта тұрғызуға қатысты шараларына қарсылық білдірген болатын (Нех. 2:10). Таурат заңы бойынша, аммондықтарға ғибадатханаға аяқ басып кіруге болмайтын (Заң. қ. 23:3). Ендеше, бас діни қызметкер аммондық Тобияхқа ғибадатхананың ас бөлмесінен не үшін орын бөліп берген?

6 Тобиях Елияшиптің жақын араласқан адамдарының бірі болған. Тобиях та, оның ұлы Жоханан да яһуди әйелдеріне үйленген әрі көп яһудилер Тобиях жайлы жақсы пікірде еді (Нех. 6:17—19). Сондай-ақ Елияшиптің немерелерінің бірі Самарияның әміршісі Санбаллаттың қызына үйленген, ал Санбаллат Тобияхтың жақын достарының бірі болған (Нех. 13:28). Олардың арасындағы осындай байланысқа қарап, бас діни қызметкер Елияшиптің шынайы ғибадатқа қарсылық білдірген адамға не себепті көнгенін түсінуге болатын сияқты. Алайда Нехемия Тобияхтың барлық дүние-мүлкін ас бөлмеден лақтырып тастап, Ехобаға адалдық танытты.

7. Ақсақалдар және басқалар Ехобаның көзінде қасиетті болып қалу үшін не нәрсеге жол бермейді?

7 Ехобаның бағышталған халқы ретінде біз бірінші кезекте оған адал болуымыз керек. Бұл үшін оның әділ талаптарын берік ұстанып, туыстық қарым-қатынастың Киелі кітап принциптерінен маңыздырақ болып кетуіне жол бермеуіміз керек. Мәсіхші ақсақалдар өз ойлары мен сезімдеріне емес, Ехобаның басшылығына жүгінуге тырысады (Тім. 1-х. 5:21). Олар Ехобаның алдындағы жақсатынан айыратын кез келген нәрседен аулақ болуға барынша тырысады (Тім. 1-х. 2:8).

8. Ехобаның барлық бағышталған қызметшілері араласатын ортаға қатысты нені есте ұстағандары жөн?

8 “Жаман ортаның жақсы әдеттен айыратынын” ешқашан естен шығармағанымыз жөн (Қор. 1-х. 15:33). Мысалы, туыстардың бәрі бірдей жақсы орта болмауы мүмкін. Кезінде Елияшип Иерусалимнің қабырғасын қалпына келтіру ісін бастаған Нехемияны барынша қолдап, өзгелерге жақсы үлгі көрсеткен (Нех. 3:1). Алайда уақыт өте келе Тобиях пен басқалар Елияшипке кері әсер етіп, Ехобаның алдындағы жақсатынан айыратын арам істерді істеуіне түрткі болғанға ұқсайды. Жақсы орта пайдалы рухани істерге, мысалы Киелі кітапты оқу, қауым кездесулеріне бару және уағызға шығу сияқты істерге, талпындырады. Олай болса, дұрыс нәрселерді істеуге талпындыратын туыстарымызға қаншалықты риза болуымыз керек десеңдерші.

ТЕОКРАТИЯЛЫҚ ШАРАЛАРДЫ ҚОЛДА

9. Ғибадатханадағы қызмет не себепті тоқтап қалды және Нехемия бұған кімді кінәлады?

9 Нехемия 13:10—13 оқы. Нехемия Иерусалимге қайтып келген уақытта  адамдар ғибадатханаға садақа әкелуді тоқтатқан болатын. Нәтижесінде мұқтаждық көрген леуіліктер қызметтерін тастап, танапта жұмыс істеуге кетіп қалды. Бұған Нехемия халық басшыларын кінәлады. Олар өз міндеттерін дұрыс атқармаған болса керек. Басшылар түсімнің оннан бір бөлігін халықтан жинамай жүрген я жинаған күнде ғибадатханаға тапсырмаған көрінеді (Нех. 12:44). Сондықтан Нехемия осы мәселені қолға алып, сенімді адамдарға ғибадатхана қазынасы мен садақа беру ісін қадағалауды тапсырды.

