Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Менің тамағым — Құдайдың еркін орындау”

“Менің тамағым — Құдайдың еркін орындау”

Саған не нәрсе зор қуаныш әкеледі? Некелік өмір ме, бала-шағаның қызығын көру ме, әлде достық қарым-қатынас па? Бәлкім, сүйікті адамдарыңмен дастарқан басында жиналу сен үшін үлкен бақыт шығар. Десе де Ехобаның қызметшілері болғандықтан, біз үшін әсіресе оның еркін орындау, Сөзін оқып-зерттеу және ізгі хабарды уағыздау үлкен қуаныш әкеледі емес пе?

Ежелгі Исраилде патша болған Дәуіт Жаратушымызды дәріптеп, былай деп жырлаған: “Сенің еркіңді орындауға құштармын, Уа, Құдайым, жүрегімде Сенің тағылымың” (Заб. 39:9). Дәуіт өмірінде көп қиындық пен қысымға кезіккен, бірақ ол Құдайдың еркін орындап, соны қуаныш көрген. Дәуіт сияқты Құдайға қызмет етуден қуаныш тапқан Ехобаның басқа да қызметшілері болған.

Елші Пауыл Забур 39:9-дағы сөздерді Мәсіхке қатыстырып, былай деп жазған: “Мәсіх осы дүниеге келгенде, Құдайға былай деген: “Сен құрбандық пен сый-тартуды қаламадың, бірақ маған дене дайындап қойдың. Түгелдей өртелетін және күнә үшін ұсынылатын құрбандықтарды жаратпадың. Сондай-ақ мен былай дедім: — Кітаптың бір шиыршығында мен туралы жазылғандай, уа, Құдай, міне, мен сенің еркіңді орындауға келдім” (Евр. 10:5—7).

Жерде болған кезінде Исаға табиғатқа назар аудару, достарымен бас қосу және басқалармен дастарқандас болу ұнайтын (Мат. 6:26—29; Жох. 2:1, 2; 12:1, 2). Алайда көктегі Әкесінің еркін орындау ол үшін ең басты әрі ең көп қуаныш әкелген іс болған. Мұның растығын оның өз сөзінен көреміз. Ол: “Менің тамағым — өзімді жібергеннің еркін орындау және оның тапсырған ісін аяқтау”,— деген (Жох. 4:34; 6:38). Ұстаздарынан шәкірттері де шынайы бақыттың сыры неде екенін білді. Олар Патшалық хабарын дайындықпен әрі ынта-ықыласпен жариялаған (Лұқа 10:1, 8, 9, 17).

“БАРЫҢДАР ДА, БАРЛЫҚ ХАЛЫҚТАРДАН ШӘКІРТ ДАЙЫНДАҢДАР”

Иса елшілеріне былай деп бұйырды: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірт дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер. Мен осы заманның ақырына дейін әр күні сендермен біргемін” (Мат. 28:19, 20). Бұл бұйрықты  орындауға адамдар бар жердің бәрінде уағыздау, қызығушылық танытқандарға қайта бару және олармен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізу жатады. Осы істі атқару бізге көп қуаныш сыйлайды.

Сүйіспеншілік бізді немқұрайдылыққа қарамастан уағыздай беруге талпындырады

Біз айтып жүрген хабарға жұрт қызығушылық танытсын-танытпасын, қызметімізден қанағат алу үшін көзқарасымыздың дұрыс болғаны басты рөл атқарады. Адамдар немқұрайдылық танытса да, не үшін біз ізгі хабарды жариялауды доғармаймыз? Өйткені Патшалық жайлы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қатысу арқылы біз Құдайға және адамдарға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз. Мәселе өзіміздің және айналамыздағы адамдардың өмірі жайлы болып тұр ғой (Езек. 3:17—21; Тім. 1-х. 4:16). Осы істе бізбен қатар тер төгіп жүрген көптеген бауырласқа уағыздау қиын аумақта құлшыныстарын жоғалтпауға немесе оны қайта жандандыруға не көмектескенін көрейік.

