Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Араларыңдағы қарт бауырластарды құрметтеңдер

Араларыңдағы қарт бауырластарды құрметтеңдер

“Жасы үлкен адамды сыйла” (ЛЕУ. 19:32).

1. Бүгінде адамзаттың ахуалы қандай?

ЕХОБА адамдардың қауқарлары кетіп, қартайғанын ешқашан қаламаған. О баста ол адамдарға жақсы денсаулық пен жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндігін берген еді. Бірақ күнәнің салдарынан “бүкіл жаратылыс ыңырсып, қатты қиналатын” болды (Рим. 8:22). Оның үстіне, бүгінде көп адам қарт ата-аналарын елеусіз қалдырып жатады. Олардың бұл абзал жандарды көмекке мұқтаж осы шақтарында тастап кететіндері қандай өкінішті десеңдерші (Заб. 38:6; Тім. 2-х. 3:3). Құдай адамдардың қиналғанын көргенде, не сезінеді деп ойлайсың?

2. Неге мәсіхшілер қарт бауырластарды қатты бағалайды?

2 Ехобаның қызметшілері араларында қарт бауырластардың болғанына қуанышты. Біз олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, сенімдеріне еліктегіміз келеді. Бұл аяулы бауырластардың кейбірі біздің туысымыз болып та келетін шығар. Қалай болған күнде де, барлығымыздың оларға қамқорлық көрсеткіміз келетіні сөзсіз (Ғал. 6:10; Пет. 1-х. 1:22). Ехоба Құдай қарт адамдарға қалай қарайды? Туыстары мен қауымдағылардың жасы келген бауырластарға қатысты қандай жауапкершіліктері бар? Қазір осы сұрақтарды қарастыратын боламыз.

 “МАҒАН ТЕРІС ҚАРАЙ КӨРМЕ”

3, 4. а) 70-ші Забурдың жыршысы қандай өтініш айтқан? ә) Қауымдағы қарт бауырластар не жайында дұға ете алады?

3 Забур 70:9-ды жазған жыршы Құдайға жалбарынып: “Қартайғанда маған теріс қарай көрме, Күшім қайтқанда мені тастап кетпе”,— деген. Бұл жыр Дәуіт жазған 69-шы Забурдың жалғасы болғанға ұқсайды. Демек, Забур 70:9-дағы бұл сөздерді де Дәуіт жазған болса керек. Дәуіт бала кезінен бастап өмірінің соңына дейін Ехобаға адалдықпен қызмет еткен. Ал Ехоба оған үлкен жауапкершіліктерді сеніп тапсырған (Пат. 1-ж. 17:33—37, 50; Пат. 3-ж. 2:1—3, 10). Бірақ ол қартайған шағында Ехобаның қамқорлығына әрі қарай да мұқтаж екенін түсінген әрі одан көмек сұраған (Забур 70:17, 18 оқы).

4 Бүгінде көп қарт бауырластар Дәуіттің үлгісіне еліктейді. Олар “азапты күндерді” бастан кешіріп жатқандарына қарамастан, Құдайды мадақтау үшін бар күштерін салып жүр (Уағ. 12:1—7). Сондай-ақ олардың көбісі өмірлерінің әртүрлі саласында, мысалы уағыздау қызметінде, бұрынғыдай көп іс атқара алмаса да, Ехобадан өздерін әрі қарай да қамқорлай беруін сұрайды. Осы адал бауырластар дұғаларының жауапсыз қалмайтынына сенімді бола алады. Өйткені олар Дәуіттің Құдай рухының жетелеуімен жазған жырындағы орынды нәрселер жайында дұға етеді.

5. Ехоба өзінің қарт қызметшілеріне қалай қарайды?