10, 11. Құдайдың қызметшілері шынайы ғибадатты қандай керемет жолдармен қолдай алады?

10 Бұдан не нәрсеге үйренеміз? Әрбіріміздің Ехобаны бағалы нәрселермен мадақтауға керемет мүмкіндігіміз бар (Нақ. с. 3:9). Патшалық ісіне садақа бергенде, біз небәрі оның иелігіндегі нәрсені өзіне қайтарғандай боламыз (Шеж. 1-ж. 29:14—16). Бәлкім, кейбіреулер “Менде беретін не бар?” деп ойлайтын шығар. Алайда шын жүректен берер болсақ, Ехоба біздің кез келген “сый-тартуымызды” қуанышпен қабылдайды (Қор. 2-х. 8:12).

11 Бір үлкен отбасы жылдар бойы жастары келіп қалған арнайы ізашар ерлі-зайыптыларды аптасына бір рет өздерімен бірге тамақтануға шақырып жүрді. Өздерінің сегіз баласы бола тұра, отанасы: “Он адамды сыйдырған дастарқан тағы екі адамды сыйдыра алмай ма?”— дейтін. Әрине, мұндай сыяпат көптей көрінбейтін шығар, десе де әлгі ізашарлар бұл отбасының танытқан қонақжайлылығына дән риза еді! Олар, өз кезегінде, бұл отбасы үшін нағыз бата болды. Олардың жігерлі сөздері мен оқиғалары балалардың рухани өсуіне зор септігін тигізді. Кейіннен балалардың бәрі толық уақытты қызметті бастады.

12. Қауымдағы тағайындалған ер бауырластар қандай жақсы үлгі көрсетуде?

12 Нехемияның оқиғасынан тағы бір нәрсеге үйренуге болады. Бүгінде тағайындалған ер бауырластар Нехемия сияқты теократиялық шараларды белсенділікпен қолдау арқылы өзгелерге үлгі көрсетеді. Сондай-ақ ақсақалдар елші Пауылға да еліктейді. Ол шынайы ғибадатқа қолдау көрсеткен әрі жақсы жетекшілік еткен. Мысалы, ол садақа жасауға қатысты бірнеше пайдалы нұсқаулар берген (Қор. 1-х. 16:1—3; Қор. 2-х. 9:5—7).

РУХАНИ ІСТЕРДІ БАСТЫ ОРЫНҒА ҚОЙ

13. Кейбір яһудилер Демалыс күніне қалай қарады?

13 Нехемия 13:15—21 оқы. Егер дүние-мүліктің соңынан қуып кетсек, бірте-бірте рухани әлсірей бастауымыз мүмкін. Мысырдан шығу 31:13-те айтылғандай, исраилдіктер өздерінің қасиетті  халық екендерін ұмытпау үшін Демалыс күні отбасыларымен бірге ғибадат етіп, дұға айтып, Құдай заңдары жайлы ой жүгірту керек-тін. Алайда Нехемияның кейбір замандастары үшін Демалыс күні сауда жасайтын әдеттегі күн болып кетті. Ал ғибадатпен байланысты істер екінші орынға ысырылды. Мұны көрген Нехемия Демалыс күннің қарсаңындағы кеште шетелдік саудагерлерді қуып, қала қақпаларын жауып қойып жүрді.

14, 15. а) Бизнеске қанша уақыт пен күш жұмсайтынымызды қадағалау неге маңызды? ә) Ехобаның демалу үшін дайындаған жеріне қалай кіре аламыз?

