“Мені еске алу үшін, осылай істеп тұрыңдар”
“Ризашылық білдірді де, [нанды] сындырып, былай деді: “Бұл сендер үшін ұсынылатын денемді білдіреді. Мені еске алу үшін, осылай істеп тұрыңдар” (ҚОР. 1-Х. 11:24).
1, 2. Елшілер Исаның Иерусалимге сапар шегуі жайлы нені түсінсе керек?
ИЕРУСАЛИМДЕГІ күзетші жаңа туған айды көрді. Жоғарғы кеңес бұл жайында хабардар болған соң, нисан айының басталғанын жариялады. Бұл хабар ел арасына хабаршылар арқылы және от қойып белгі беру арқылы тарай бастады. Осылайша елшілер Құтқарылу мейрамын тойлайтын уақыттың жақындап қалғанын білді. Исаның мейрамға дейін Иерусалимге жетіп алғысы келгені анық. Елшілер Исаның осы ойын түсінсе керек.
2 Бұл уақытта Иса елшілерімен бірге Иорданның арғы бетіндегі Перея аймағында жүрген болатын (Мат. 19:1; 20:17, 29; Мар. 10:1, 32, 46). Нисан айының бірінші күні қашан басталғаны анықталған соң, Құтқарылу мейрамы 13 күннен кейін, яғни 14 нисанда, күн батқан соң тойланбақ еді.
3. Құтқарылу мейрамының тойланған күні мәсіхшілерді неліктен қызықтыру керек?
3 Иеміздің кешкі асы Құтқарылу мейрамы тойланған күні енгізілді. Биыл ол 14 сәуірде күн батқан соң атап өтіледі. Бұл барлық шынайы мәсіхшілер мен қызығушылық танытқан адамдар үшін ерекше күн болмақ. Не себепті? Қорынттықтарға 1-хат 11:23—25 тармақтарда былай делінген: “Иса өзіне опасыздық жасалатын түні қолына нан алып, ризашылық білдірді де, сындырып, былай деді: “Бұл сендер үшін ұсынылатын денемді білдіреді. Мені еске алу үшін, осылай істеп тұрыңдар”. Кешкі астан кейін тостағанды да алып: “Мына тостаған менің төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді білдіреді. Мені еске алып, одан ішкен сайын, осылай ете беріңдер”,— деді”.
4. а) Еске алу кешіне қатысты қандай сұрақтар жайлы ойланғанымыз абзал? ә) Еске алу кешінің өтетін күні жыл сайын қалай анықталады? (“ 2014 жылы өтетін Еске алу кеші” деген қоршауды қара.)
4 Иса шәкірттеріне осы жалғыз мейрамды ғана жыл сайын атап өтуді өсиет еткен. Сенің оған барғың келетінінде күмән жоқ. Ендеше, ерте бастан мына жайлы ойланғаның абзал: “Осы кешке қалай дайындалсам болады? Кеш қалай өтеді? Қандай рәміздер қолданылады? Бұл мейрамның және рәміздердің мен үшін қандай мәні бар?”
РӘМІЗДЕР
5. Иса елшілеріне Құтқарылу мейрамына бөлме дайындауға қатысты не деді?
5 Иса елшілерін Құтқарылу мейрамын тойлау үшін бөлме дайындауға жібергенде, оның ішін сәндеуге қатысты ешқандай нұсқаулар берген жоқ. Ол бөлменің небәрі таза, мейрамға лайықты әрі барлығы сиятындай кең болғанын қалаған болса керек (Марқа 14:12—16 оқы). Сондай-ақ елшілер ашытылмаған нан мен қызыл шарапты қоса алғанда, асқа қажет нәрсенің бәрін дайындап қоюлары қажет еді. Құтқарылу мейрамын тойлап болған соң, Иса жаңа мейрамның рәміздері ретінде нан мен қызыл шарапқа айрықша назар аударды.
6. а) Құтқарылу мейрамының асын жеп болған соң, Иса нанға қатысты не деді? ә) Еске алу кешінде қандай нан қолданылады?
