Жаратылыстар Құдайдың бар екенін паш етеді
“Құдіретті Құдайымыз Ехоба, сен даңқ пен құрметке лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің” (АЯН 4:11).
1. Сенімімізді нығайту үшін не істеуіміз қажет?
КӨП АДАМ өз көздерімен көрген нәрселерге ғана сенеді. “Құдайды ешкім ешқашан көрген емес”, сондықтан мұндай адамдарға Құдайдың бар екеніне сену қиын (Жох. 1:18). Біз оларға қалай көмектесе аламыз? Бұл үшін өзіміздің “көзге көрінбейтін Құдайға” деген сенімімізді нығайтуымыз керек (Қол. 1:15). Қалай? Алдымен, Ехоба туралы шындықты бұрмалайтын ілімдерді анықтап алғанымыз жөн. Содан соң “Құдай туралы білімге қайшы” келетін кез келген ой-пікірді талқандау үшін Киелі кітапты шебер қолдануды үйренуіміз қажет (Қор. 2-х. 10:4, 5).
2, 3. Қандай екі ілім адамдарды Құдай жайлы шындықтан адастырады?
2 Адамдарды Құдай туралы шындықтан адастыратын жалған ілімдердің бірі — эволюция. Адамдар ойлап тапқан бұл ілім Киелі кітапқа қайшы келеді әрі адамдарды болашаққа деген үміттен айырады. Бұл ілім тіршілік атаулы өздігінен, кездейсоқ пайда болды деп үйретеді. Ал бұл өмірдің еш мағынасы жоқ дегенге меңзейді емес пе?
3 Киелі кітапты сөзбе-сөз түсінетін фундаменталистер болса бүкіл ғаламның пайда болғанына бірнеше мың жыл ғана болды деп үйретеді. Креационизм деп аталатын бұл ілімді ұстанатындар Киелі кітапты құрмет тұтқанмен, Құдай күллі тіршілікті әрбірі 24 сағатқа созылған алты-ақ күнде, осыдан бірнеше мың жыл бұрын ғана жаратты деп есептейді. Олар өз көзқарастарына қайшы келетін бұлтартпас ғылыми айғақтарды мойындағысы келмейді. Осылайша Киелі кітапты ақылға қонымсыз әрі тура емес етіп көрсетеді. Осындай көзқарасты ұстанатындар “Құдайға құлшына қызмет еткенімен, бұлары тура білімге негізделмеген” бірінші ғасырдағы кейбір адамдарды еске салады (Рим. 10:2). Эволюция мен креационизм сияқты “бекіністерді” қалай талқандауға болады? * Киелі кітаптан тура білім алуға көп күш салсақ қана бұған қол жеткізе аламыз.
СЕНІМ АЙҒАҚТАР МЕН ҚИСЫНДЫ ДӘЛЕЛДЕРГЕ НЕГІЗДЕЛУ КЕРЕК
4. Сеніміміз не нәрсеге негізделу керек?
4 Киелі кітап бізді білімді бағалауға шақырады (Нақ. с. 10:14). Ехоба өзіне деген сеніміміздің пәлсапа мен діни әдет-ғұрыптарға емес, айғақтар мен қисынды дәлелдерге негізделгенін қалайды (Еврейлерге 11:1 оқы). Сенім берік болу үшін алдымен Құдайдың бар екеніне көз жеткізіп алу керек (Еврейлерге 11:6 оқы). Біз Құдайдың бар екеніне жай қалауымыздың жетегіне ергендіктен емес, “ақыл-ойымызды іске қосып”, айғақтарды қарастырғандықтан сенеміз (Рим. 12:1).
5. Құдайдың бар екенін дәлелдейтін жайттардың бірі қандай?
5 Елші Пауыл көзге көрінбейтін Құдайдың бар екенін дәлелдейтін бір жайтқа назар аударған. Ехобаға қатысты ол былай деген: “Оның көзге көрінбейтін қасиеттері — мәңгілік күші мен құдайлық болмысы — дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады” (Рим. 1:20). Құдайдың бар екеніне күмәнданатын адамдарға рухтың жетелеуімен жазылған осы сөздерге сенуге қалай көмектесе аламыз? Бұл үшін жаратылыстары Құдайдың құдіреті мен даналығын қалай паш ететінін қарастырайық.
ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰДІРЕТІ ЖАРАТЫЛЫСТАРЫНАН АЙҚЫН КӨРІНЕДІ
6, 7. Жердің қандай екі қорғаныс күші Ехобаның құдіретін паш етеді?
6 Ехобаның құдіреті Жерді қоршаған екі қорғаныс күшінен көрінеді: Жердің атмосферасы мен магнит өрісі. Мысалы, атмосфера бізді ауамен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сондай-ақ қарша бораған көптеген ғарыш денелерінен де қорғайды. Жерге үлкен қауіп төндіретін ірі денелер әдетте атмосферада жанып кетіп, біздің көзімізге түнгі аспанды көркейтетін ақпа жұлдыз болып көрінеді.
7 Магнит өрісі де бізді зиянды әсерден қорғайды. Ол Жердің терең қойнауында жатқан ядродан бастау алады. Жердің сыртқы ядросы балқыған темірден тұрады. Оның тудыратын қуатты магнит өрісі Жерді қоршап, тіпті ғарыштың біраз жеріне дейін жетеді. Жердің осындай қорғаныс күші бізді жалын шудалары мен Күн тәжіндегі жарылыстардан туындайтын радиациядан қорғайды. Жердің магнит өрісі радиацияны жұту не ыдырату арқылы планетамызды отқа оранудан сақтайды. Жердің осындай қорғаныс күшінің әсерін көзбен көріп тамашалауға болады: магнит өрісі Жер полюстерінің маңындағы аспанда мың құбылған түрлі түсті сәулелерді — поляр шұғыласын — тудырады. Иә, Ехобаның “құдіреті сонша зор” екенінде дау жоқ (Ишая 40:26 оқы).
ТАБИҒАТ ӘЛЕМІ ҚҰДАЙДЫҢ ДАНАЛЫҒЫН ПАШ ЕТЕДІ
8, 9. Ехобаның даналығы табиғаттағы айналымдардан қалай көрінеді?
8 Ехобаның даналығы табиғаттағы тіршілікке аса қажет айналымдардан анық көрінеді. Бір мысал қарастырайық. Сен халқы тығыз орналасқан қоршаулы қалада тұрып жатырсың делік. Бұл қалаға сырттан ауызсу да әкелінбейді, іштегі қоқыс та шығарылмайды. Көп ұзамай мұндай қаланың ластанып, өмір сүруге жарамсыз болып қалатыны анық. Біздің Жер планетамыз қандай да бір мағынада осындай қоршалған қалаға ұқсайды. Жерде ауызсудың қоры шектеулі, қалдықтарды да ғарыш кеңістігіне шығарып тастау мүмкін емес. Сөйтсе де бұл “қоршалған қала” ғасырлар бойы миллиардтаған тіршілік иелерін қажетті нәрселермен қамтамасыз етіп келеді. Қалайша? Бұл тіршілікке аса қажет айналымдардың арқасында мүмкін болып отыр.
9 Оттегі айналымын қарастырайық. Жер бетіндегі миллиардтаған тіршілік иелері оттегін жұтып, көмірқышқыл газын шығарады. Алайда оттегі ешқашан таусылмайды және атмосфера “қалдық” газдарға, яғни көмірқышқыл газына, толып кетпейді. Неліктен? Мұның сыры фотосинтез деп аталатын тамаша процесте жатыр. Фотосинтез процесі барысында жасыл өсімдіктер көмірқышқыл газын, суды, күн сәулесі мен құнарлы заттарды сіңіріп, көмірсу мен оттегін бөліп шығарады. Біз оттегімен тыныс алғанда осы айналымды тамамдаймыз. Иә, Ехоба тура мағынада өсімдіктер арқылы “барлығына өмір, тыныс” береді (Ел. іс. 17:25). Неткен даналық!
10, 11. Монарх көбелегі мен инеліктің жаратылысы Ехобаның ғаламат салтанатын қалай паш етеді?
10 Керемет планетамызда мекендейтін сан алуан тіршілік иелері де Ехобаның ғаламат салтанатын паш етеді. Зерттеулерге сай, жер бетінде тіршілік атаулының 2 миллионнан 100 миллионға дейін түрі кездеседі (Забур 103:24 оқы). Солардың тек кейбіріне назар аударып, олардың тамаша құрылысынан Құдайдың даналығын байқап көрейік.