5 Жазбалардан анық көрінетіндей, Ехоба өзінің адал қарт қызметшілерін қатты бағалайды әрі бізден оларды құрметтейді деп күтеді (Заб. 21:25—27; Нақ. с. 16:31; 20:29). Мысалы, Леуіліктер 19:32-де: “Жасы үлкен адамды сыйлап орныңнан тұрып, Құдайыңды терең қастерле. Мен Жаратқан Иемін”,— делінген. Осы сөздер жазылған уақытта әрбір адам Құдай халқының арасындағы қарт кісілерді құрметтеуге міндетті болған, бүгінгі таңда да бұл солай. Ендеше, оларға нақты қандай көмек көрсетуімізге болады? Бұл жауапкершілік кімнің мойнында?

ТУЫСТАРЫНЫҢ БОРЫШЫ

6. Иса анасын қалай қамқорлады?

6 Құдай Сөзінде: “Ата-анаңды сыйла!”— делінген (Мыс. ш. 20:12; Ефес. 6:2). Иса заң мұғалімдері мен парызшылдарды ата-аналарын қамқорлаудан бас тартқандары үшін айыптап, осы өсиеттің маңыздылығына назар аударған (Мар. 7:5, 10—13). Бұл орайда ол өзі де жақсы үлгі көрсетті. Мысалы, Иса бағанада ілініп тұрған кезінде анасын қамқорлауды сүйікті шәкірті Жоханға тапсырды. Ол кезде оның анасы жесір болғанға ұқсайды (Жох. 19:26, 27).

7. а) Елші Пауыл ата-ананы қамқорлауға қатысты қандай принципті айтқан? ә) Пауылдың сөздерінің мәнмәтіні қандай?

7 Елші Пауыл киелі рухтың жетелеуімен мәсіхшілердің үй ішіндегілерінің қамын ойлауға міндетті екенін жазған (Тімөтеге 1-хат 5:4, 8, 16 оқы). Пауыл бұл принципті қауымнан қаржылай көмек алуға кімнің лайық екенін сөз еткенде айтқан болатын. Ол қарт жесір бауырластарға бірінші кезекте олардың мәсіхші балалары, немерелері және басқа туыстары қамқорлық жасау керектігін анық айтты. Бұл қауымды қажетсіз шығыннан сақтар еді. Біздің күнімізде де мәсіхшілер Құдайдың “шын берілген” қызметшілері екендерін мұқтаждық көріп жүрген туыстарына қаржы жағынан көмектесу арқылы көрсете алады.

8. Неге Киелі кітапта қарт ата-ананы қалай қамқорлау керектігіне қатысты нақты басшылық берілмеген?

8 Сонымен, есейген мәсіхшілер ата-аналарына қаржылай көмек көрсетуге міндетті. Пауыл сенуші туыстардың қамын ойлау жайлы айтқанмен, мәсіхші емес ата-аналар да елеусіз қалмау керек. Әр отбасының жағдайы әртүрлі болғандықтан, ата-ананы қамқорлауға қатысты бәрінің бірдей шешім қабылдауы мүмкін емес. Мысалы, әркімнің қажеттілігі,  қалауы, мінез-құлқы мен денсаулығы әртүрлі болады. Кейбір қарт кісілердің бір ғана баласы болса, өзге біреулердің бірнеше баласы болады. Тағы біреулерінің әлеуметтік көмек алуға мүмкіндіктері болса, кейбіреулерде болмауы мүмкін. Сондықтан да егде тартқан туыстарына қамқорлық көрсетуге тырысып жүрген бауырластардың шешімдерін сынап-мінегеніміз дұрыс болмас еді әрі бұл сүйіспеншілікке жатпайды. Ехоба батасын беріп, Жазбалардың негізінде қабылданған кез келген шешімді жүзеге асыруға көмектесе алады. Ол Мұсаның күндерінен бері солай етіп келеді де (Ру. сан. 11:23).

9—11. а) Кейбіреулер қандай қиын жағдайға тап болуы мүмкін? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Неге толық уақыт қызмет атқаратын бауырластар қызметтерін тоқтатуға қатысты асығыс шешім қабылдамаулары керек? Мысал келтір.

