Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Тоқтының үйлену салтанатына қуаныңдар!

Тоқтының үйлену салтанатына қуаныңдар!

“Қуанып, шаттанайық,.. өйткені Тоқтының үйлену салтанаты болатын уақыт жетті” (АЯН 19:7).

1, 2. а) Көкте кімнің үйлену тойы өлшеусіз қуаныш әкеледі? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ — адам өмірінде болатын елеулі оқиға. Оған дайындалу үшін әдетте көп уақыт керек. Осы мақалада біз өте ерекше бір үйлену салтанатына назар аударатын боламыз. Бұл — патшаның үйленуі. Осы тойға дайындық шамамен 2000 жылға созылды. Енді Күйеужігіттің өз қалыңдығына қосылатын уақыты таяп қалды. Сол кезде Патша сарайы шаттық әуеніне толып, көктен мынадай дауыс естіледі: “Ехобаны мадақтаңдар! Құдіреті күшті Құдайымыз Ехоба патшалық етуді бастады! Қуанып, шаттанайық, оның даңқын асырайық, өйткені Тоқтының үйлену салтанаты болатын уақыт жетті, қалыңдығы да әзірленіп, дайын отыр” (Аян 19:6, 7).

2 Бұл жердегі “Тоқты” — Иса Мәсіх (Жох. 1:29). Оның үйлену салтанаты көкте өлшеусіз қуаныш әкелетін болады. Сол тойға Күйеужігіт қалай киінеді? Оның қалыңдығы кім? Қалыңдық үйлену тойына қалай дайындалды? Бұл той қашан болады? Көкте болатын осы қуанышқа жерде мәңгі өмір сүруге үміттенгендер ортақтаса ма? Осы сұрақтардың жауабын білуге асық екенімізде сөз жоқ. Олай болса, Забурдың 44-тарауын мұқият қарастыруды жалғастырайық.

 “ХОШ ИІСТІ ОНЫҢ КҮЛЛІ КИІМДЕРІ”

3, 4. а) Күйеужігіттің той киімі жайлы не айтылған және не нәрсе оның қуанышына қуаныш қосады? ә) Күйеужігіттің қуанышына ортақтасатын “патшаның қыздары” мен “патшайым” деген кімдер?

3 Забур 44: 9, 10 оқы. Күйеужігіт, яғни Иса Мәсіх салтанатты тойға арналған киімін киеді. Оның киімінен мүр мен дәмқабық (кассия) сияқты “таңдаулы хош иісті” заттардың жағымды жұпары аңқып тұрады. Бұл екеуі кезінде Исраилде майлау рәсіміне қолданылған киелі майдың қоспасына кіретін (Мыс. ш. 30:23—25).

4 Сарайдың ішінде әуелеген көктегі әуен үйлену тойы жақындап қалған Күйеужігіттің қуанышына қуаныш қосады. Бұл қуанышқа “патшайым” да, яғни Құдай ұйымының көктегі бөлігі, оның ішінде “патшаның қыздары” да, яғни киелі періштелер ортақтасады. Көктен жариялап жатқан мына сөздерді есту неткен ғанибет: “Қуанып, шаттанайық... өйткені Тоқтының үйлену салтанаты болатын уақыт жетті”.

ҚАЛЫҢДЫҚ ӘЗІРЛЕНІП ДАЙЫН ОТЫР

5. Қалыңдық кімдерді бейнелейді?

5 Забур 44:11, 12 оқы. Біз Күйеужігіттің кім екенін анықтадық, ал қалыңдық кім болады? Қалыңдық 144 000 майланған мәсіхшіден тұратын топты бейнелейді. Иса — осы майланғандардың қауымының басы (Ефестіктерге 5:23, 24 оқы). Олар Мәсіхпен бірге оның Патшалығында билік жүргізеді (Лұқа 12:32). 144 000 майланған мәсіхшілер Тоқты қайда бармасын, оған әрі қарай да “еріп жүреді” (Аян 14:1—4). Олар “Тоқтының әйелі” болады, ал содан кейін күйеуінің көктегі үйінде бірге тұрады (Аян 21:9; Жох. 14:2, 3).

6. Неге майланғандар патшаның қызы деп аталған және неге олар өз “халқын” ұмытуға шақырылады?

