Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Осы күн естеріңде қалсын”

“Осы күн естеріңде қалсын”

“Осы күн естеріңде қалсын. Бүкіл үрім-бұтақтарыңмен оны Жаратқан Иеге арнап мейрамдаңдар” (МЫС. Ш. 12:14).

1, 2. Барлық мәсіхшілер әсіресе қандай мейрам жайлы білулері қажет және неге?

ЖЫЛ САЙЫН тойланатын мейрамдар жайлы ойлағанда, ең алдымен ойыңа не келеді? Бәлкім, біреулер некелескен күндерін еске алатын шығар. Басқалар бүкіл мемлекет үшін тарихи оқиға болып табылатын тәуелсіздік күнін ойлар. Ал сен қандай ұлттық мейрамның 3500 жылдан аса уақыт бойы тойланып келгенін білесің бе?

2 Бұл — Құтқарылу мейрамы. Ежелгі Исраил халқы аталмыш мейрамды Мысыр құлдығынан азат болғандарының құрметіне тойлайтын. Бұл мейрамның сен үшін маңызы бар ма? Әлбетте. Ол жайлы білгенің өміріңе айтарлықтай әсер етеді. Бәлкім, сен: “Құтқарылу мейрамы — яһудилердің мерекесі ғой. Маған ол жайлы білудің не қажеті бар?”— дейтін шығарсың. Алайда Жазбаларда: “Құтқарылу мейрамының тоқтысы Мәсіх біз үшін құрбандыққа шалынды”,— делінген (Қор. 1-х. 5:7). Осы сөздердің мәнін түсіну үшін Құтқарылу мейрамы жайлы көбірек білуіміз және бұл мейрамның бүгінде мәсіхшілер тойлайтын Еске алу кешімен қандай байланысы бар екенін қарастыруымыз қажет.

ИСРАИЛДІКТЕР ҚҰТҚАРЫЛУ МЕЙРАМЫН НЕ ҮШІН ТОЙЛАҒАН?

3, 4. Алғашқы Құтқарылу мейрамы қандай оқиғалармен байланысты болды?

3 Яһуди ұлтынан шықпаса да, бүгінде көп адам ең алғашқы Құтқарылу мейрамымен байланысты оқиғалардан азды-көпті хабардар. Кейбіреулер бұл жайында Мысырдан шығу кітабынан оқыған шығар не сол жайлы әңгімелер естіп, фильмдер көрген болуы мүмкін.

4 Исраилдіктер Мысыр елінде жылдар бойы құлдықта болғанда, Ехоба Мұса мен оның ағасы Харонды перғауынға жіберіп, өз халқын босатуын сұрады. Мысырдың бұл менмен билеушісі исраилдіктерді жібергісі келмегендіктен, Ехоба сол елге зор қасірет әкелген он апат жіберді. Құдай соңғы жаза кезінде мысырлықтардың тұңғыштарын мерт қылды. Сонда перғауын халықты босатуға мәжбүр болды (Мыс. ш. 1:11; 3:9, 10; 5:1, 2; 11:1, 5).

5. Исраилдіктер азат етілмес бұрын не істеулері керек еді? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

 5 Алайда исраилдіктер бостандыққа шықпас бұрын, алдымен белгілі бір нұсқауларды орындаулары керек еді. Бұл шамамен көктемгі күн мен түннің теңелетін уағында, нақтырақ айтсақ, б. з. б. 1513 жылдың кейіннен нисан * деп аталып кеткен абиб айында болған еді. Құдай исраилдіктерге 14 нисанда болатын мейрамға сол айдың 10-нан бастап дайындалуды бұйырды. Еврей халқында күн кеш батқанда басталып, келесі күннің кешіне дейін созылатын, сондықтан 14 нисан күн батқанда басталу керек-тін. Сол күні әрбір отбасы қойдың не ешкінің еркек төлін сойып, қанын үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жағып қою керек болды (Мыс. ш. 12:3—7, 22, 23). Сосын олар малдың етін отқа қақтап, оны ашытқысыз пісірілген нанмен және ащы шөптермен жеулері керек еді. Құдайдың жіберген періштесі елді аралап, мысырлықтардың тұңғыштарын мерт қылып, нұсқауларды орындаған исраилдіктерді аман қалдыру керек болды. Осыдан кейін Құдай халқы азат етілмек еді (Мыс. ш. 12:8—13, 29—32).

