Азапты күндер келмей тұрып Ехобаға қызмет ет
“Ұлы Жаратушыңды есте ұста!” (УАҒ. 12:1 ЖД).
1, 2. а) Рухтың жетелеуімен Сүлеймен жастарға қандай кеңес берді? ә) Неге Сүлейменнің кеңесі елуден асқан бауырластарға да қатысты?
СҮЛЕЙМЕН ПАТША рухтың жетелеуімен жастарға келесі сөздерін арнады: “Жастық шағыңда Жаратушыңды берік есіңде ұста! Азапты күндерің... жақындамай тұрып, Жаратушыңды қастерлейтін бол!” Осындағы “азапты күндер” деген нені білдіреді? Бұл сөз тіркесі қарттық шаққа нұсқайды. Сүлеймен екі қолдың дірілдеуі, аяқтардың ырыққа көнбеуі, тістің түсуі, көз жанарының сөнуі, есту қабілетінің нашарлауы, шаштың ағаруы, белдің бүгілуі сияқты қарттық шақтың ауыртпалықтарын бейнелі сөздермен суреттеген. Сондықтан Сүлейменнің осындай күндер келмей тұрып, Ехобаға қызмет ет дегені таңғалдырмайды (Уағыздаушы 12:1—5 оқы).
2 Елудің белесінен асқан мәсіхшілердің көбісінің бойында әлі де болса күш-қуаты бар. Шаштарына ақ түскен де шығар, десе де олар Сүлеймен сипаттаған қарттық шақтың барлық азабын тартып жүрмеген болуы мүмкін. Сондай жастағы бауырластар “Ұлы Жаратушыңды есте ұста!” деген кеңесті қалай орындай алады? Алдымен, бұл сөздер нені білдіретінін қарастырайық.
3. Ұлы Жаратушымызды есімізде ұстауға не жатады?
3 Ехобаға қызмет етіп жүргенімізге біраз жыл болса да, бір сәтке кідіріп, Жаратушымыздың ұлылығы туралы ризашылықпен ой жүгірткеніміз абзал. Өмір баға жетпес сый емес пе? Жаратылыс атаулының күрделі болғаны сонша, біз оны ешқашан түсіне алмаймыз. Ехобаның жаратылыстарының саналуандығының арқасында біз өмірдің бар рақатын көре аламыз. Құдайымыздың осындай сыйлары туралы ой жүгірткенде, оның сүйіспеншілігіне, даналығы мен құдіретіне деген ризашылығымыз жандана түседі (Заб. 142:5). Алайда Ұлы Жаратушымызды есімізде ұстауға оның алдындағы парызымыз туралы ойланып-толғану да жатады. Осы жайттар туралы ой жүгірткенде, Жаратушымызға мүмкіндігінше көп және ұзақ қызмет етіп, ризашылығымызды білдіруге талпынатынымыз сөзсіз (Уағ. 12:13).
ЕЛУДЕН АСҚАН ШАҚТЫҢ ЕРЕКШЕ МҮМКІНДІКТЕРІ
4. Тәжірибелі мәсіхшілер өздеріне қандай сұрақ қоя алады және неліктен?
4 Көп жылдан бері қызмет етіп, әжептеуір тәжірибе жинақтаған бауырластар өздерінен былай деп сұраса болады: “Әлі біраз күшім барда, мен тағы не істей аламын?” Тәжірибелі мәсіхші ретінде сен өзгелерде жоқ мүмкіндіктерге иесің. Ехобадан біліп-үйренгендеріңді жастармен бөлісуіңе болады. Құдайға қызмет ете жүріп кезіккен қызық оқиғаларды айтып, басқаларды нығайтуға мүмкіндігің бар. Дәуіт патша осылай етуге мүмкіндік сұрап дұға еткен. Ол: “Уа, Құдай, жастайымнан мені үйретесің,.. Қартайып басымды қырау шалғанда, О, Құдайым, мені жалғыз қалдырма, Қайта, құдіретіңді жаңа ұрпаққа, Керемет істеріңді келер буындарға Жол бере көрші маған уағыздауға”,— деп жазған (Заб. 70:17, 18).
5. Жасы үлкен мәсіхшілер біліп-үйренгендерін өзгелермен қалай бөлісе алады?
5 Жылдар бойы жинақтаған даналығыңды жастармен қалай бөлісе аласың? Жігерлендірерлік әңгіме-дүкен құру үшін оларды үйіңе шақыра аласың ба? Оларды өзіңмен бірге уағызға алып шығып, Ехобаға қызмет ету қуаныш сыйлайтын іс екенін көрсетуіңе болады. Ежелде өмір сүрген Еліху былай деген: “Көп жасағандар сөйлесін, көп жылғы даналық тәлімдерін берсінші!” (Әйүп 32:7). Елші Пауыл болса тәжірибелі әйел бауырластарды басқаларды сөзімен де, ісімен де жігерлендіруге талпындырып, былай деп жазған: “Жасы үлкендеу әйелдер... ізгілікке үйретсін” (Тит. 2:3).
ӨЗГЕЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСУДІҢ ЕСЕБІН ТАБУ
6. Неліктен тәжірибелі мәсіхшілер өз мүмкіндіктерін жіберіп алмау керек?
6 Егер тәжірибелі мәсіхші болсаң, сен өзгелер үшін талай нәрсе істей аласың. Мысалы, қазір осыдан 30—40 жыл бұрын білмеген нәрселеріңді білесің. Өмірде Киелі кітап принциптерін тиімді қолдана аласың. Киелі кітаптағы шындықты өзгелердің жүректеріне жеткізудің жолын білесің. Ал ақсақал болсаң, шалыс қадам басқан бауырластарға қалай жәрдем беру керектігінен хабардарсың (Ғал. 6:1). Бәлкім, сен қауым істерін, конгресс бөлімдерін не Патшалық сарайын соғу ісін бақылауды үйренген шығарсың. Сондай-ақ дәрігерлер қан құймай емдеу үшін, олармен қалай сөйлесудің де қыр-сырын білерсің. Тіпті жақында ғана шындыққа келген болсаң да сенің өмірлік тәжірибең мол. Мысалы, балаларың болса, оларды қалай бағып-қағу керектігі саған беймәлім емес. Иә, осындай мәсіхшілер тәлім беру, жетелеу және нығайту арқылы бауырластарға жігердің нағыз қайнар көзі бола алады (Әйүп 12:12 оқы).
7. Жасы үлкендеу бауырластар жастарға қандай тиімді көмек көрсете алады?
7 Қолда бар мүмкіндігіңді қалай барынша пайдалана аласың? Мүмкін, жастарға зерттеу сабағын қалай бастау және жалғастыруға болатынын көрсете аларсың. Егер әйел бауырлас болсаң, жас аналарға кішкентай балаларына қарау мен рухани істерді қалай қатар алып жүруді үйретерсің. Ал ер бауырлас болсаң, жастарға баяндаманы шабыттанып айтуға және жақсы уағыздаушы болуға көмектесе аларсың. Оларға қарт бауырластарға барып, қалай рухани нығайту керектігін көрсете аласың ба? Тіпті бұрынғыдай күш-қайратың көп болмаса да, сенің жастарды үйретуге көп мүмкіндігің бар. Құдай Сөзінде былай делінген: “Жастардың мақтанары — күш-қуаты, Қарттардың қадірі — ағарған шашы” (Нақ. с. 20:29).
ҚАЖЕТТІЛІК БАР ЖЕРДЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ
8. Елші Пауыл орта жастан асқаннан кейін не істеді?
8 Пауыл Құдайға қызмет ету мүмкіндігін барынша қолданған кезде орта жастан асқан еді. Б. з. 61 жылы Римдегі түрмеден босатылғанға дейін, ол көп жыл бойы миссионерлік өмірдің ащы-тұщысын көрген. Сондықтан Римде қалып, қиналмай уағыздауды таңдауына болар еді (Қор. 2-х. 11:23—27). Сол қаладағы мәсіхшілер де демеу беретін осындай бауырластың араларында болғанына сөзсіз қуанар еді. Бірақ Пауыл шет мемлекеттерде көбірек қажеттілік бар екенін білген. Ол Тімөте және Титпен бірге миссионерлік қызметке қайта кірісіп, Ефеске, Критке барды. Ал содан кейін ол Македонияға да жол тартты деген болжам бар (Тім. 1-х. 1:3; Тит. 1:5). Оның Испанияға барған-бармағанын білмейміз, бірақ сондай мақсаты болғаны белгілі (Рим. 15:24, 28).
9. Петір қажеттілік бар жерге қашан көшіп барған болса керек? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
9 Елші Петір қажеттілік бар жерге 50 жастан асқан соң көшіп барғанға ұқсайды. Бұлай деуге қандай негіз бар? Егер ол Исамен құрдас не сәл үлкенірек болса, б. з. 49 жылы Иерусалимде өзге елшілермен кездескен кезде, оның жасы шамамен 50-де болған дей аламыз (Ел. іс. 15:7). Осы кездесуден біраз уақыт өткен соң, Петір Бабылға жол жүріп кетті. Оның сол аймақта тұрып жатқан көптеген яһудилерге уағыздау үшін осылай еткені анық (Ғал. 2:9). Шамамен б. з. 62 жылы өзінің бірінші хатын жазғанда, ол сонда болған (Пет. 1-х. 5:13). Жат елде тұру оңай бола бермейді, бірақ Петірдің жасы 50-ден асқаны оған Ехобаға барынша қызмет етуіне тосқауыл болып, қуанышынан айыруына себеп болмады.
