Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Дұға етуге әрдайым дайын болыңдар”

“Дұға етуге әрдайым дайын болыңдар”

“Байыппен ойланыңдар және дұға етуге әрдайым дайын болыңдар” (ПЕТ. 1-Х. 4:7).

1, 2. а) “Дұға етуге әрдайым дайын болу” неге өте маңызды? ә) Өзімізді қандай сұрақтардың көмегімен тексергеніміз жөн?

БҰРЫН түнгі ауысымда жұмыс істеген бір кісі таңға жуық сергек болу әсіресе қиынға соғатынын айтады. Түнімен ұйықтамауға тура келіп жүргендердің бәрі де осымен келісетін шығар. Бүгінде мәсіхшілердің жағдайы осыған ұқсайды. Біз ұзаққа созылған “түннің бітуге таяған” кезінде, яғни Шайтанның билігі аяқталайын деп жатқан кезде, өмір сүріп жатырмыз (Рим. 13:12). Дәл осы кезде қалғып кеткеніміз қаншалықты қауіпті десеңші! Сондықтан да Жазбалардағы “байыппен ойланыңдар және дұға етуге әрдайым дайын болыңдар” деген кеңеске құлақ асқанымыз аса маңызды (Пет. 1-х. 4:7).

2 Уақыт ағымының осы бір шешуші кезеңінде өмір сүріп жатқандықтан, өзімізді келесі сұрақтардың көмегімен тексергеніміз дұрыс: “Мен дұға етуге әрдайым дайынмын ба? Әртүрлі дұғалар айтып жүрмін бе және ұдайы дұға етуге тырысамын ба? Басқалар үшін дұға етуді дағдыға айналдырдым ба, әлде әдетте өзімнің өтініш-қалауларыммен ғана шектелемін бе? Құтқарылуым үшін дұға еткенім қаншалықты маңызды?”

ӘРТҮРЛІ ДҰҒА АЙТ

3. Дұғаның қандай түрлері бар?

3 Елші Пауыл ефестіктерді “әртүрлі дұға айтуға” шақырған (Ефес. 6:18). Біз Ехобаға дұға еткенде, көбіне қиындықтарымызды жеңуге көмектесуін және өзімізге қажет болған нәрселерді беруін сұрайтын шығармыз. Дұғаларды еститін Құдай бізді жақсы көретіндіктен, өтінішімізді құлақ қойып тыңдайтыны сөзсіз (Заб. 64:3). Алайда біз осымен ғана шектелмеуіміз қажет. Дұға еткенде Ехобаны мадақтағанымыз, оған ризашылық білдіргеніміз және жалбарынғанымыз да маңызды.

4. Неліктен дұғада Ехобаны жиі мадақтауымыз керек?

 4 Ехобаны мадақтауға бізде себеп жетіп артылады. Мысалы, оның “керемет істері” мен “зор ұлылығы” жайлы ой жүгірткеніміз оны мадақтауға талпындырады (Забур 150:1—6 оқы). 150-ші Забур жырының барлық алты тармағында Ехобаны мадақтауымыз керектігі 13 мәрте айтылады! Басқа бір забур жыршысы Құдайды терең қастерлеп: “Әділетті шешімдерің үшін Сені күніне жеті рет дәріптеудемін”,— деп жырлаған (Заб. 118:164). Ехоба мадақталуға әбден лайық. Ендеше, оны дұғамызда “күніне жеті рет”, яғни жиі-жиі, мадақтағанымыз жөн емес пе?!

5. Дұғада ризашылық білдіргеніміз бізге қалай қорған болады?

5 Сондай-ақ дұғада ризашылық білдіргеніміз де өте маңызды. Пауыл Філіпі қаласындағы мәсіхшілерді мынаған шақырған: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер” (Філіп. 4:6). Дұғада Ехобаға шын жүректен ризашылық білдіргеніміз біз үшін қорған болады. Қалайша? Біз соңғы күндері “алғысты білмейтін” адамдардың арасында өмір сүріп жатырмыз (Тім. 2-х. 3:1, 2). Абай болмасақ, ризашылықтан жұрдай адамдардың рухы бізге оп-оңай әсер етіп кетуі мүмкін. Ал дұғада Құдайға ризашылық білдіріп отырсақ, барға қанағат ететін боламыз әрі “өмірімізге наразы болып, күңкілдемейміз” (Яһд. 16). Бұған қоса, отағалары отбасымен бірге дұға еткенде Ехобаға ризашылық білдіретін болса, әйелі мен балаларының бойында ризашылық сезімінің артуына септігін тигізеді.

