Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бауырластарға әлеуеттерін толық ашуға көмектесейік

Бауырластарға әлеуеттерін толық ашуға көмектесейік

“Сені таса қылмай көзімнен, Әрдайым жетелеп жүремін Мен” (ЗАБ. 31:8).

1, 2. Ехоба жердегі қызметшілеріне қалай қарайды?

АТА-АНАЛАР балаларының ойнап жүргенін көргенде, олардың туа біткен қабілеттеріне таң-тамаша болып жатады. Сенің де таңғалған кездерің болған шығар. Кей балалар спортқа бейім болса, өзгелері бейнелеу не қолөнерге жақын. Балаларының қабілет-дарындары қандай болмасын, ата-аналар олардың әлеуетін (потенциал), яғни мүмкіндіктерін барынша арттырып, онысын толықтай кәдеге жаратуға көмектескісі келеді.

2 Ехобаның да жердегі балаларына деген қызығушылығы орасан зор. Адал әрі сенімдері мықты болғандары үшін олар Ехобаның көзінде ерекше қазына іспетті (Хақ. 2:7). Осы бағалы қасиеттерден басқа бұл бауырластардың бойынан небір қабілеттердің де бар екенін байқаған шығарсың. Кейбір ер бауырластар шешен баяндамашы болса, өзгелері жақсы ұйымдастырушы. Ал әйел бауырластарымыздың қатарында шет тілін оңай үйреніп, онысын қызметте қолдана білетін шеберлер де бар. Сонымен қатар жылағанды жұбата білетін, ауырғанға күтім жасай алатын әйел бауырластарымыз да көптеп табылады (Рим. 16:1, 12). Осындай бауырластармен бір қауымда болу үлкен ғанибет емес пе?!

3. Бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

 3 Алайда кейбір бауырластар, әсіресе жас немесе жаңадан шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар қауымда өз орнын таба алмай жүруі мүмкін. Оларға әлеуеттерін толық ашуға қалай көмектесе аламыз? Неліктен Ехоба сияқты олардың күшті жақтарын көруге тырысуымыз қажет?

ЕХОБА ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ КҮШТІ ЖАҚТАРЫН КӨРЕДІ

4, 5. Билер 6:11—16 тармақтарда жазылған оқиғадан Ехобаның әлеуетімізді байқай алатыны қалай көрінеді?

4 Киелі кітаптағы көптеген оқиғадан Ехоба қызметшілерінің жақсы жақтарын ғана емес, сондай-ақ олардың әлеуеттерін де байқайтыны айқын көрінеді. Мысалы, Ехоба өз халқын мадияндықтардың қолынан құтқару үшін Гедеонды таңдаған. Оған періште келіп: “Жаратқан Ие саған жар, мықты батыр!”— деп тіл қатқанда, Гедеон абыржып қалған болса керек. Кім-кім, бірақ Гедеон өзін “мықты батырмын” деп ойламаған. Ол бұл тапсырманы атқара алмайтынын әрі өзін төмен санайтынын ашық айтты. Бірақ періште екеуінің арасындағы әңгімеден Ехобаның Гедеонға деген көзқарасы оның өзіне деген көзқарасынан айтарлықтай өзгеше екені көрінеді (Билер 6:11—16 оқы).

5 Ехобаның Исраилді азат ету үшін Гедеонды таңдауына оның бойындағы қабілеттері себеп болды. Мысалы, періште оған келгенде, бидай бастырып жатқан Гедеонның қаншалықты әл-қуатты екенін көрді. Сондай-ақ оның назарынан тағы бір жайт тыс қалмады. Сол заманда фермерлер бидайды қауызынан тазалау үшін ашық далаға баратын. Соның арқасында қауыздар желмен ұшып кететін. Бірақ Гедеон болса мадияндықтар тартып алмас үшін, азғана астығын жүзім сығатын орында жасырын бастырып жатты. Бұл нағыз табылған ақыл еді! Ехобаның көзінде Гедеон еңбекқор жұмысшы ғана емес, сондай-ақ тапқыр адам болған. Ол жағдайдың мән-жайын түсініп, төніп тұрған қауіптен шығудың амалын таба білген. Ехоба Гедеонның әлеуетін көріп, онысын ашуға көмектесті.

6, 7. а) Ехобаның Амосқа деген көзқарасы кейбір исраилдіктердің көзқарасынан несімен ерекшеленді? ә) Ехобаның Амосты таңдағаны неліктен дұрыс болды?

