Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдайды шыдаммен күтейік

Құдайды шыдаммен күтейік

“Ал мен... Құдайдың көмек көрсетуін күтемін” (МИХА 7:7).

1. Неге біз шыдамсыздық таныта бастауымыз мүмкін?

МӘСІХТІҢ ПАТШАЛЫҒЫ 1914 жылы көкте орнаған соң, Шайтан билеген дүниенің соңғы күндері басталды. Сол жылы көкте шайқас болып, Иса Шайтан мен оның жын-перілерін жердің маңына лақтырды (Аян 12:7—9 оқы). Шайтан “өз уақытының аз қалғанын біледі” (Аян 12:12). Алайда бұл аз уақыт ондаған жылға созылғандықтан, кейбіреулер “Соңғы күндер қашан аяқталады?” деп шыдамсыздана бастауы мүмкін. Ал сен жайлы не деуге болады?

2. Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

2 Шыдамсыздық адамды ойланбай әрекет етуге итермелеуі мүмкін. Ехобаны шыдаммен күту үшін келесі сұрақтарды қарастырғанымыз маңызды: 1) Миха пайғамбардан шыдамдылық танытуды қалай үйрене аламыз? 2) Ехобаны күтетін уақыттың аяқталғанын қандай оқиғалардан көреміз? 3) Ехобаның шыдамдылығы үшін қалай ризашылық білдіруімізге болады?

МИХА ПАЙҒАМБАРДАН НЕ НӘРСЕГЕ ҮЙРЕНЕМІЗ?

3. Миханың күндерінде исраилдіктердің жағдайы қандай болды?

3 Миха 7:2—6 оқы. Миха пайғамбар исраилдіктердің Ехобадан теріс айналып, тура жолдан тайғанына куә болды. Зұлым патша Ахаздың тұсында олардың рухани күйі мүлдем құлдырап кетті. Миха опасыз исраилдіктерді “тікенді бұта” мен “тікенекті қоршауға” теңеді. Расында да, олар тікен сияқты өздеріне жақындағандардың бәріне зиян келтіретін. Исраилдіктердің бүлінгені соншалық, тіпті отбасындағылардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі суып кеткен еді. Жағдайды өзгерте алмайтынын білген Миха Ехобаға көңіліндегісін ақтарып дұға етті. Сосын оның әрекет ететін уақытын шыдамдылықпен күтті. Ол Ехобаның өз уақытында жағдайды түзететініне сенімді болды.

4. Біз қандай қиындықтарға кезігіп жүрміз?

 4 Миха сияқты біз де өзімшіл адамдардың арасында өмір сүріп жатырмыз. Осы зұлым дүниеде көп адам “алғысты білмейтін, опасыз, бауырмалдықтан жұрдай” болып кетті (Тім. 2-х. 3:2, 3). Әріптестеріміздің, сыныптастарымыз бен көршілеріміздің өзімшіл әрекеттері жанымызға бататын шығар. Алайда Құдайдың кейбір қызметшілері бұдан да зор қиындықтарға кезігуде. Иса ізбасарларының ізгі хабар үшін отбасы мүшелерінің тарапынан қарсылық көретінін айтқан. Ол Миха 7:6-да жазылғандарға ұқсас келесі сөздерді айтты: “Мен ұлын әкесінен, қызын шешесінен, ал келінін енесінен ажыратуға келдім. Иә, адамға өз үй ішіндегілері дұшпан болады” (Мат. 10:35, 36). Ехобаға қызмет етпейтін отбасы мүшелерінің келеке-мазағы мен қарсылығына төзу қаншалықты қиын десеңші! Осындай қысымға кезігіп жүрсек, еш берілмейік. Қайта, Ехобаға адал болып, оның жағдайды түзететін кезін шыдамдылықпен күтейік. Одан үздіксіз көмек сұрай берсек, ол бізге күш пен даналық беріп, табанды болуға көмектеседі.

5, 6. Ехоба Михаға қалай батасын берді және Миха не нәрсеге куә болмады?

5 Шыдамдылық танытқаны үшін Ехоба Михаға батасын берді. Ол Ахаз патшаның билігінің аяқталғанын және оның ұлы Езекияның тақты мұра етіп, шынайы ғибадатты қалпына келтіргенін көрді. Сондай-ақ ол Самарияның күйрейтініне қатысты айтқан пайғамбарлығының орындалғанына куә болды. Бұл үкім ассириялықтар солтүстік Исраил патшалығын жаулап алғанда орындалған еді (Миха 1:6).

