Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қызметте “алтын ережені” ұстанайық!

Қызметте “алтын ережені” ұстанайық!

“Барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” (МАТ. 7:12).

1. Қызметте адамдарға қалай қарайтынымыз маңызды ма? Мысал келтір. (Осы беттегі суретті қара.)

БІРНЕШЕ жыл бұрын Фиджиде тұратын мәсіхші ерлі-зайыпты Еске алу кешінің қарсаңында адамдарды аталмыш кешке шақырып жүрді. Олар бір әйелмен үйінің сыртында сөйлесіп тұрғанда, жаңбыр жауа бастайды. Сол кезде ер бауырлас әлгі әйелге өзінің қолшатырын ұсынып, жұбайы екеуі бір қолшатырдың астына тұрады. Кейіннен сол әйел Еске алу кешіне келгенде, оны шақырған ерлі-зайыпты қатты қуанады. Олардың айтқандарының бәрі есінде қалмаса да, олардың мейіріммен әрекет еткені бұл әйелге үлкен әсер қалдырғаны сонша — Еске алу кешіне келуіне түрткі болады. Осындай керемет нәтижеге ерлі-зайыпты “алтын ережені” ұстанғанның арқасында қол жеткізді.

2. “Алтын ереже” дегеніміз не және біз оны қалай ұстана аламыз?

2 “Алтын ереже” дегеніміз не? Бұл Исаның: “Барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер”,— деп айтқан кеңесі (Мат. 7:12). Біз бұл ережені қалай ұстана аламыз? Біріншіден, біз өзімізден былай деп сұрауымыз керек: “Егер мен осы  адамның орнында болсам, оның маған қалай қарағанын қалар едім?” Екіншіден, біз сол қалауымызға сай әрекет етуге барынша тырысуымыз қажет (Қор. 1-х. 10:24).

3, 4. а) “Алтын ережені” тек бауырластармен араласқанда ғана ұстануымыз керек пе? Түсіндір. ә) Осы мақалада нені талқылаймыз?

3 Көп жағдайда біз “алтын ережені” бауырластарымызбен араласқанда ұстанамыз. Алайда Иса оны тек бір сенімдегілерге келгенде ғана ұстану керек деп айтпаған. Негізінде, ол осы ережені барлық адамдарға, оның ішінде жауларымызға қалай қарау керектігін сөз еткенде айтқан болатын (Лұқа 6:27, 28, 31, 35 оқы). Егер біз тіпті жауларымызға қатысты оны ұстансақ, онда қызметте жолықтыратын адамдарға келгенде оны одан бетер ұстануымыз керек емес пе?! Себебі олардың көбісі “мәңгі өмірге ыңғай танытуы” мүмкін (Ел. іс. 13:48).

4 Ал қазір біз қызметте жүргенде қандай төрт сұрақты есте ұстауымыз керектігін талқылаймыз. Олар: Мен кімге уағыздап тұрмын? Қай жерде уағыздап жатырмын? Адамдарға қашан барған дұрыс? Адамдармен қалай сөйлесуім керек? Осы сұрақтардың көмегімен адамдардың сезімдерін ескеруді және соған сай бейімделе білуді үйренетін боламыз (Қор. 1-х. 9:19—23).

МЕН КІМГЕ УАҒЫЗДАП ТҰРМЫН?

5. Қызметте не жайлы ойлансақ болады?

5 Біз уағызда шыққан ортасы мен қиындықтары бір-біріне ұқсамайтын жеке тұлғалармен сөйлесеміз. Сондықтан біреумен әңгіме бастамас бұрын, былай ойланып көр: “Егер мен оның орнында болсам, оның маған қалай қарағанын қалар едім? Мені білмей жатып сыртымнан тон пішкені ұнар ма еді? Әлде мені жақынырақ біліп, жеке тұлға деп қарастырғанын қалар ма едім?” Осындай сұрақтарды ой елегінен өткізгеніміз әр адамға жеке тұлға ретінде қарауға көмектеседі.

6, 7. Қызметте әлдекім дөрекі болып көрінсе, не істегеніміз дұрыс?