6, 7. Жалбарыну деген не және Ехобаға не жайында жалбарынып дұға етсек болады?

6 Жалбарыну дегеніміз шын жүректен әрі бар ынта-жігермен дұға етуді білдіреді. Ехобаға қандай нәрселер жөнінде жалбарынып дұға етсек болады? Мысалы, қуғын-сүргінге ұшырағанда не өмірімізге қауіп төндіретін ауруға шалдыққанда, Ехобадан көмек сұрай аламыз. Мұндайда жалбарынып дұға ететініміз анық. Алайда Ехобаға тек осындай кездері ғана жалбарынуымыз керек пе?

7 Исаның үлгілі дұғада Құдайдың есімі, оның Патшалығы мен еркі жайында не дегеніне назар аударшы (Матай 6:9, 10 оқы). Мына дүние зұлымдыққа белшесінен батқан, ал үкімет басындағылар өз азаматтарының ең қарапайым деген қажеттіліктерінің өзін қамтамасыз ете алмай отыр. Олай болса, дұғада көктегі Әкеміздің есімінің киелі тұтылуын және Патшалығының адамзатты Шайтанның билігінен азат етуін сұрауымыз керек. Сондай-ақ Ехобаның еркі көкте орындалғандай жер бетінде де орындалуын сұрап жалбарынғанымыз жөн. Бәріміз де әрдайым сергек болып, дұғаның барлық түрін айтуға дайын болайық.

“ҰДАЙЫ ДҰҒА ЕТІҢДЕР”

8, 9. Неге Петір мен басқа елшілерді Гетсимани бағында ұйықтап кеткендері үшін сөгуге асықпауымыз керек?

8 Елші Петір бауырластарды “дұға етуге әрдайым дайын болуға” шақырғанмен, бірде өзі осылай ете алмай қалған. Иса Гетсимани бағында дұға айтып жатқанда, ол басқа елшілермен бірге ұйықтап кеткен еді. Иса “сергек болып, ұдайы дұға етуді” ескертсе де, олар қалғып кетті (Матай 26:40—45 оқы).

9 Алайда Петір мен басқа елшілерді сөгуге асықпайық. Елшілер үшін сол күн өте ауыр болғандықтан, олар әбден шаршаған еді. Күндіз олар Құтқарылу мейрамына дайындалып, кешке сол мейрамды тойлады. Сосын Иса Еске  алу кешін енгізіп, оны қалай атап өту керектігін көрсетті (Қор. 1-х. 11:23—25). Бұдан кейін “олар мадақтау әндерін айтты да”, Иерусалимнің тар көшелерімен Зәйтүн тауына қарай біраз жер жүрді (Мат. 26:30, 36). Бұл кезде түн жарымынан әлдеқашан асып кеткен болу керек. Солармен бірге біз де Гетсимани бағында болғанымызда, қалғып кетуіміз әбден мүмкін еді. Иса қатты шаршаған елшілерін айыптаған жоқ, қайта, оларға түсінікпен қарап: “Рух дайын, бірақ тән әлсіз”,— деді.

Шалыс қадам басқан Петір “дұға етуге әрдайым дайын болуды” үйренді (10, 11-абзацтарды қара)

10, 11. а) Гетсимани бағында болған жағдайдан Петір қандай сабақ алды? ә) Петірмен болған жағдай саған қалай әсер етеді?

10 Петір Гетсимани бағында болған жағдайдан сабақ алып, сергек болудың қаншалықты маңызды екенін түсінді. Бұдан бұрын Иса: “Басыма түсетін жағдайға бола осы түні бәрің мені тастап кетесіңдер”,— деген болатын. Сонда Петір сенімділікпен: “Бәрі тастап кетсе де, мен сені ешқашан тастамаймын!”— деді. Алайда Иса оған өзінен үш рет танатынын айтты. Сонда Петір: “Сенімен бірге өлуге тура келсе де, сенен еш танбаймын!”— деп, айтқанынан қайтпай қойды (Мат. 26:31—35). Бірақ Петір дәл Иса айтқандай, одан үш рет танды. Содан қателігін түсінген ол еңсесі түсіп, “қатты жылады” (Лұқа 22:60—62).