14 Нехемияның мысалынан не нәрсеге үйренеміз? Біріншіден, бизнеске қанша уақыт пен күш жұмсайтынымызды қадағалағанымыз жөн. Әсіресе жұмысымыз өзімізге қатты ұнайтын болса, назарымыз рухани істерден оп-оңай ауытқи бастауы мүмкін. Тіпті екі қайықтың басын ұстауға тырысуымыз да ғажап емес. Алайда Исаның екі қожайынға қызмет ету жайлы не дегенін ұмытпайық (Матай 6:24 оқы). Нехемия ауқатты адам болған, бірақ ол Иерусалимде жүргенде уақытын қалай қолданды? (Нех. 5:14—18). Тир тұрғындарымен не басқалармен сауда-саттық жасауға мүмкіндігі болса да, ол бар уақыты мен күшін бауырластарына көмектесуге және Ехобаның есіміне мадақ әкелетін істерге жұмсады. Сол сияқты бүгінде ақсақалдар мен қызмет көмекшілері де қауымдағылардың игілігі үшін аянбай тер төгуде. Бауырластар оларды сол үшін де жақсы көреді. Осының арқасында Құдай халқының арасында сүйіспеншілік пен береке-бірлік орнаған (Езек. 34:25, 28).

15 Бүгінде мәсіхшілерден апта сайын Демалыс күнін ұстану талап етілмейді. Десе де Пауыл “Құдай халқы үшін әлі де тынығатын Демалыс күні бар” екенін айтқан. Ол тағы былай деген: “Құдай өз жұмыстарынан демалып жатқандай, оның демалу үшін дайындаған жеріне кірген адам да өз жұмыстарынан демалады” (Евр. 4:9, 10). Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кіру үшін мойынсұнушылық танытып, оның еркіне сай әрекет етуіміз керек. Өзің де, үй ішіндегілерің де отбасылық ғибадат, қауым кездесулері мен уағыз ісін өмірлеріңде бірінші орынға қойып жүрсіңдер ме? Мысалы, бастығымыз не серіктестеріміз теократиялық істерге құрметпен қарамаса, ұстанымдарымызға берік болып қалуымыз керек болады. Бізге де, бейнелеп айтқанда, қала қақпаларын жауып, Тир тұрғындарын қуып жіберу қажет болатын шығар. Осылай етуімізбен қасиетті нәрселерді басты орынға қоятынымызды әрі оларға тиісті назар аударатынымызды көрсетеміз. Ехоба бізді қасиетті еткендіктен, өзімізден былай деп сұрағанымыз абзал: “Ехобаға қызмет ету үшін басқалардан бөлініп алынғаным өмір салтымнан көріне ме?” (Мат. 6:33).

МӘСІХШІЛІК БОЛМЫСЫҢДЫ САҚТА

16. Нехемияның күндерінде исраилдіктер қасиетті халық ретіндегі болмыстарынан қалай айырыла жаздады?

16 Нехемия 13:23—27 оқы. Нехемияның күндерінде исраилдік ер адамдар жатжерлік әйелдермен некелескен. Иерусалимге бірінші рет келгенде, Нехемия ер адамдардан “жалған тәңірлерге табынатын әйелдерге үйленбейміз” деген ант алып, олармен келісім жасаған болатын (Нех. 9:38; 10:30). Алайда біраз жыл өткеннен кейін Нехемия исраилдік ер адамдардың жатжерлік әйелдерге үйленіп қана қоймай, Құдайдың қасиетті халқы ретіндегі болмыстарынан айырылып бара жатқандарын көрді. Жатжерлік әйелдерден туған балалар еврей тілінде сөйлей алмайтын не оқи білмейтін. Сонда олар өскенде өздерін исраилдік деп есептей ме, әлде аммондық, азоттық не моабтық деп санай ма? Еврей тілін білмей өссе, Құдай заңын қалай түсінбек еді? Аналарының жалған тәңірлеріне табынудың орнына, Ехобаны танып-біліп, оған қызмет етуді қалай шеше алар еді? Мұндайда бірден әрі батыл әрекет ету қажет еді. Нехемия тап солай істеді (Нех. 13:28).

