Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның ұйымымен бірге алға басып келесің бе?

Ехобаның ұйымымен бірге алға басып келесің бе?

“Ехобаның көзі әділдерде” (ПЕТ. 1-Х. 3:12).

1. Құдай жолдан тайған Исраил халқының орнына кімдерді өзінің есімін алып жүруге таңдады? (Осы беттегі суретті қара.)

БҮГІНДЕ Ехобаның жердегі қызметшілері оған ұнамды түрде ғибадат етеді. Бұрында Исраил халқы Құдайдың есімін алып жүретін халық ретінде таңдап алынған еді. Алайда олар жолдан тайғандықтан, Ехоба олардан бас тартып, Исаның шәкірттерінен жаңа халықты ұйымдастырды. Ехобаның зор ықыласына бөленген бұл жаңа ұйым б. з. 70 жылы Иерусалим күйрегенде аман қалды (Лұқа 21:20, 21). Құдайдың бүгіндегі қызметшілері де болашақта осыған ұқсас оқиғаларды бастан кешірмек. Көп ұзамай Шайтанның дүниесі жойылады, ал Құдайдың ұйымы соңғы күндерден аман өтеді (Тім. 2-х. 3:1). Біз бұған неліктен сенімді бола аламыз?

2. Иса “зор алапат” жайлы не айтты және ол қашан басталады?

2 Иса өзінің көзге көрінбей осында болуы мен осы дүниенің ақыры жайлы айта келе былай деді: “Сол уақытта дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған және қайтып қайталанбайтын зор алапат болады” (Мат. 24:3, 21). Бұрын-соңды болмаған осы алапат Ехоба дүниежүзілік жалған діндер империясын, яғни “Ұлы Бабылды”, саяси күштер арқылы жойған кезде басталады (Аян 17:3—5, 16). Ал одан соң не болады?

 ШАЙТАННЫҢ ШАБУЫЛЫ АРМАГЕДДОНҒА ҰЛАСАДЫ

3. Жалған діндер жойылған соң, Ехобаның халқымен не болады?

3 Жалған діндер жойылған соң, Шайтан мен оның дүниесінің түрлі бөліктері Ехобаның қызметшілеріне шабуыл жасайды. Жазбаларда “Магог еліндегі Гогқа” қатысты мынадай пайғамбарлық сөздер бар: “Сен қалың әскеріңмен әрі өзіңе ерген көптеген халықтармен оларға дауылдай шүйіліп, жердің бетін бұлттай басатын боласыңдар”. Ешқандай қару ұстамайтын және бейбітсүйгіш Ехоба куәгерлері сол кезде қорғансыз көрінетін болады. Алайда оларға шабуылдау неткен қателік болады десеңдерші! (Езек. 38:1, 2, 9—12).

4, 5. Құдайдың қызметшілерін жоюға әрекеттенген Шайтанға Ехоба қалай жауап беретін болады?

4 Шайтанның бұл әрекетіне Ехоба қалай жауап береді? Әлемнің Әміршісі ретінде Ехоба өз халқының игілігі үшін араша түсетін болады. Қызметшілеріне жасалған шабуылды Құдай өзіне жасалған шабуыл деп қарастырады (Зәкәрия 2:8 оқы). Сондықтан көктегі Әкеміз бізді құтқару үшін жедел әрекет етеді. Өз халқын құтқарған соң, Ехоба “Құдіретті Құдайдың ұлы күні болатын соғыста”, яғни Армагеддонда, Шайтанның дүниесін жояды (Аян 16:14, 16).

5 Армагеддон жайлы Киелі кітап пайғамбарлығында былай делінген: “Жаратқан Ие ұлттарды айыптап, барлық халықтарға үкімін шығарып, ішіндегі зұлымдарын семсерімен құртатын болады,— дейді Жаратқан Ие. Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтады: — Қараңдаршы! Апат бір халықтан екінші халыққа тарап, жердің бар түкпірлерінен алапат дауыл тұрып келе жатыр. Сол кезде Жаратқан Иенің қолынан мерт болғандар жердің бір шетінен екінші шетіне дейін барлық жерде жатады. Оларды ешкім жоқтап қайғырмайды да, өліктерін жинап, қабірге қоймайды да. Олар далада қи-қоқыс сияқты шашылып жататын болады” (Ерм. 25:31—33). Иә, Армагеддонда Шайтанның зұлым дүниесінің соңы келеді, ал Ехобаның ұйымының жердегі бөлігі аман қалады.

НЕЛІКТЕН ЕХОБАНЫҢ ҰЙЫМЫ БҮГІНДЕ ӨРКЕНДЕУДЕ?

6, 7. а) “Ұлы жамағат” кімдерден құралуда? ә) Соңғы жылдарда қандай өсім болды?

