Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның ескертулері сенімді

Ехобаның ескертулері сенімді

“Ехобаның ескертулері сенімді, олар тәжірибесізді дана қылады” (ЗАБ. 19:7 ЖД).

1. Құдай халқы қандай тақырыптарды үнемі қарастырып отырады және бұлай етудің қандай пайдасы бар?

“КҮЗЕТ МҰНАРАСЫНЫҢ” алдағы мақаласына дайындалып жатып, “Бұл тақырыпты бұрын қарастырған едік қой” деп ойлаған кезің болды ма? Қауым кездесулеріне біраз уақыттан бері барып жүрсең, кейбір тақырыптардың ара-тұра қайталанып тұратынын байқаған шығарсың. Құдай Патшалығы, төлем құрбандығы, шәкірт дайындау ісі және сүйіспеншілік пен сенім сияқты қасиеттер рухани ас мәзіріміздің негізгі бөлігін құрайды. Осы тақырыптарды үнемі қарастырып отырғанның арқасында сеніміміз нығаяды және “тыңдаушы ғана болмай, қайта, сөзді жүзеге асырушы боламыз” (Жақ. 1:22).

2. а) Құдайдың ескертулеріне не жатады? ә) Құдай заңдары адамдардікінен несімен ерекшеленеді?

2 “Ескерту” деген мағынаны беретін еврей сөзі жиі Құдайдың өз халқына берген заңдары, талаптары мен ережелеріне де нұсқайды. Ехобаның заңдары мен ережелері өзгертіп не жаңартып отыруды қажет ететін адамдардың заңдары сияқты емес, олар әрдайым сенімді. Кезінде Құдай заңдарының кейбірі белгілі бір уақыт аралығында ғана күшінде болған, алайда бұл сол заңдардың қандай да бір кемшілігі болды дегенді білдірмейді. Забур жыршысы: “Мәңгілік әділетті ережелерің Сенің”,— деп жазған (Заб. 118:144).

3, 4. а) Ехобаның ескертулеріне тағы не кіреді? ә) Исраилдіктер ескертулерге не үшін құлақ асу керек еді?

3 Ехобаның ескертулеріне жаман істен сақтандыру үшін айтылған хабарлар да кіреді. Мысалы, Құдай Исраил халқына пайғамбарларын жіберіп, абай болуды үнемі ескертіп отырған. Уәде етілген жерге кірер алдында Мұса исраилдіктерге былай деген: “Сақ болыңдар, әйтпесе азғырылып, бөтен тәңірлерге бет бұрып, оларға жүгініп құлшылық етіп кетесіңдер. Егер солай етсеңдер, онда Жаратқан Иенің лаулаған қаһары сендерге қарсы лап етеді” (Заң. қ. 11:16, 17). Киелі кітаптан Құдайдың өз халқына басқа да ескертулер айтқанын көруге болады.

 4 Өзге жағдайларда Ехоба исраилдіктерді өзінен қорқуға, айтқандарына құлақ асуға және есімін қастерлеуге шақырған (Заң. қ. 4:29—31; 5:28, 29). Олар сол ескертулерге құлақ асқанда, көптеген батаға кенелер еді (Леу. 26:3—6; Заң. қ. 28:1—4).

ИСРАИЛДІКТЕР ЕСКЕРТУЛЕРГЕ ҚАЛАЙ ҚАРАҒАН?

5. Ехоба не себепті Езекия үшін шайқасты?

5 Исраилдіктердің қым-ғуыт тарихына назар салсақ, Ехобаның өз уәдесіне әрдайым берік болғанын көруге болады. Мәселен, Ассирияның патшасы Сеннахирим Яһудея жеріне басып кіріп, Езекия патшаға сес көрсеткенде, Ехоба періштесін жіберіп, араша түскен. Бір ғана түннің ішінде жалғыз періште барлық ассириялық сарбаздарды қырып салды. Ал абыройы айрандай төгілген Сеннахирим еліне қайтуға мәжбүр болды (Шеж. 2-ж. 32:21; Пат. 4-ж. 19:35). Ехоба не себепті Езекия үшін шайқасты? Өйткені “Езекия Жаратқан Иеден ажырамастай берік ұстанып, Оның жолынан таймады әрі... күллі өсиеттерін мұқият орындай берді” (Пат. 4-ж. 18:1, 5, 6).

Ехобаның ескертулері Жосияны шынайы ғибадатты қорғауға талпындырды (6-абзацты қара)

6. Жосия патша Ехобаға сенім артатынын қалай көрсетті?

