Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 ӨМІРБАЯН

Ехобаға арқа сүйеу батаға кенелтеді

Ехобаға арқа сүйеу батаға кенелтеді

Өмір деген тұрақсыз және қиын, кейде өзіңді алда не күтіп тұрғанын білмейсің. Бірақ Ехоба адам өз түсінігіне емес, оған арқа сүйесе, батасын береді. Әйелім екеуіміз өмір сүрген ұзақ ғұмырымызда бұған көзіміз жетті. Қазір сендерге өзіміз жайлы қысқаша айтып берейін.

МЕНІҢ ӘКЕМ мен анам 1919 жылы Сидар-Пойнтта (АҚШ, Огайо штаты) өткен “Халықаралық Киелі кітап зерттеушілерінің” конгресінде танысып, сол жылдың соңында үйленген. Мен 1922 жылы, ал інім Пол екі жылдан кейін туылды. Әйелім Грейс болса 1930 жылы дүниеге келген. Оның ата-анасы Рой мен Рут Хауел және әжесі “Киелі кітап зерттеушілері” болған, сондай-ақ олар Чарлз Тейз Расселлдің достары болған екен.

Біз Грейспен 1947 жылы кездесіп, 1949 жылдың 16 шілдесінде отау құрдық. Үйленердің алдында Грейс екеуіміз болашақтағы жоспарларымыз жайлы ашық сөйлестік. Біз бала тәрбиелеу жауапкершілігін алмай, толық уақытты қызмет етуді шештік. Сөйтіп, 1950 жылдың 1 қазанында біз ізашарлық қызметті бастадық. Ал 1952 жылы аудандық бақылаушы ретінде қызмет етуге шақырылдық.

АУДАНДЫҚ ҚЫЗМЕТ ПЕН ҒАЛАҚАД МЕКТЕБІ

Екеуіміз де жаңа қызметті атқара алуымыз үшін көмек қажет екенін сезіндік. Мен тәжірибелі бауырластардан үйреніп жүрдім және Грейске қалай көмектесуге болатыны жайлы да ойландым. Сөйтіп, аудандық қызметте тәжірибесі көп болған Марвин Хоулин есімді жақын досымыздан: “Грейс жас және тәжірибесі аз. Онымен қызметтес болып, тәжірибе жинауға көмектесетін адамды білесіз бе?”— деп сұрадым. Сонда ол: “Көптен бері ізашар болып қызмет ететін Една Уинкл оған көмектесе алады деп ойлаймын”,— деп жауап берді. Кейінірек Грейс Една жайлы былай деп лебізін білдірді: “Ол қарсы пікірлерге қалай жауап беру керектігін үйреткеннің арқасында мен есік алдында қобалжымайтын болдым. Сондай-ақ Една маған үй иесіне дұрыс жауап бере алуым үшін оны мұқият тыңдауым керектігін үйретті. Ол маған дәл қажет болған адам еді!”

Солдан оңға қарай: Нейтан Норр, Малком Аллен, Фред Раск, Лил Рюш, Эндрю Вагнер

Грейс екеуміз Айова штатындағы екі ауданда және Миннесота мен Оңтүстік Дакота штаттарындағы кейбір жерлерде қызмет еттік. Кейін біз Нью-Йорктің 1-ауданына жататын Бруклин мен Куинскке тағайындалдық. Сол қызметімізді атқару үшін өзімізді сондай тәжірибесіз сезінген  едік. Ауданға Бетелдің Патшалық сарайында жиналатын және көптеген тәжірибелі бетелдіктерден тұратын Бруклин-Хайтс қауымы кіретін. Мен бұл қауымға бірінші қызмет баяндамамды айтып болған соң, Нейтан Норр бауырлас маған келіп, былай деді: “Малком, сен бізге жақсаруымыз керек жақтарымызды көрсетіп, бірнеше кеңес бердің. Бұл орынды болды да. Мынаны ұмытпа: бізге жақсы кеңес беріп тұрмасаң, ұйымға тигізер пайдаң шамалы болады. Әрі қарай да қызметіңді жалғастыра бер”. Кездесуден кейін мен бұл жайлы Грейске айтып бердім. Кейінірек біз Бетелде тұрақтауға берілген бөлмемізге бардық. Біз қатты уайымдағаннан шаршап, жылап жібердік.

“Бізге жақсы кеңес беріп тұрмасаң, ұйымға тигізер пайдаң шамалы болады. Әрі қарай да қызметіңді жалғастыра бер”

Бірнеше айдан кейін біз Ғалақад мектебінің 24-сыныбына шақырылдық. Бұл мектепті 1955 жылдың ақпан айында бітірдік. Мектепке бармас бұрын алатын біліміміз міндетті түрде миссионер болуға дайындайды дегенді білдірмейтінін естідік. Қайта, бұл білім аудандық қызметімізді тиімдірек атқаруға да көмектесер еді. Сол мектепке қатысқанының арқасында біз тәжірибе жинап, кішіпейіл болуды үйрендік.