6 Бірақ Миха өзі айтқан пайғамбарлықтардың барлығының орындалғанын көрген жоқ. Мысалы, ол былай деп жазған болатын: “Кейінгі заманда [“соңғы күндері” ЖД] Жаратқан Иенің Киелі үйі тұрған Сион тауы Бастысы болады бар тау-төбелердің, Бәрінен де оның атақ-даңқы Әлдеқайда жоғары болып қалады. Сонда халықтардың адамдары Соған қарай ағылатын болады. “Енді жүріңдер, Жаратқан Иенің... Сион тауындағы киелі үйіне Өрлеп барайық барлығымыз, кәне!”— деп, көп ұлттар жолға шығады бірігіп” (Миха 4:1, 2). Бұл пайғамбарлық Миха қайтыс болғаннан кейін бірталай уақыт өткен соң ғана орындалды. Десе де ол айналасындағы адамдардың қалай өмір сүргеніне қарамастан, Ехобаға өле-өлгенше адалдық сақтауға бел буды. Ол: “Барлық басқа ұлттар өздерінің Жалған тәңірлерінің жолын қуады, Ал біз өз Құдайымыз Жаратқан Иенің Жолымен жүретін боламыз ұдайы”,— деп жазды (Миха 4:5). Миха қиын жағдайда Ехобаны шыдамдылықпен күткен, өйткені оның барлық уәделерін орындайтынына сенімді болған. Иә, бұл адал пайғамбар Ехобаға толық сенім артты.

7, 8. а) Ехобаға сенім артуға қандай келелі себеп бар? ә) Қандай жағдайда уақыт тезірек өтетін болады?

7 Миха сияқты біз де Ехобаға толық сенім артып жүрміз бе? Бұлай етуге бізде келелі себеп бар: Миханың айтып кеткен пайғамбарлығы біздің көз алдымызда орындалып жатыр. Осы “соңғы күндері” әртүрлі ұлттан, халықтан, тілден шыққан миллиондаған адам Ехобаның “киелі үйі тұрған Сион тауына” қарай ағылуда. Ехобаның бұл қызметшілері бір-бірімен жауласып жүрген халықтардан шықса да, қылыштарын соқаға айналдырған әрі “соғысуды тіптен үйренбейді” (Миха 4:3). Ехобаның бейбіт халқының арасында болу біз үшін неткен мәртебе!

8 Әрине, бәріміз де Ехобаның осы зұлым дүниені тезірек жойғанын қалаймыз. Алайда сол кезді шыдаммен күту үшін жағдайға Ехобаның көзімен қарауымыз керек. Ехоба адамзатты соттайтын күнді белгілеп, оны жүзеге асыруға Иса Мәсіхті “тағайындап қойды” (Ел. іс. 17:31). Ал сол уақыт келгенше,  Құдай әртүрлі адамдарға “шындық жайлы тура білім алуға” және сол білімге сай әрекет етіп, құтқарылуға мүмкіндік беріп отыр. Біз адамдардың өміріне қауіп төніп тұрғанын ұмытпауымыз керек (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4 оқы). Өзгелерге Құдай жайлы тура білім беруден қолымыз босамаса, Ехобаның сот күні келгенше, уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай да қаламыз. Ал сол күн аяқ астынан келгенде, Патшалықты уағыздау ісіне белсенді түрде қатысқанымызға қалай қуанамыз десеңші!

КҮТЕТІН УАҚЫТ ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ?

9—11. Салоникалықтарға 1-хат 5:3-тегі пайғамбарлық орындалды ма? Түсіндір.

9 Салоникалықтарға 1-хат 5:1—3 оқы. Жуырда халықтар: “Міне, бейбітшілік пен қауіпсіздік!”— деп жар салатын болады. Осыған алданып қалмау үшін “ояу әрі қырағы жүруіміз” қажет (Сал. 1-х. 5:6). Қалай рухани ояу жүре аламыз? Бұл үшін тарих беттерін ашып, аталмыш пайғамбарлықтың орындалуына қандай оқиғалардың жол салып келгенін қарастырайық.

10 Екі дүниежүзілік соғыстан кейін де халықтар бейбітшіліктің орнауын қатты қалады. Осы мақсатпен Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлттар Лигасы құрылды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін адамдар Біріккен Ұлттар Ұйымы жер бетіне тыныштық орнатады деп үміттенді. Үкіметтер мен дінбасылары да осы ұйымдардың адамзатқа бейбітшілік әкелетініне сенді. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1986 жылды Халықаралық бейбітшілік жылы деп жариялады. Сол жылы көптеген шенеуніктер мен діни жетекшілер католик шіркеуінің басшысымен бірге Италияның Ассизи қаласында бас қосып, бейбітшілік үшін дұға айтты.

