Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ата-аналар — баланы нәресте кезінен бастап тәрбиелеңдер

Ата-аналар — баланы нәресте кезінен бастап тәрбиелеңдер

“БАЛАЛАР — игілік Жаратқан Иеден келген, Перзенттер — Оның сыйы рақыммен берген”,— делінген Киелі кітапта (Заб. 126:3). Иә, ерлі-зайыптыларға балалы болу зор қуаныш әкеледі.

Бірақ баланың дүниеге келуі ата-анаға қуаныш әкелумен қатар, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Нәрестенің дені сау болып өсуі үшін, оған жүйелі түрде нәрлі ас беру керек. Сол сияқты бала шынайы ғибадат жағында берік тұруы үшін, оған рухани нәрлі ас-су мен ата-ананың тәрбиесі қажет. Сондықтан ата-аналар балаларының жүректеріне Құдайдың принциптерін ұялатқандары жөн (Нақ. с. 1:8). Баланы қалай және қай жастан бастап тәрбиелеу керек?

 АТА-АНАЛАРҒА ҚҰДАЙДЫҢ КӨМЕГІ ҚАЖЕТ

Ежелгі Исраилдегі Сора қаласында тұрған Маноғах есімді кісінің жағдайын қарастырайық. Ехобаның періштесі оның бедеу әйеліне ұлды болатынын айтады (Би. 13:2, 3). Мұндай хабарды естіген адал Маноғах пен оның әйелінің қуанышында шек болмағаны сөзсіз. Алайда оларды қатты уайымдатқан бір жайт та болған. Маноғах Ехобадан: “Уа, Ием, Өзің бізге жіберген адамың қайтып келіп, дүниеге келетін осы балаға не істеуіміз керек екенін үйрете көрсін”,— деп өтінген (Би. 13:8). Иә, Маноғах пен оның әйелі баланы қалай тәрбиелейтіндерін уайымдаған. Олар балалары Самсонды Құдайдың заңдарына үйреткен, әрі мұның жақсы жемісін көрген. Киелі кітапта Самсон туралы былай делінген: “Жаратқан Иенің Рухы алғаш рет оны әрекет жасауға ұмтылдырды”. Нәтижесінде Самсон Исраил халқының биі ретінде құдіретті істер жасады (Би. 13:25; 14:5, 6; 15:14, 15).

Маноғах дүниеге келуі керек баласын қалай тәрбиелейтініне қатысты басшылық сұрап, Ехобаға дұға еткен

Баланы қай жастан бастап тәрбиелеу керек? Анасы Әунике мен әжесі Лойдадан тәрбие алған Тімөте “Киелі жазбалармен нәресте кезінен-ақ таныс” болған (Тім. 2-х. 1:5; 3:15). Иә, олар Тімөтеге Жазбаларды нәресте кезінен бастап үйреткен.

Мәсіхші ата-аналардың баланы “нәресте кезінен” бастап тәрбиелеу үшін, Ехобадан басшылық сұрап дұға еткендері және алдын ала жоспар құрғандары даналыққа жатады. Киелі кітапта: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер”,— делінген (Нақ. с. 21:5 ЖД). Сәби дүние есігін ашпас бұрын ата-аналардың бұған тиянақты дайындалатындары сөзсіз. Бұл үшін олар тіпті сәбиге қажет болатын нәрселердің тізімін жасайтын шығар. Бірақ оларға сәбилерін рухани істерге қалай баулитындарын алдын ала ойластырып, жоспарлау да маңызды. Олар мұны бала дүниеге келгеннен бастап істеуді мақсат етулері қажет.

Баланың қалай есейетінін түсіндіретін бір кітапта былай делінген: “Сәби дүниеге келгеннен кейінгі айлар — мидың тез дамитын кезі. Осы уақытта синапстардың саны, яғни үйренуге мүмкіндік беретін байланыстар жиырма есеге дейін көбейеді”. Сол себепті ата-аналардың осы қысқа уақытты балаларының саналарына рухани ойларды және құндылықтарды ұялату үшін пайдаланғандары даналыққа жатады.

Жалпы ізашар болып қызмет ететін бір ана өзінің кішкентай қызы жайлы былай деді: “Мен қызымды бір айлық кезінен бастап қызметке алып шығатынмын. Айналасында не болып жатқанын түсінбесе де, бұның оған тигізген пайдасы зор болғанына сенімдімін. Мысалы, ол екі жасқа келгенде уағызда кездестірген адамдарға трактаттарды батылдықпен ұсына алатын”.