Жоғарыда: Ферн мен Джордж Кауч Грейс екеумізбен бірге. Ғалақад мектебі, 1954 жыл

Мектепті бітіргеннен кейін мен облыстық бақылаушы ретінде қызмет етуге тағайындалдым. Біз аралайтын облысқа Индиана, Мичиган және Огайо штаттары кіретін. Ал 1955 жылдың желтоқсан айында біз Норр бауырластан хат алғанда таңғалдық. Онда былай деп жазылған еді: “Өз ойыңды ашық та шыншылдықпен айтуыңды өтінемін. Бетелде қызмет етуді қалайсың ба.., әлде Бетелде біршама уақыт болғаннан кейін, шетелде қызмет етуді ме? Я болмаса, аудандық не облыстық бақылаушы ретінде қызмет етуді жалғастырғың келе ме? Осыған қатысты жауабыңды берсең екен деймін”. Біз қандай қызметке тағайындалмайық, оны атқаруға қуанышты болатынымызды айттық. Сөйтіп, біз бірден Бетелге бардық.

БЕТЕЛДЕГІ ҚУАНЫШҚА ТОЛЫ ЖЫЛДАР

Бетелдегі қуанышқа толы қызметіме бүкіл Құрама Штаттары бойынша өтетін конгрестерде баяндамалар айту кіретін. Мен көптеген жас ер бауырластарды үйретіп, тәлім беретінмін. Кейінірек сол бауырластар Ехобаның ұйымында үлкен жауапкершіліктер атқарды. Ақырында мен дүниежүзі бойынша уағыз ісін ұйымдастыратын бөлімде Норр бауырластың хатшысы ретінде қызмет еттім.

Төменде: Қызмет бөлімінде қызмет еткенімде, 1956 жыл

Қызмет бөлімінде өткен жылдар маған әсіресе қатты ұнады. Ол жерде менің Т. Дж. (Бад) Салливан есімді бауырласпен қызметтес болуға мүмкіндігім болды. Ол көп жыл бойы сол бөлімнің бақылаушысы болған еді. Бірақ мен ондағы басқа да бауырластармен қызметтес болып, олардан көп нәрсеге үйрендім. Олардың бірі мені  үйретуге тағайындалған Фред Раск есімді бауырлас еді. Бірде мен одан: “Фред, неге мен жазған кейбір хаттарға соншама көп өзгерістер енгізесің?”— деп сұрадым. Ол күлді де, маған мынадай өте маңызды бір ойды айтты: “Малком, біз бір нәрсені ауызша айтқанда қосымша сөздерді қолданамыз. Алайда хат жазғанда, әсіресе ол хат осы бөлімнің атынан жіберілгенде, мүмкіндігінше түсінікті де тура болуы қажет”. Сосын ол жұмсақтықпен былай деп қосты: “Батыл бол! Сен қызметіңді жақсы атқарып жатырсың және уақыт өте келе оны одан бетер жақсырақ атқаратын боласың”.

Бетелде болған жылдары Грейс түрлі бөлімдерде қызмет етті. Ол тазалық бөлімінде тұрғын үйлерді жинастырумен де айналысты. Оған Бетелде қызмет ету ұнайтын. Сол жылдары Бетелде қызмет еткен жас ер бауырластар күні бүгінге дейін Грейске: “Сен бізге төсекті қалай жинау керектігін үйреткен едің. Бұған менің анам да риза”,— деп жүздеріне күлкі үйіріліп айтып жатады. Сондай-ақ Грейс журналдар бөлімінде, хат алысу және ленталарды көшіру бөлімінде қызмет етуді де ұнататын. Осындай түрлі қызмет атқарғаны Грейске Ехобаның ұйымында қандай қызмет атқармасын және қай жерде қызмет етпесін, бәрі де бата мен мәртебелі іс болып табылатынын түсінуге көмектесті. Осы күнге дейін оның бұған қатысты көзқарасы өзгерген жоқ.

ӨМІРІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

1975 жылдары біздің қарт ата-аналарымыз көбірек көмекке мұқтаж болды. Біз Бетелдегі қызметімізден және ондағы жанымызға жақын болып кеткен Ехобаның қызметшілерінен ажырағымыз келмеді. Десе де ата-аналарымызға қамқорлық көрсету біздің жауапкершілігіміз екенін түсінген едік. Сөйтіп, біз үшін қиын болса да, Бетелдегі қызметімізді тоқтатуды шештік. Бірақ жағдайымыз өзгергенде қайтып келеміз деп үміттендік.

