Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Лезде ақылыңнан адасып” жүрме!

“Лезде ақылыңнан адасып” жүрме!

“Бауырластар, сендерден мынаны өтінеміз... лезде ақылдарыңнан адасып, абыржымаңдар” (САЛ. 2-Х. 2:1, 2).

1, 2. Бүгінде өтірік неге белең алуда және біз қандай өтірікке кезігеміз? (Осы беттегі суретті қара.)

БҮГІНДЕ қайда барсақ та, өтірік, алаяқтық пен алдаушылыққа кезігеміз. Бірақ біз бұған таңғалмауымыз керек. Киелі кітапта Шайтанның нағыз өтірікші әрі осы дүниенің билеушісі екені анық айтылған (Тім. 1-х. 2:14; Жох. 1-х. 5:19). Ол “өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:12). Сондықтан да Шайтанның ықпалындағы адамдар барған сайын өтірікке белшесінен батады деп күтуімізге болады. Олар әсіресе шынайы ғибадатты ұстанатындарды алдауға барынша тырысады.

2 Кейде бұқаралық ақпарат құралдарынан Ехобаның қызметшілері мен олардың нанымдары туралы жартылай шындықты не тіпті қып-қызыл өтірікті естіп жатамыз. Газет беттері, теледидар бағдарламалары мен әртүрлі веб-сайттар жалған мәліметті тарату үшін кеңінен қолданылады. Анық-қанығына көз жеткізбеген кейбір адамдар осындай жалған мәліметке сеніп, наразы болып жатады.

3. Бізге алданып қалмауға не көмектеседі?

3 Қуанышымызға орай, бізде “түзетуге... тиімді” Құдай Сөзі бар (Тім. 2-х. 3:16). Ол бізге Шайтанның сенімімізді әлсіретуге бағытталған өтірігіне қарсы тұруға көмектеседі. Елші Пауылдың салоникалықтарға жазған хатынан сол уақытта өмір сүрген кейбір мәсіхшілердің жалған сөздерге сеніп қалғаны көрінеді. Пауыл оларды “лезде ақылдарынан адасып, абыржымауға” шақырған (Сал. 2-х. 2:1, 2). Осы сүйіспеншілікпен айтылған ескертуден не нәрсеге үйренеміз?

УАҚТЫЛЫ АЙТЫЛҒАН ЕСКЕРТУЛЕР

4. Пауыл Салоникадағы қауымға “Ехобаның күніне” қатысты қандай ескерту айтты және бізге қырағы болуға не көмектеседі?

4 Салоникадағы қауымға жазған бірінші хатында Пауыл “Ехобаның күні” келе жатқанына назар аударды. Ол бауырластардың рухани түнекте жүрмей,  сол күнге дайын болғандарын қалады. Сондықтан оларды “жарықтың ұлдары” ретінде “ояу әрі қырағы жүруге” шақырды (Салоникалықтарға 1-хат 5:1—6 оқы). Бүгінде біз дүниежүзілік жалған діндер империясы Ұлы Бабылдың жойылуын күтіп жүрміз. Бұл Ехобаның ұлы күні келіп қалғанын білдіретін белгі болады. Қуанышымызға орай, біз Ехобаның ниеті қалай жүзеге асатынына қатысты мол түсінікке ие болып жатырмыз. Сондай-ақ қауым кездесулерінде қырағы болуға көмектесетін ескертулерді әрдайым әрі уақтылы алып тұрамыз. Қайта-қайта айтылатын осы ескертулерге құлақ ассақ, қасиетті қызметімізді әрі қарай да “ақыл-ойымызды іске қосып” атқара беруге бел буамыз (Рим. 12:1).

Пауылдың жазған уақтылы ескертулері мәсіхшілер үшін зор көмек болды (4, 5-абзацтарды қара)

5, 6. а) Пауыл Салоникалықтарға арналған екінші хатында не жайлы айтты? ә) Жақында Иса не істейді және өзімізді қалай тексерсек болады?

5 Көп ұзамай Пауыл салоникалықтарға екінші рет хат жазды. Бұл жолы ол Иса Мәсіх “Құдайды білмейтіндер” мен “ізгі хабарға мойынсұнбайтындарға” сот жүргізгенде, қиын күндер туатынын айтты (Сал. 2-х. 1:6—8). Осы хаттың екінші тарауында сол қауымдағы кейбір бауырластардың Ехобаның күні жақындап қалды деп қатты “абыржығаны” айтылады (Салоникалықтарға 2-хат 2:1, 2 оқы). Алғашқы мәсіхшілердің Ехобаның еркіне қатысты түсініктері шектеулі еді. Кейіннен Пауыл пайғамбарлықтарды түсінуге қатысты мынаны мойындаған: “Біліміміз де, пайғамбарлығымыз да толық емес. Алайда біз толық білімге ие болып, толығымен пайғамбарлық еткенде, толық еместің бәрі жоғалады” (Қор. 1-х. 13:9, 10). Десе де Пауыл мен Петірдің және басқа да адал ер бауырластардың рухтың жетелеуімен жазған ескертулері оларға сенімдерін сақтауға көмектескені анық.