6 Бүгінде Ехобаның ұйымы өркендеп жатыр, себебі бұл ұйымдағы адамдар Құдайдың ықыласына ие болған. Киелі кітапта айтылғандай, “Ехобаның көзі әділдерде, құлағы олардың жалбарынған үнінде” (Пет. 1-х. 3:12). Мұндағы әділдерге “зор алапаттан өткен” “ұлы жамағат” та кіреді (Аян 7:9, 14). Аман қалған бұл адамдар жай “жамағат” емес, “ұлы жамағат” деп аталған. Демек, олардың саны өте көп. Осы жамағатпен бірге сен де “зор алапаттан” аман өтсең, қандай сезімде болатыныңды елестетіп көрші!

7 Ұлы жамағат кімдерден құралуда? Олар Исаның осында болуының бір белгісі, яғни дүниежүзілік уағыз ісінің арқасында барлық ұлт өкілдерінен құралуда. Иса бұл туралы былай деген: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық ұлттарға куәлік етілу үшін, бүкіл жер бетінде уағыздалады. Сонда осы заманның соңы келеді” (Мат. 24:14). Қазіргі соңғы күндерде Құдайдың ұйымы үшін бұл ең маңызды іс болып табылады. Ехоба куәгерлерінің дүниежүзі бойынша уағыздап, тәлім бергендерінің арқасында миллиондаған адам Құдайға “киелі рухтың басшылығымен және шындыққа сай ғибадат етуді” үйреніп жатыр (Жох. 4:23, 24). Мысалға айтар болсақ, өткен онжылдықта, яғни 2003 пен 2012 жылдар аралығында, 2 707 000-нан астам адам Құдайға бағышталғандарының белгісі ретінде  шомылдыру рәсімінен өтті. Бүгінде дүниежүзі бойынша Куәгерлердің саны 7 900 000-нан асты. Оларға қоса, тағы миллиондаған адам жыл сайын Еске алу кешіне келіп тұрады. Әрине, бұның бәрі “өсіріп отырған Құдайдың” арқасында мүмкін болуда (Қор. 1-х. 3:5—7). Ұлы жамағаттың жыл сайын осылай өсіп-өркендеп жатқаны біз үшін үлкен қуаныш!

8. Неліктен Ехобаның ұйымы бүгінде өркендеуде?

8 Құдайдың қызметшілерінің осындай керемет өсімі — Ехобаның өз ұйымын қолдап отырғанының дәлелі (Ишая 43:10—12 оқы). Құдай халқының мұндай өсімі жайлы алдын ала пайғамбарлық етілген болатын: “Азғантай адамнан мың адам, Кішкентайдан мықты халық шығады. Мен, Ехоба, өз уақытында мұны тездетемін” (Ишая 60:22 ЖД). Бір кездері майланғандардың тамтығы “азғантай” еді. Бірақ Құдай олардың уағыздау ісіне батасын бергендіктен, майланғандардың саны арта берді (Ғал. 6:16). Жылдар өте ұлы жамағат та дәл осылай жиналып, көбейе берді.

ЕХОБА БІЗДЕН НЕНІ ТАЛАП ЕТЕДІ?

9. Құдай Сөзінде айтылған жарқын болашақты көру үшін не істеуіміз қажет?

9 Майланған мәсіхші болсақ та, ұлы жамағаттың бір мүшесі болсақ та, Құдай Сөзінде уәде етілгендей, бәріміздің де болашағымыз жарқын бола алады. Алайда оған қол жеткізу үшін біз Құдайдың талаптарына мойынсұнуымыз қажет (Ишая 48:17, 18). Кезінде исраилдіктер ұстанған Мұса заңын мысалға алайық. Бұл Заңның берілуінің бір мақсаты исраилдіктерді қорғау болған. Некелік өмірге, жұмысқа, бала тәрбиесіне, маңайындағы адамдармен қарым-қатынасқа және тағы басқа мәселелерге қатысты берілген нұсқаулар оларға көп пайдасын тигізген (Мыс. ш. 20:14; Леу. 19:18, 35—37; Заң. қ. 6:6—9). Құдайдың талаптарына мойынсұнғанымыз бізді де қорғайды әрі оларды орындау бізге қиын емес (Жоханның 1-хаты 5:3 оқы). Ехоба Құдайдың заңдары мен принциптеріне мойынсұну бізді қорғап қана қоймайды, сондай-ақ “сенімімізді берік” етіп сақтауға көмектеседі (Тит. 1:13).

10. Неге Киелі кітапты зерттеуге және апта сайын отбасылық ғибадатты өткізуге арнайы уақыт бөлгеніміз жөн?