6 Сол кеште Исамен бірге болған елшілердің бірі Матай кейінірек былай деп жазды: “Иса қолына нан алып, дұға еткен соң, шәкірттеріне сындырып беріп жатып: “Алыңдар, жеңдер...”— деді” (Мат. 26:26). Бұл Құтқарылу мейрамына арнап жасалатын ашытқысыз пісірілген “нан” еді (Мыс. ш. 12:8; Заң. қ. 16:3). Нанды ашытқы және тұз сияқты дәмдеуіштерді қоспай, тек бидай ұны мен судан жасайтын. Сондықтан ол көтерілмейтін, пісіргенде жұқа, құрғақ әрі қытырлақ болып шығатын әрі оны оңай бөлуге болатын. Бүгінде Еске алу кеші қарсаңында қауым ақсақалдары бауырластардың бірінен осындай нан пісіруді өтінуі мүмкін. Бұл үшін бидай ұнына суды араластырып нан илеп, оны азғана май жағылған табаға пісіру қажет (Бұл үшін күріш, арпа не жүгері сияқты дәнді-дақылдардан жасалған ұн да жарай береді.). Сондай-ақ яһудилердің маца деп аталатын нанын да қолдануға болады. Бірақ оның уыт, жұмыртқа не пияз қосылмаған түрін алған жөн.
7. Иса рәміз ретінде қандай шарапты қолданған және бүгінде Еске алу кешінде қандай шарапты қолдануға болады?
7 Әрі қарай не болғанын Матай былай баяндайды: “[Иса] шарап құйылған тостағанды алып, Құдайға ризашылық білдірді де, оларға беріп жатып, былай деді: “Мынадан бәрің де ішіңдер” (Мат. 26:27, 28). Исаның қолындағы тостағанда қызыл шарап болған. Мұның жаңа сығылған жүзім шырыны болуы екіталай еді, өйткені жүзім жинайтын науқан аяқталғалы бері біраз уақыт өткен болатын. Исраилдіктер Құтқарылу мейрамын Мысырда алғаш рет тойлағанда, шарап ішпеген еді. Алайда Иса осы мейрам кезінде шарап ішкен дұрыс емес деп айтпаған. Ол тіпті Иеміздің кешкі асы кезінде оны рәміз ретінде қолданған. Мәсіхшілердің бүгінде Еске алу кешінде шарапты қолданатыны да содан. Исаның төккен қанының құнын арттырудың қажеті болған жоқ, сол себепті кеште қолданылатын шарапқа бренди сияқты қоспаларды араластырып, күшін арттырудың қажеті жоқ. Бұл ретте қолдан жасалған не Бургунди, Каберне, Бордо сияқты таза қызыл шараптарды қолдануға болады.
РӘМІЗДЕРДІҢ МӘНІ
8. Мәсіхшілер не үшін нан мен шараптың мәні жайлы ойланады?
8 Елші Пауылдың қорынттықтарға жазған хатынан Еске алу кешін тек елшілер ғана емес, басқа мәсіхшілер де тойлау керектігі анық көрінеді. Ол былай деп жазған: “Мен Иемізден қабыл алғанымды сендерге де үйреттім: Иеміз Иса... қолына нан алып, ризашылық білдірді де, сындырып, былай деді: “Бұл сендер үшін ұсынылатын денемді білдіреді. Мені еске алу үшін, осылай істеп тұрыңдар” (Қор. 1-х. 11:23, 24). Сол себепті мәсіхшілер осы күнге дейін аталмыш мейрамды жыл сайын тойлап келеді әрі нан мен шараптың мәні жайлы терең ой жүгіртеді.
9. Кейбіреулер Исаның рәміз ретінде қолданған нанына қатысты қандай бұрыс көзқарас ұстанады?
9 Шіркеуге баратын кейбір адамдар Исаның Еске алу кешін енгізгенде айтқан сөздерін тікелей мағынада түсінеді. Олардың ойынша, Иса: “Бұл нан менің денем болып табылады”,— деген. Сондықтан да олар сол нан керемет түрде Исаның тәніне айналды деп сенеді. Алайда бұл айғақтарға қайшы келеді *. Исаның өзі де, ашытылмаған нан да елшілердің көз алдында болған. Демек, Иса әлгі сөздерін бейнелі мағынада айтқан. Жазбалардан Исаның басқа да кездері бейнелеп сөйлегенін көруге болады (Жох. 2:19—21; 4:13, 14; 10:7; 15:1).
10. Еске алу кешінде рәміз ретінде қолданылатын нан нені білдіреді?
10 Елшілер дәм тату керек болған нан Исаның тәнін білдірген. Алайда Иса қандай тән жөнінде айтқан? Бір кездері Құдайдың қызметшілері былай ойлаған: “Иса нанды сындырып бергенмен, оның өзінің бірде-бір сүйегі сындырылмаған болатын. Демек, нан оның тәнін емес, Жазбаларда “Мәсіхтің денесі” деп аталатын майланғандардың қауымын бейнелейді” (Ефес. 4:12; Рим. 12:4, 5; Қор. 1-х. 10:16, 17; 12:27). Бірақ олар Жазбаларды зерттей келе, нанның Исаның адами тәнін білдіретінін түсінді. Киелі кітаптың көп жерінде Исаның “тәнінде азап шегіп”, бағанаға шегеленгені жазылған. Азап шеккен майланғандар қауымы емес, Исаның өзі болған. Демек, Еске алу кешінде қолданылатын нан біздің күнәларымыз үшін берілген Исаның тәнін бейнелейді (Пет. 1-х. 2:21—24; 4:1; Жох. 19:33—36; Евр. 10:5—7).
