Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба оларды таулардың көлеңкесінде жасырды

Ехоба оларды таулардың көлеңкесінде жасырды

ТАҢЕРТЕҢ есігін ашқан бір әйел жерде жатқан қорапты көреді. Қолына алып, жан-жағына қарайды, бірақ көшеде бірде-бір жан жоқ. Әсте, түнде біреу келіп, қалдырып кеткен болса керек. Қорапты жарым-жартылай ашқаннан кейін, әйел тез артқа шегініп, есігін жабады. Бұл тыйым салынған Киелі кітап әдебиеттері еді! Әдебиеттерді құшағына алып, баға жетпес рухани ас-су үшін риза болған бұл әйел Ехобаға ақырын ғана дұға айтады.

Осы тектес оқиғалар Германия жерінде 1930 жылдары кеңінен орын алған. 1933 жылы нацистер билік басына келген соң, елдің көп жерінде Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынды. “Біз бір нәрсеге сенімді болдық: Ехоба мен оның есімін жариялау ісін адамдардың үкімі тоқтата алмайды”,— дейді жасы 100-ден асқан Рихард Рудольф есімді қария *. Ол сөзін жалғап былай дейді: “Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер зерттеуге әрі қызметке аса қажет еді. Алайда шектеу салынғаннан кейін оларға қол жеткізу қиынға соқты. Енді ісімізді қалай жалғастырмақпыз деп уайымдаған едік”. Бір қызығы, көп ұзамай-ақ Рихард бауырлас туындаған қиындықты шешуге зор үлес қосты әрі мұны ерекше жолмен істеді. Бұл іс таулардың көлеңкесінде жүзеге асырылу керек еді (Би. 9:36).

ЗАҢ БҰЗУШЫЛАРДЫҢ ЖОЛЫМЕН

Егер Эльба (немесе Лаба) өзенінің бойымен көтерілсеңіз, Алып тауларға (Крконоше) табан тірейсіз. Бұл таулар Чех Республикасы мен Польшаны бөліп тұрған бүгіндегі шегара. Биіктігі 1600 метр ғана болса да, ондағы ерекше суық ауа райы үшін осы таулар Еуропаның кіндігіндегі арктикалық арал деп аталып кеткен. Жарты жыл бойы 3 метрлік қар тау бөктерін ақ мамыққа орап тұрады. Сол жердің өзгермелі ауа-райын елемейтіндер ойламаған жерден пайда болып, шыңдарды баурап алатын қалың тұманның астында қалып кетуі әбден мүмкін.

Ғасырлар бойы бұл таулар тізбегі аймақтардың, патшалықтардың және мемлекеттердің  арасындағы шегараны құрады. Бұл аймақты бақылап-бағдарлау қиын болғандықтан бұрынырақта көп адам осы таулардың ішімен заңсыз тауарларды алып өткізетін. 1930 жылдары Алып таулар Чехословакия мен Германияны бөліп тұрғанда, қайсар Куәгерлер заңсыз адамдар көптен бері аяқ баспай кеткен осы жолдармен жүре бастады. Қандай мақсатпен? Аса құнды Киелі кітап әдебиеттерін тыйым салынбаған жерлерден тасымалдау үшін. Сол Куәгерлердің бірі жас жігіт Рихард болған.

Алып таулар арқылы Германияға әдебиеттер жеткізу үшін бауырластар саяхатшылар сияқты киінетін

ҚАУІПТІ “САЯХАТ”

“Демалыс күндері біз саяхатшылар сияқты киініп, шамамен жеті жас ер бауырластан тұратын топпен тауларға көтерілетінбіз. Германия жақтан тауларды асып, Шпиндлерув-Млин шипажайына жету үшін үш сағаттай уақыт кететін. Бұл шипажай Чехословакияға жетпей 17 шақырымдай жерде орналасқан еді”,— деп есіне алады Рихард. Сол күндері Шпиндлерув-Млинда көптеген немістер тұратын. Солардың ішіндегі бір фермер бауырластарға көмектесуге келісті. Ол жақын арада орналасқан қалаға барып, саяхатшыларды тасу үшін қолданылған ат арбаға әдебиеттер қораптарын жүктеп алатын. Ал ол қалаға әдебиеттер Прагадан темір жол арқылы жіберілетін. Сөйтіп, сол фермер қораптарды фермасына әкеліп, Германия жақтан келетін бауырластар алып кетпейінше, сабанның арасына тығып қоятын.