6. Исраилдіктер Құтқарылу мейрамын не үшін жыл сайын тойлау керек еді?

6 Исраилдіктер өздерінің қалай азат етілгендерін әрдайым есте ұстаулары керек еді. Құдай оларға былай деді: “Осы күн естеріңде қалсын. Бүкіл үрім-бұтақтарыңмен оны Жаратқан Иеге арнап мейрамдаңдар. Бұл мереке туралы ережені ұрпақтарың мәңгі берік сақтасын”. Нисанның 14-і күні тойланатын Құтқарылу мейрамы жеті күндік Ашымаған нан мейрамына ұласатын. Құтқарылу мейрамы негізінен 14 нисанда ғана тойланғанмен, сегіз күнге созылатын бүкіл мейрамды да осы атаумен атауға болатын (Мыс. ш. 12:14—17; Лұқа 22:1; Жох. 18:28; 19:14). Құтқарылу мейрамы жыл сайын тойлануы қажет мейрамдардың ішіне кіретін (Шеж. 2-ж. 8:13).

7. Иса қандай жаңа мейрамды енгізді?

7 Иса мен оның елшілері Мұса заңын ұстанатын яһуди халқынан шыққандықтан Құтқарылу мейрамын тойлайтын (Мат. 26:17—19). Осы мейрамды соңғы рет тойлағаннан кейін, Иса Иеміздің кешкі асы деп аталатын жаңа мейрамды енгізді. Оның ізбасарлары бұл мейрамды жыл сайын атап өту керек еді. Алайда қай күні?

ИЕМІЗДІҢ КЕШКІ АСЫ ҚАЙ КҮНІ БОЛДЫ?

8. Құтқарылу мейрамы мен Еске алу кешіне қатысты қандай сұрақ туындайды?

8 Иса Иеміздің кешкі асын Құтқарылу мейрамын тойлағаннан кейін бірден енгізді. Демек, бұл екі мейрам бір күнде болған. Алайда яһудилердің бүгінде Құтқарылу мейрамын тойлайтын уақыты мен біздің Еске алу кешін тойлайтын уақытымыздың арасында бір не бірнеше күн айырмашылық болуы мүмкін. Не себепті? Мұның бір себебі Құдайдың исраилдіктерге берген бұйрығымен байланысты. Мұса “Исраил халқының бүкіл қауымы тоқтыларын құрбандыққа шалу” керектігін айтқан соң, бұны 14 нисанның нақты қай уағында істеу керектігін де айтқан (Мысырдан шығу 12:5, 6 оқы).

9. Мысырдан шығу 12:6-ға сай, Құтқарылу мейрамының тоқтысы қашан сойылу керек еді? ( “Күннің қай уағы?” деген қоршауды қара.)

9 Бір яһуди кітабындағы мәліметке сай, Мысырдан шығу 12:6-да тоқтының “екі кештің арасында” сойылу керектігі айтылған (“The Pentateuch and Haftorahs”). Кейбір Киелі кітап аудармаларында дәл осы тіркес қолданылады. Ал яһудилердің Танах аудармасында және басқа да аудармаларда ол “ымырт түскенде” деп аударылады. Өзге аудармаларда аталмыш тіркес “ақшам мезгілде”, “кешкі ымырт түскенде” не “күн батып қалған кезде” деп те тәржімеленеді. Демек, тоқтыны күн батқаннан кейін, бірақ оның жарығы әлі толық тарап кетпеген кезде, яғни 14 нисанның басында сою керек болды.

10. Кейбіреулердің ойынша, тоқты қай кезде сойылу керек еді және бұған қатысты қандай сұрақ туындайды?