6 Амос пайғамбардың жағдайы да Ехоба қызметшілерінің әлеуетін байқайтынын дәлелдейді. Көп адамның көзінде ол елеусіз, момын адам болатын. Амос мал бағып, кедейлердің тағамы болып саналатын інжірді тесумен айналысатын. Ехоба осындай қарапайым адамды опасыз он рулы Исраил халқына үкімін жеткізу үшін тағайындағанда, кейбіреулерге бұл шешім қате болып көрінген шығар (Амос 7:14, 15 оқы).

7 Амостың бір шалғай ауылдан шыққаны өтірік емес, бірақ ол патшалар мен әдет-ғұрыптар жайлы хабардан шет қалып жүрмеген. Ол Исраилдің және көршілес жатқан халықтардың жағдайы жайлы жолшыбай өтетін саудагерлерден біліп отырған болса керек (Амос 1:6, 9, 11, 13; 2:8; 6:4—6). Бүгінгі таңда Киелі кітапты зерттейтін кей ғалымдар Амостың жазу шеберлігі жоғары болған деседі. Ол қарапайым да әсерлі сөздерді таңдап қана қоймай, параллелизм мен сөзойнатым тәсілдерін керемет қолданған. Ал тура жолдан тайған Амазиях атты діни қызметкерді әшкерелегенде, оның батыл екені де айқын болды. Иә, осы жайттардан көрінетіндей, Ехоба дұрыс таңдау жасады. Ол Амостың бойынан басқалар көре алмаған құнды қабілеттерді көре алды (Амос 7:12, 13, 16, 17).

8. а) Ехоба Дәуітке нені уәде етті? ә) Забур 31:8-дегі сөздер өздеріне сенімі аздарға және қабілетім жоқ дейтіндерге неліктен жігер бола алады?

8 Иә, Ехоба әр қызметшісінің әлеуетін байқайды. Ол Дәуіт патшаға әрдайым жетелеп жүретінін және “көзінен таса  қалдырмайтынын” уәде еткен (Забур 31:8 оқы). Бұл сөздер неліктен бізге жігер береді? Өз-өзімізге деген сеніміміз аз болғанда, Ехоба шамамыз жетпейді-ау деген істерді атқаруға әрі ойламаған жетістіктерге жетуге көмектесе алады. Осы орайда Ехобаны тәжірибелі жаттықтырушыға теңеуге болады. Жартасқа өрмелеуді енді үйреніп жүрген адам аяқ-қолын дұрыс жерге қою үшін, жаттықтырушы оны бір сәтке де көзінен таса қылмай, нұсқау беріп отырады. Сол сияқты Ехоба да бізге басшылық беріп, рухани жетістіктерге жетуге көмектеседі. Бұл үшін ол бауырластарды қолдануы мүмкін. Қалайша?

ӨЗГЕЛЕРДІҢ БОЙЫНАН ЖАҚСЫНЫ КӨРЕ БІЛ

9. Өзгелердің мүддесін ойлайтынымызды қалай көрсете аламыз?

9 Елші Пауыл барлық мәсіхшілерді “тек өз мүдделерін емес, басқалардың да мүддесін ойлауға” шақырған (Філіпіліктерге 2:3, 4 оқы). Пауылдың айтқан бұл сөздері тағы нені білдіруі мүмкін? Біз басқалардың қабілет-дарынын байқағанда, үндемей қалмайық. Мысалы, басқалар күшті жақтарыңды байқап, сені мақтаса, өзіңді қалай сезінер едің? Бұл саған одан бетер жақсаруыңа серпін берер еді ғой. Сол сияқты біз де бауырластарға олардың күшті жақтарын айтатын болсақ, олар алға ұмтылып, рухани өседі.

10. Кімдерге әсіресе көңіл бөлуіміз қажет?

10 Бәріміз де кей кездері біреудің көңіл қоюына мұқтаж болып жатамыз. Бірақ кімдер бұған әсіресе мұқтаж? Арамыздағы жас және жаңадан шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар қауымға шын мәнінде керек екенін сезінуді әсіресе қажет етеді. Осыны сезінсе, олар қауымда өз орындары бар екенін көреді. Ал тиісінше көңіл бөлмейтін болсақ, оларға атқарып жатқан істері бағаланбай жатқандай көрінуі мүмкін. Соның салдарынан олардың көбірек жауапкершіліктерге деген ұмтылысы су сепкендей басылып қалуы ықтимал (Тім. 1-х. 3:1).

11. а) Бір ақсақал жас бауырласқа ұялшақтықты жеңуге қалай көмектесті? ә) Осы оқиғадан қандай сабақ алуға болады?