6 Салоникадағы бауырластардың көзқарасын түзету үшін Пауыл Ехобаның күні келмес бұрын қандай оқиғалардың орын алу керектігін рухтың жетелеуімен түсіндіріп берді. Алдымен жолдан таюшылық кең етек алып, “күнәнің адамы” пайда болу керек-тін *. Содан кейін Иса оған алданып қалғандардың бәрін өз уақыты келгенде толығымен “жояды”. Пауыл бұл адамдардың “шындықты сүйгілері келмегендіктен”  жазаға тартылатынын айтып түсіндірді (Сал. 2-х. 2:3, 8—10). Біз өзімізді мына сұрақтардың көмегімен тексеріп көргеніміз абзал: “Мен шындықты қаншалықты сүйемін? Дүниенің төрт бұрышындағы Құдай қауымына арнап шығарылатын осы журналдағы және Киелі кітапқа негізделген басқа әдебиеттердегі соңғы түсініктерді жақсы білемін бе?”

АРАЛАСАТЫН ОРТАҢДЫ АҚЫЛМЕН ТАҢДА

7, 8. а) Алғашқы мәсіхшілерге қандай нәрселер қауіп төндірді? ә) Біздің күнімізде шынайы мәсіхшілерге әсіресе не нәрсе қауіп төндіреді?

7 Мәсіхшілерге жолдан таюшылар мен олардың ілімдерінен басқа да нәрселер қауіп төндірмек еді. Пауыл Тімөтеге жазған хатында “ақшақұмарлықтың бар жамандықтың түп тамыры” екенін ескертті. Сондай-ақ “кейбіреулердің соған беріліп, сенім жолынан адасқанын және өздерін көптеген қайғы-қасіретпен жарақаттағанын” айтты (Тім. 1-х. 6:10). Сондай-ақ “тәннің істері” де мәсіхшілерге әрдайым қауіптің көзі болмақ еді (Ғал. 5:19—21).

8 Алайда Пауыл Салоникадағы бауырластарды әсіресе “жалған елшілерден” сақтандырған. Кейбіреулер “шәкірттерді өздерімен әкету үшін... жалған ілімдерді үйреткен” (Қор. 2-х. 11:4, 13; Ел. іс. 20:30). Кейінірек Иса Ефестегі қауымды “жаман адамдарға төзе алмайтыны” үшін мақтады. Сол қауымдағы мәсіхшілер жалған елшілерді “сынап”, олардың өтірікші екендерін анықтады (Аян 2:2). Көңіл қоярлық бір жайт, Пауыл салоникалықтарға жазған екінші хатында: “Бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің атынан мынаны бұйырамыз: тәртіп бұзып... жүрген бауырластың қай-қайсысымен де араласпаңдар”,— деген. Осы сөздерден кейін ол “еңбек еткісі келмейтін” мәсіхшілерді де айрықша атап өтті (Сал. 2-х. 3:6, 10). Сонда еңбек еткісі келмейтіндердің өзі тәртіп бұзушылар ретінде қарастырылса, жолдантаюшылыққа бет бұрғандар жайлы не деуге болады?! Расында да, мұндай адамдармен тығыз араласу бірінші ғасырда өте қауіпті болған. Біздің күнімізде де дәл солай, сондықтан біз олардан барынша аулақ болуымыз қажет (Нақ. с. 13:20).

9. Өз бетінше жорамал жасайтын не басқаларды жамандайтын адамдардан неге сақ болуымыз керек?

9 Зор алапат басталатын және зұлым дүниенің жойылатын кезі жақын қалды. Сондықтан да Пауылдың киелі рухтың жетелеуімен жазған ескертулеріне құлақ асқанымыз бүгінде әсіресе маңызды. Біздің “Құдай рақымының... қандай мақсатпен көрсетілгенін елеусіз қалдырып”, мәңгі өмір сүру үмітінен айырылып қалғымыз келмейтіні анық (Қор. 2-х. 6:1). Қауымда әлдекім Киелі кітапта анық айтылмаған нәрселерге қатысты өз жорамалдарымен бөліссе не өзге бауырластарды жамандаса, өте сақ болғанымыз дұрыс (Сал. 2-х. 3:13—15).

“ҮЙРЕТКЕНДЕРІМІЗДІ ҰСТАНЫП ЖҮРІҢДЕР”

10. Пауыл Салоникадағы мәсіхшілерді не нәрсеге талпындырды?