11 Алайда бейбітшілік пен қауіпсіздік жайлы осы және басқа да мәлімдемелер Салоникалықтарға 1-хат 5:3-тегі пайғамбарлықтың орындалғанын көрсете ме? Әлбетте, жоқ. Өйткені сонда айтылған кенеттен келетін “жойылу” әлі орын алмады.

12. “Міне, бейбітшілік пен қауіпсіздік!” деген мәлімдеме жайлы не білеміз?

 12 Болашақта “Міне, бейбітшілік пен қауіпсіздік!” деп кім жар салады? Бұл ретте мәсіхшілер әлемі мен басқа діндердің жетекшілері қандай рөл атқарады? Ал үкімет басшыларының осы мәлімдемеге қандай қатысы болады? Жазбаларда бұл жайында еш нәрсе айтылмаған. Бірақ бір білетініміз — аталмыш мәлімдеме қандай түрде не қандай сенімділікпен айтылмасын, бұл тек көзбояушылық болады. Бұл ескі дүние Шайтанның билігінде, ол түп-тамырына дейін шіріп кеткен және сол күйінде қала бермек. Қай-қайсысымыз да бейтараптық сақтамай, Шайтанның сол бір өтірігіне сеніп қалсақ, қандай өкінішті болар еді!

13. Періштелер төрт жойқын желді не үшін мықтап ұстап тұр?

13 Аян 7:1—4 оқы. Біз Салоникалықтарға 1-хат 5:3-тегі пайғамбарлықтың орындалғанын күтіп жүрген уақытта, мықты періштелер зор алапаттың төрт жойқын желін жібермей ұстап тұр. Олар нені күтуде? Елші Жохан Құдайдың майланған құлдарына соңғы белгі салыну керектігін айтқан *. Ал соңғы белгі салынып біткеннен кейін, періштелер төрт жойқын желді жібереді. Сосын не болады?

14. Ұлы Бабылдың ақыры таяғаны неден көрінеді?

14 Жалған діндердің империясы Ұлы Бабыл лайықты жазасын алатын болады. Ол жойылғанда, “халықтар мен қалың жұрт, ұлттар мен тілдер” оған еш көмектесе алмайды. Бүгінде біз Ұлы Бабылдың ақыры таяғанын көрсететін белгілерге куә болып жүрміз (Аян 16:12; 17:15—18; 18:7, 8, 21). Мысалы, дінді қолдаушылардың саны қазірдің өзінде барған сайын азайып барады. Жаңалықтардан діндер мен дінбасыларының қатаң сынға алынып жатқанын жиі естиміз. Алайда Ұлы Бабылдың жетекшілері өздеріне шынымен қауіп төніп тұрғанын сезіп жатқан жоқ. Олар қалай қателеседі десеңші! “Міне, бейбітшілік пен қауіпсіздік!” деп жар салынған соң, Шайтанның дүниесіндегі үкіметтер жалған дінге кенеттен шабуыл жасап, оны түп-тамырымен жояды. Сонда Ұлы Бабыл мәңгіге құриды! Осы айтулы оқиғалар шыдаммен күтуге тұрады емес пе? (Аян 18:8, 10).

ҚҰДАЙДЫҢ ШЫДАМДЫЛЫҒЫНА РИЗА ЕКЕНІМІЗДІ КӨРСЕТЕЙІК

15. Неге Ехоба әрекет етуге асықпайды?

15 Адамдар есімін қаралап жатқанына қарамастан, Ехоба әрекет ететін уақытын шыдамдылықпен күтуде. Ол ақжүрек адамдардың ешқайсысының жойылғанын қаламайды (Пет. 2-х. 3:9, 10). Сен де сондай көзқарас танытып жүрсің бе? Ехобаның күні келгенше, оның шыдамдылығына деген ризашылығымызды келесі абзацтарда көрсетілген жолдармен білдіре аламыз.

16, 17. а) Неге қауымнан қол үзген адамдарға көмектескіміз келеді? ә) Қауымнан қол үзген адамдардың Ехобаға оралғаны неге өте маңызды?