 10 Кейіннен исраилдіктер мейрамның тоқтысын ғибадатханаға әкеліп сойғызатын болды, сондықтан барлық малды сойып біткенше бірталай уақыт кететін. Ғасырлар өте кейбір еврейлер осыны негіз етіп, Мысырдан шығу 12:6-дағы сөздер 14 нисанның басына емес, соңына нұсқайды деп ойлады. Олардың пікірінше, бұл уақыт күн ұясына қона бастаған кезден бастап (түстен кейін) күн толық батқанға дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл шын мәнінде солай болса, дайындалған ас қай кезде желіну керек еді? Бұл ретте ежелгі иудаизмді зерттеумен айналысатын профессор Джонатан Клауэнс былай дейді: “Яһудилердің жаңа күні күн ұясына батқан кезде басталады. Сонда олар құрбандықтарды 14 нисанда шалады да, Құтқарылу мейрамын тойлауды және асты жеуді 15 нисанда бастайды. Алайда Мысырдан шығу кітабында мейрамның 15-іне дейін созылу керектігіне қатысты ештеңе айтылмаған”. Сондай-ақ Клауэнс раббылардың жазбаларында б. з. 70 жылы ғибадатхана қирағанға дейін Құтқарылу мейрамының қалай тойланғаны жайлы сөз қозғалмағанын айтты.

11. а) Б. з. 33 жылы Құтқарылу мейрамында Иса қандай оқиғаларды бастан өткерді? ә) Б. з. 33 жылының 15 нисаны неге ұлы Демалыс күні деп аталды? (Сілтемені қара.)

11 Ал б. з. 33 жылы тойланған Құтқарылу мейрамы жайлы не деуге болады? 13 нисан күні, яғни “Құтқарылу мейрамына бір күн қалғанда, Иса Петір мен Жоханға: “Барып, бізге Құтқарылу мейрамының асын әзірлеңдер”,— деді (Лұқа 22:7, 8). Күн батқан соң 14 нисан басталып, мейрамның асын ішетін кез келді. Бұл бейсенбінің кеші еді. Иса елшілерімен бірге тамақтанып, сосын Иеміздің кешкі асын енгізді (Лұқа 22:14, 15). Сол түні ол тұтқындалып, тергелді. Ал ертесіне түске таман бағанаға ілініп, түстен кейін көз жұмды. Бұл әлі де 14 нисан еді (Жох. 19:14). Осылайша “Құтқарылу мейрамының тоқтысы Мәсіх” сол мейрамда сойылған тоқтымен бір күнде құрбан етілді (Қор. 1-х. 5:7; 11:23; Мат. 26:2). Иса келесі күн басталмай тұрып, яғни 15 нисанға дейін, қабірге қойылды * (Леу. 23:5—7; Лұқа 23:54).

БІЗ ҮШІН МАҢЫЗЫ БАР МЕЙРАМ

12, 13. Исраилдіктердің балалары Құтқарылу мейрамына қалай атсалысатын?

12 Енді Мысырда болған оқиғаға қайта оралайық. Құдай исраилдіктерге Құтқарылу  мейрамын жыл сайын тойлауды бұйырған. Бұл бұйрықты олар “мәңгі берік сақтаулары” қажет еді. Мейрам кезінде балалар ата-аналарына мейрамның мән-мағынасына қатысты сұрақтар қоятын (Мысырдан шығу 12:24—27 оқы; Заң. қ. 6:20—23). Осылайша Құтқарылу мейрамының тіпті балалар үшін де “есте қалатын” мейрам ретінде мәні зор еді (Мыс. ш. 12:14).

13 Исраилдіктер балаларына Құтқарылу мейрамынан қандай маңызды нәрселерге үйренуге болатынын айтып, осы бағалы тәлімдерді ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап отыратын. Мысалы, олар Ехобаның өз қызметшілерін қорғай алатынына баса назар аударатын. Осылайша балалар Ехобаны түсініп білуге болмайтын белгісіз тұлға ретінде емес, қайта, өз халқын қамқорлайтын әрі қорғайтын тірі Құдай ретінде танып білетін. Ехоба өзінің қорғаушы Құдай екенін “мысырлықтарды қырғынға ұшыратқанда” исраилдіктердің тұңғыштарын аман қалдыру арқылы дәлелдеді.

14. Мәсіхші ата-аналар балаларына Құтқарылу мейрамымен байланысты қандай тәлім бере алады?