10 Пауыл Салоникадағы мәсіхшілерді “берік тұруға” және үйренген нәрселерін ұстанып жүруге талпындырған (Салоникалықтарға 2-хат 2:15 оқы). “Үйреткендеріміз” деп Пауыл не нәрсеге нұсқаған? Әрине, жалған діннің тарататын ілімдеріне емес, Исаның тәлімдері мен Құдайдың Пауылға және басқаларға жаздырған хабарына нұсқаған. Кейіннен бұл жазбалар Киелі кітаптың құрамына кірді. Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерді барлық жағдайда өзін естен шығармай, үйреткен нәрселерін ұстанып жүргендері үшін мақтады (Қор. 1-х. 11:2). Мұндай тәлімдер сенімді көзден  келгендіктен, оларды еш күмәнсіз қабыл алуға болатын.

11. Кейбір адамдарға алданғандары қалай әсер етеді?

11 Ал еврейлерге жазған хатында Пауыл мәсіхшінің қандай екі түрлі жолмен сенімін жоғалтып, Ехобаға адал болмай қалуы мүмкін екенін көрсетті (Еврейлерге 2:1; 3:12 оқы). Ол “ауытқу” мен “алыстау” деген екі етістікті қолданды. Мәселен, жүзіп келе жатқан кеменің өз бағытынан ауытқып кеткені алғашында аса байқалмайды. Осылай жалғаса берсе, кеме бірте-бірте бағытынан мүлдем ауытқып кетеді. Ал егер адам жағадағы кемені суға қарай итерсе, оны өз күшімен жағадан алыстатқан болады. Осы мысалдың екеуінен де адамның сенімінің әлсіреуіне қалай жол беріп, алданып қалуы мүмкін екенін көреміз.

12. Бүгінде қандай істер рухани күйімізге кері әсер етуі мүмкін?

12 Салоникадағы кейбір мәсіхшілер дәл осылай алданып қалған көрінеді. Ал біз жайлы не деуге болады? Бүгінде уақытымызды ұрлайтын істер жетіп артылады. Әлеуметтік желілер арқылы араласуға, электронды хаттарды оқып, оларға жауап беруге, сүйікті істермен айналысуға не соңғы спорт жаңалықтарынан үнемі хабардар болып отыруға қаншама сағат кетуі мүмкін екенін ойлап көрші. Осы істердің қай-қайсысы да мәсіхшіні алаңдатып, құлшынысын бәсеңдетуі мүмкін. Нәтижесінде оның Киелі кітапты зерттеу, шын жүректен дұға ету, қауым кездесулеріне бару және ізгі хабарды уағыздау сияқты істерді кейінге ысыра бастауы ғажап емес. Ендеше лезде ақылымыздан адаспауға бізге не көмектеседі?

АҚЫЛЫҢНАН АДАСУДАН САҚТАН

13. Алдын ала айтылып кеткендей, бүгінде көп адам қандай көзқарас танытады және сенімімізді жоғалтпауға бізге не көмектеседі?

13 Біз осы зұлым дүниенің жойылатын кезі жақын қалғанын және “соңғы күндері” өмір сүріп жатқанымызды мойындамайтындармен араласудың қауіпті екенін әрдайым есте ұстауымыз керек. Елші Петір біздің күндерімізге қатысты былай деген: “Соңғы күндері мазақ сөздер айтатын мазақтаушылар келеді. Олар өз қалауларын орындайды және былай дейтін болады: “Ол келем деп уәде еткен еді ғой, келгені қайда? Ата-бабаларымыз өлім ұйқысына кете бастағалы бері ештеңе өзгерген жоқ, жаратылыс басталғалы бері бәрі де сол күйі жалғасып келеді” (Пет. 2-х. 3:3, 4). Киелі кітапты күнде оқығанымыз және оны жүйелі түрде зерттегеніміз қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды есте ұстауға көмектеседі. Пайғамбарлықта айтылған жолдантаюшылық баяғыда пайда болып, әлі күнге дейін бой көрсетіп келеді. “Күнәнің адамы” әлі де бар әрі ол Құдайдың қызметшілеріне қарсылық көрсетуін доғарған жоқ. Ендеше, Ехобаның күні жақын екенін бір сәтке де естен шығармайық (Соф. 1:7).

Қызметке жақсылап дайындалып шыққанымыз “лезде ақылымыздан адаспауға” көмектеседі (14, 15-абзацтарды қара)

14. Қызметке белсене қатысқанымыз біз үшін қалай қорғаныш болады?