6 Жосия патша да Ехобаның өсиеттеріне мойынсұнған. Ол небәрі сегіз-ақ жасында “Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеп... не оңға, не солға таймады” (Шеж. 2-ж. 34:1, 2). Жосия елді пұттардан тазартып, таза ғибадатты қалпына келтіру арқылы Ехобаға сенім артатынын көрсетті. Нәтижесінде өзі де, бүкіл халық та Құдайдың жарылқауына ие болды (Шежірелер 2-жазба 34:31—33 оқы).

7. Исраилдіктер Ехобаның ескертулерін орындамаған кездері мұның салдары қандай болды?

7 Алайда исраилдіктер Ехобаның ескертулеріне әрдайым құлақ асып жүрді дей алмаймыз. Ғасырлар бойы олар талай рет Ехобаға мойынсұнбай, тілазарлық танытты. Олар сенімдері әлсіреген кездері “әрбір ілімнің желіне тербеліп” жүрді (Ефес. 4:13, 14). Өздеріне алдын ала ескертілгендей, Құдайдың нұсқауларына сенім артпаған кездері олар мұның ащы зардабын тартты (Леу. 26:23—25; Ерм. 5:23—25).

8. Исраилдіктерден қандай сабақ аламыз?

8 Исраилдіктерден қандай сабақ аламыз? Бүгінде Құдайдың қызметшілері де кеңестер мен түзетулер алып отырады (Пет. 2-х. 1:12). Сондай-ақ Құдай Сөзін оқыған сайын, ол бізге ескерту болады. Ерік бостандығы бар адамдар ретінде біз Құдайдың басшылығына мойынсұнуды я болмаса өз көзімізде дұрыс болып көрінген нәрсені істеуді  таңдай аламыз (Нақ. с. 14:12). Ал енді Ехобаның ескертулеріне не себепті сенім артуға болатынын және оларға құлақ асудың қандай пайдасы бар екенін қарастырайық.

ҚҰДАЙҒА МОЙЫНСҰН ДА, ӨМІР СҮР

9. Исраилдіктер иен далада жүргенде, Ехоба оларды өз қамқорына алғанын қалай көрсетті?

9 Исраилдіктер “үрейлі иен далада” 40 жыл жүргенде, Ехоба оларды нақты қалай бастап алып жүретінін, қорғайтынын және қамқорлайтынын алдын ала айтқан жоқ. Десе де Ехоба өзіне және берген нұсқауларына сенім артуға болатынын қайта-қайта көрсетті. Мысалы, ол күндіз бұлт, ал түнде от бағанасы арқылы қамқорлап жатқанын исраилдіктердің естеріне салып отырды (Заң. қ. 1:19; Мыс. ш. 40:36—38). Сондай-ақ Ехоба оларды ең қажетті нәрселермен де қамтамасыз етті. Олардың киімдері еш тозбады, жүре-жүре аяқтары да ісіп кетпеді. Расында да, “олар еш нәрседен таршылық көрмеді” (Нех. 9:19—21).

10. Бүгінде Ехоба өз халқын қалай жетелеп келеді?

10 Бүгінде Құдайдың қызметшілері әділдік орнайтын жаңа дүниенің табалдырығынан аттағалы тұр. Ехоба бізге “зор алапаттан” аман өтуге қажет болатын нәрсенің бәрін беретініне сенімдіміз бе? (Мат. 24:21, 22; Заб. 118:40, 41). Ехобаның бізді жаңа дүниеге бұлт не от бағанасы арқылы жетелеп апармайтыны анық. Десе де ол бізге өзінің ұйымы арқылы сергек болуға көмектеседі. Мысалы, рухани күйімізді нығайту үшін Киелі кітапты оқу, отбасылық ғибадат кешін өткізу, қауымға үзбей бару және қызметке жүйелі түрде қатысуымыз керектігі жайлы жиі естиміз. Осы ескертулерді орындау үшін қажетті өзгерістер жасадық па? Осылай етсек, жаңа дүниеге жетуге көмектесетін берік сенім дамытамыз.

Ехобаның ескертулері Патшалық сарайын қауіпсіз әрі ыңғайлы орын етуге талпындырады (11-абзацты қара)

11. Құдайдың біздің қамымызды ойлайтыны неден көрінеді?

11 Рухани сергек болуға көмектесумен қатар, Ехоба бізге күнделікті өмірде дұрыс шешімдер қабылдауға көмектесетін кеңестер береді. Мысалы, дүние-мүлікке қатысты байсалды көзқарас танытып, қарапайым өмір сүрсек, уайымға салынбаймыз. Сондай-ақ киім мен сырт көрініске, көңіл көтерудің дұрыс түрін таңдауға және білім алуға қатысты кеңестердің де пайдасы көп. Үйге, автокөлікке және Патшалық сарайына қатысты сақтық шараларын жасау мен төтенше жағдайға дайындалудың да маңызы зор. Осындай жайттарға қатысты ескертулер Құдайдың біздің қамымызды ойлайтынын көрсетеді емес пе?

