Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН

Патша мәз-мейрам болды!

Патша мәз-мейрам болды!

БҰЛ ОҚИҒА 1936 жылдың тамыз айында Свазилендтегі патша краалінде, яғни дуалда қоршалған ауылда орын алған еді. Дауыс зорайтқышы орнатылған автокөліктен Роберт пен Джордж Низбет Дж. Ф. Рутерфорд бауырластың таспаға жазылған баяндамасынан кейін әуен қосты. Собхуза II патша бұған мәз-мейрам болды. “Алайда біз ыңғайсыз жағдайға қалдық”,— деп түсіндірді Джордж.— “Өйткені патша біздегі фонографты, үнтаспаларды және Патшалық хабарын жариялауға арналған дауыс зорайтқышты сатып алғысы келді!”

Роберт ілтипаттылықпен бұл заттардың сатуға арналмағанын айтты. Неге? Себебі бұл жабдықтар басқа біреуге тиесілі еді. Патша оның кім екенін білгісі келді.

Роберт: “Бұл жабдықтардың бәрі басқа Патшанікі”,— деп түсіндірді. Собхуза оның қандай патша екенін білгісі келді. Сонда Роберт былай деді: “Ол — Құдай Патшалығының Патшасы Иса Мәсіх”.

“О-о, ол — ұлы Патша”,— деді Собхуза зор құрметпен.— “Мен оған тиесілі заттардың ешқайсысын алғым келмейді”.

Роберт былай деп жазды: “Мен бас көсем Собхуза патшаның болмысына тәнті болдым. Ол ағылшын тілін өте жетік білетін, сөйтсе де бұнысына еш мақтанып, паңданбайтын. Сондай-ақ ол ашық кісі еді және оған еркін жақындауға болатын. Джордж сыртта әуен ойнатып жатқан кезде, мен ол кісімен бірге оның кеңсесінде шамамен 45 минут бойы бірге болдым”.

Роберт сөзін жалғап: “Сол күні кешке біз Свазилендтегі ұлттық мектепке бардық. Сол жерде біз өте қызықты жайтты бастан өткердік. Біз мектеп директорына уағыздадық және ол бізді қуана-қуана тыңдады. Оған бүкіл мектепке фонографпен үнтаспаларды тыңдатуды ұсындық. Ол бұған қатты қуанып, жүз шақты оқушыны шақыртып, үнтаспаларды тыңдатқызу үшін оларды шөпке жайғастырды. Біз бұл мектеп ұл балаларды егін және бау шаруашылығына, ұсталық өнерге, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, ағылшын және арифметика пәніне үйрететінін білдік. Ал қыз балаларды медбикелік іске, үй шаруашылығына және тағы басқа пайдалы болатын кәсіптерге үйретеді екен. Кейінірек білгеніміздей, бұл мектептің іргетасын бас көсемнің әжесі қалаған екен”.

Жоғарыда: 1936 жылы көпшілікке арналған баяндаманы тыңдаған Свазилендтегі мектептің оқушылары

Собхуза патша 1933 жылы краалге келген ізашарларды мұқият тыңдаған болатын. Бір жолы ол тіпті үнтаспаға жазылған Патшалық хабарын тыңдату үшін өзінің 100 күзетшісін  жинаған. Сондай-ақ патша әдебиеттерімізді жүйелі түрде алып тұруға жазылған еді. Көп ұзамай патшада әдебиеттеріміздің кітапханасы толықтай дерлік бар болатын. Оның үстіне, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде британдық отарлық үкіметтің әдебиеттерімізге тыйым салғанына қарамастан, патша оларды аман сақтап қалған еді.

Собхуза II патша Куәгерлерді Лобамбадағы патша краалінде жылы қарсы алуын доғармады. Патша тіпті дін қызметшілерін Киелі кітапқа негізделген баяндамаларды тыңдауға шақыратын. Бірде Хелви Машази есімді жергілікті Куәгер Матай кітабының 23-тарауын талқылап жатқанда, ашуға булыққан бір топ дін қызметшісі орындарынан атып тұрып, оның баяндамасын доғартуға тырысады. Бірақ патша араша түсіп, Хелви бауырластан баяндамасын жалғастыруын сұрайды. Бұған қоса, патша тыңдаушыларға баяндамада келтірілген барлық жазба орындарын жазып отыруды айтады.

Басқа жолы бір ізашар ер бауырластың баяндамасын тыңдап болған соң, төрт дін қызметшісі: “Біз бұдан былай дін қызметшісі емеспіз, қайта, Ехоба куәгерлеріміз”,— деп жар салды. Сосын олар ізашар бауырласқа бас көсемде бар кітаптарға ұқсас әдебиеттерді алғысы келетіндерін айтты.

Бас көсем 1930 жылдардан бастап, 1982 жылы өмірінің соңына дейін Ехоба куәгерлеріне құрмет көрсетіп келді және свази халқының салт-жораларын ұстанбағандары үшін қуғындалуларына жол бермеді. Сондықтан да Куәгерлер оған өте риза және патша қайтыс болғанда, олар бұған шындап қайғырған еді.

2013 жылдың басында Свазиленд елінде 3000-нан аса Патшалықтың жариялаушылары бар болатын. Бір миллион тұрғыны бар бұл елде бір жариялаушыға 384 адамнан келеді. 260-тан астам Куәгер 90 қауымда белсенді түрде қызмет етеді, ал 2012 жылы 7496 адам Еске алу кешіне келген болатын. Иә, бұл болашақта үлкен өсім болуы мүмкін екенін көрсетеді. Ал 1930 жылдары Куәгерлердің Свазилендте уағыздағаны бұған жақсы бастама бергені сөзсіз. Біздің Оңтүстік Африкадағы мұрағатымыздан.