Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берейік

Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берейік

“САЙЛАУ нәтижесіне деген наразылықтан туындаған зорлық-зомбылық мыңдаған Ехоба куәгерлерін үйлерін тастап кетуге мәжбүр етті”,— дейді дамушы елде тұратын Франсуа есімді ақсақал. “Азық-түлік пен дәрі-дәрмектер тапшы болды, ал бар заттардың бағасы аспандап кетті. Банктер жабылып қалды, ал банкоматтарда я ақша болмайтын я мүлдем істемейтін”,— деп есіне алды ол.

Патшалық сарайын паналаған сол елдегі бауырластарға филиалдағы бауырластар бірден ақшалай көмек пен қажетті нәрселерін жіберді. Қарсыласқан топтар жолды бөгеп қойса да, екі жақ та Ехоба куәгерлерінің бейтараптықты қатаң ұстанатындары жайлы білетін. Сондықтан филиалдың көліктеріне өтуге рұқсат ететін.

“Патшалық сарайдың біріне кетіп бара жатқанда, снайперлер көлігімізге қарай оқ атты. Бірақ оқтары бізге тимеді. Қолында тапаншасы бар сарбаздың біз жаққа жүгіріп келе жатқанын көргенде, көлігімізді тез бұрып, үлкен жылдамдықпен филиалға кері қайттық. Аман қалғанымыз үшін Ехобаға алғысымыз шексіз еді. Келесі күні сол Патшалық сарайындағы 130 бауырлас қауіпсіз жерге орналасты. Кейбіреулері филиалға келді. Елдегі жағдай тынышталғанша біз осы бауырластардың рухани әрі материалдық қажеттіліктерін қамсыздандырдық”,— дейді Франсуа.

Ол сөзін жалғап: “Кейін еліміздің әр жерінде тұратын бауырластар алғыстарын білдіріп, филиалға хаттар жазды. Жан-жақтағы бауырластардың қиын сәтте қол ұшын бергені олардың Ехобаға деген сенімділіктерін нығайтты”,— дейді.

Табиғи немесе қолдан жасалған апаттарға кезіккенде, біз жәрдемге мұқтаж бауырластарға: “Тоңба, қарның да ашпасын”,— деп қана қоймай, олардың тәндік қажеттіліктеріне қам жасауға тырысамыз (Жақ. 2:15, 16). Бірінші ғасырдағы бауырластар да осылай еткен. Олар аштықтың жайлайтынын естігенде, “әрқайсысы өзінің шамасы келгенше Яһудеяда тұратын бауырластарына жәрдем жіберуді шешті” (Ел. іс. 11:28—30).

Ехобаның қызметшісі болғандықтан, біз мұқтаждық көрген жандарға материалдық жағынан көмек көрсетуге даярмыз. Алайда адамдардың рухани қажеттіліктері де бар (Мат. 5:3). Оларға осы қажеттіліктерін түсінуге әрі рухани қадам жасауға көмектесу үшін, Иса ізбасарларына шәкірт дайындауды тапсырған (Мат. 28:19, 20). Осы тапсырманы орындау мақсатында әрқайсысымыз көп уақытымызды, күш-қуатымыз бен қаражатымызды арнаймыз. Ұйымымыз садақаның кейбір бөлігін материалдық көмекке арнағанмен, оның негізгі бөлігі Патшалықтың мүддесін алға жылжытуға және ізгі хабарды таратуға арналады. Осылай ету арқылы біз Құдайға және жақындарымызға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз (Мат. 22:37—39).

Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік ісіне қолдау көрсететіндер олардың садақалары дұрыс әрі тиімді қолданылып жатқанына сенімді бола алады. Ал сен көмекке мұқтаж бауырластарға қол ұшын бере аласың ба? Шәкірт дайындау ісіне қолдау көрсеткің келе ме? Олай болса, “Қолыңнан келіп тұрғанда мұқтаждарға, Жақсылық көрсет, соған лайық жандарға” (Нақ. с. 3:27).