“Ехобаның көркіне көз тік”
Бүгінде бәріміз де проблемаларға кезігеміз. Басымызға түсетін қиындықтар жантыныштығынан айыруы, қажытуы әрі өмірге деген көзқарасымызға әсер етуі мүмкін. Ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіт көп қиыншылық көрген. Ол бұған қалай төтеп берді? Дәуітке не көмектескенін оның жантебірентетін келесі жырынан көреміз: “Жаратқан Иені дауыстап шақырдым, Қатты дауыспен Иеме жалындым. Оның алдында тілегімді ақтардым, Қасіретімді Оған түгел аштым. Рухым қажығанда Сен білесің жолымды”. Иә, Дәуіт Ехобаға кішіпейілділікпен дұға етіп, одан көмек сұраған (Заб. 141:1—3).
Дәуіт қиын шақтарда Ехобадан көмек сұрап, кішіпейілділікпен дұға еткен
Дәуіт тағы былай деп жырлаған: “Мен Ехобадан бір нәрсені сұрадым, Соған ғана қол жеткізуді қалаймын: Бар ғұмырымды Ехобаның үйінде өткізсем, Ехобаның көркіне көз тіксем, Оның ғибадатханасына тамсана қарасам” (Заб. 27:4 ЖД). Дәуіт леуілік болмаған, бірақ біз оның сол кезде шынайы ғибадаттың ошағы болған киелі шатырдың ауласының сыртында тұрғанын елестетіп көрсек болады. Дәуіттің жүрегі ризашылыққа толы болғаны сонша — ол өмірінің қалған бөлігін осы жерде өткізіп, “Ехобаның көркіне көз тігуді” қалаған.
“Көрік” деген сөз әлдекімнің ой-санаға, сезімге әрі көңілге жағымды әсер ететін кейпіне нұсқайды. Иә, Дәуіт Құдайдың ғибадат етуге арналған шарасына әрдайым ризашылықпен қараған. Біз де өзімізден: “Мен Құдайдың ұйымдастырған шарасына Дәуіт сияқты ризашылықпен қараймын ба?”— деп сұрасақ болады.
ҚҰДАЙДЫҢ ШАРАСЫНА “ТАМСАНА ҚАРА”
Біздің күнімізде де Ехоба адамдардың өзіне жақындай алуы үшін арнайы шара жасаған. Алайда бұл шара нақты бір ғибадат ету орнымен байланысты емес. Ол Құдайдың ұлы рухани ғибадатханасын, яғни шынайы ғибадат үшін ұйымдастырған қасиетті шарасын, білдіреді *. Осы шараға “тамсана қарағанның” арқасында біз де Дәуіт сияқты “Ехобаның көркіне көз тіге” аламыз.
Киелі шатырдың кіреберісінде түгелдей өртелетін құрбандықтарды ұсынуға арналған үстел тұрған (Мыс. ш. 38:1, 2; 40:6). Бұл құрбандық үстелі Құдайдың Иса Мәсіхтің адами өмірін құрбандық ретінде қабыл алуға ықыласты екенін бейнелеген (Евр. 10:5—10). Бұның біз үшін нені білдіретінін ойлап көрші! Елші Пауыл: “Құдайға қас болған кезімізде Ұлының өлімі арқылы онымен татуластық”,— деп жазған (Рим. 5:10). Исаның төгілген қанына сенсек, Құдайдың “досы” бола аламыз (Заб. 25:14 ЖД). Нәтижесінде оның ықыласы мен сеніміне ие боламыз.
Күнәларымыз “өшірілгеннің” арқасында Ехобаның бізді “қайта нығайтатын уақыты” келді (Ел. іс. 3:19 сілт.). Біздің жағдайымызды өлімге кесілген қылмыскердің жағдайымен салыстыруға болады. Мейірімді төреші бұл қылмыскердің бұрын жасаған істеріне өкініп, үлкен өзгерістер жасағанын көргенде, қылмыстық іс құжатында жазылғандарды өшіріп тастайды. Сөйтіп, оны өлім жазасынан босатады. Бұл адам қандай жеңілдік пен қуаныш сезінеді десеңші! Әлгі мейірімді төреші іспетті Ехоба да күнәсіна өкінетін адамдарға рақымшылық жасап, өлім жазасынан босатады.