11 Мысалы, монарх көбелегінің миы иненің көзіндей ғана. Десе де ол Канададан Мексика ормандарына дейін 3000-ға жуық шақырым жерді ұшып өте алады. Ол бағытын Күнге қарап анықтайды. Ал Күннің аспанда бір орында тұрмайтынын ескерсек, көбелек бағытынан қалай жаңылмайды? Оның компас ретінде қолданатын “ішкі сағаты” бар. Ол осы сағатын Күннің бағытына қарай реттеп, діттеген жеріне адаспай жетеді. Тағы бір мысал қарастырайық. Инеліктің күрделі көзі 30 000-ға жуық линзадан тұрады. Линзалардың әрқайсысы жеке бейнелерді көрсетеді. Десе де инеліктің миы осы линзалардың әрқайсысынан келетін ақпаратты ажырата алады әрі айналасындағы кішігірім қимыл-қозғалыстың өзін байқап қояды.
12, 13. Адам ағзасындағы жасушалардың құрылысы сені несімен таңғалдырады?
12 Барлық тірі жаратылыстардың ағзасын құрайтын жасушаларды Ехобаның қалай керемет етіп жасағаны одан бетер таңғалдырады. Мысалы, адамның денесі шамамен 100 триллион жасушадан тұрады. Ал әр жасушаның ішінде құрылымы спираль тәрізді ДНҚ (дезоксирибонуклеин қышқылы) бар. Оның ішінде адам денесін құрауға қажетті мәліметтің басым бөлігі сақталады.
13 ДНҚ-ға қанша мәлімет сыяды? Бір грамм ДНҚ-ның сыйымдылығын бір компакт-дискінің (CD) сыйымдылығымен салыстырып көрейік. Дискі жіп-жіңішке пластиктен жасалса да, оған бір сөздіктегі бүкіл мәлімет сыйып кетеді. Ал бір грамм ДНҚ-ға бір триллион дискідегі мәлімет оп-оңай сыяды! Басқа салыстыру келтірейік: бір шай қасық кептірілген ДНҚ шамамен 2,5 триллион адамды қалыптастыруға жететін мәлімет сақтай алады!
14. Ғалымдардың ашқан жаңалықтары сені қандай сезімге бөлейді?
14 Дәуіт патша адам денесін құрауға қажетті мәліметтің бір бейнелі кітапқа жазылып қойылатынын айтқан. Ол Ехобаға былай деген: “Тіпті ұрық күйімді көздерің көрді, Оның бірде-бір бөлігі әлі пайда болмай тұрып, Қалыптасатын күндері Сенің кітабыңда жазылып қойылған еді” (Заб. 139:16 ЖД). Дәуіт өзінің денесінің қалай жаратылғаны жайлы ой жүгірткенде, Ехобаны неге мадақтағаны түсінікті-ақ. Ғалымдардың адамның дене құрылысына қатысты соңғы жылдары ашқан жаңалықтарына қарап, Құдайдың даналығына одан сайын таңғала түсеміз емес пе?! Мұндайда біз забур жыршысының: “Тамаша жаралдым, Сені мадақтаймын, Керемет ғажап — жасаған істерің, Мұны мен шын жүректен мойындаймын”,— деген сөздеріне қосылатынымыз анық (Заб. 138:14). Шынында да, адамдар құдіреті шексіз Құдайдың бар екені жаратылыстарынан айқын көрініп тұрғанын қалай түсінбейді?
ӨЗГЕЛЕРГЕ ҚҰДІРЕТІ ШЕКСІЗ ҚҰДАЙДЫ МАДАҚТАУҒА КӨМЕКТЕС
15, 16. а) Әдебиеттеріміз Ехобаның жасампаз күшін бағалай түсуге қалай көмектеседі? ә) Аталған әдебиеттердегі қандай мақалалар саған әсіресе қатты әсер етті?
15 Ондаған жыл бойы “Ояныңдар!” журналы миллиондаған адамға құдіреті шексіз Құдайдың даналығын жаратылыстарынан көруге көмектесіп келеді. Мәселен, 2006 жылы аталмыш журналдың “Жаратушы бар ма?” деп аталатын арнайы саны шыққан болатын. Бұл журналдағы барлық мақалалар эволюция мен креационизм ілімін ұстанатын адамдардың көзін ашу мақсатымен басып шығарылды. Құрама Штаттарда тұратын бір әйел бауырлас осы журналға қатысты филиалға былай деп хат жазды: “Осы арнайы санды тарату науқаны өте керемет өтті. Биология пәнінен сабақ беретін бір әйел оның 20 данасын сұрап алды. Ол журналды оқушыларына да бергісі келген екен”. Ал бір ер бауырлас болса былай деді: “Мен сонау 50-жылдардан бері уағызға белсенді түрде қатысып келемін. Қазір жасым 75-ке таяп қалды. Алайда “Ояныңдар!” журналының арнайы санын ұсынған айда бұрын-соңды сезінбеген зор қуанышқа кенелдім”.
