Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 ӨМІРБАЯН

Ехобаның зор көмегін сезініп келемін

Ехобаның зор көмегін сезініп келемін

Таңертең жұбайым Эвелин екеуміз пойыздан Онтарио провинциясының (Канада) солтүстігіндегі Хорнпейн қалашығынан түстік. Далада қақаған аяз еді. Бізді жергілікті ер бауырлас күтіп алған соң, біз онымен, жұбайы және ұлымен бірге таңғы асымызды тойып ішіп алдық. Содан кейін қар кешіп жүріп, үйме-үй уағыздадық. Сол күні түстен кейін мен бірінші рет аудандық бақылаушы ретінде көпшілікке арналған баяндамамды айттым. Кездесуде сол бесеумізден басқа ешкім болмады.

ШЫНЫМДЫ АЙТСАМ, 1957 жылы өткен сол кездесуде бес-ақ адамның болғаны көңілімді түсірмеді. Өйткені мен табиғатымнан өте ұялшақ адаммын. Бала кезімде үйге тіпті таныс кісілер келгеннің өзінде тығылып қалатынмын.

Ехобаның ұйымында атқарған жауапкершіліктерімнің көбісінде маған таныс та, таныс емес те адамдармен араласуға тура келді. Алайда ұялшақтық пен өз-өзіме деген сенімсіздікпен әлі де күресіп жүргендіктен, бұл жауапкершіліктерді өз күшіммен атқардым деп айта алмаймын. Қайта, мен Ехобаның мына уәдесінің растығына көз жеткіздім: “Саған қуат беріп көмектесемін, Жеңімпаз қолыммен сүйемелдеймін” (Ишая 41:10). Ехоба маған көбінесе бауырластар арқылы көмектесіп келді. Рұқсат етсеңіздер, бала кезімнен бастап маған демеу болған бауырластар жайлы айтып берейін.

КИЕЛІ КІТАП ПЕН ҚАРА БЛОКНОТЫ БАР БАУЫРЛАС

Онтарионың оңтүстік-батысындағы отбасылық фермамызда

1940 жылдары бір жексенбінің арайлы таңында Элси Хантингфорд есімді әйел біз тұрып жатқан Онтарионың оңтүстік-батысындағы отбасылық фермамызға келді. Есікті анам ашты. Ал мен сияқты ұялшақ болған әкем екеуміз әңгімеге үйдің ішінен құлақ түріп отырдық. Әкем келген кісіні саудагер деп ойлап  қалғандықтан, анам бір қажетсіз затты сатып алады деп уайымдады. Ақыры ол есікке қарай барып, бізге ештеңе керек емес екенін айтты. Сонда Элси бауырлас: “Сіздер Киелі кітап туралы көбірек білгілеріңіз келмей ме?”— деп сұрады. Бұған әкем: “Әрине, білгіміз келеді”,— деп жауап берді.

Элси бауырлас бізге дер кезінде келді. Өйткені Канададағы Біріккен шіркеудің белсенді мүшелері болған ата-анам жақында ғана одан шығуды шешкен еді. Бұған келесі жайттар себеп болды: діни қызметші шіркеудің дәлізінде садақа берушілердің тізімін іліп қоятын. Тізімдегі адамдардың есімдері көбірек садақа беретіндерден басталатын. Ал ата-анамның тұрмысы қарапайым болғандықтан, олардың есімдері әдетте тізімнің соңында жүретін. Шіркеу басшылары оларға көбірек ақша беруге қысым жасайтын. Ал бір діни қызметші болса шіркеудегі жұмысынан айырылып қалмау үшін, өзі шын мәнінде сенетін нәрселерге үйретпейтінін мойындады. Сондықтан біз шіркеуге бармайтын болдық, бірақ бәрібір де Құдайға қызмет етіп, ол туралы білім алғымыз келді.

Сол кездері Канадада Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынғандықтан, Элси бауырлас бізбен зерттеу сабағын өткізгенде тек Киелі кітапты және жазып алған түсініктемелері бар қара блокнотын қолданатын. Кейінірек оны билік басындағыларға сатып жібермейтінімізді түсінгенде, ол бізге Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді әкеле бастады. Әр зерттеу сабағынан кейін біз әдебиеттерді жақсылап тығып қоятынбыз *.