6 Болашақ қалыңдық “қызым” деп қана емес, сонымен қатар “қалыңдық ханша” деп аталған (Заб. 44:14). Бұдан ол патшаның қызы екені көрінеді. Бірақ бұл патша кім? Ехоба майланған мәсіхшілерді “балалары” ретінде асырап алған. Демек, бұл патша — Ехоба (Рим. 8:15—17). Майланғандар болашақта көктегі қалыңдық болатындықтан, оларға: “Ұмыт, шыққан әулетің мен халқыңды”,— деген нұсқау беріледі. Олар “жердегі емес, көктегі нәрселерді ойлайды” (Қол. 3:1—4).

7. а) Мәсіх болашақ қалыңдығын қалай дайындап келді? ә)Қалыңдық болашақ күйеуіне қалай қарайды?

7 Ғасырлар бойы Мәсіх болашақ қалыңдығын көктегі үйлену тойына дайындап келді. Елші Пауыл былай деп жазған: “Мәсіх қауымды сүйді, әрі сол үшін өмірін қиды. Осылайша оны Құдай сөзімен жуып-тазартып, қасиетті етті. Мұны ол қауымды өзінің алдында аса көрікті, ешбір дақ не әжім түспеген және басқа да кемшілігі жоқ, қасиетті де мінсіз ету үшін істеді” (Ефес. 5:25—27). Пауыл ежелгі Қорынт қаласындағы майланған мәсіхшілерге: “Құдай сендерді қалай қызғыштай қорғаса, мен де солай қорғаймын. Өйткені сендерді бір күйеуге, Мәсіхке, қосуды уәде еткенмін, әрі оған пәк күйлеріңде бергім келеді”,— деді (Қор. 2-х. 11:2). Қалыңдығының ғибадаты таза әрі Құдайға ұнамды болғандықтан, Күйеужігіт әрі Патша Иса Мәсіх оның рухани “сұлулығын” бағалайды. Ал қалыңдық болса болашақ күйеуін “тақсыр ие” ретінде мойындап, оны “ардақтайды”.

ҚАЛЫҢДЫҚ ПАТШАНЫҢ “АЛДЫНА ӘКЕЛІНЕДІ”

8. Қалыңдықтың “бар сән-салтанатымен” отырғаны неліктен орынды суреттелген?

8 Забур 44:14, 15а оқы *.  Осы тармақтарда қалыңдықтың “күйеуіне арнап сәнденіп”, “бар сән-салтанатымен” отырғаны жазылған. Аян 21:2-де бұл қалыңдық қаламен, яғни жаңа Иерусалиммен салыстырылады. Көктегі осы қала “Құдайдың салтанатты нұрына бөленген” және “оның нұр сәулесі аса құнды асыл тасқа, мөлдір кристалл іспетті жалтыраған яшма тасына ұқсас” (Аян 21:10, 11). Аян кітабында осы қаланың жарқыраған көркі әдемі суреттелген (Аян 21:18—21). Сондықтан забур жыршысының қалыңдық жайлы “бар сән-салтанатымен” отыр деп айтқаны бізді таңғалдырмайды. Көкте болатын той сондай болу керек емес пе?!

9. Қалыңдық кімнің алдына әкелінеді және ол қалай киінеді?

9 Қалыңдық Күйеужігіттің, яғни Мәсіх Патшаның алдына әкелінеді. Патша оны “Құдай сөзімен жуып-тазартып”, дайындап келді. Енді оның қалыңдығы “қасиетті де мінсіз” (Ефес. 5:26, 27). Патшаның қалыңдығы осы айтулы оқиғаға сай киінуге тиіс. Бұл солай болады да! Оның “үстіндегі киімі алтынмен әрленген” және ол “үлде мен бүлдеге оранып патшаға әкелінеді”. Оған Тоқтымен үйлену тойына “жалтыраған, таза әрі жақсы зығырдан киім кию мәртебесі берілді. Жақсы зығыр киім қасиеттілердің әділ әрекеттерін білдіреді” (Аян 19:8).

“ТОҚТЫНЫҢ ҮЙЛЕНУ САЛТАНАТЫ БОЛАТЫН УАҚЫТЫ ЖЕТТІ”

10. Тоқтының үйлену салтанаты қашан болады?

10 Аян 19:7 оқы. Тоқтының үйлену салтанаты қашан болады? Аян 19:7-де қалыңдық үйлену тойына “әзірленіп, дайын отыр” делінсе де, одан кейінгі тармақтарда той емес, зор алапаттың соңғы бөлігі сипатталған (Аян 19:11—21). Бұл үйлену салтанаты Патша толық жеңіске жеткенге дейін болады дегенді білдіре ме? Жоқ. Аян кітабында пайғамбарлық етілген жайттар хронологиялық тәртіппен жазылмаған. Забурдың 44-тарауында Патша Иса Мәсіх, алдымен, семсерін асынып, жауларын жеңу үшін “жеңіске аттанатыны”, ал содан кейін үйлену салтанатының болатыны жазылған (Заб. 44:4, 5).