10, 11. Елуден асқан шақта қажеттілік бар жерге көшіп барған бауырластар жайлы айтып бер.
10 Бүгінде жастары 50-ден асқан көп мәсіхші өз жағдайларының өзгеріп, Ехобаның ісінде жаңа мүмкіндіктердің ашылғанын байқаған. Кейбіреулер қажеттілік бар жерге көшіп барған. Солардың бірі — Роберт пен оның жұбайы. Роберт былай дейді: “Екеуміздің жасымыз 50-дің бел ортасына келгенде, бізде жаңа мүмкіндіктердің бар екенін түсіндік. Жалғыз ұлымыз бөлек шықты, күтімді қажет ететін ата-аналарымыз да өмірден өткен еді, бұған қоса, олардан қалған азғантай мұрамыз бар болатын. Бәрін есептей келе, үйімізді сатқаннан түсетін ақша несиемізді жабуға және зейнетақы алатын уақытқа дейін өзімізді қамтамасыз етуге жететінін түсіндік. Біз Боливия елінде Киелі кітапты зерттеуге көп адамның келісіп жатқанын, ал өмір сүруге ақша аз кететінін естідік. Сөйтіп, сонда көшуді шештік. Жаңа жерге үйренісіп кету оңай болған жоқ. Ол жердегі өмір Солтүстік Америкадағы өмірімізден мүлдем өзгеше еді. Бірақ біз көптеген батаға ие болдық”.
11 Роберт сөзін жалғап былай дейді: “Қазір өміріміз қауым істерінің төңірегінде өтіп жатыр. Бізбен зерттеген адамдардың кейбірі шомылдыру рәсімінен өтті. Бір отбасы Патшалық сарайынан алыс орналасқан тұрмысы нашар ауылда тұрады. Соған қарамастан олар апта сайын жиналысқа қатысу үшін қалаға дейін қиын сапар шегеді. Сол отбасының рухани өсіп жатқанын және үлкен ұлдарының ізашар болып жүргенін көру бізге қанша қуаныш сыйлайтынын сөзбен айтып жеткізе алмаймыз”.
ШЕТ ТІЛДІ АУМАҚТАРДАҒЫ ҚАЖЕТТІЛІК
12, 13. Зейнетке шықса да, қызмет етудің жаңа жолдарын тапқан бауырластар туралы айтып бер.
12 Шет тілді қауымдар мен топтар жасы үлкен бауырластардың үлгісінен көп нәрсеге үйрене алады. Сондай-ақ мұндай аумақта қызмет ету де көп қуанышқа бөлеуі мүмкін. Мысалы, Британияда тұратын Брайн былай дейді: “Жасым 65-ке келіп, зейнетке шыққанымда, әйелім екеуміз өміріміз тыншып қалғандай сезіндік. Балаларымыз өз күндерін өздері көріп жүрді, ал біз Киелі кітапты зерттеуге келісетін адамдарды сирек кездестіретінбіз. Содан бірде мен университетте ізденіс жүргізіп жүрген бір қытайлық жігітке кезіктім. Ол қауымға келуге келісті және мен онымен Киелі кітап зерттеу сабағын бастадым. Бірнеше апта өткен соң, ол қауымға өзімен бірге әріптесін ертіп келді. Ол да қытайлық еді. Ал екі апта өткен соң, ол үшіншісін, кейін төртіншісін алып келді”.
13 “Біраз уақыттан кейін бесінші қытайлық өзімен Киелі кітапты зерттеуді өтінгенде, мен іштей “жасымның 65-ке келгені Ехобаның ісінде зейнетке шықтым дегенді білдірмейді ғой” деп ойладым. Сөйтіп, өзімнен екі жас кіші әйелімнен: “Қытай тілін үйренсек қалай?”— деп сұрадым. Біз қытай тіліндегі аудио сабақтарды тыңдадық. Бұл он жыл бұрын болған жағдай еді. Өзге тілді танапта қызмет еткеніміздің арқасында өзімізді бұрынғы жас кезіміздегідей сезіндік. Осылайша біз 112 қытайлықпен Киелі кітап зерттеу сабағын өткіздік! Олардың көбісі қауымға келеді. Ал солардың бірі қазір бізбен қызмет етіп, ізашарлық қызметті атқарып жүр”.
ҚОЛЫҢНАН КЕЛГЕНДІ ІСТЕУДЕН ҚАНАҒАТ ТАП
14. Жасы үлкен мәсіхшілер нені ұмытпаулары керек және Пауылдың мысалы оларды қалай жігерлендіре алады?