6 Ешкім де басқалардың өзі жайлы жаман ойлап қалғанын қаламайды. Мысалы, біз мәсіхші ретінде “әрқашан жағымды” сөйлеуге тырысамыз (Қол. 4:6). Бірақ кемелсіз болғандықтан, кейде артық сөйлеп қойып, артынан өкініп жатамыз (Жақ. 3:2). Егер көңіл-күйіміз болмай, сөзімізбен біреуді ренжітіп алсақ, бірден “дөрекі”, “әдепсіз адам” деген атқа қалғымыз келмейді ғой. Оның орнына адамдардың бізге түсінікпен қарағанын қалар едік. Ендеше өзгелерге де солай қарауымыз керек емес пе?

7 Егер қызметте әлдекім дөрекі болып көрінсе, оның осылай әрекет етуіне не себеп болғаны жайлы неге ойланып көрмеске? Бәлкім, ол жұмысында не оқу орнында күйзеліске ұшырап жүрген болар? Я болмаса қатты ауырып жүрген шығар? Куәгерлер құрмет пен жұмсақтық танытуларымен алғашында суық қабақ танытқан талай адамдардың жүректерін жібіткен (Нақ. с. 15:1; Пет. 1-х. 3:15).

8. “Әртүрлі адамдарға” Патшалық хабарын айтудан неліктен тартынбауымыз керек?

8 Уағызда біз әртүрлі адамдармен сөйлесеміз. Соңғы жылдары “Күзет мұнарасындағы” “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” айдарында 60-тан астам бауырластың өмірбаяны жарық көрген. Олардың кейбірі кезінде ұры, маскүнем, нашақор, қылмыс топтарының мүшесі болса, өзгелері саясаткер, діни жетекшілер, мансап қуған адамдар болған. Араларындағы кейбіреуі азғын өмір кешкен. Бірақ олардың барлығы ізгі хабарды естіп, Киелі кітап зерттеу сабағына келіскен, өмірлерінде өзгерістер жасап,  шындыққа келген. Олай болса, кейбір адамдар Патшалық хабарына құлақ аспайды деп ешқашан тұжырымдамайық (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11 оқы). Себебі біз “әртүрлі адамдардың” шындыққа келуі әбден мүмкін екенін білеміз (Қор. 1-х. 9:22).

МЕН ҚАЙ ЖЕРДЕ УАҒЫЗДАП ЖАТЫРМЫН?

9. Неліктен өзгелердің үйіне құрметпен қарауымыз керек?

9 Қызметте біз адамдарды қай жерде жолықтырамыз? Көбінесе олардың үйлерінде (Мат. 10:11—13). Басқалар біздің үйімізге келгенде, үй-жайымызға, дүние-мүлкімізге құрметпен қарайды деп күтеміз. Қанша дегенмен, “өз үйіміз — өлең төсегіміз” емес пе?! Үй — біз үшін қорғаныш пен пана болатын, сырт көзден тасаланатын жер. Олай болса, үйме-үй жүргенде, өзгелердің де үйіне құрметпен қарағанымыз жөн болады (Ел. іс. 5:42).

10. Қызметте адамдарды сескендіретін әрекеттерден қалай аулақ бола аламыз?

10 Қылмыс жайлаған заманда өмір сүріп жатқандықтан, үй иелері көбісі бөтен кісілерге күдіктене қарайды (Тім. 2-х. 3:1—5). Сондықтан біз олардың күдіктеріне күдік қоспауымыз керек. Айталық, біз бір үйге келіп, есігін қақтық. Бірақ есікті ешкім ашпады. Үй иесін тапқымыз келгендіктен, терезесінен сығалап, ауласына кіргіміз келетін шығар. Сен тұратын жерде бұндай әрекет үй иесін сескендіруі мүмкін бе? Көршілерін ше? Рас, біз түбегейлі куәлік беруіміз керек (Ел. іс. 10:42). Адамдарға ізгі хабарды паш етуге ықыласымыз да бар, ниетіміз де игі (Рим. 1:14, 15). Десе де үй иесін сескендіретін әрекеттерден аулақ болғанымыз ақылдылыққа жатар еді. Елші Пауыл былай деп жазған: “Қызметімізге еш мін тағылмас үшін, өзгелерді сүріндіретіндей еш нәрсе жасамаймыз” (Қор. 2-х. 6:3). Учаскедегі адамдардың үйі мен дүние-мүлкіне құрметпен қарасақ, олар шындыққа қызығушылық танытуы мүмкін (Петірдің 1-хаты 2:12 оқы).