Ата-анам шындықты қабылдап, 1948 жылы шомылдыру рәсімінен өтті

Қарсылық пен өзге кедергілерге қарамастан, Элси бауырлас ізгі хабарды зор құлшыныспен жариялайтын. Оның құлшынысы маған қатты әсер етіп, шындық жағында берік тұруға талпындырды. Әке-шешем шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болғанынан бір жыл өткен соң, мен де олардың ізін бастым. Сөйтіп, 1949 жылы ақпан айының 27 жұлдызында, жасым 17-де болғанда, фермадағы малды суаратын темір астауда шомылдыру рәсімінен өттім. Содан кейін мен толық уақытты қызметті бастауға бел будым.

ЕХОБА МАҒАН БАТЫЛ БОЛУҒА КӨМЕКТЕСТІ

1952 жылы Бетелге шақырылдым

Алғашында ізашарлық қызметті бірден бастап кетуге тартыншақтадым. “Ізашар болсам, өзімді қамтамасыз ету үшін маған ақша керек болады” деген оймен мен біраз уақыт бойы банкте және бір кеңседе жұмыс істедім. Әлі өмір көрмеген бозбала болғандықтан, тапқан ақшам қолымда  тұрмайтын. Сөйтіп жүргенімде, Тед Сарджент бауырлас мені батыл болып, Ехобаға арқа сүйеуге талпындырды (Шеж. 1-ж. 28:10). Оның осындай ағалық қамқорлығының арқасында мен 1951 жылдың қараша айынан бастап ізашарлық қызметке кірістім. Ол кезде менде небәрі 40 доллар, ескі велосипед және жаңа сөмкем бар еді. Алайда Ехоба әрқашан мені қажетті нәрселермен қамтамасыз ететін. Сол кезде мені ізашарлық қызметке талпындырғаны үшін Тед бауырласқа ризашылығым шексіз! Бұл қызметім жаңа баталарға жол ашты.

1952 жылдың тамыз айының соңына таман маған Торонтодан қоңырау шалынды. Ехоба куәгерлерінің Канададағы филиалы мені қыркүйектен бастап Бетелде қызмет етуге шақырды. Ұялшақ екенімді білсем де және филиалда ешқашан болмасам да, мен бұл хабарға қатты қуандым. Өйткені басқа ізашарлар Бетел жайлы ауыз толтырып айтатын. Бетелге барған соң, ол жақ маған бірден өз үйімдей болып кетті.

“БАУЫРЛАСТАРҒА ОЛАРДЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАЙТЫНЫҢДЫ КӨРСЕТ”

Бетелге келгеннен екі жыл өткен соң, мен Торонтодағы қауымдардың бірінде қауым қызметшісі (ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі) болған Билл Якостың орнына тағайындалдым. Небәрі 23 жастағы мен өзімді ауылдың аңқау баласындай сезіндім. Бірақ Билл бауырлас маған не істеу керектігін кішіпейілділікпен және сүйіспеншілікпен үйретті. Осылайша Ехоба маған зор қолдау көрсетті.

Тығыршықтай денелі, жүзінен күлкі кетпейтін Билл бауырлас үнемі басқалардың қамын ойлап жүретін. Ол бауырластарды, ал бауырластар оны жақсы көретін. Билл олардың үйлеріне бастарына қиындық түскенде ғана емес, әншейінде де барып тұратын. Ол мені де солай істеуге талпындырып, уағыз ісінде бір сенімдегілермен иық тіресе қызмет етуге шақырды. Ол маған: “Кен, бауырластарға олардың қамын ойлайтыныңды көрсет. Сонда олар сенің көптеген кемшіліктеріңді көтере алатын болады”,— дейтін.

ЖАН ЖАРЫМНЫҢ АДАЛ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ

1957 жылдың қаңтар айынан бастап Ехоба маған тағы бір ерекше жолмен көмектесіп келеді. Сол айда мен Ғалақад мектебінің 14-сыныбының түлегі Эвелинге үйлендім. Отау тікпей тұрғанымызда ол француз тілі кең тараған Квебек провинциясында қызмет етті. Сол кездерде Квебек тұтастай дерлік Рим католик шіркеуінің қатаң қадағалауында болған. Эвелинге онда өте қиын болса да, ол қызметіне және Ехобаға адал болды.