9 Балалары жастары келген ата-аналарынан алыста тұрса, оларға қажетті көмек көрсету оңай болмауы мүмкін. Кейде ата-ананың бірі күтпеген жерден құлап қалуы, сүйегін сындырып алуы не тағы басқа жолмен жапа шегуі мүмкін. Мұндайда оған жедел түрде көмек көрсету қажет болады. Тіпті содан кейін де оған қандай да бір уақыт бойы күтім жасау керек болатын шығар *.

10 Үйлерінен алыс жерде қызмет ететін толық уақытты қызметшілерге мұндайда шешім қабылдау әсіресе қиын болуы мүмкін. Бетелдіктер, миссионерлер және аралаушы бақылаушылар өз қызметтеріне Ехобаның батасы ретінде қарайды әрі оны қатты бағалайды. Алайда кейбіреулер ата-аналары ауырып қалғанда бірден қызметтерін тастап, үйлеріне оралуды шешуі мүмкін. Бірақ олардың дұға ете отырып, “Ата-анамыз шынымен де біздің күтім жасауымызға мұқтаж ба әрі олардың өздері соны қалай ма?” деп ойланып көргендері жақсы. Мәртебелі қызметті тоқтату жайлы асығыс шешім қабылдаған дұрыс емес әрі бұлай ету қажет болмауы да мүмкін. Бәлкім, ата-ананың денсаулығына байланысты туындаған қиындық ұзаққа созылмайтын шығар әрі олардың қауымындағы кейбір бауырластар қуана-қуана өз көмектерін ұсына алатын болар (Нақ. с. 21:5).

11 Жапонияда тұратын ата-аналарынан алыс жерде қызмет ететін екі ағайындының мысалын қарастырайық. Олардың бірі Оңтүстік Америкада миссионер ретінде, ал екіншісі Бруклиндегі (Нью-Йорк) дүниежүзілік бас басқармада қызмет етіп жүрген еді. Бірде ағайындылардың жастары келіп қалған ата-аналары көмекке мұқтаж болады. Сонда олар Жапонияға барып, оларға қандай көмек қажет екенін анықтайды. Көп ұзамай миссионер ретінде қызмет ететін бауырлардың бірі әйелімен бірге қызметтерін тоқтату жайлы ойлана бастайды. Бір күні ата-аналары барып жүрген қауымның ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі оларға телефон шалады. Олар бұл ерлі-зайыптының жағдайын қарастырып, олардың миссионер ретінде мүмкіндігінше ұзақ уақыт қызмет еткендерін қалайтындарын айтады. Ақсақалдар бұл миссионерлердің қызметін бағалағандықтан олардың ата-аналарына көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге дайын еді. Олардың сүйіспеншілікпен көрсеткен көмегіне бүкіл отбасы қалай риза болды десеңші!

12. Мәсіхшілер қарт ата-аналарына көмектесуге қатысты шешім қабылдағанда не нәрсеге көз жеткізулері керек?

12 Мәсіхшілер қарт ата-аналарына көмектесуге қатысты не шешсе де, мұның Құдайдың есіміне кір келтірмейтініне көз жеткізулері керек. Біз ешқашан да Исаның күндеріндегі дінбасылары сияқты болғымыз келмес еді (Мат. 15:3—6). Қабылдаған шешімдеріміздің Құдайға да, қауымға да мадақ әкелгенін қалайтынымыз шүбәсіз (Қор. 2-х. 6:3).

 ҚАУЫМНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕРІ

13, 14. Қауымның егде тартқан бауырластарға көмектесу жауапкершілігі бар екені Жазбалардан қалай көрінеді?