11. Үйлену салтанатына дейін Мәсіх не істейді?

11 Сонымен, оқиғалар мынадай тәртіппен өрбиді: алдымен, “ұлы жезөкшеге”, яғни Ұлы Бабыл атты жалған діндер империясына, шығарылған үкім жүзеге асырылады (Аян 17:1, 5, 16, 17; 19:1, 2). Содан кейін Мәсіх Шайтанның жердегі зұлым жүйесінің қалған бөлігіне қатысты Құдайдың үкімін жүзеге асыруға аттанады. Мұны ол Армагеддон деп аталатын “Құдіретті Құдайдың ұлы күні болатын соғыста” істейді (Аян 16:14—16; 19:19—21). Ақыр соңында, жеңімпаз Патша жын-перілер мен Шайтанды тұңғиыққа тастап, өлім сияқты іс-әрекетсіз күйге ұшыратады. Осылайша толық жеңіске жетеді (Аян 20:1—3).

12, 13. а) Тоқтының үйлену салтанаты қашан болады? ә) Көкте Тоқтының үйлену салтанатына кім қуанады?

12 Мәсіхтің осында болуы кезінде жердегі өмірін аяқтаған майланғандар көктегі өмірге қайта тіріледі. Ал қалыңдық тобының қалған адал мүшелерін Иса Ұлы Бабыл жойылғаннан кейін жинайтын болады (Сал. 1-х. 4:16, 17). Осылайша “қалыңдықтың” барлық мүшелері Армагеддон соғысы басталмай жатып көкке жиналады. Ал осы соғыстан кейін Тоқтының үйлену тойы болады. Бұл неткен қуанышты оқиға болмақ! Аян 19:9-да: “Тоқтының үйлену тойының қонақасына шақырылғандар бақытты”,— делінген. Иә, қалыңдық тобының 144 000 мүшесі бақытты болатыны сөзсіз. Патша да өз патшалығында  бейнелі мағынада “дастарқанынан ішіп-жейтін” майланғандардың саны толық болатынына қатты қуанады (Лұқа 22:18, 28—30). Алайда Күйеужігіт пен қалыңдықтың қуанышына ортақ болатындар да бар.

13 Жоғарыда айтылып кеткендей, көкте бір дауыстан келесідей ән айтылады: “Қуанып, шаттанайық, оның [Ехобаның] даңқын асырайық, өйткені Тоқтының үйлену салтанаты болатын уақыт жетті, қалыңдығы да әзірленіп, дайын отыр” (Аян 19:6, 7). Ал Ехобаның жердегі қызметшілері жайлы не дей аламыз? Олар да осы қуанышқа ортақтаса ма?

ОЛАР “ЗОР ҚУАНЫШПЕН ӘКЕЛІНЕДІ”

14. Қалыңдықтың пәк “құрбы қыздары” кімдер?

14 Забур 44:13, 15ә, 16 оқы. Зәкәрия пайғамбар соңғы күндері әр ұлттан шыққан адамдар рухани Исраилдің тамтығымен бірге Ехобаға қуана қызмет ететінін алдын ала айтқан. Ол былай деп жазған: “Сол күндері әрбір яһудалық адамның киімінен әр түрлі тілдер мен ұлттардың он адамы ұстап алып: Құдайдың сендерге жар болып, сендермен бірге екенін естігенбіз. Өзіңмен бірге баруға рұқсат ете көрші,— деп жалынатын болады” (Зәк. 8:23). Осы бейнелі мағынадағы “он адам” Забур 44:13-те “Тир қаласы” және “ең дәулетті кісілер” деп аталған. Олар майланғандарға қолдау көрсету үшін және Ехобаға қызмет етуді үйрену үшін тамтыққа келіп жатыр. 1935 жылдан бері майланған тамтық миллиондаған адамды “әділдік жолына бастап алып келуде” (Дан. 12:3). Майланған мәсіхшілердің адал серіктері өмірлерін тазартып, рухани пәк “құрбы қыздары” болды.  Қалыңдықтың пәк “құрбы қыздары” өздерін Ехобаға бағыштап, Күйеужігіт Патшаның адал қызметшілері екенін дәлелдеп келеді.

15. Пәк “құрбы қыздар” жердегі қалыңдықтың тобымен бірге қалай қызметтесуде?