1957 жылы Эвелин екеуіміз отау құрдық

Эвелин маған да адалдықпен қолдау көрсетіп келеді (Ефес. 5:31). Бұлай ету оған әрдайым оңай болған жоқ. Мысалы, үйленген күніміздің ертесіне-ақ филиал менен Канададағы Бетелде өтетін бір апталық кездесуге қатысуды өтінді. Әрине, бұл күтпеген жайт болды, себебі біз бал айында АҚШ-тың Флорида штатына қыдырып баруды жоспарлап қойған едік. Бірақ біз Ехобаның кез келген тапсырмасын істеуге дайын болғандықтан, жоспарымызды өзгертіп, филиалға аттандық. Сол кездесу өткен аптада Эвелин филиалдың жанындағы танапта қызмет етті. Ол жердегі аумақ Квебектегі аумақтан мүлдем басқаша болғанымен, ол барын салып уағыздады.

Сол аптаның соңында мені тосын сый күтіп тұрды: мен Онтарионың солтүстігіне аудандық бақылаушы ретінде тағайындалдым. Ол кезде  мен жаңадан үйленген, ешқандай тәжірибесі жоқ, небәрі 25 жастағы жігіт едім. Бірақ біз Ехобаға сенім арттық та, тағайындалған жерімізге қарай жол тарттық. Канада қысының қақ ортасы еді. Біз тағайындалған жерлеріне оралып бара жатқан көптеген тәжірибелі аралаушы бақылаушылармен бірге түнгі пойызға отырдық. Олар бізге зор жігер берді! Тіпті бір ер бауырлас жолда түні бойы отырып бармауымыз үшін, өзінің жататын орнын берді. Таң атқанда біз жоғарыда айтылып кеткен Хорнпейндегі кішігірім топқа жеттік. Ол кезде үйленгенімізге 15-ақ күн болған еді.

Әйелім екеумізді талай өзгерістер күтіп тұрды. 1960 жылдың соңына қарай, облыстық бақылаушы ретінде қызмет етіп жүргенімде, маған келесі жылдың ақпанында басталатын Бруклиндегі (Нью-Йорк) Ғалақад мектебінің 36-сыныбына шақыру қағазы келді. Ол жақта он ай бойы оқи алатыныма қуанып кеттім. Бірақ Эвелиннің бұл мектепке шақырылмағанына біраз көңілім түсті. Осындай жағдайдағы басқа әйел бауырластар сияқты, оның да кем дегенде он айға ажырауымызға қарсы еместігін білдіріп хат жазуы керек болды. Эвелин бір-бірімізбен уақытша көріспейтінімізді ойлап көзіне жас алса да, екеуміз менің сол мектепке қатысқаным жөн деп шештік. Ол менің Ғалақад мектебінде құнды білім алатыныма қатты қуанды.

Мен Бруклинде болғанда, Эвелин Канададағы Бетелде қызмет етті. Онда ол қымбатты майланған бауырласымыз Маргарет Ловеллмен бір бөлмеде тұру мәртебесіне ие болды. Әрине, әйелім екеуміз бір-бірімізді қатты сағындық. Бірақ Ехобаның көмегімен уақытша тағайындалған қызметтерімізге үйреніп кеттік. Ехобаға және оның ұйымына көбірек пайдамыз тию үшін Эвелиннің бірге өткізетін уақытымызды құрбан етуге дайын болғанына өте риза болдым.

Ғалақад мектебінде оқығаныма үш айдай болып қалғанда, дүниежүзілік істе жетекшілік еткен Нейтан Норр бауырлас маған бір күтпеген ұсыныс айтты. Ол маған Ғалақад мектебіндегі оқуымды тоқтатуды және Канадаға оралып, сондағы Бетелде Патшалық қызмет мектебінің уақытша оқытушысы болуды ұсынды. Нейтан бауырлас бұл ұсынысты қабыл алуға міндетті емес екенімді де айтты. Қаласам, мен Ғалақад мектебінде аяғына дейін оқи алар едім, сосын миссионерлік қызметке тағайындалуым да мүмкін еді. Сондай-ақ Нейтан бауырлас мынаны да айтты: егер Канадаға оралуды шешсем, Ғалақад мектебіне енді ешқашан шақырылмауым мүмкін және уақыт өте келе Канададағы танапқа қайта тағайындалуым ықтимал. Ол маған алдымен әйеліммен сөйлесіп, сосын шешім қабылдауға кеңес берді.