11, 12. а) Иса шарапқа қатысты не деді? ә) Еске алу кешінде қолданылатын шарап нені бейнелейді?
11 Нанның нені бейнелейтінін білгеніміз Исаның кейінірек шарап жайлы айтқан сөздерін түсінуге көмектеседі. Ол былай деген: “Мына тостаған менің төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді білдіреді” (Қор. 1-х. 11:25). Бұл тармақ Роберт Янгтың аудармасында және басқа да көптеген Киелі кітап аудармаларында сөзбе-сөз былай тәржімеленеді: “Бұл тостаған менің қанымдағы жаңа келісім болып табылады” (көлбеу бізден). Сонда Исаның қолындағы тостаған жаңа келісімнің өзі болды деп түсінуіміз керек пе? Жоқ. “Тостаған” деген сөз соның ішіне құйылған шарапқа нұсқайды. Иса бұл шараптың нені білдіретінін айтқан. Бұл оның төгілуі қажет болған қанын білдірді.
12 Марқа жазған ізгі хабарда Исаның келесідей сөздері жазылған: “Бұл менің көптеген адамдар үшін төгілетін қанымды — “келісім қанын” — білдіреді” (Мар. 14:24). Иә, Исаның қаны “көптеген адамдардың күнәсі кешірілу үшін төгілу” керек еді (Мат. 26:28). Демек, қызыл шарап Исаның қанын бейнелейді. Оның төгілген қанының арқасында төлем құрбандығы беріліп, біздің “күнәларымыздың кешірілуіне жол ашылды” (Ефестіктерге 1:7 оқы).
МӘСІХТІҢ ӨЛІМІН ЕСКЕ АЛУ
13. Мәсіхтің өлімін Еске алу кеші жыл сайын қалай атап өтіледі?
13 Ехоба куәгерлерімен бірге Еске алу кешіне бірінші рет баратындар нені күтсе болады? Бұл жиын қарапайым да таза әрі барлығы сыятындай ыңғайлы жерде өтеді. Ол жерге аздап гүл шоқтары қойылуы мүмкін, алайда көңілді алаңдататын безендіру заттары не отырыстағыдай у-шу болмайды. Лайықты ақсақал құрметпен әрі түсінікті етіп баяндама айтады. Ол осы кешке қатысты Киелі кітапта не делінгенін айтып түсіндіреді және біз үшін өз жанын қиған Мәсіхтің құрбандығын бағалауымызға көмектеседі (Римдіктерге 5:8—10 оқы).
14. Еске алу кешінде айтылатын баяндамада қандай екі үміт жайлы сөз қозғалады?
14 Сондай-ақ баяндамашы Жазбаларға сай мәсіхшілер қандай екі үмітке ие бола алатындарын түсіндіреді. Олардың біреуі Мәсіхпен бірге көкте билік етумен байланысты. Бұл үмітке азғана адам, мысалы адал елшілер және тағы басқа мәсіхшілер, ие болады (Лұқа 12:32; 22:19, 20; Аян 14:1). Ал екінші үмітке біздің күнімізде Құдайға адалдықпен қызмет етіп жүрген мәсіхшілердің басым көпшілігі ие бола алады. Олардың жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндіктері бар. Сол кезде Құдайдың еркі көкте орнағандай жер бетінде де орнайды, осылайша мәсіхшілердің ұзақ уақыттан бері дұғада айтып жүрген тілектері орындалады (Мат. 6:10). Жазбалардан жұмақтағы мәңгілік өмірдің қаншалықты керемет болатынын біле аламыз (Ишая 11:6—9; 35:5, 6; 65:21—23).
15, 16. Еске алу кешінде нан қалай қолданылады?
15 Баяндамасының соңына таман бауырлас Исаның елшілеріне өсиет еткендерін орындайтын кез келгенін айтады. Жоғарыда айтылғандай, ашытылмаған нан мен қызыл шарап рәміздер ретінде қолданылады. Әдетте олар баяндамашының жанындағы үстелге қойылады. Баяндамашы Исаның Иеміздің кешкі асын енгізгенде не дегенін және не істегенін Киелі кітаптан оқып береді. Мысалы, ол Матай 26:26-дағы келесі сөздерге назар аударуы мүмкін: “Иса қолына нан алып, дұға еткен соң, шәкірттеріне сындырып беріп жатып: “Алыңдар, жеңдер. Бұл менің денемді білдіреді”,— деді”. Иса ашытылмаған нанды сындырып, екі жағында отырған шәкірттеріне берген. Ендеше, 14 сәуірде өтетін кеште үстелдің үстінде тәрелкелерге салынған нан тұратын болады.