10 Ехобаның ұйымының жердегі бөлігі әртүрлі жолмен алға басып келеді. Мысалы, біз Киелі кітаптағы шындықты барған сайын анығырақ түсінудеміз. Бұл таңғаларлық жайт емес, өйткені “әділдің жолы таң шапағы іспетті тал түс болғанша жарқырай түседі” (Нақ. с. 4:18). Алайда әрқайсысымыз жеке өзімізді былай тексеріп көргеніміз жақсы: “Жазбалардағы шындыққа қатысты жаңа түсініктерді білемін бе? Киелі кітапты күнде оқу әдетіме айналған ба? Басылымдарды ынта-жігермен оқимын ба? Отбасылық ғибадат кешіне апта сайын уақыт бөлемін бе?” Осыларды істеу тым қиын еместігімен көбіміз келісерміз. Көп жағдайда бұл үшін бар болғаны арнайы уақыт бөлу қажет. Киелі кітаптан тура білім алып, соған сай өмір сүргеніміз және рухани жағынан алға басқанымыз өте маңызды. Ал зор алапат таяп қалған қазіргі уақытта бұлай етудің маңыздылығы арта түседі емес пе?!

11. Бұрындағы мейрамдар сияқты, бүгіндегі кездесулер мен конгрестердің қандай пайдасы бар?

11 Ехобаның ұйымы біздің қамымызды ойлап, елші Пауылдың мына кеңесіне құлақ асуға шақырады: “Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлейік. Кейбіреулер сияқты жиналыстарға бармай қалуды әдетке айналдырмайық, қайта, бір-бірімізді жігерлендіре берейік. Сол күннің жақын қалғанын білгендіктен,  бұларды бұрынғыдан да көбірек істейік” (Евр. 10:24, 25). Жыл сайын тойланған мейрамдар мен ғибадатпен байланысты өзге де жиындар исраилдіктерді рухани жағынан нығайтып отырған. Сонымен қатар Нехемияның күндеріндегі Күркелер мейрамы сияқты арнайы мейрамдар жұртқа қуаныш сыйлаған (Мыс. ш. 23:15, 16; Нех. 8:9—18). Сол іспетті біз де бүгінде қауым кездесулері мен конгрестердің пайдасын көріп жүрміз. Бақытты болуымызға және рухани күйіміздің жақсаруына септігін тигізетін осы шаралардың барынша игілігін көрейік! (Тит. 2:2).

12. Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздау ісіне қалай қарауымыз керек?

12 Ехобаның ұйымының мүшесі ретінде, бізге Құдайдың ізгі хабарын жариялау тапсырылған. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе, өйткені Киелі кітапта бұл іс “қасиетті іс” деп аталған (Рим. 15:16). Осы “қасиетті іске” атсалысқанда, біз “Киелі Құдай” Ехобамен “қызметтес” боламыз (Пет. 1-х. 1:15; Қор. 1-х. 3:9). Сондай-ақ ізгі хабарды жариялау арқылы Ехобаның қасиетті есімінің киелі тұтылуына үлес қосамыз. Иә, бақытты Құдай Ехоба бізге “ұлы ізгі хабарын” айтуды сеніп тапсырғанын ескерсек, бұны баға жетпес мәртебе деп қалайша айтпайсың?! (Тім. 1-х. 1:11).

13. Рухани күйіміз және өміріміз не нәрсеге байланысты?

13 Құдай біздің рухани күйіміздің мықты болып қалғанын қалайды. Бұл үшін онымен тығыз қарым-қатынаста болуымыз және ұйымында атқарылып жатқан түрлі істерге қолдау көрсетуіміз қажет. Мұса исраилдіктерге мынаны айтты: “Мен бүгін сендерге қарсы көк пен жерді айғақ болуға шақырып отырмын: таңдап алуларың үшін өмір не өлім, жарылқау не қарғыс әкелетін жолдарды алдарыңа жайып салдым. Ендеше өмірді таңдап алсаңдар ғой! Осылай өздерің де, ұрпақтарың да аман-есен өмір сүріп, Құдайларың Жаратқан Иені сүйсеңдер, Оның дауысына құлақ салып, Онымен тығыз байланыста тұрсаңдар, шіркін! Себебі шынайы өмірлерің осы. Сонда Жаратқан Ие ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа антпен уәде еткен елінде өздеріңді ұзақ уақыт мекендететін болады” (Заң. қ. 30:19, 20). Демек, біздің өміріміз Ехобаның еркін орындауымызға, оны жақсы көруімізге, даусына құлақ асуымызға және онымен тығыз қарым-қатынаста болуымызға байланысты.

14. Бір бауырласымыз Құдайдың ұйымына қатысты қандай көзқараста болған?