Балаларыңа Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытуға көмектес (17, 18-абзацтарды қара)

17. Ата-аналар балаларына Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытуға қалай көмектесе алады?

 17 Бүгінде біз нақты шаралар қолдану арқылы балаларымызға мәсіхшілік болмысқа ие болуға көмектесуіміз қажет. Ата-аналар, былай ойланып көріңдерші: “Менің балаларым шындықтың таза тілінде қаншалықты жақсы сөйлейді? (Соф. 3:9). Олардың сөздерінен Құдай рухы әсер етіп жатқаны көріне ме, әлде осы дүниенің ықпалы байқала ма?” Олардың түзелу керек тұстары бар екенін байқасаңдар, көңілдерің түспесін. Айналамызда алаңдататын нәрселер көп болғандықтан, балаларың таза тілді үйренгенше, біраз уақыт қажет болады. Бүгінде сендердің балаларың үлкен қысымға кезігіп жатыр. Сондықтан отбасылық ғибадат пен басқа да мүмкіндіктерді пайдаланып, балаларыңа Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытуға шыдамдылықпен көмектесіңдер (Заң. қ. 6:6—9). Шайтанның дүниесінен аулақ жүрудің қандай пайдасы бар екеніне баса назар аударыңдар (Жох. 17:15—17). Құдайдың өсиеттерін балаларыңның жүрегіне жеткізуге тырысыңдар.

18. Неліктен ата-аналардан артық ешкім де балаларды Ехобаға бағышталуға дайындай алмайды?

18 Әр бала Құдайға қызмет ету-етпеуді түбінде өзі шешеді. Десе де ата-аналар бұл ретте оларға көп көмектесе алады. Мысалы, олардың жақсы үлгі көрсетуіне болады. Сондай-ақ балаларына нақты шектеулер қойып, олардың қабылдаған шешімдерінің салдары қандай болатынын бірге талқылай алады. Ата-аналар, сендерден артық ешкім де балаларыңды Ехобаға бағышталуға дайындай алмайды. Оларға мәсіхшілік болмысқа ие болып, оны сақтап қалуға сендердің көмектерің қажет. Әрине, бәріміз де бейнелі “киімімізді” былғамауға күш салуымыз керек. Бұл үшін Исаның ізбасарларын ерекшелендіретін қасиеттерді танытуымыз және ұстанымдарымызға берік болуымыз қажет (Аян 3:4, 5; 16:15).

“МЕНІ ЕСІҢНЕН ШЫҒАРМАЙ, ИГІЛІГІҢЕ КЕНЕЛТЕ ГӨР”

19, 20. Ехоба бізді “есінен шығармай, игілігіне кенелту” үшін не істегеніміз маңызды?

19 Нехемияның замандастарының бірі болған Малахи пайғамбар “Жаратқан Иені терең қастерлеп, оның есімін құрметтейтіндердің” аттары Құдайдың “алдындағы естелік кітапқа” жазылатынын айтқан (Малх. 3:16, 17). Құдай өзін терең қастерлейтін және есімін жақсы көретін адамдарды ешқашан ұмытпайды (Евр. 6:10).

20 Нехемия: “Мені есіңнен шығармай, игілігіңе кенелте гөр, уа, Құдайым!”— деп дұға айтқан (Нех. 13:31). Нехемиянікі сияқты біздің де есімдеріміз Құдайдың естелік кітабына жазылу үшін жаман ортадан аулақ болуымыз, теократиялық шараларды қолдауымыз, рухани істерді басты орынға қоюымыз және мәсіхшілік болмысымызды сақтауымыз қажет. Ендеше “сенім жолындамыз ба, жоқ па — соны тексеріп тұрайық” (Қор. 2-х. 13:5). Ехобаның көзінде қасиетті болып қалсақ, ол бізді “есінен шығармай, игілігіне кенелтеді”.