ЕСКЕРТУЛЕР ЕРТЕДЕГІ МӘСІХШІЛЕРГЕ АДАЛ БОЛУҒА КӨМЕКТЕСКЕН

12. а) Иса шәкірттеріне қайта-қайта қандай кеңес берді? ә) Кішіпейілділіктің қандай үлгісі Петірдің көңілінде өшпес із қалдырды және бұл бізге қалай әсер ету керек?

12 Бірінші ғасырда Құдай халқы үнемі ескертулер алып отырған. Мысалы, Иса шәкірттеріне кішіпейіл болу керектігін қайта-қайта айтқан. Алайда ол кішіпейілділіктің не екенін сөзбен ғана айтып қоймай, оны қалай таныту керектігін де көрсеткен. Жердегі өмірінің соңғы күні Иса елшілерімен бірге Құтқарылу мейрамын тойлаған. Елшілер тамақтанып жатқанда, Иса орнынан тұрып, олардың аяқтарын жуды. Негізі бұл қызметшінің жасайтын міндеті еді (Жох. 13:1—17). Кішіпейілділіктің осы бір үлгісі елшілердің көңілінде өшпес із қалдырды. Сол кеште болған елші Петір шамамен 30 жылдан кейін бауырластарға кішіпейіл болуға қатысты кеңес берді (Пет. 1-х. 5:5). Исаның үлгісі бәрімізді өзара кішіпейіл болуға талпындыру керек емес пе? (Філіп. 2:5—8).

13. Иса шәкірттеріне қандай қасиеттің маңыздылығы жайлы айтқан?

 13 Сондай-ақ Иса шәкірттеріне берік сенім таныту керектігі жайлы да жиі айтқан. Бірде жын соққан баладан жынды қуып шығара алмаған шәкірттер Исадан: “Неге біз оны қуып шығара алмадық?”— деп сұрады. Сонда Иса: “Сенімдерің аз болғандықтан. Сендерге шындығын айтамын, егер қыша дәніндей сенімдерің болса... қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмайды”,— деп жауап берді (Мат. 17:14—20). Иә, жердегі қызметі кезінде Иса шәкірттеріне сенім танытудың қаншалықты маңызды екенін үнемі айтып отырған (Матай 21:18—22 оқы). Ал біз сенімімізді нығайту үшін конгрестер мен қауым кездесулерінде берілетін тәлімге құлақ асып жүрміз бе? Мұндай жиындар арқа-жарқа болудың ғана емес, Ехобаға сенім артатынымызды көрсетудің де керемет мүмкіндігі болып табылады.

14. Мәсіхке тән сүйіспеншілікті дамыту неліктен маңызды?

14 Грек жазбаларында сүйіспеншілік көрсетудің маңыздылығы жайлы ескертулер көптеп кездеседі. Иса: “Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй”, — деп, екінші ұлы өсиетті айрықша атап өткен (Мат. 22:38, 39). Исаның інісі Жақып болса сүйіспеншілікті “патша заңы” деп атаған (Жақ. 2:8). Ал елші Жохан былай деген: “Сүйікті бауырластар, сендерге жазып отырғаным — жаңа өсиет емес, өздеріңде бастапқыдан бар көне өсиет... Дегенмен мұны сендерге жаңа өсиет... ретінде жазып отырмын” (Жох. 1-х. 2:7, 8). Мұндағы “көне өсиет” нені білдіреді? Осы сөздерімен Жохан сүйіспеншілік көрсетуге қатысты өсиетке нұсқаған. Иса бұл өсиетті “бастапқыда”, яғни ондаған жыл бұрын бергендіктен, ол “көне” деп аталды. Ал оның “жаңа” деп те аталуы шәкірттер бұрын-соңды болмаған жаңа қиындықтарға кезіккенде, жанқияр сүйіспеншілік таныту керек болатынына нұсқайды. Біз Мәсіхтің шәкірттері болғандықтан, осы дүниеге тән өзімшілдіктен аулақ болып, жақындарымызға сүйіспеншілік көрсетуге талпындыратын ескертулерге риза болуымыз керек емес пе?

15. Исаның жерге келуінің басты мақсаты қандай?