14 Жастары 50-ден асқан мәсіхшілердің бәрінің бірдей қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндіктері жоқ. Кейбірінің денсаулығы нашар болса, біреулері қартайған ата-аналарына қарайды, ал басқаларының балалары бар. Бірақ сендердің қызметте азды-көпті істеп жатқандарыңды Ехоба бағалайтынын ұмытпаңдар. Шамаларың келмей жатқанға көңілдерің түспесін, қайта, шамаларыңа қарай атқарып жүрген істеріңе қуаныңдар. Елші Пауыл жайлы ойлап көріңдерші. Бірнеше жыл бойы ол тұтқында болып, миссионерлік қызметін атқара алмай қалды. Бірақ Пауыл өзіне келген адамдармен Жазбалар туралы сөйлесетін және сенімдерін нығайтатын (Ел. іс. 28:16, 30, 31).
15. Қарт бауырластар неліктен бағалы?
15 Ал қарт бауырластар туралы не деуге болады? Олардың қызметіне Ехоба қалай қарайды? Олардың да еңбегі оның көзінде бағалы. Сүлеймен “азапты күндер” өмірдегі ең керемет шақ емес екенін айтқан. Десе де олардың Құдайды мадақтау үшін атқарып жатқан еңбегі ол үшін қымбат (Лұқа 21:2—4). Ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрген қарт бауырластарымыз қауымдағылар үшін аса бағалы.
16. Қарт шағында Анна қандай мәртебеге ие бола алмай қалған көрінеді, бірақ не істеуге мүмкіндігі болды?
16 Киелі кітапта егде тартқан Анна есімді әйелдің қарт шағында да Ехобаны адалдықпен мадақтағаны жайлы жазылған. Иса туылғанда ол 84 жастағы жесір әйел еді. Әсте, ол Исаның ізбасары болып, киелі рухпен майлану немесе Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау мәртебесіне ие бола алатындай көп ғұмыр сүрмеген көрінеді. Сөйтсе де шамасы келгенді істеу оған қуаныш сыйлаған. “Ол күні-түні қасиетті қызмет атқарып, үнемі ғибадатханада болатын” (Лұқа 2:36, 37). Діни қызметкер күн сайын таңертең және кешке ғибадатханада хош иісті затты түтеткенде, Анна қалың жұртпен бірге ғибадатхананың ауласында жарты сағаттай іштей дұға айтқан көрінеді. Ал нәресте Исаны көргенде, “Иерусалимнің құтқарылуын күтіп жүргендердің барлығына бала туралы айта бастады” (Лұқа 2:38).
17. Қарт не дәрменсіз бауырластарға бізбен бірге ғибадат етуге қалай көмектесе аламыз?
17 Бүгінде біз қарт не дәрменсіз бауырластарға көмектесуге дайын болуымыз керек. Олардың кейбіреулері қауымға, конгрестерге барғанды жақсы көргенімен, оларға қатысуға мүмкіндіктері жоқ. Кей жерлердегі қауымдар сондай бауырластарға сүйіспеншілік танытып, бағдарламаны телефон арқылы тыңдауға жағдай жасайды. Ал басқа жерлерде олай ету мүмкін емес. Соған қарамастан кездесулерге келе алмайтын бауырластар шынайы ғибадатқа қолдау көрсете алады. Мысалы, олардың айтқан дұғалары қауымның игілігіне үлес қосады (Забур 91:14, 15 оқы).
18, 19. а) Қарт бауырластар өзгелерді қалай жігерлендіре алады? ә) “Ұлы Жаратушыңды есте ұста!” деген кеңеске кімдер құлақ аса алады?
18 Қарт бауырластар өзгелерді қаншалықты жігерлендіріп жүргендерін өздері де білмеуі мүмкін. Мысалы, көп жыл бойы ғибадатханада адал қызмет атқарған Анна өзінің үлгісі ғасырлар өте келе басқаларды жігерлендіреді деп ойламаған да шығар. Бұл қарт әйелдің Ехобаға деген сүйіспеншілігі Киелі кітапта жазылып қалдырылды. Сендердің де Құдайға деген сүйіспеншіліктерің бауырластардың жүректерінде өшпестей жазылып қалары сөзсіз. Жазбалардағы келесі сөздер тура айтылған: “Ағарған шаш — салтанатты тәж, Ақ жолмен жүрген соған қол жеткізер” (Нақ. с. 16:31).
19 Ехобаның ісін атқаруда қай-қайсымыздың да мүмкіндігіміз шектеулі. Алайда бойымызда күш-қуатымыз барда рухтандырылған мына сөздерге ден қояйық: “Ұлы Жаратушыңды есте ұста! Азапты күндер келмей тұрғанда” (Уағ. 12:1 ЖД).