Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН

“Мұнда жинайтын егін көп”

“Мұнда жинайтын егін көп”

Джордж Янг Рио-де-Жанейроға 1923 жылдың наурыз айында келді

БҰЛ 1923 жыл еді. Сан-Паулудағы Драма және музыка консерваториясының концерт залында ине шаншар жер жоқ! Джордж Янгтың сенімді дауыспен айтып жатқан баяндамасы сөйлем сөйлеммен португал тіліне аударылып жатыр. Залда отырған 585 адамның бәрі ұйып тыңдап отыр. Экранда проектор арқылы португал тіліндегі жазба орындары көрсетілуде. Бұл кездесудің соңында португал, ағылшын, неміс және итальян тілдеріндегі “Қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адам ешқашан өлмейді!” атты кітапшаның жүз шақты данасы таратылды. Баяндама керемет болды! Бұл жайлы хабар тез тарап кетті. Екі күннен кейін келесі баяндамаға тыңдармандар тағы да ағылып келді. Бірақ бұл оқиғаларға не түрткі болды?

1867 жылы Сара Беллона Фергусон отбасымен бірге Құрама Штаттардан Бразилияға қоныс аударды. Ол 1899 жылы інісі Құрама Штаттардан әкелген Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді оқыған соң, шындықты тапқанын түсінді. Киелі кітаптағы білімге шөліркеген ол ағылшын тіліндегі “Күзет мұнарасына” жазылды. Киелі кітаптағы хабар оған әсер еткені сонша — ол Ч.Т. Расселл бауырласқа жазған хатында өзінің “адам қанша алыс тұрмасын, шындық оған да жете алатынының тірі дәлелі” екенін айтты.

“Тірі адамдар өлгендермен сөйлесе ала ма?” (португал тілінде)

Сара Фергусон Киелі кітаптағы шындықты басқаларға айтуға барын салатын, бірақ ол “маған, отбасыма және Бразилиядағы басқа да жақсы адамдарға әрі қарай кім көмектеседі екен” деп жиі ойланатын. 1912 жылы Бруклиндегі Бетел оған Бразилиядағы Сан-Паулуға жақында біреудің баратынын және ол арқылы португал тіліндегі “Өлген адамдар қайда болады?” деген трактаттың мыңдаған данасын беріп жіберетіндерін хабарлады. 1915 жылы Сара “Киелі кітап зерттеушілерінің” көбісі жақын арада көкке барамыз деп күткендеріне таңғалып келгені жайлы айтты. Ол өз ойын білдіріп, былай деп жазды: “Ал Бразилия мен Оңтүстік Америка ше? Оңтүстік Америка жер шарының әжептеуір бөлігін алып жатқанын  ескерсек, мұнда жинайтын егін көп екені айдан анық”. Иә, расында да, алда талай егін жинау жұмысы күтіп тұрған еді!

Шамамен 1920 жылы сегіз бразилиялық теңізші кемелері жөнделіп жатқанда Нью-Йорк қаласындағы бірнеше қауым кездесулеріне қатысты. Рио-де-Жанейроға келгенде, олар жаңадан естіген Киелі кітаптағы үміт жайлы басқаларға айта бастады. Содан көп ұзамай, 1923 жылдың наурыз айында, Рио-де-Жанейроға пилигрим, яғни аралаушы бақылаушы болған Джордж Янг келіп, қызығушылық танытқан адамдарды тапты. Ол бірнеше әдебиеттердің португал тіліне аударылуын ұйымдастырды. Содан кейін Джордж бауырлас сол кезде 600 000-ға жуық тұрғыны болған Сан-Паулу қаласына сапар шекті. Мақаланың басында айтылып кеткендей, Джордж бауырлас сол жерде баяндама айтып, “Миллиондаған адам ешқашан өлмейді” атты кітапшаны таратты. “Бір өзім болғандықтан, менде газет арқылы хабарландыру жасаудан басқа амал болмады”,— деді ол. Сондай-ақ бұл баяндамалар “КЗХБ-ның * атынан Бразилияда айтылған алғашқы баяндамалар” болғанын да қосты.

Джордж Янг баяндама айтып жатқанда, португал тіліндегі жазба орындары проектор арқылы көрсетіліп жатты

1923 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 желтоқсан айындағы санында Бразилия туралы есепте былай мәлімденді: “Уағыз ісінің мұнда 1 маусымда басталғанын және сол уақытта қолда бір де бір әдебиеттің болмағанын ескерсек, Иеміздің осы іске төккен батасы аң-таң қалдырады”. Есепте әрі қарай Джордж бауырластың 1 маусым мен 30 қыркүйек аралығында айтқан 21 баяндамасының екеуін Сан-Паулуда айтқаны жазылған. Жалпы алғанда, бұл баяндамаларды 3600 адам тыңдаған. Рио-де-Жанейрода да Патшалық хабары тарала бастады. Бірнеше ғана айдың ішінде португал тіліндегі әдебиеттеріміздің 7000-нан аса данасы үлестірілді. Бұған қоса, “Күзет мұнарасы” журналы 1923 жылдың қараша — желтоқсан санынан бастап, португал тілінде жарық көре бастады.

Сара Беллона Фергусон — Бразилиядан ағылшын тіліндегі “Күзет мұнарасына” жазылған алғашқы оқырман

“Күзет мұнарасында” Джордж Янгтың Сара Фергусон бауырласқа барғаны жайлы былай делінген: “Әйел бауырлас қонақ бөлмеге келіп, біразға дейін үн қатпай тұрды. Ол Джордж бауырластың қолынан ұстап, оған қадала қарап тұрды да, ақыры: “Сіз шынымен тірі пилигримсіз бе?”— деп сұрады”. Көп ұзамай оның өзі және балаларының төртеуі шомылдыру рәсімінен өтті. Сара Фергусон шомылдыру рәсімінен өту үшін 25 жыл күтті! 1924 жыл, 1 тамыздағы “Күзет мұнарасының” санында Бразилияда 50 адамның, олардың көбісі Рио-де-Жанейрода, шомылдыру рәсімінен өткені жайлы жазылған еді.

Ал бүгін, 90 жыл өткеннен кейін: “Ал Бразилия мен Оңтүстік Америка ше?”— деп сұрауға себеп жоқ. Өйткені Бразилияда 760 000-нан астам Ехоба куәгері ізгі хабарды уағыздап жүр. Сондай-ақ бүкіл Оңтүстік Америкада Патшалық хабары португал, испан және көптеген жергілікті тілдерде жариялануда. Сонау 1915 жылы Сара Фергусон айтқандай, расында да, “сол жерде жинайтын егін көп еді!” (Бразилиядағы мұрағатымыздан.)

^ абзац 6 КЗХБ — Киелі кітапты Зерттеушілердің Халықаралық Бірлестігі.