14 Әрине, балаларға Құтқарылу мейрамына қатысты оқиғаларды жыл сайын айтып берудің қажеті жоқ. Алайда сен балаларыңа сол оқиғалардан не нәрсеге үйрене алатынымызды, яғни Ехобаның өз халқын қорғайтын Құдай екенін, айтып түсіндіресің бе? Олар Ехобаның Қорғаушы екеніне өзіңнің де толық сенетініңді байқай ма? (Заб. 26:11; Ишая 12:2). Осы тәлімді ішпыстырарлық дәріс түрінде айтпай, қайта, балаларыңды қызықты әңгімеге тартуға тырысасың ба? Отбасы мүшелеріңнің Ехобаны Қорғаушы ретінде танығандары оған көбірек сенім артуға көмектеседі.

Балаларыңа Құтқарылу мейрамына қатысты қандай тәлім бере аласың? (14-абзацты қара)

15, 16. Мысырдан шығу 12—15 тараулардағы оқиғалар Ехоба жайлы нені аян етеді?

15 Құтқарылу мейрамымен байланысты оқиғалардан Ехобаның тек Қорғаушы Құдай емес, исраилдіктерді Мысырдан “азат еткен” Құтқарушы екенін де көреміз. Мұның қалай болғанын елестетіп көрші. Ехоба оларды от және бұлт бағанасы арқылы жетелеп отырды. Олар екі жақта қабырға іспетті тұрып қалған Қызыл теңіздің ортасымен жүріп өтіп, осы су қабырғаларының Мысыр әскерін жауып қалғанын көрді. Осы кезде исраилдіктер өздерін құтқарған Ехобаны былай мадақтады: “Жаратқан Иені дәріптеймін ән-жырменен!.. Теңізге лақтырды Ол атты мінген адамымен. Жаратқан Ие — қайнар көзі күш-қуатымның, Мадақтау жырларымды Оған арнай берейін. Ием мені құтқарып, алып қалды аман-есен” (Мыс. ш. 13:14, 21, 22; 15:1, 2; Заб. 135:11—15).

16 Балаларың бар болса, оларға құтқарушы Құдай Ехобаға сенім артуға көмектесіп жүрсің бе? Олар сенің сөздеріңнен және шешімдеріңнен Ехобаға толық сенім артатыныңды байқай ма? Отбасылық ғибадат кезінде Мысырдан шығу 12—15 тарауларды қарастырып, Ехобаның өз халқын қалай құтқарғанына баса назар аударғаның дұрыс. Сондай-ақ Елшілердің істері 7:30—36 не Даниял 3:16—18, 26—28 тармақтарды да қарастырғандарың жақсы. Бәріміз, жасымыз  да, қартымыз да, Ехобаның ежелде өз халқын құтқарғандай, бізді де болашақта құтқаратынына сенімді болуымыз қажет (Салоникалықтарға 1-хат 1:9, 10 оқы).

ЕСТЕ САҚТАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ ЖАЙТТАР

17, 18. Неге Исаның төгілген қаны Құтқарылу мейрамында сойылған тоқтының қанынан әлдеқайда құнды?

17 Шынайы мәсіхшілер Құтқарылу мейрамын тойламайды. Бұл мейрамды тойлау Мұса заңы бойынша талап етілетін, ал бізге Мұса заңын ұстанудың қажеті жоқ (Рим. 10:4; Қол. 2:13—16). Оның орнына біз Исаның өлімін Еске алу кешін тойлаймыз. Десе де, Мысырда бастау алған Құтқарылу мейрамының кейбір қырларының біз үшін мәні зор.

18 Исраилдіктер есіктің жақтаулары мен маңдайшаларына тоқтының қанын жағудың арқасында аман қалды. Бүгінде біз Құтқарылу мейрамы өтетін күні де, басқа күндері де мал құрбандығын әкелмейміз. Алайда біздің өмірімізді мәңгіге сақтай алатын бұдан да құнды құрбандық шалынған. Елші Пауыл “есімдері көкте жазылған Құдай тұңғыштарының қауымы” жайлы айтқан. Бұл майланған мәсіхшілер Исаның “бүркіген қанының” арқасында мәңгі өмірге ие бола алады (Евр. 12:23, 24). Жерде мәңгі өмір сүруге үміті барлар да осы қанның арқасында аман қалады. Олар келесі сөздерді әрдайым есте ұстаулары керек: “Құдайдың зор рақымының арқасында Ұлының қанымен төленген құн арқылы азат етілуімізге, яғни күнәларымыздың кешірілуіне жол ашылды” (Ефес. 1:7).