Адамдардың үйі мен дүние-мүлкіне әрдайым құрметпен қарайық (10-абзацты қара)

АДАМДАРҒА ҚАШАН БАРҒАН ДҰРЫС?

11. Өзгелердің уақытымызды бағалағаны не себепті бізге ұнайды?

11 Мәсіхші болғандықтан біздің атқаратын істеріміз көп. Сондықтан біз уақытымыз бен істерімізді жақсылап жоспарлаймыз (Ефес. 5:16; Філіп. 1:10). Ал жоспарымыз бұзылған жағдайда, көңіліміз де бұзылады. Сондықтан өзгелер бізге жолыққанда парасатты болып, алтын уақытымызды бағаласа екен дейміз. “Алтын ереже” өзгелердің уақытын бағалауға қалай көмектесе алады?

12. Аумағымыздағы адамдарға қай уақыттың ең қолайлы болатынын қалай анықтай аламыз?

12 Учаскеміздегі адамдарға қай уақыт ең қолайлы болатынын анықтауымыз қажет. Аумағымыздағы адамдар көбінесе қай уақытта үйінде болады? Қай кезде олар тыңдауға бейім? Осы жайттарды ескеріп, жоспарымызды сол уақытқа сай ыңғайластырғанымыз жақсы. Кейбір елдерде үйме-үй уағыздаудың ең нәтижелі кезі — түстен кейінгі не кешкі уақыт. Егер сенің аумағыңда да жағдай осындай болса, адамдарға сол уақытта бару үшін жоспарыңды өзгерте аласың ба? (Қорынттықтарға 1-хат 10:24 оқы). Адамдарға ыңғайлы болатын уақытта баруға тырыссақ, Ехоба осы құрбандығымызды бағалап, батасын беретініне сенімді болайық.

13. Адамдарға қалай құрмет көрсете аламыз?

13 Адамдарға құрмет көрсетудің тағы қандай жолдары бар? Қызметте  үй иесі хабарымызды тыңдап жатса, біз куәлік беруіміз керек, бірақ адамның уақытымен де санасқанымыз дұрыс. Бәлкім, ол бұл уақытты маңызды деп санайтын істеріне арнағысы келген шығар. Егер қолы бос емес екенін айтса, біз көп уақытын алмайтынымызды айтып, сөзімізде тұруымыз керек (Мат. 5:37). Әңгіменің соңында келесіде қашан келгеніміз оған ыңғайлы болатынын сұрағанымыз жөн. Кейбір жариялаушылар бұның бір ұтымды жолын тапқан. Олар былай дейді: “Мен сізбен тағы да сөйлесуге қуанышты болар едім. Келесі жолы келмес бұрын сізге қоңырау шалсам не хабарлама жіберсем бола ма?” Учаскедегі адамның уақытына бейімделетін болсақ, біз Пауылдың үлгісіне еліктейміз. Ол адамдар “құтқарылсын деп, жеке басының емес, жұрттың игілігін ойлаған” (Қор. 1-х. 10:33).

АДАМДАРМЕН ҚАЛАЙ СӨЙЛЕСУІМ КЕРЕК?

14—16. а) Неліктен үй иесіне келген мақсатымызды анық айту қажет? Мысал келтір. ә) Бір аралаушы бақылаушы қандай тиімді ұсынысты қолданады?

14 Келесі жағдайды елестетіп көрші: бір күні танымайтын біреу саған қоңырау шалады. Ол саған қандай тағам ұнайтынын сұрай бастайды. Сонда сені “бұл кім болды екен? Оған не керек?” деген сұрақтар мазалайтыны түсінікті. Сөйтіп, сен әдептен озбай оған жауап бергенмен, әңгімені тамамдау үшін сөзіңді қысқа қайырасың. Ал енді осы жағдайды басқаша елестетіп көрші: бір кісі қоңырау шалып, алдымен, өзін таныстырады. Тағамтану  саласында жұмыс істейтінін, сондай-ақ бір пайдалы мәліметпен бөліскісі келетінін ілтипатты түрде айтады. Осылай ететін адамды біз ықылас қойып тыңдаймыз. Иә, адамдар бізбен сөйлескенде, ашық әрі ілтипатты болғанын қалаймыз. Олай болса, қызметте адамдармен әдепті болу үшін не істей аламыз?