15 Майланғандардың тамтығы “Патшалық жайлы ізгі хабарды” жержүзі бойынша құлшыныспен уағыздап жүрген осы пәк “құрбы қыздарға” дән риза (Мат. 24:14). “Кел!”— деп тек “рух пен қалыңдық” қана емес, “мұны естіген әркім: “Кел!”— деп айтуда (Аян 22:17). Иә, “басқа қойлар” қалыңдық тобының мүшелерінің “кел!” деп жатқанын естіп, өздері де оларға қосылып, жер бетіндегі барша жұртқа: “Кел!”— деп айтуда (Жох. 10:16).

16. Ехоба басқа қойларға қандай мәртебе сыйлады?

16 Майланғандардың тамтығы басқа қойларды жақсы көреді. Ехоба оларға үйлену тойының қуанышына ортақ болу мәртебесін сыйлағанына майланғандар шат-шадыман. Пайғамбарлыққа сай, осы пәк “құрбы қыздар” “зор қуаныш, шаттықпен әкелінеді”. Иә, жерде мәңгі өмір сүруге үмітті басқа қойлар көкте Тоқтының үйлену тойы болғанда, бүкіл ғаламда орнайтын шаттыққа ортақтасатын болады. Аян кітабында “ұлы жамағаттың” қатарындағы адамдар “тақ пен Тоқтының алдында” тұрғандар ретінде сипатталады. Олар Ехобаның қасиетті қызметін рухани ғибадатхананың жердегі ішкі ауласында атқаруда (Аян 7:9, 15).

Тоқтының үйлену тойы қалыңдықтың пәк “құрбы қыздарына” қуаныш сыйлайды (16-абзацты қара)

“ҰЛДАРЫҢ ОРНЫН БАСПАҚ АТАЛАРЫҢНЫҢ”

17, 18. Тоқтының некесі қандай жеміс әкеледі және Мәсіх мыңжылдық билігі кезінде кімдерге әке болады?

17 Забур 44:17 оқы. Мәсіхтің көктегі қалыңдығының пәк “құрбы қыздары” үйлену тойы жаңа дүниеде өз жемісін беріп жатқанын көргенде, одан бетер шаттанады. Күйеужігіт әрі Патша бар назарын жерге аударып, кезінде қайтыс болған “аталарын” қайта тірілтеді, сөйтіп, олар оның жердегі “ұлдары” болады (Жох. 5:25—29; Евр. 11:35). Олардың арасынан Мәсіх “бүкіл елге әкім” болатындарды тағайындайды. Сондай-ақ бүгіндегі адал ақсақалдардың арасынан да жаңа дүниеде жетекшілік ететіндерді таңдап, оларды да тағайындайтыны сөзсіз (Ишая 32:1).

18 Мыңжылдық билігі кезінде Мәсіх басқалар үшін де әке болады. Қай мағынада? Исаның төлем құрбандығына сенім артқандар ғана жерде мәңгі өмір сүру сыйына ие болады (Жох. 3:16). Сонда Мәсіх олар үшін “Мәңгілік Әке” болмақ (Ишая 9:6, 7).

ЕСІМІН БӘРІНЕ ТАНЫМАЛ ЕТУГЕ ЫҚЫЛАСТЫМЫЗ

19, 20. Забурдың 44-тарауындағы көңіл толқытарлық оқиғалар бүгіндегі шынайы мәсіхшілерге қалай әсер етеді?

19 Забур 44:2, 18 оқы. Забурдың 44-тарауындағы оқиғалар барлық мәсіхшілер үшін маңызды. Жердегі майланғандардың тамтығы таяуда өз бауырларымен және Күйеужігітпен көкте қауышатынына аса қуанышты. Басқа қойлар болса салтанатқа бөленген Патшаларына одан бетер мойынсұнуға ықыласты әрі қалыңдықтың жердегі тамтығының серіктестері болу мәртебесіне ие екеніне риза. Олардың үйлену тойларынан кейін, Мәсіх пен оның қалыңдығы жер бетінің тұрғындарына өлшеусіз бата төгеді (Аян 7:17; 21:1—4).

20 Мәсіхтің Патшалығына қатысты “ізгі сөздің” орындалуын тағатсыздана күтіп жүрген біздер “бар ұрпақтарға” оның есімін танымал етуге ынтық емеспіз бе?! Лайым Патшаны мәңгі дәріптейтіндердің қатарында бола бергейміз!

^ абзац 8 Забур 45:13, 14а (ЖД): “Сарайда отыр патша қызы бар сән-салтанатымен, Үстіндегі киімі алтынмен әрленген. Үлде мен бүлдеге оранған ол патшаға әкелінеді”.