11 Осы жағдайдан Петір өз-өзіне тым сенімді болмауды үйренді. Бұл орайда оған дұға көмектескен болса керек. Мұны қайдан білеміз? “Дұға етуге әрдайым дайын болыңдар” деген ескертуді жазған Петірдің өзі ғой. Ал біз жайлы не деуге болады? Киелі кітаптағы аталмыш кеңеске құлақ асып жүрміз бе? Сондай-ақ “ұдайы дұға етуімізбен” Ехобаға арқа сүйейтінімізді көрсетіп жүрміз бе? (Заб. 77:7). Елші Пауылдың “Кім тұрмын деп ойласа, құлап қалудан сақ болсын!” деген ескертуін әрдайым есте ұстайық (Қор. 1-х. 10:12).

НЕХЕМИЯНЫҢ ДҰҒАЛАРЫ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАДЫ

12. Нехемия бізге қандай үлгі қалдырды?

12 Ехобаға жан-тәнімен дұға еткен Нехемияның мысалын қарастырайық. Ол б. з. б. V ғасырда парсы патшасы Артаксеркстің сарайында шарапшы болып қызмет етті. Иерусалимде тұрып жатқан яһудилердің басына қиын жағдай туғанда, Нехемия бірнеше күн бойы “ораза ұстап, көктегі Құдайға мінажат етті” (Нех. 1:4). Артаксеркс патша одан не үшін көңілсіз екенін және қандай өтініші бар екенін  сұрағанда, ол бірден “көктегі Құдайға іштей сиынып алды” (Нех. 2:2—4). Нәтижесінде не болды? Ехоба жағдайды жақсы жаққа қарай өзгерту арқылы Нехемияның дұғасына жауап берді (Нех. 2:5, 6). Осының арқасында Нехемияның сенімі қалай нығайды десеңші!

13, 14. Сенімімізді нығайтып, Шайтанның еңсемізді түсіруіне жол бермеу үшін не істеуіміз керек?

13 Нехемия сияқты ұдайы дұға еткеніміздің арқасында сеніміміз нығая түседі. Аяушылықты білмейтін Шайтан бізге әлсіз кезімізде тап береді. Мысалы, сырқат болсақ не жанкүйзелісімен күресіп жүрсек, ай сайын атқарған қызметіміз Құдайдың көзінде түкке де тұрмайды деп ойлауымыз мүмкін. Бәлкім, кейбіреулер бұрынғы жаман істерін ойлап, көңілдері түсетін шығар. Шайтан өзімізді түкке тұрғысыз сезінгенімізді қалайды. Ол біздің еңсемізді түсіріп, сенімімізді әлсіреткісі келеді. Алайда “дұға етуге әрдайым дайын болу” арқылы сенімімізді берік етіп сақтай аламыз. Сеніміміз үлкен қалқан іспетті болса, “Зұлымның отты жебелерінің бәрін өшіріп тастаймыз” (Ефес. 6:16).

“Дұға етуге әрдайым дайын болғанымыз” әртүрлі қиындықтарға төтеп беруге көмектеседі (13, 14-абзацтарды қара)

14 Сондай-ақ “дұға етуге әрдайым дайын болғанымыз” сақ болуға көмектеседі. Осының арқасында сеніміміз күтпеген жерден сыналғанда, Ехобаға адал болып қала аламыз. Ендеше сынақтар мен қиындықтарға кезіккенде, Нехемияға еліктеп, бірден дұға етейік. Біз азғырулар мен сынақтарға тек Ехобаның көмегімен ғана төтеп бере аламыз.

БАСҚАЛАР ҮШІН ДҰҒА ЕТ

15. Басқалар үшін дұға етуге қатысты өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз жөн?