15 Көп елдерде адамға кім екенімізді және не үшін келгенімізді анық айту қажет. Біздің хабарымыз өте маңызды. Бірақ адамға ай-шай жоқ: “Егер қолыңыздан келіп тұрса, дүниедегі қай қиындықты шешер едіңіз?”— деп сұрағанымыз жөн бола ма? Біз бұл сұрақты адамның ойын біліп, назарын Киелі кітапқа аудару үшін қоятынымыз белгілі жайт. Алайда үй иесі былай деп ойлауы мүмкін: “Мынау кім өзі? Бұны не үшін сұрап тұр? Оған не керек?” Әрине, біз адамдардың осылай ойлағанын қаламаймыз, қайта, өзін еркін сезінсе екен дейміз (Філіп. 2:3, 4). Ол үшін не істеуге болады?

16 Бір аралаушы бақылаушы былай істейді: адаммен амандасып, өзін таныстырады. Сосын “Шындықты білгіңіз келе ме?” деген трактатты ұстатып: “Бүгін біз адамдарға осы трактатты ұсынып жүрміз. Мұнда көп адамды толғандыратын алты сұрақ қарастырылады. Мынау — сізге”,— дейді. Бұл бауырластың айтуынша, адамдар келуіміздің мақсатын білсе, өздерін әлдеқайда еркін сезінеді. Бұдан кейін ол былай деп сұрайды: “Сізді осы сұрақтардың қайсысы толғандырады?” Адам сұрақты таңдаған соң, бауырлас трактатты ашып, бұл сұраққа Киелі кітап қалай жауап беретінін талқылайды. Ал адам ештеңе таңдамаса, оны ыңғайсыз жағдайға қалдырмай, ішіндегі бір сұрақты өзі таңдап, талқылайды екен. Әрине, бұл — әңгіме бастаудың тек бір жолы ғана. Кей жерлерде өзімізді таныстырмас бұрын, қалыптасқан сәлемдесу әдебін ұстану керек болып жатады. Иә, адамдар хабарымызды ықылас қойып тыңдау үшін бізге ұсынысты бейімдеген маңызды.

ҚЫЗМЕТТЕ “АЛТЫН ЕРЕЖЕНІ” ҰСТАНА БЕРЕЙІК

17. “Алтын ережені” қызметте ұстанудың кейбір жолдары қандай?

17 Сонымен, қызметте “алтын ережені” ұстанудың кейбір жолдары қандай? Біз әр адамға жеке тұлға ретінде қараймыз. Үйі мен дүние-мүлкіне құрмет танытамыз. Қызметке адамдар көбінесе үйінде болғанда, әрі тыңдауға бейім уақытта шығуға тырысамыз. Аумағымыздағы адамдарға ізгі хабарды олар ықылас қойып тыңдайтындай етіп таныстырамыз.

18. Учаскеміздегі адамдар бізге қалай қарасын десек, өзіміздің де оларға солай қарағанымыздың қандай пайдасы бар?

18 Учаскеміздегі адамдар бізге қалай қарасын десек, біз де оларға солай қарағанымыздың пайдасы көп. Мейірімді де ілтипатты болсақ, өзіміздегі жарықты жарқыратамыз, Жазбалардағы принциптерді ұстанатынымызды көрсетеміз, әрі көктегі Әкемізге мадақ әкелеміз (Мат. 5:16). Құрмет танытқанымызды көргенде, көптеген адамның шындықты білуге ықыласы оянуы мүмкін (Тім. 1-х. 4:16). Адамдар Патшалық хабарын қабылдаса да, қабылдамаса да, өз тарапымыздан барымызды салып жүргенімізден қанағат сезінеміз (Тім. 2-х. 4:5). Әрқайсысымыз келесідей сөздерді жазған елші Пауылға еліктейік: “Мен барлығын ізгі хабар үшін әрі оны өзгелерге жариялау үшін істеп жүрмін” (Қор. 1-х. 9:23). Олай болса, қызметте жүргенде “алтын ережені” ешқашан жадымыздан шығармайық!