Баланы нәресте кезінен бастап тәрбиелеу жақсы жеміс әкеледі. Алайда ата-аналар балаға рухани тәлім-тәрбие берудің оңай іс емес екенін де түсінеді.

“УАҚЫТТАРЫҢДЫ БАРЫНША ТИІМДІ ПАЙДАЛАНЫҢДАР”

Баланың мазасыз болғаны не бір нәрсеге ұзақ зейін қоя алмайтыны ата-аналарға тәлім беруді қиындатуы мүмкін. Олар әуесқой әрі айналасындағы нәрселер жайлы білгісі келгендіктен әр нәрсеге бір алаңдай береді. Олай болса, ата-аналар балаға үйреткендеріне ден қоюға қалай көмектесе алады?

Мұсаның не дегеніне назар аударшы. Заңды қайталау 6:6, 7-де былай делінген: “Бүгін Мен өздеріңе тапсырып отырған осы сөздер жүректеріңнен тұрақты орын алсын! Балаларыңа да бұл сөздерді мұқият үйретіңдер: үйде отырған не жол жүрген, төсекте жатқан не тұрып жатқан кездеріңде де солар туралы айтатын болыңдар!” Түпнұсқада “мұқият үйрету” деген тіркес үйреткен нәрселерді жиі қайталап отыруды білдіреді. Кішкентай бала жүйелі түрде су құйып тұру керек жас ағашқа ұқсайды. Бір мәліметті қайталау ересек адамдарға маңызды нәрселерді есте сақтауға көмектесетіні сияқты, кішкентай балаға да көмектесетіні сөзсіз.

Ата-аналар баланы Құдай туралы шындыққа үйрету үшін онымен бірге уақыт өткізулері керек. Алайда бүгінгі қарбалас заманда оларға бұлай ету оңай болмауы мүмкін. Осы орайда елші Пауыл маңызды рухани істерді атқару үшін “уақытты барынша тиімді пайдалануға” шақырған (Ефес. 5:15, 16). Ата-аналар мұны қалай істей алады? Әйелі жалпы ізашар, ал өзі ақсақал болып қызмет ететін бір бауырласқа қызын тәрбиелеуге, теократиялық жауапкершіліктерін орындауға  және жұмысқа арнайтын уақытына қатысты байсалдылық таныту қиын болған. Олар қыздарын тәрбиелеуге уақытты қалай тапқан? Бұл ер бауырлас былай дейді: “Күніге таңертең жұмысқа бармас бұрын, әйелім екеуміз оған “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” не “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасын оқып береміз. Қызымыз ұйықтар алдында да оған оқып береміз, ал қызметке барғанда оны өзімізбен бірге алып жүреміз. Біз қызымыздың өмірінің алғашқы жылдарында тәрбие берудің мүмкіндігін жіберіп алғымыз келмейді”.

“БАЛАЛАР ЖЕБЕЛЕР ІСПЕТТІ”

Біз балаларымыздың жауапты адам болып өскенін әлбетте қалаймыз. Бірақ тәрбие беруіміздің басты мақсаты — олардың жүректеріне Құдайға деген сүйіспеншілікті ұялату (Мар. 12:28—30).

Забур 126:4-те: “Адамның жас кезінде туған балалары Жебелері іспетті жауынгердің қолындағы”,— делінген. Иә, балалар нысанаға дәл тигізілуі керек жебелер іспетті. Жебе садақшының қолында қысқа уақыт қана болады және ол атқан жебесін қайтып қайтара алмайды. Сол сияқты ата-аналардың да “жебелері”, яғни балалары есейгенше олармен бірге қысқа уақыт қана болады. Сондықтан ата-аналардың бұл уақытты Құдайдың принциптерін балаларының жүректері мен саналарына ұялату үшін қолданғандары дұрыс.

Елші Жохан өзінің рухани балалары жайлы былай деп жазған: “Мен үшін балаларымның шындықта жүргенін естуден артық қуаныш жоқ!” (Жох. 3-х. 4). Мәсіхші ата-аналар да балаларының “шындықта жүргендерін” көріп, қатты қуанатындары сөзсіз.