15 Сенімі әлсіремесін деп, Иса Петір үшін жалбарынған болатын (Лұқа  22:32). Бірінші ғасырда өмір сүрген Епафрас есімді адал мәсіхші де Исаға еліктеп, Қолостағы бауырластары үшін ынты-шынтысымен дұға еткен. Пауыл ол жайлы былай деп жазды: “Сендер ақырында кемелденулерің және Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімді болуларың үшін, [Епафрас] үнемі жанын салып дұға етуде” (Қол. 4:12). Біз де өзімізді келесі сұрақтардың көмегімен тексеріп көрейік: “Дүниенің төрт бұрышындағы бауырластарым үшін жан-тәніммен дұға етемін бе? Табиғи апаттардан зардап шеккен бауырластар үшін қаншалықты жиі дұға айтамын? Ехобаның ұйымында мойындарына үлкен жауапкершілік алған бауырластар үшін соңғы рет қашан дұға еттім? Қауымдағы қиындыққа кезіккен бауырластар үшін жақында дұға еттім бе?”

16. Өзгелер үшін дұға айтудың пайдасы бар ма? Түсіндір.

16 Басқалар үшін дұға етудің шынымен де көп пайдасы бар (Қорынттықтарға 2-хат 1:11 оқы). Әрине, Ехоба көптеген қызметшілері қайта-қайта сұрағаны үшін өзін әрекет етуге міндетті санамайды. Десе де ол бауырластардың бір-бірінің қамын ойлап шын жүректен айтқан дұғаларын елеусіз қалдырмайды. Сондықтан да біз басқалар үшін дұға ету жауапкершілігі мен мәртебесіне жеңіл-желпі қарамауымыз керек. Епафрас сияқты біз де бауырластар үшін “жанымызды салып” дұға айту арқылы оларға деген сүйіспеншілігіміз бен қамқорлығымызды көрсетуіміз қажет. “Алғаннан гөрі берген бақытты” дегендей, осылай етсек қуанышымызға қуаныш қосылады (Ел. іс. 20:35).

ҚҰТҚАРЫЛУЫМЫЗ ЖАҚЫН

17, 18. “Дұға етуге әрдайым дайын болғанымыз” неге маңызды?

17 Пауыл былай деген: “Қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды білесіңдер. Міне, ұйқыдан оянатын уақыт келді, себебі Мәсіхке сене бастаған кезімізге қарағанда, қазір құтқарылуымыз жақынырақ. Түн бітуге таяды, ал күн жақындап қалды” (Рим. 13:11, 12). Құдай уәде еткен жаңа дүниенің орнауына аз уақыт қалды, біздің құтқарылатын кезіміз де өзіміз ойлағаннан жақынырақ. Сондықтан рухани ұйықтап кетпеуіміз керек және осы дүниедегі нәрселердің Ехобаға дұға ететін уақытымызды ұрлауына ешқашан жол бермеуіміз қажет. Қайта, “дұға етуге әрдайым дайын болайық”. Осылай етсек, біздің “жүріс-тұрысымыз қасиетті, ал іс-әрекеттеріміз Құдайға шын берілген адамдарға тән болады” (Пет. 2-х. 3:11, 12). Біздің өмір салтымыздан осы зұлым дүниенің ақыры жақын қалғанына шынымен сенетініміз және рухани сергек жүргеніміз көрініп тұру керек. Бұл үшін “ұдайы дұға еткеніміз” маңызды (Сал. 1-х. 5:17). Ендеше, Исаға еліктеп, жеке дұға айту үшін оңаша жер табуға тырысайық. Ехобаға ұзағырақ дұға айтатын болсақ, оған жақындай түсеміз (Жақ. 4:7, 8). Бұл біз үшін керемет бата емес пе?!

18 Жазбаларда былай делінген: “Жер бетінде болғанда, Мәсіх өзін аман алып қала алатынға қатты дауыстап, көз жасын төгіп, жалбарынғанда әрі тілегін білдіргенде, Құдайдан қорыққандықтан дұғасына жауап алды” (Евр. 5:7). Иса Құдайға жалбарынды әрі тілегін білдірді, сондай-ақ жердегі өмірінің соңына дейін адалдығын сақтады. Ал Ехоба өзінің сүйікті Ұлын өлімнің құрсауынан құтқарып, көкте өлмес өмір берді. Біз де алда кезігуіміз мүмкін кез келген азғырулар мен сынақтарға қарамастан, көктегі Әкемізге адал болып қала аламыз. Иә, “дұға етуге әрдайым дайын болсақ”, мәңгі өмір сыйына ие боламыз.