14 Сергек болып, ақылымыздан адаспауға көмектесетін тағы бір нәрсе — Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздауға жүйелі түрде қатысу. Қауымның Басы Иса ізбасарларына барлық халықтан шәкірт дайындауды бұйыруымен оларға рухани сергек жүрудің жолын көрсеткен (Мат. 28:19, 20). Біз осы бұйрыққа құлақ асатынымызды уағызға құлшына атсалысу арқылы көрсете аламыз. Қалай ойлайсың, Салоникадағы бауырластар уағыздау мен тәлім беру ісін амалсыздан, өздерін міндетті санағандықтан ғана атқарды ма? Пауылдың оларға не дегенін есіңде болар. Ол: “Рухтың жалынын өшірмеңдер. Пайғамбарлықтарға немкетті қарамаңдар”,— деген (Сал. 1-х. 5:19, 20). Ал біз жақсылап зерттеп, қызметте адамдармен бөлісіп жүрген пайғамбарлықтар қандай керемет десеңші!

15. Отбасылық ғибадатта қандай нәрселерді талқылауға болады?

 15 Бәріміз де отбасы мүшелерімізге уағыздау қабілеттерін жақсартуға көмектескіміз келетіні анық. Көп бауырластар осы мақсатқа қол жеткізу үшін отбасылық ғибадаттарының бір бөлігін қызметке дайындалуға арнайды. Бәлкім, қызметте кездестірген адамдардың қызығушылығын әрі қарай арттыру үшін не істей алатындарыңды талқылайтын шығарсыңдар. Адамға қайта барғанда не туралы сөйлессе болады? Қандай тақырыптар оның қызығушылығын арттыруы мүмкін? Оған қай уақытта қайта барған дұрыс? Сонымен қатар көп бауырластар отбасылық ғибадаттың біраз бөлігін қауым кездесулеріне дайындалуға арнауды жөн көреді. Сен де отбасыңмен бірге солай істей аласың ба? Кездесуде түсініктеме бергендерің сенімдеріңді нығайтып, ақылдарыңнан адаспауға көмектеседі (Заб. 34:18). Расында да, отбасылық ғибадат бізді Киелі кітапта түсіндірілмеген жайттарға қатысты жорамал жасаудан және күмәнданудан сақтайды.

16. Майланған мәсіхшілерді ақылдарынан адаспауға не талпындырады?

16 Жылдар бойы Ехоба өз қызметшілеріне Киелі кітап пайғамбарлықтарының мәнін ашып келеді. Сол пайғамбарлықтар жайлы ой жүгірткеніміз біздің болашағымызға қатысты керемет пайғамбарлықтардың да міндетті түрде орындалатынына сенімділік береді. Майланған мәсіхшілер Исамен бірге көкте билік ету үмітіне ие. Бұл үміттері оларды ақылдарынан адаспауға талпындыратыны шүбәсіз! Пауылдың салоникалықтарға жазған келесі сөздерінің оларға да қатысты екені анық: “Ехоба сүйген бауырластар, біз сендер үшін әрқашан Құдайға ризашылық білдіруге міндеттіміз. Өйткені Құдай құтқарылуларың үшін сендерді... таңдап алды. Ол мұны сендерді рухпен киелі ету арқылы және шындыққа деген сенімдеріңнің негізінде істеді” (Сал. 2-х. 2:13).

17. Салоникалықтарға 2-хат 3:1—5 тармақтарда жазылған сөздер сені қалай жігерлендіреді?

17 Жерде мәңгі өмір сүруді асыға күтіп жүргендер де лезде ақылдарынан адаспау үшін күш салулары керек. Сенің де осындай үмітің болса, Пауылдың салоникалықтарға сүйіспеншілікпен жазған кеңесіне ден қойғаның жөн (Салоникалықтарға 2-хат 3:1—5 оқы). Әрқайсысымыз осындай жігер беретін сөздер үшін риза болуымыз керек емес пе? Расында да, Пауылдың салоникалықтарға жазған екі хатындағы ескертулер Киелі кітапта түсіндірілмеген нәрселерді жорамалдаудан және күмәнді ойларды дамытудан сақтайды. Осы зұлым заманның ақыры жақындап қалғандықтан, біз осындай уақтылы ескертулерге шексіз ризамыз.

^ абзац 6 Елшілердің істері 20:29, 30-да Пауыл мәсіхшілерді: “Шәкірттерді өздерімен әкету үшін өз іштеріңнен де жалған ілімдерді үйрететіндер шықпақ”,— деп ескертті. Уақыт өте келе қауымда жетекшілік еткендер басқа мәсіхшілерден бөлектене бастады. Осылайша б. з. ІІІ ғасырына таман “күнәнің адамы” мәсіхшілер әлемінің діни жетекшілер тобы екені анықталды (“Зерттеуге арналған мақалалар” (ор.), br1 1989—1990, 28—32 беттер).