16 Соңғы жылдары “Ояныңдар!” журналында “Мұны кім ойластырған?” деген айдар басылып келеді. Осы кішігірім айдарда тіршілік атаулының асқан шеберлікпен ойластырылғаны және адамдардың ұлы Шебердің жаратылыстарын қайталауға тырысатыны сөз етіледі. 2010 жылы басып шығарылған “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?” деп аталатын кітапша да Құдайды мадақтауға көмектеседі. Ондағы әдемі суреттер мен кескіндер Ехобаның жасампаз күшін бағалай түсуге талпындырады. Әрбір тараудың соңындағы сұрақтар оқылған мәліметті ой елегінен өткізуге көмектеседі. Сен үйме-үй жүргенде, көпшілік орындарда уағыздағанда және бейресми куәлік бергенде осы кітапшаны қолданып көрдің бе?
17, 18. а) Ата-аналар, балаларыңа өз нанымдарын сенімділікпен қорғап сөйлеуге қалай көмектесе аласыңдар? ә) Жаратылыс жайлы кітапшаларды отбасылық ғибадатта қалай қолдандыңдар?
17 Ата-аналар, отбасылық ғибадатта балаларыңмен бірге осы түрлі-түсті кітапшаны қарастырып көрдіңдер ме? Осылай ету арқылы олардың құдіреті шексіз Құдайға деген ризашылықтарын арттыра аласыңдар. Бәлкім, сендердің жоғарғы сыныпта оқитын жасөспірім балаларың бар шығар. Эволюция ілімін үйрететіндер осы жалған ілімді олардың саналарына сіңдіруге тырысады. Ғалымдар, мұғалімдер, теледидар бағдарламалары, деректі және көркем фильмдер эволюцияны шындық етіп көрсетеді. Балаларыңа осындай насихатқа қарсы тұра білуге көмектесу үшін 2010 жылы басып шығарылған “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” деген кітапшаны да қолданған тиімді. Бұл кітапша жастарға ойлану қабілетін дамытуға көмектеседі әрі мектепте естіген нәрселердің қаншалықты қисынды екенін тексеруге талпындырады (Нақ. с. 2:10, 11).
18 Бүгінде жаңалықтарда екі түрдің арасындағы өтпелі форманың табылғаны жайлы елді дүрліктіретін мәлімдемелер айтылып жатады. “Тіршіліктің бастауы” кітапшасы оқушыларды осындай мәлімдемелерді саралап-сараптауға талпындырады әрі табылған қалдықтар адамның төменгі сатыдағы тіршілік иелерінен пайда болғанын шынымен дәлелдей ме, жоқ па, соны өздері үшін анықтап алуға көмектеседі. Сондай-ақ бұл кітапшаның көмегімен “ғалымдар өмірдің кездейсоқ пайда болуы мүмкін екенін зертханаларда дәлелдеді” дегенге қалай жауап беру керектігін үйренуге болады. Ата-аналар, бұл кітапшаны балаларыңмен бірге отбасылық ғибадатта қарастырыңдар. Осындай дайындықтың арқасында олар Жаратушыға не себепті сенетіндерін түсіндіруді талап еткендерге сенімділікпен жауап бере алатын болады (Петірдің 1-хаты 3:15 оқы).
19. Бізде қандай керемет мәртебе бар?
19 Иә, ұйымымыздың тыңғылықты зерттеулерге негіздеп шығарған әдебиеттері қоршаған ортадан Ехобаның ғажап қасиеттерін көре білуге көмектеседі. Мұндай айқын дәлелдер жүрегімізді ризашылыққа толтырып, Құдайды мадақтауға талпындырады емес пе? (Заб. 18:2, 3). Күллі тіршіліктің жаратушысы Ехобаға өзіне тиесілі мадақ айту біз үшін неткен мәртебе десеңші! (Тім. 1-х. 1:17).
^ абзац 3 Креационизм ілімін ұстанатындарға қандай дәлелдер келтіруге болатынын “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?” кітапшасының 24—28 беттерінен көруге болады.