16 Отырғандардың барлығы рәміздерді аз уақыт ішінде бір-біріне беріп шығулары үшін тәрелкелер жеткілікті мөлшерде қойылады. Бұл орайда қандай да бір арнайы рәсім жасалмайды. Қысқаша дұға айтылған соң, тәрелкелер тәртіппен әрі бауырластарға ыңғайлы болатындай етіп қолдан-қолға беріледі. Өткен жылғы Еске алу кешінде қауымдардың көбісінде бірен-саран адам ғана наннан дәм татты, не тіпті ешкім де дәм татпады. Биыл да солай болады деп күте аламыз.
17. Еске алу кешінде Исаның шарапқа қатысты нұсқауы қалай орындалады?
17 Содан кейін баяндамашы Матай 26:27, 28-дегі келесі сөздерге назар аударады: “Сосын, [Иса] шарап құйылған тостағанды алып, Құдайға ризашылық білдірді де, оларға беріп жатып, былай деді: “Мынадан бәрің де ішіңдер. Өйткені бұл көптеген адамдардың күнәсі кешірілу үшін төгілетін менің қанымды — “келісім қанын” — білдіреді”. Осы үлгі бойынша, тағы да дұға айтылып, сосын қызыл шарап құйылған ыдыстар қолдан-қолға беріледі.
18. Рәміздерден дәм татпасақ та, Еске алу кешіне барғанымыз неге маңызды?
18 Исаның сөздерінен онымен бірге көктегі Патшалықта билік ететіндер ғана рәміздерден дәм тата алатыны көрінеді. Сондықтан да кешке келгендердің көбісі рәміздерден дәм татпай, оларды жай ғана қолдан-қолға береді (Лұқа 22:28—30 оқы; Тім. 2-х. 4:18). Десе де, олардың Еске алу кешіне келгендері өте маңызды, өйткені осылай ету арқылы олар Исаның төлем құрбандығын қатты бағалайтындарын көрсетеді. Сол кеште олар Исаның төлем құрбандығының арқасында қандай баталарға ие бола алатындары жайлы ой жүгіртсе болады. Мысалы, мұндай адамдар “зор алапаттан” аман өтетін “ұлы жамағаттың” арасында бола алады. Құдайдың бұл қызметшілері “шапандарын Тоқтының қанына жуып ағартады” (Аян 7:9, 14—17).
19. Еске алу кешіне қалай дайындалсақ болады және оның зор пайдасын көру үшін не істегеніміз жөн?
19 Дүниенің төрт бұрышындағы Ехоба куәгерлері осы бір ерекше кешке алдын ала дайындалады. Бірнеше апта бұрын осы кешке мүмкіндігінше көп адамды шақыратын боламыз. Сондай-ақ оған біраз күн қалғанда, Киелі кітаптан Исаның Еске алу кешін енгізер алдында бірнеше күн бойы не істегенін және сол уақытта қандай оқиғалар орын алғанын оқимыз. Еске алу кешіне бара алуымыз үшін жеке істерімізді алдын ала жайластырып алғанымыз өте маңызды. Келгендерді қарсы алып, бағдарламаны толығымен тыңдай алуымыз үшін кешке ертерек барғанымыз жөн. Қауым мүшелері де, қонақтар да баяндама барысында Киелі кітапты ашып, көз жүгіртіп отырса, мұның көп пайдасын көреді. Еске алу кешіне келу арқылы біз Исаның төлем құрбандығына деген ризашылығымызды және оның “Мені еске алу үшін, осылай істеп тұрыңдар” деген өсиетін орындайтынымызды көрсетеміз (Қор. 1-х. 11:24).
^ абзац 9 Неміс ғалымы Генрих Майер бұған қатысты былай дейді: “Қонақтардың барлығы [елшілер] Исаның тәніне әлі еш зиян келтірілмегенін (яғни оның әлі тірі екенін) және қаны әлі төгілмегенін көргендіктен... шынымен де “Иеміздің тәнін жеп, қанын ішіп жатырмыз” деп ойлауы екіталай еді. Иса сол кезде айтқан қарапайым сөздерін елшілері бұрыс түсінгенін қаламағаны анық”.