13 Толық уақытты қызметшілерге бәріміз де жоғарыда сөз етілген бауырластар сияқты көмек көрсете алмайтын шығармыз. Алайда бірінші ғасырда туындаған жағдайдан қауымның қарт бауырластарға қажетті көмек көрсете алатыны анық көрінеді. Киелі кітапта Иерусалимдегі қауымда ешбір бауырластың “мұқтаждық көрмегені” айтылған. Бұл олардың барлығы бірдей бай болды дегенді білдірмейді, кейбір бауырластардың қаржысы көп болмағанға ұқсайды. Сондықтан “ақша әркімнің қажетіне қарай үлестірілетін” (Ел. іс. 4:34, 35). Алайда кейіннен сол қауымда бір үлкен қиындық туды. Елшілер күнделікті ас үлестіру кезінде кейбір жесірлердің елеусіз қалып жүргені жайлы хабардар болды. Содан олар қауымдағы жеті лайықты ер бауырласқа жесірлерге жеткілікті мөлшерде азық-түлік берілуін қадағалауды тапсырды (Ел. іс. 6:1—5). Бұл б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында мәсіхшілікті қабылдаған шетелдіктер үшін жасалған шара болатын. Осының арқасында олардың Иерусалимде біраз уақытқа қалып, рухани нығаюға мүмкіндіктері болды. Бұл уақытша шара болғанымен, елшілердің қабылдаған шешімінен қауымдардың мұқтаждық көргендерге қол ұшын бере алатыны анық көрінеді.

14 Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Пауыл Тімөтеге жесір бауырластардың қайсысы қауымнан қаржылай көмек алуға лайық екендігін жазған (Тім. 1-х. 5:3—16). Жақып та киелі рухтың жетелеуімен жазған хатында жетім-жесірлерге әрі мұқтаждық көріп жүрген басқа да бауырластарға көмектесу мәсіхшілердің міндеті екенін айтқан (Жақ. 1:27; 2:15—17). Ал елші Жохан: “Дүние-мүлкі бар біреу бауырласының мұқтаждық көріп жүргенін біле тұра, оған жанашырлық танытудан бас тартса, қалайша оның бойында Құдайға деген сүйіспеншілік бар деуге болады?”— деген (Жох. 1-х. 3:17). Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру әрбір мәсіхшінің міндеті болса, бұл бүкіл қауымның да жауапкершілігі болады емес пе?

Қиын жағдайға ұшыраған қарт бауырластарға қауымдағылар қалай көмектесе алады? (15, 16-абзацтарды қара)

15. Қарт ата-анаға көмек көрсетуге қатысты қандай жайттарды қарастырған жөн?

15 Кейбір елдерде қарт адамдарға зейнетақы, әлеуметтік көмек және күтушілер беріледі (Рим. 13:6). Ал басқа елдерде мемлекет тарапынан мұндай көмек көрсетілмеуі мүмкін. Сондықтан егде тартқан бауырластарға туыстары мен қауымның қандай мөлшерде көмек көрсететіні жағдайға байланысты болады. Алыста тұратын мәсіхші балаларға қарт ата-аналарының жанынан табылу әрдайым оңай болмауы  мүмкін. Мұндайда балалары ата-аналарының қауымындағы ақсақалдарға хабарласып, отбасындағы мәселелерді ашық талқылағандары жөн. Осының арқасында ақсақалдар ата-аналарының қандай әлеуметтік көмек алуға мүмкіндіктері бар екенін біліп беріп, соларға қол жеткізуге көмектесе алатын шығар. Сондай-ақ олар кейбір маңызды жайттарды, мысалы ата-ананың төлемақы жөніндегі хабарлама хаттарын ашпағанын не дәрілерін ішпей қалғанын, байқап, балаларына хабарлайтын болар. Балалардың ақсақалдармен ашық әңгімелесіп тұрғандары жағдайдың ушығып кетуінен сақтайды әрі мәселенің жақсы шешімін табуға көмектеседі. Иә, жақсы кеңес беріп, ата-аналарға дер кезінде көмек көрсететін бауырластар балаларының “көзі” сияқты болып, отбасының жүгін жеңілдетеді.