ШЫНАЙЫ ҒИБАДАТТАН ҚУАНЫШ ТАП
Дәуіт Ехобаның үйінде көптеген исраилдіктің жиналғанын, Мұса заңының халық алдында оқылып, түсіндірілгенін, жұпар иісті заттың түтетілгенін және діни қызметкерлер мен леуіліктердің қасиетті қызметтерін атқарып жатқандарын бақылаған (Мыс. ш. 30:34—38; Ру. сан. 3:5—8; Заң. қ. 31:9—12). Ежелгі Исраилде атқарылған осындай істердің бүгінгі күндегі шынайы ғибадатпен ұқсастығы бар.
Бүгінгі күні де “бауырлардың ынтымақта тұрғандары тамаша да жарасымды” (Заб. 133:1). Дүниежүзіндегі бауырластардың саны күн санап артуда (Пет. 1-х. 2:17). Құдай Сөзі қауым кездесулерінде оқылып, түсіндіріледі. Сондай-ақ өзінің ұйымы арқылы Ехоба бізге мол тәлім беріп жатыр. Бұған қоса, бізге жеке не отбасылық зерттеу жүргізуге көмектесетін көп әдебиет басып шығарылуда. Бұл орайда Басқарушы кеңестің бір мүшесі былай деген: “Ехобаның Сөзін оқып, оның мағынасы жайлы терең ойланғанның арқасында және Жазбалардың мәнін түсіну үшін ізденіс жасағанның арқасында рухани байи түстім әрі зор қанағат сезіміне бөлендім”. Иә, “білім жанымызды қуанышқа кенелтеді” (Нақ. с. 2:10).
Бүгінде Ехоба қызметшілерінің ұнамды дұғаларын құлақ түріп тыңдайды. Күн сайын айтылатын мұндай дұғалар Ехоба үшін хош иісті тартудай (Заб. 140:2). Кішіпейілділікпен айтқан дұғаларымызды Ехоба Құдайдың зор ықыласпен тыңдайтынын білгеніміз жанымызға жылу береді емес пе?
Мұса: “Құдай Иеміз бізге риза бола көрсін, Қолға алған ісімізді оңғара көрсін”,— деп дұға еткен (Заб. 89:17). Ехоба құлшыныспен атқарған қызметімізді молынан жарылқайды (Нақ. с. 10:22). Бәлкім, кейбір адамдарға шындықты білуге көмектескен шығармыз. Арамызда адамдардың немқұрайдылығына, нашар денсаулыққа, жан азабына не қарсылықтарға қарамастан, Ехобаға көп жыл бойы табандылықпен қызмет етіп жүргендер бар болар (Сал. 1-х. 2:2). Қандай қиындыққа кезіксек те, “Ехобаның көркіне көз тігіп”, оның ерен еңбегімізді жоғары бағалайтынына талай көзіміз жеткені шүбәсіз!
Дәуіт: “Ехоба — менің еншім, менің үлесім; ол менің тостағанымды толтырады. Сен менің мұралы үлесімді сақтайсың. Үлесіме берілген жерлер неткен керемет!”— деп жырлаған (Заб. 16:5, 6 ЖД). Дәуіт өзіне тиген “үлесі” үшін, яғни Ехобамен жақын қарым-қатынаста болу және оған қызмет ету мәртебесі үшін, риза болған. Дәуіт сияқты біз де қиындықтарға кезігіп жүрген шығармыз, десе де Ехоба бізді рухани жағынан молынан жарылқауда! Сол себепті әрі қарай да шынайы ғибадаттан қуаныш ала берейік және әрдайым Ехобаның рухани ғибадатханасына “тамсана қарайық”.
^ абзац 6 1996 жылғы “Күзет мұнарасының” (ор.) 1 шілде айындағы санының 14—24 беттерін қара.