16 Ехобаның ұйымынан қол үзген адамдарға көмектес. Иса тіпті бір жоғалған қой табылса, көкте зор қуаныш болатынын айтқан (Мат. 18:14; Лұқа 15:3—7). Демек, Ехоба қазіргі уақытта қауымнан алыстап кеткен, бірақ кезінде өзін жақсы көретінін көрсеткен барлық адамдар үшін қам жейді. Осындай жандарға қауымға оралуға көмектессек, Ехоба мен періштелердің қуануына көп септігімізді тигіземіз.

17 Сен қауымнан қол үзген адамдардың бірісің бе? Мүмкін, қауымда сені біреу ренжітіп қойғандықтан, бауырластармен араласуды доғарған шығарсың. Содан бері біраз уақыт өткен болса,  өзіңнен былай деп сұрап көр: “Қазір анағұрлым мағыналы және бақытты өмір сүріп жатырмын ба? Мені ренжіткен Ехоба ма, әлде кемелсіз пенде ме? Ехоба маған зиян келтіретіндей бір нәрсе істеді ме?” Шындығына келгенде, ол бізге тек игі нәрселерді ғана береді. Тіпті бағышталғанымызға сай өмір сүрмесек те, ол бізді өзі беріп жатқан игі нәрселерінен айырмайды (Жақ. 1:16, 17). Ехобаның күні жақындап қалды. Қазір сүйіспеншілігі мол Әкеміз Ехобаға және бүгінде ең қауіпсіз жер болып табылатын қауымға оралатын кез (Заң. қ. 33:27; Евр. 10:24, 25).

Ехобаның қызметшілері қауымнан қол үзген адамдарға қайта оралуға көмектесу үшін бар күштерін салады (16, 17-абзацтарды қара)

18. Неге жетекшілік ететін бауырластарға қолдау көрсетуіміз керек?

18 Жетекшілік ететіндерге адалдықпен қолдау көрсет. Сүйіспеншілігі мол Бағушымыз Ехоба бізді жетелейді және қорғайды. Ол өзінің Ұлын отардың Бас бағушысы етіп қойды (Пет. 1-х. 5:4). Сондай-ақ ол ер адамдарды қауымда жетекшілік етуге тағайындады. 100 000-нан астам қауымдағы ақсақалдар Құдайдың отарындағы әрбір қойға көңіл бөледі (Ел. іс. 20:28). Осы бауырластарға адалдықпен қолдау көрсетсек, Ехоба мен Исаның біз үшін жасаған бар жақсылықтарына риза екенімізді көрсетеміз.

19. Қалай біз “сап түзей” аламыз?

19 Бір-біріңе жақындай түсіңдер. Бұл нені білдіреді? Мысалы, ертеде әбден жаттыққан әскерге жау шабуыл жасағанда, сарбаздар бір-біріне жақын тұрып, сап түзейтін. Осылайша жауларына оларды жеңу қиынға соғатын. Бүгінде Шайтан Құдайдың қызметшілеріне қарсы шабуылын үдетуде. Қазір өзара шайқасатын уақыт емес. Қазір кемшіліктерімізге мән бермей, бір-бірімізге жақындай түсетін және Ехобаның басшылығына сенім артатын уақыт.

Қазір Шайтан мен оның жын-перілерінен қорғану үшін бір-бірімізге жақындай түсіп, “сап түзейтін” уақыт (19-абзацты қара)

20. Қазір біз үшін қандай уақыт?

20 Бәріміз де рухани сергек жүріп, Ехобаны шыдамдылықпен күтейік. Сондай-ақ “Міне, бейбітшілік пен қауіпсіздік!” деп жарияланатын және майланғандарға соңғы белгі салынатын уақытты шыдаммен күтейік. Бұл оқиғалардан кейін періштелер төрт жойқын желді жібереді, сонда Ұлы Бабылдың ақыры келеді. Осы бір маңызды оқиғаларды күте жүріп, Ехобаның ұйымында жетекшілік ету тапсырылған бауырластардың басшылығына мойынсұнайық. Шайтан мен оның жын перілерінен қорғану үшін бір-бірімізге жақындай түсіп, “сап түзейік”! Қазір забур жыршысының: “Жаратқанға сенім артқандардың бәрі, Қайратқа кенеліп, батыл болыңдар енді!”— деген сөздеріне құлақ асатын уақыт (Заб. 30:25).

^ абзац 13 Мәсіхші майланған ретінде таңдалғанда, оған алғашқы белгі салынады. Ол өзінің адалдығын толығымен дәлелдеген соң, оған соңғы белгі салынады. Бұл жайлы көбірек мәліметті “Күзет мұнарасының” (ор.) келесі санынан табуға болады: 1 қаңтар, 2007 жыл, 30, 31-беттер.