11 Жас кезінде бауырластардың тарапынан қамқорлық көрген Людовик есімді ақсақал былай дейді: “Қандай да бір бауырласқа шын жүректен көңіл бөлінсе, ол әлдеқайда тез өсетін болады”. Джулиан есімді ұялшақ жігіт жайлы Людовик былай дейді: “Кейде Джулианның қауымдағы әрекеттері болмысына жат, жасанды болып көрінетін. Бірақ мен оның өте мейірімді екенін және бауырластарға шын мәнінде көмектескісі келетінін байқадым. Сондықтан оның ниетіне шек келтірудің орнына, мен жақсы жақтарына назар аударып, жігер беруге тырыстым”. Уақыт өте келе Джулиан қызмет көмекшісі болып тағайындалды, ал кейіннен ізашарлық қызметті де бастады.

ӘЛЕУЕТТЕРІН ТОЛЫҚ АШУҒА КӨМЕКТЕСЕЙІК

12. Бауырластарға әлеуеттерін толық ашуға көмектесу үшін бізге не істеу қажет? Мысал келтір.

12 Бауырластарға әлеуеттерін толық ашуға көмектескіміз келсе, бізге олардың күшті жақтарын көре білгеніміз маңызды. Адамның әлсіз тұстарына тірелудің орнына, бойынан асыл қасиеттер мен қабілеттерді іздегеніміз жақсы. Иса да Петірге солай қараған. Кей кездері Петір тұрақсыз болып көрінгенмен, Иса оның жартастай берік болатынын көре білген (Жох. 1:42 сілт.).

13, 14. а) Барнаба жас Марқаға қалай қараған? ә) Бір жас бауырласқа ақсақал қалай көмектесті? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

13 Кезінде Барнаба да Марқаның жақсы жақтарын көре білген (Ел. іс. 12:25). Пауыл Барнабамен бірге бірінші миссионерлік сапарға аттанғанда, Марқа олардың жағдайын жасап, көмектесіп жүргенге ұқсайды. Алайда Памфилияға келгенде, Марқа оларды ойламаған жерден  тастап кетеді. Сонда Пауыл мен Барнабаға қарақшыларға толы қауіпті аймақтан жалғыз өтулеріне тура келді (Ел. іс. 13:5, 13). Бірақ Барнаба Марқаның қателігіне емес, жақсы қасиеттеріне назар аударуды жөн көрді. Ол бірден Марқаны сенімсіз адамдардың қатарына жатқыза салмады. Қайта, оны әрі қарай да қызметке баулып, толысқан мәсіхші болуына жәрдем берді (Ел. іс. 15:37—39). Бір қызығы, Пауыл Римдегі түрмеде отырғанда, оның қасында болып, көмек берген Марқа еді. Сондай-ақ Пауыл Қолостағы бауырластарға хат жазғанда, оның да атынан сәлем жолдап, ол жайында жақсы ойда екенін көрсетті (Қол. 4:10). Ал кейін Марқаның көмегін сұрап, оны қасына шақыртқанда, Барнаба қалай қуанды десеңші! (Тім. 2-х. 4:11).

14 Жаңадан тағайындалған Александре есімді ақсақалға да кезінде бауырластар көмектескен. Ол былай деп еске алады: “Жас кезімде көпшілік алдында дұға айту мен үшін қиынның қиыны еді. Сол кезде бір ақсақал дұғаға дайындалуды үйретіп, қатты қобалжымауға көмектесті. Ол мені бұл жауапкершіліктен шеттеудің орнына, уағыздауға арналған кездесуде үнемі дұға айтуға мүмкіндік берді. Біраз уақыттан кейін мен өз-өзіме анағұрлым сенімді бола бастадым”.

15. Пауыл бауырластардың бойындағы жақсы қасиеттерді бағалайтынын қалай көрсетті?

15 Бауырластардың бойынан жақсы қасиеттерді байқағанда, оларға мақтау сөздер айтамыз ба? Римдіктерге арнаған хатында Пауыл 20-дан астам бауырласты қандай қасиеттері үшін бағалайтынын жазған (Рим. 16:3—7, 13). Мысалы, ол Андроник пен Юниястың Мәсіх жолына өзінен бұрын түскенін айтып, олардың табандылықтарын ерекше атап өтті. Сондай-ақ қамқорлық көрсеткен Руфтың анасын да жылулықпен еске алды.

Фредерик (сол жақта) Рикоға алға басуын доғармауға көмектесті (16-абзацты қара)

16. Жастарға мақтау сөздер айтқанымыздың нәтижесі қандай болуы мүмкін?