ӘР МҮМКІНДІКТІ ҚАЛТ ЖІБЕРМЕ

Қызметте ұтымды болатын сұрақтарды қолдану жиі жақсы нәтиже әкеліп жатады. Бір күні таңертең Амалия есімді бауырласымыз саябақта газет оқып отырған ер кісіні байқайды. Оның қасына барып: “Қандай да бір жақсы жаңалық бар ма екен?”— деп сұрайды. Ер кісі жақсы жаңалық оқымағанын айтқанда, Амалия: “Мен сізге Құдай Патшалығы жайлы жақсы хабар айтайын деп едім”,— дейді. Бұл оның қызығушылығын оятып, ол Киелі кітапты зерттеуге келіседі. Амалия әлгі саябақта одан басқа үш Киелі кітап зерттеу сабағын бастайды.

Джанис жұмыс орнын өзінің уағыздау учаскесіне айналдырды. Бірде күзетші болып істейтін кісі мен Джанистің басқа бір әріптесі “Күзет мұнарасындағы” бір мақалаға қызығушылық білдіргенде, бауырласымыз оларға журналдар әкеліп тұруды ұсынады. Джанис келесі бір әріптесіне журналдар әкеліп бергенде, ол “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” басылымдарындағы тақырыптардың сан түрлілігіне қайран қалады. Бұл жағдайдан кейін тағы бір әріптесі журналдарымызды сұрайды. “Бұл Ехобаның батасы еді!” — дейді Джанис. Осылайша ол жұмысындағы 11 адамға журнал апарып тұратын болады.

ОҢ КӨЗҚАРАС ТАНЫТ

Бір аралаушы бақылаушы жариялаушыларға үйме-үй уағыздап жүргенде, әңгімені жай ғана “сізге басқа бір күні тағы келермін” деп аяқтай салмауға кеңес берді. Қайта, үй иесіне: “Сізге Киелі кітап зерттеу сабағының қалай өтетінін көрсеткім келген еді”, — десе болады. Сондай-ақ: “Әңгімемізді жалғастыру үшін сізге қай күні, қай сағатта келгенім ыңғайлы?”— деп сұрауға болады. Аралаушы бақылаушының айтуынша, ол қызметтескен бір қауымдағы бауырластар осы тәсілді қолданып, бір аптада 44 адаммен үй жағдайында Киелі кітап зерттеу сабағын бастаған екен.

Адамға бірнеше күн ішінде қайта барғанымыз жақсы нәтиже әкелуі мүмкін. Неге? Өйткені бұл біздің ақжүректі жандарға Киелі кітапты түсінуге шынымен көмектескіміз келетінін көрсетеді. Бір әйелден Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуге  неліктен келіскенін сұрағанда, ол: “Өйткені олар маған шынайы қызығушылық пен сүйіспеншілік танытты”,— деді.

Үй иесіне: “Сізге Киелі кітап зерттеу сабағының қалай өтетінін көрсеткім келген еді”,— десе болады

Ізашарлық қызмет мектебінде оқығаннан кейін көп ұзамай, Мадай есімді бір әйел бауырлас 15 адаммен зерттеу сабағын бастап, тағы бесеуін басқа бауырластарға тапсырады. Онымен зерттейтін бірнеше адам қауым кездесулеріне жүйелі түрде келе бастайды. Мадай бауырлас ненің арқасында осыншама зерттеу сабағын бастады? Ізашарлық мектептен ол мынаны үйренді: алғашында қызығушылық танытқан адам келесі барғанда үйінде болмаса, оны таппайынша баруды тоқтатпау керек. Көп адамға Киелі кітаптағы шындықты білуге көмектескен басқа бір бауырлас өз тәжірибесімен бөлісіп былай дейді: “Ехобаны танып-білгісі келетін адамдарға көмектесудің басты жолы — оларға табанды түрде қайта бару”.

Киелі кітапты түсінгісі келетін адамдарға тез арада қайта барғанымыз оларға деген қызығушылығымыздың шынайы екенін көрсетеді

Қайта бару мен зерттеу сабағын өткізу аянбай күш салуды талап етеді. Алайда Ехобаның берер батасы бұдан асып түседі. Бар назарымызды Патшалықты жариялауға аудару арқылы басқаларға “шындық жайлы тура білім алып”, соның арқасында құтқарылуға көмектесеміз (Тім. 1-х. 2:3, 4). Ал бұл өз кезегінде бізге теңдессіз қуаныш пен қанағат сыйлайды.