14 Өмірінің соңына дейін Құдайға және оның ұйымына адалдық сақтаған Прайс Хьюз бауырласымыз былай деді: “Мен сонау 1914 жылға дейінгі уақыттан бері Ехобаның ниеті туралы білімге сай өмір сүріп келетініме сондай ризамын... Мен үшін бәрінен де маңыздысы — Ехобаның көзге көрінетін ұйымына етене жақын жүру. Бұрындары өз басымнан өткен жайттардан адамның ақыл-санасына жүгіну қандай ақымақтық екенін түсіндім. Соған көзім жеткеннен бері осы адал ұйымнан ажырамауға бел будым. Ехобаның ықыласы мен батасына ие болудың бұдан басқа жолы бар ма?”

ҚҰДАЙДЫҢ ҰЙЫМЫМЕН БІРГЕ АЛҒА БАСА БЕР

15. Жазбалардағы шындықтарға қатысты түсінігіміз нақтыланғанда, не істеу керектігін көрсететін Киелі кітаптағы мысалды келтір.

15 Ехобаның ықыласы мен батасына ие болғымыз келсе, біз оның ұйымын қолдауымыз және Жазбаларды түсінуге қатысты өзгерістерді қабылдауымыз қажет. Мына жайлы ой жүгіртіп көрші: Исаның өлімінен кейін қауымда Мұса заңын қатаң ұстанған мыңдаған яһуди мәсіхшілер болған. Әрине, олар үшін  осы Заңның ықпалынан босану оңайға соқпаған еді (Ел. іс. 21:17—20). Алайда Пауылдың еврейлерге жазған хатындағы кеңестің көмегімен олар мал құрбандықтары арқылы емес, Иса Мәсіхтің құрбандығы арқылы қасиетті болғандарын түсінді (Евр. 10:5—10). Осылайша яһуди мәсіхшілердің көбісі ой-қалыптарын өзгертіп, рухани жағынан алға басты. Біз де Киелі кітап пен басылымдарды мұқият зерттеуіміз қажет және Жазбаларды түсінуге немесе уағыздау ісіне қатысты өзгерістерді қабылдауға дайын болуымыз керек.

16. а) Жаңа дүниеде қандай баталардың рақатын көре аламыз? ә) Сен әсіресе қай уәденің орындалуын асыға күтудесің?

16 Ехобаға және оның ұйымына адалдығын сақтаған әркім оның көптеген батасына кенеледі. Адал майланғандар Мәсіхпен мұралас болып, көкте жоғары мәртебеге ие болады (Рим. 8:16, 17). Ал жерде өмір сүруге үміттенетіндер жұмақтағы тамаша өмірдің рақатын көреді. Ехобаның қызметшілері ретінде Құдай уәде еткен осы жаңа дүние туралы уағыздау бізге көп қуаныш әкеледі емес пе?! (Пет. 2-х. 3:13). Забур 36:11-де: “Кішіпейіл жандар елді иеленер, Бейбіт өмірдің рақатына мол сүйсінер”,— делінген. Сол кезде кім “үй салса, сонда өзі тұратын” болады және еңбегінің “зейнетін көреді” (Ишая 65:21, 22). Қанаушылық, кедейлік пен ешқашан болмайды (Заб. 71:13—16). Ұлы Бабыл енді ешкімді адастыра алмайды, өйткені ол құрдымға кетеді (Аян 18:8, 21). Өмірден өткендер қайта тіріледі және оларға мәңгі өмір сүру мүмкіндігі беріледі (Ишая 25:8; Ел. іс. 24:15). Ехобаға бағышталған миллиондаған адамдарды қандай ғажайып болашақ күтіп тұр десеңші! Жазбалардағы осы уәделердің орындалуын өз көзімізбен көру үшін әрқайсысымыз рухани күйімізді жақсарта беріп, Құдайдың ұйымымен бірге алға баса беруіміз керек.

Сен өзіңді жұмақта елестетесің бе? (16-абзацты қара)

17. Ехобаға ғибадат етуге және оның ұйымына қалай қарауымыз керек?

17 Осы дүниенің соңы таяп қалған кезде сенімімізде берік тұрып, Құдайдың ғибадат ету үшін ұйымдастырған шараларына деген терең ризашылығымызды көрсете берейік. Забур жыршысы Дәуіт осындай көзқарас танытты. Ол былай деп жырлаған: “Иемнен бір-ақ нәрсені сұрадым, Тек мынау ғана менің аңсағаным: Өмір бойы Оның үйінде болсам, Жаратқан Иенің көркіне қарасам, Ғибадатханасында ойланып-толғансам” (Заб. 26:4). Ендеше бәріміз де Құдаймен жақын қарым-қатынас дамытып, оның қызметшілерімен қатар жүріп, ұйымымен бірге алға баса берейік!