Рихард бауырлас былай дейді: “Фермаға жеткеннен кейін біз ауыр жүкті тасуға арналған рюкзактарымызды толтырып алатынбыз. Әрбіреуіміз шамамен салмағы 50 келі жүк тасыдық”. Ешкімнің көзіне түспеу үшін олар түн жамылып жол жүретін. Жолға күн ұясына батқанда шығып, үйлеріне таң атқанға дейін қайтып келетін. Сол жылдары Германияда аудандық бақылаушы болған Эрнст Виснер кейбір сақтық шараларын айтып берді. Ол былай деп еске алады: “Екі ер бауырлас топтың алдында жүріп, біреу-міреулерді кездестіріп қалған жағдайда бірден фонарьмен белгі беретін. Бұл арт жағында шамамен 100 метрлік жерде ауыр рюкзак асынып келе жатқан бауырластар үшін бұталардың арасына тығылу керек дегенді білдіретін. Әлгі екі бауырлас қайтып келіп, оларға құпия сөзді айтпайынша, бауырластар орындарынан қозғалмау керек еді. Құпия сөз апта сайын ауысып тұратын”.  Алайда бауырластарға қауіп төндірген тек көк киімді неміс полициясы ғана емес еді.

Рихард бауырлас былай дейді: “Бірде маған ұзағырақ жұмыс істеуге тура келді. Сөйтіп, мен Чехословакия жаққа қасымдағы бауырластарға қарағанда кештеу шықтым. Дала қараңғы әрі тұман басқан еді. Суық жаңбырдың астында тоңғаннан дірілдеп келе жаттым. Қарағай ағаштарының арасында адасып, бірнеше сағат бойы жолды таба алмай жүрдім. Саяхатшылардың көбі осы жолда құрбан болып кеткен еді. Менен бұрын кеткен бауырластар таңертең қайтып келе жатқанда ғана мен олармен кездесіп қалдым”.

Шамамен үш жыл бойы батыл бауырластардың кішігірім тобы тау жаққа апта сайын барып тұрды. Қыс мезгілінде олар баға жетпес жүктерін шанамен алып жүрді. Кейде 20 бауырлас күндіз шегараны саяхатшылар жүретін жолмен кесіп өтетін. Саяхатшылардың тобы іспетті болып көріну үшін бірнеше әйел бауырлас солармен бірге ілесіп жүрді. Олардың кейбірі бауырластардың алдына түсіп, қандай да бір қауіп сезген жағдайда бас киімдерін аспанға лақтыратын.

Алып таулардың қар жамылған шыңдарынан асып түсу қауіпті еді

Бауырластар түні бойы жүріп алып келген әдебиеттер әрі қарай қайда кететін? Әдебиеттерді тез арада қажетті жеріне жөнелту үшін кейбір шаралар ұйымдастырылған болатын. Қандай? Әдебиеттер сабын қорапшаларының ішіне салынып, Хиршбергтегі вокзалға жеткізілетін. Қапталған дайын қораптар Германияның түкпір-түкпіріне жіберілетін. Бұдан кейін жүкті күтіп алған Куәгерлер, мақаланың басында айтылғандай, бауырластардың үйлеріне абайлап жеткізетін. Осы жасырын әрекеттердің бір-бірімен байланысты болғаны соншалық — бір адамның ұсталғаны бүкіл істің қаймағын бұзар еді. Бірақ бірде күтпеген оқиға орын алды.

1936 жылы Берлин қаласының маңында әдебиеттер қоймасы табылды. Сонда табылған заттардың ішінде Хиршбергтен белгісіз біреуден келген үш қорап болды. Полиция заттарды заңсыз жөнелтетін басты адамды тауып, ұстап алу үшін ондағы қол жазуды зерттеді. Осыдан кейін көп ұзамай, ең күдікті деп санаған екі адамды ұстады. Олардың бірі — Рихард Рудольф. Осы екі бауырлас барлық жауапкершілікті өз мойнына алғандықтан, қалғандары осы қауіпті тасымалдау ісін тағы біраз уақыт бойы жалғастыра алды.

БІЗ ҮШІН САБАҚ

Алып таулар арқылы жеткізілген әдебиеттер Германиядағы бауырластар үшін ауадай қажет болған. Бірақ Алып таулар жөнелтудің жалғыз жолы емес-тін. Германия Чехословакияны 1939 жылы басып алғанға дейін, чехтардың шегарасында осындай жөнелту жолдары болған. Сондай-ақ Германиямен көршілес Франция, Нидерланды, Швейцария сияқты мемлекеттердегі және Германияның өзіндегі Куәгерлер рухани ас-суды қудалаудағы бауырластарына жеткізу үшін бастарын талай қатерге тіккен.

Бүгінгі таңда көбіміздің әдебиеттерді жеткілікті мөлшерде әрі небір форматта алуға мүмкіндігіміз бар. Жаңа әдебиеттерді мейлі Патшалық сарайынан алайық не сайтымыздан жүктейік, неге бір сәтке оның астында қанша еңбек жатқаны туралы ойланбасқа? Бәлкім, бұл үшін бауырластарға қар қойнауында жатқан тау шыңдарынан асып түсу қажет болмаған шығар, бірақ сен үшін олардың риясыз әрі ерен еңбек еткені хақ.

^ абзац 3 Бұл бауырлас Силезиядағы Хиршберг қауымында қызмет етеді. Хиршберг қаласының қазіргі атауы — Еленя-Гура. Ол Польшаның оңтүстік-батысында орналасқан.