15 Иса адамдарға жеке көңіл бөлген. Ол ауру-сырқауларды сауықтыру, өлгендерді қайта тірілту арқылы сүйіспеншілік көрсеткен. Алайда Исаның басты мақсаты науқастарды сауықтыру емес еді. Оның уағызы мен тәлімі адамдарға әлдеқайда зор пайда әкелді. Қалайша? Иса сауықтырған және қайта тірілткен адамдар ақыры қартайып, қайтыс болды. Алайда оның хабарына құлақ асқандар мәңгі өмір сүру үмітіне ие болды (Жох. 11:25, 26).

16. Патшалық жайлы уағыздау мен шәкірт дайындау ісі бүгінде қандай көлемде атқарылуда?

 16 Исаның бірінші ғасырда бастаған уағыз ісі бүгінде әлдеқайда зор көлемде жүргізіліп жатыр. Иса шәкірттеріне: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірт дайындаңдар”,— деген (Мат. 28:19). Олар осы тапсырманы адалдықпен орындаған, біз де адал орындаудамыз! Жеті миллионнан аса Ехоба куәгері Құдай Патшалығын 230-дан астам елде құлшыныспен уағыздап, миллиондаған адаммен Киелі кітап зерттеу сабақтарын жүйелі түрде өткізіп жатыр. Осы уағыз ісі соңғы күндері өмір сүріп жатқанымыздың бір дәлелі болып табылады.

ЕХОБАҒА АРҚА СҮЙЕ

17. Пауыл мен Петір қандай кеңес берген?

17 Ескертулерге құлақ асқанның арқасында ертедегі мәсіхшілердің сенімдері нығайғаны сөзсіз. Елші Пауыл Римдегі түрмеде жатқан кезінде Тімөтеге: “Менен естіген дұрыс ілімнің үлгісін бұдан былай да берік ұстан”,— деген (Тім. 2-х. 1:13). Сонда Тімөтенің қалай жігерленіп қалғанын елестетіп көрші. Елші Петір болса бауырластарды табандылық, бауырмалдық және ұстамдылық сияқты қасиеттерді дамытуға талпындырғаннан кейін, былай деген: “Сендерге жазып отырғанымның бәрін білсеңдер де, өздерің танып-білген шындықта берік тұрсаңдар да, бәрібір бұларды ұдайы естеріңе салып отырмақпын” (Пет. 2-х. 1:5—8, 12).

18. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер ескертулерге қалай қараған?

18 Пауыл мен Петір өз хаттарында “қасиетті пайғамбарлардың бұрын айтып кеткен сөздерін” жазған (Пет. 2-х. 3:2). Бірақ бірінші ғасырдағы бауырластар осындай ескертулерге наразы болды ма? Жоқ, өйткені олар мұндай ескертулердің Құдай сүйіспеншілігінің көрінісі екенін және “Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің рақымына бөлене беріп, ол жайлы білімдерінің арта түсуіне” көмектесетінін түсінген (Пет. 2-х. 3:18).

19, 20. Ехобаның ескертулеріне не себепті сенім артуымыз керек және солай етудің қандай пайдасы бар?

19 Киелі кітапта жазылған Ехобаның ескертулеріне сенім артуға бізде барлық негіз бар (Ешуа 23:14 оқы). Мысалы, Киелі кітап беттерінен Құдайдың мыңдаған жыл бойы кемелсіз адамдармен қалай қарым-қатынас жасағанын оқимыз. Осы тарихи деректер біздің игілігіміз үшін жазылды (Рим. 15:4; Қор. 1-х. 10:11). Сондай-ақ бүгінде Киелі кітаптағы көптеген пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын көріп жатырмыз. Пайғамбарлықтар алдын ала айтылған ескертулер сияқты. Олар Ехобаның өз уәделеріне берік екенін есімізге салып, оған сенім артуға талпындырады. Мәселен, соңғы күндерге қатысты бір пайғамбарлыққа сай, миллиондаған адам шынайы ғибадатқа ағылып келуде (Ишая 2:2, 3). Дүниедегі жағдайдың ушығып бара жатқаны да Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын дәлелдейді. Сонымен қатар уағыз ісінің дүниежүзі бойынша кең көлемде жүргізілуі Исаның айтып кеткен сөздерінің орындалып жатқанын көрсетеді (Мат. 24:14).

20 Ғасырлар бойы Жаратушымыз өзіне сенім артуға болатынын анық көрсетті. Ал біз оның ескертулерінің пайдасын көріп жүрміз бе? Біз Ехобаның ескертулеріне сенім артуымыз керек. Розелен есімді бауырлас былай дейді: “Ехобаға толық сенім арта бастағалы бері оның мені аялы алақанына салып, қамқорлап әрі нығайтып жатқанын анық көріп жүрмін”. Біз де осы бауырлас сияқты Ехобаның ескертулеріне құлақ асып, соның пайдасын көре берейік.