Өзімізді қаржылай қамтамасыз ету үшін мен сақтандыру компаниясында жұмыс істедім. Жұмысты үйреніп жүрген кезімде бір меңгерушінің айтқан сөздері есімде. Ол былай деген еді: “Бұл жұмыс кешке қарай адамдарға баруды талап етеді. Өйткені сол кезде ғана оларды үйлерінен таба аласың. Күніге кешке оларға барып, қызмет көрсету түрлерін ұсынудан басқа маңызды ештеңе жоқ”. Сонда мен былай деп жауап бердім: “Өз тәжірибеңізбен бөлісіп жатқаныңыз үшін рақмет. Бірақ менің рухани істермен байланысты жауапкершіліктерім бар. Оларға немқұрайды қарай алмаймын және олай еткім де келмейді. Мен аптаның кейбір күндері кешкісін адамдарға барып тұра аламын, алайда сейсенбі мен бейсенбі күндері кешке өте маңызды кездесулерге баруым қажет”. Жұмысыма бола қауым кездесулерін қалдырмағаным үшін Ехоба маған батасын берді.

1987 жылы шілде айында анам қарттар үйінде көз жұмғанда, біз оның қасында болдық. Сонда бас медбике Грейске жақындап: “Үйіңізге  барып, тынығып алыңыз. Енеңізге күтім жасау үшін қолыңыздан келгеннің бәрін жасадыңыз. Еш уайымдамаңыз, жаныңыз тыныш болсын”,— деді.

1987 жылдың желтоқсан айында біз қайтадан Бетелде қызмет етуге өтініш жаздық. Бірақ бір күннен кейін Грейстің тоқ ішегінде қатерлі ісіктің бар екені анықталды. Ота жасалғаннан кейін, ол сауығып кетті. Осы аралықта Бетелден хат келді. Онда жергілікті қауыммен қызметтесе беруіміз керектігі жазылған еді. Сөйтіп, біз Патшалық істеріне белсенді түрде атсалысуға бел будық.

Кейінірек мен Техас штатында жұмыс істедім. Ондағы жылы климат бізге жағады деп шештік және бұл солай болып шықты да. Техаста 25 жыл бойы тұрған кезде біз қамқор бауырластармен араласып, оларға бауыр басып қалдық.

ӨМІРДЕН ҮЙРЕНГЕНДЕРІМІЗ

Грейстің тоқ ішегінде, қалқанша безінде және кеудесінде қатерлі ісік анықталды. Бірақ ол ешқашан өмірде көрген қиыншылықтарын айтып налымайтын және отбасындағы басшылыққа қатысты принципке наразы болмайтын. Жиі адамдар одан: “Некеде бақытты болуларыңыз бен үнемі қуаныштан жадырап жүретіндеріңіздің сыры неде?”— деп сұрайды. Грейс болса былай деп жауап береді: “Біз жақын доспыз. Біз күн сайын бір-бірімізбен пікір алысып тұрамыз. Күніге бірге уақыт өткізгенді ұнатамыз және бір-бірімізге ашуланып тұрсақ, мәселені ертеңгі күнге қалдырмай шешеміз”. Әрине, бір-бірімізді ренжітіп алатын кездеріміз болады, бірақ біз кешірімді болып, ренішті ұмытуға тырысамыз. Ал бұл әрқашан да жақсы нәтиже әкеледі.

“Әрқашан Ехобаға арқа сүйеп, ол жол беретін нәрселерді қабылдай біл”

Өмірімізде кездескен қиыншылықтардан біз келесі нәрселерге үйрендік:

  1. Әрқашан Ехобаға арқа сүйеп, ол жол беретін нәрселерді қабылдай білу және ешқашан да өз ақыл-санаңа сүйенбеу керек (Нақ. с. 3:5, 6; Ерм. 17:7).

  2. Қандай қиыншылық болмасын, Ехобаның Сөзінен басшылық іздеу қажет. Ехобаға және оның заңдарына мойынсұну өте маңызды. Сен не мойынсұнасың, не тілазарлық танытасың, үшінші таңдау жоқ (Рим. 6:16; Евр. 4:12).

  3. Өмірде ең маңыздысы — Ехобаның алдында жақсатқа ие болу. Дүние-мүлік иемденуді емес, оның еркін бірінші орынға қою керек (Нақ. с. 28:20; Уағ. 7:1; Мат. 6:33, 34).

  4. Ехобаға деген қызметте барынша белсенді болып, жеміс әкелу үшін дұға айту қажет. Қолыңнан келмейтінді емес, келетін нәрсені істе (Мат. 22:37; Тім. 2-х. 4:2).

  5. Ехоба батасын беретін және оған ұнамды болып табылатын басқа ешқандай ұйымның жоқ екенін есте ұста (Жох. 6:68).

Грейс екеуіміз Ехобаға 75 жылдан аса уақыт, ал ерлі-зайыпты ретінде шамамен 65 жылдай қызмет етіп келеміз. Ехобаға бірлесе қызмет еткен бұл жылдар біз үшін шынында да керемет болды. Барлық бауырластардың да біз сияқты Ехобаға арқа сүйеу батаға кенелтетінін өз өмірлерінде көргендерін қалаймыз әрі сол үшін дұға етеміз.