19. Құтқарылу мейрамында сойылатын тоқтыға қатысты қандай жайт Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға деген сенімділігімізді нығайтады?

19 Исраилдіктер Құтқарылу мейрамына арнап тоқты сойғанда, оның бірде-бір сүйегін сындырмаулары керек еді (Мыс. ш. 12:46; Ру. сан. 9:11, 12). Ал өмірін төлем құрбандығы ретінде берген “Құдайдың Тоқтысы” жайлы не деуге болады? (Жох. 1:29). Иса бағанада екі қылмыскердің ортасында шегеленген еді. Олар 15 нисанда ұлы Демалыс күні басталғанда бағанада ілулі тұрмаулары керек болатын. Сондықтан яһудилер олардың өлімін тездетпек болып, Пилаттан сүйектерін сындыруға рұқсат беруін сұрады. Сарбаздар екі қылмыскердің аяқтарын сындырды, алайда “Исаның жанына келгенде, оның өліп қалғанын көріп, аяқтарын сындырған жоқ” (Жох. 19:31—34). Исаның сүйектері Құтқарылу мейрамында сойылатын тоқтының сүйектері сияқты сындырылмады. Осылайша Құтқарылу мейрамының тоқтысы Исаның б. з. 33 жылы 14 нисанда берген төлем құрбандығының “көлеңкесі” сияқты болған еді (Евр. 10:1). Нәтижесінде Забур 33:21-дегі сөздер орындалды. Ал бұл біздің Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға деген сенімімізді нығайтады емес пе?

20. Құтқарылу мейрамы мен Иеміздің кешкі асының арасында қандай айырмашылық бар?

20 Алайда Құтқарылу мейрамы мен Иеміздің кешкі асының арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мысалы, исраилдіктер тоқтының етін жейтін, бірақ оның қанын ішпейтін. Ал Иса Еске алу кешінің рәміздеріне қатысты басқа нұсқаулар берген. Ол “Құдай патшалығында” билік ететіндер оның тәні мен қанын бейнелейтін наннан да, шараптан да дәм татулары керектігін айтты. Мұны келесі мақалада тереңірек қарастыратын боламыз (Мар. 14:22—25).

21. Құтқарылу мейрамы жайлы білгеніміз неге маңызды?

21 Десе де, Құтқарылу мейрамы исраил халқының тарихында үлкен рөл атқарған әрі біз бұдан көп нәрсеге үйрене аламыз. Құтқарылу мейрамы исраилдіктердің “есте қалатын” мейрамы болса да, біз бұл мейрамды жақсы білуіміз әрі содан алатын тәлімге ден қоюымыз қажет, өйткені “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған” (Тім. 2-х. 3:16).

^ абзац 5 Еврейлердің күнтізбесіндегі бірінші ай абиб деп аталатын. Алайда исраилдіктер Бабыл тұтқындығынан оралғаннан кейін, бұл ай нисан деп аталып кетті. Осы мақалада нисан деген атау қолданылатын болады.

^ абзац 11 Құтқарылу мейрамынан кейін күн батқан соң, яғни 15 нисанда, Ашымаған нан мейрамы басталды әрі бұл аптаның Демалыс күні (жұманың кешінен бастап, сенбінің кешіне дейін) болатын. Негізінен, Ашымаған нан мейрамының алғашқы күні аптаның қай күніне түссе де, демалыс күні болып саналатын. Б. з. 33 жылы екі Демалыс күні де, яғни аптаның демалыс күні мен Ашымаған нан мейрамының алғашқы күні, бір күнге түскендіктен, сол күн “ұлы Демалыс” деп аталды (Жохан 19:31, 42 оқы).