16. Кейбір мәсіхшілер егде бауырластарға қалай көмектесіп жүр?

16 Кейбір бауырластар қауымдағы қарт бауырластарды жақсы көргендіктен оларға уақыттары мен күштерін жұмсап, қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысады. Олар осы аяулы бауырластарға көп көңіл бөлуді мақсат етеді. Тағы біреулер тірліктерді бөлісіп алып, басқа бауырластармен бірге кезектесіп жәрдем көрсетеді. Осылайша олар өздері толық уақыт қызмет ете алмағанмен, қарт бауырластардың балаларына толық уақытты қызметтерін жалғастыруға қуана-қуана көмектеседі. Бұл бауырластар қандай керемет сүйіспеншілік көрсетіп жүр десеңдерші! Әрине, өзгелердің көмегі балаларды ата-ана алдындағы борыштан босатпайды. Балалар оларға қолдарынан келгенше көмек көрсете берулері қажет.

ҚАРТ БАУЫРЛАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРУ АРҚЫЛЫ ҚҰРМЕТТЕ

17, 18. Қарт бауырластар да, оларға күтім жасайтындар да қандай көзқарас танытулары қажет?

17 Қарт бауырластардың да, оларға күтім жасайтындардың да әрдайым жақсы да жағымды көзқарас танытуға тырысқандары дұрыс. Осының арқасында қиындық туындаған жағдайда екі жаққа да қуанышты сақтау оңай болады. Кейбір бауырластар қартайғандықтан көңілдері жабырқайды, тіпті қатты еңселері түседі. Сондықтан қарт бауырластарға құрмет көрсетіп, оларды жігерлендіру үшін көп күш салуымыз керек болар. Бұл үшін рухани нығайтатын әңгіме жүргізуге тырысқанымыз жақсы. Олар Ехобаға адалдықпен қызмет етіп келгендіктен мақтауға әбден лайық. Ехоба бұл бауырластардың ерен еңбегін ешқашан ұмытпайды. Біз де оларды қатты бағалаймыз (Малахи 3:16; Еврейлерге 6:10 оқы).

18 Бұған қоса, егде тартқан бауырластар және оларға күтім жасайтындар орнымен қалжыңдай білсе, күнделікті істерді атқару әлдеқайда жеңіл болады (Уағ. 3:1, 4). Көп қарт бауырластар тым талапшыл болмауға тырысады. Өйткені олар жылы қабақ танытса, бауырластардың оларға тартылып тұратынын әрі көмек көрсетуге ықыласты болатынын түсінеді. Жасы келген бауырластардың хал-жағдайын сұрап барғандардан: “Досымды жігерлендірейін деп едім, өзім жігерленіп қайттым ғой”,— дегендерін жиі естіп жатамыз емес пе? (Нақ. с. 15:13; 17:22).

19. Жастарға да, қарттарға да қиын жағдайда берік болып қалуға не көмектеседі?

19 Бәріміз де кемелсіздік пен қайғы-қасіреттің жойылатын уақытын асыға күтіп жүрміз. Сол уақыт келгенше біз мәңгі өмір сүруге деген үкілі үмітімізді әрдайым назарда ұстауымыз керек. Басымызға қиындық туғанда Құдайдың уәделеріне деген сеніміміз біз үшін берік зәкір іспетті бола алады. Осы сенімнің арқасында біз еш талмаймыз, “тәніміз тозып әлсіресе де, жан дүниеміз күн сайын жаңара түседі” (Қор. 2-х. 4:16—18; Евр. 6:18, 19). Құдайдың уәделеріне берік сенім танытумен қатар, қарт бауырластарға күтім жасауға бізге тағы не көмектеседі? Келесі мақалада осыған қатысты бірнеше тиімді кеңестерді қарастыратын боламыз.

^ абзац 9 Келесі мақалада қарт кісілердің де, олардың балаларының да қандай шаралар жасауына болатыны қарастырылады.