16 Бауырластарды шын жүректен мақтай білсек, оның керемет жемісін көре аламыз. Бұны Францияда тұратын жас бауырласымыз Риконың оқиғасынан көруге болады. Сенуші емес әкесі оған шомылдыру рәсімінен өтуге тыйым салып, қарсылық көрсеткен. Содан Рико жасы кәмелетке толғанға дейін күту керек деп ойлады. Ол аздай сыныптастары да оны келеке-мазақ ететін. Осының бәрі оның ұнжырғасын түсірді. Сол кездері онымен зерттеу сабағын Фредерик деген ақсақал өткізетін еді. Ол былай дейді: “Мен Рикоға сондай сынақтардың болып жатқаны оның өз сенімін қорғауға батылдығы жететінінің дәлелі екенін айттым”. Осы мақтау сөздер Рикоға алға басуын тоқтатпауға әрі әкесімен қарым-қатынасын жақсартуға көмектесті. Сөйтіп, ол 12 жасында шомылдыру рәсімінен өтті.

Жером (оң жақта) Райанға миссионер болуға жәрдем берді (17-абзацты қара)

17. а) Ер бауырластарға алға басуға қалай көмектесе аламыз? ә) Бір миссионер жастарға қалай көңіл бөледі және оның нәтижесі қандай?

17 Егер бауырластарды атқарып жатқан қызметтері я болмаса талпыныстары үшін мақтап отырсақ, олардың құлшыныстарын одан сайын жандандыра түсеміз. Франциядағы Бетелде біраз жылдан бері қызмет етіп келе жатқан  Сильвия * есімді бауырласымыз әйелдердің ер бауырластарды мақтауда өз үлестерін қоса алатын айтты. Оның байқауынша, әйелдер көп жағдайда ер адамдар байқай бермейтін тұстарды көре алады. Сондықтан олар ақсақалдардың қандай да бір мақтау сөздерін әдемілеп толықтыра алады. Сильвия былай деп қосты: “Мақтау сөздер айту — менің міндетім” (Нақ. с. 3:27). Франциялық Гвианада тұратын Жером есімді миссионер көптеген жас ер бауырласты миссионерлік қызметке дайындаған. Ол былай дейді: “Бір байқағаным, жас ер бауырластарды қызметтеріндегі нақты бір жайт не мағыналы жауаптары үшін мақтағанда, олардың сенімділіктері артады екен. Нәтижесінде олардың қабілеттері әрі қарай да шыңдала береді”.

18. Бауырластарға тапсырма берудің және олармен бірге еңбектенудің қандай пайдасы бар?

18 Біз ер бауырластарға алға басуға тапсырма беру және олармен бірге еңбек ету арқылы да көмектесе аламыз. Мысалы, қауымыңда компьютерді жақсы білетін жас ер бауырласқа компьютері жоқ қарт бауырластарға сайтымыздан белгілі бір мәліметтерді басып шығаруды тапсырып қоюға болады. Ал Патшалық сарайында тазалық жұмыстары жүргізілсе, неге жас ер бауырласты бірге жұмыс істеуге шақырмасқа? Осындай істерде бірінші болып әрекет етсең, жас бауырластардың қабілеттерін байқауға және мақтау сөздер айтуға мүмкіндігің болады әрі бұның жемісін де көре аласың (Нақ. с. 15:23).

ЕРТЕҢНІҢ ҚАМЫН БҮГІН ЖАСАЙЫҚ

19, 20. Неліктен бауырластарға алға басуға қазірден бастап көмектесуіміз керек?

19 Ехоба Ешуаны Исраил халқына жетекші етіп тағайындағанда, Мұсаға оны “жігерлендіріп, қуаттауды” бұйырған (Заңды қайталау 3:28 оқы). Бүгінде дүниежүзі бойынша қатарымызға қосылып жатқан адамдардың саны артып жатқандықтан, жетекшілікті қолға алатын ер бауырластар ауадай қажет. Сол үшін ақсақалдармен бірге біз де арамыздағы жастарға әрі жаңадан келген ер бауырластарға әлеуеттерін толық ашуға көмектесейік. Соның арқасында толық уақытты қызметшілердің қатары көбейіп, “өзгелерге тәлім беруге қабілеттілердің” де саны арта түседі (Тім. 2-х. 2:2).

20 Нық орныққан қауымда қызмет етейік немесе енді аяққа тұрып келе жатқан кішігірім топта болайық, ер бауырластарға көмектесу арқылы ертеңнің қамын жасайық. Бұл орайда қызметшілерінің бойынан әрдайым жақсыны көретін Ехоба Құдайымызға еліктегеніміз үлкен септігін тигізеді.

^ абзац 17 Есімі өзгертілген.