Мен Эвелиннің теократиялық тағайындауларға деген көзқарасын білгендіктен, Нейтан бауырласқа сол мезетте-ақ: “Ехобаның ұйымы бізден нені өтінбесін, біз соны қуана-қуана істейміз”,— дедім. Қосағым екеуміз қашан да өз қалауларымызды шетке қойып, Ехобаның ұйымы тағайындаған жерге баруымыз керек деген ойда болдық.

Осылайша мен 1961 жылдың сәуірінде Бруклиннен кетіп, Патшалық қызмет мектебінде  сабақ беру үшін Канадаға оралдым. Кейінірек біз бетелдік қызметке тағайындалдық. Одан кейінгі мына бір жаңалық мені қайран қалдырды: мен 1965 жылы басталатын Ғалақад мектебінің 40-сыныбына шақырылдым. Эвелин қайтадан уақытша ажырауымызға қарсы еместігін білдіріп хат жазу керек еді. Бірақ бірнеше аптадан соң оған да менімен бірге оқуға шақыру келгенде, қуаныштан төбеміз көкке жетті!

Ғалақад мектебіне келгенімізде, Нейтан бауырлас француз тілін үйрену сабақтарына жазылған бауырластардың Африкаға жіберілетінін айтты. Солардың ішінде біз де бар едік. Алайда Ғалақад мектебін бітіру салтанаты кезінде Канадаға қайта тағайындалғанымызда, таңғалдық. Мен филиал бақылаушысы (филиал комитетінің үйлестірушісі) ретінде тағайындалдым. Жасым 34-те болғандықтан, Нейтан бауырласқа: “Мен әлі жаспын ғой”,— дедім. Бірақ ол жүрегіме сенімділік ұялатты. Мен қызметіме кіріскеннен бастап, маңызды шешімдер қабылдар алдында Бетелдегі тәжірибесі мол, жасы үлкендеу бауырластармен кеңесуге тырыстым.

БЕТЕЛ — ҮЙРЕНУ МЕН ҮЙРЕТУГЕ АРНАЛҒАН ЖЕР

Бетелдік қызметтің арқасында менде басқалардан үйренуге тамаша мүмкіндік болды. Мен филиал комитетінің өзге де мүшелерін құрметтеймін және оларға өте ризамын. Сондай-ақ Бетелдегі және кезінде біз қызмет еткен әртүрлі қауымдардағы көптеген бауырластар, ер не әйел, жас не қарт болсын, маған игі әсер етті.

Канададағы Бетел отбасы үшін таңғы ғибадатты жүргізуім

Бұған қоса, бетелдік қызметім басқаларға тәлім беруге және сенімдерін нығайтуға мүмкіндік береді. Елші Пауыл Тімөтеге: “Сен үйренген... нәрселерді бұдан былай да ұстана бер”,— деген. Сондай-ақ: “Көптеген куәгерлердің көзінше менен естігендеріңді адал кісілерге сеніп тапсыр, сонда олар да өзгелерге тәлім беруге қабілетті болады”,— деп қосты (Тім. 2-х. 2:2; 3:14). Кейде бауырластар 57 жылдық бетелдік қызметімнің барысында нендей нәрселерге үйренгенімді сұрап жатады. Сонда мен: “Ехобаның көмегіне сенім артып, оның ұйымы тапсырған кез келген істі бірден және дайындықпен орындауды үйрендім”,— деп қарапайым ғана жауап беремін.

Әлі ысылмаған, жап-жас ұялшақ жігіт кезімде Бетелдің табалдырығын жаңа аттағаным әлі есімде. Сол уақыттан бері Ехоба мені көптеген жылдар бойы “оң қолымнан сүйемелдеп келеді”. Ехоба жиі бауырластардың мейірімділігі арқылы маған дер кезінде көмектеседі. Осылайша ол мені: “Қорықпа, Мен сені қолдап-қорғаймын”,— деп сендіреді (Ишая 41:13).

^ абзац 10 1945 жылдың 22 мамырында Канада үкіметі біздің ісімізге салынған тыйымның күшін жойды.