Алға басу үшін “жүретін жолыңды тегісте”
ҚҰДАЙ ХАЛҚЫ б. з. б. 537 жылы Бабылдан шыққан кезде, Ехоба олардың Иерусалимге барар жолдарына назар аударып: “Халық жүретін жолды тазартыңдар! Салыңдар, даңғыл жол салыңдар, оны тастардан тазартыңдар!”— деген (Ишая 62:10). Құдайдың осы бұйрығын яһудилердің қалай орындағанын елестетіп көрші. Алдыңғы сапта жүргендері шұңқырларды толтырып, кедір-бұдыр жерлерді тегістеп, жол жасап отырған. Осылайша олар арттарынан жүріп келе жатқан бауырларының туған жерлеріне барар жолдарын жеңілдеткен.
Яһудилер салған жолды рухани мақсаттарға жетелейтін жолмен салыстыруға болады. Ехоба барлық қызметшілерінің осы жолмен еш кедергісіз жүргендерін қалайды. Ол өз Сөзінде бізді: “Жүретін жолыңды тегісте, сонда нық басып жүресің алға”,— деп шақырады (Нақ. с. 4:26). Жастар да, жасы үлкендер де осы кеңестің нағыз даналық болып табылатынын өз өмірлерінде көре алады.
ДҰРЫС ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУ АРҚЫЛЫ ЖОЛ ДАЙЫНДА
Сен кейбір адамдардың жасөспірімдерге қатысты “Бұл қыздың табысты болуға барлық мүмкіндіктері бар” немесе “Түбінде бұл баладан бір нәрсе шығады” деп айтқандарын естіген боларсың. Негізінде, жастардың денсаулықтары мықты, ойлау қабілеттері жылдам және табысқа жетуге деген құштарлықтары зор болады. Киелі кітапта: “Жастардың мақтанары — күш-қуаты”,— делінген (Нақ. с. 20:29). Қабілеттері мен күш-жігерін Ехобаға қызмет етуге арнайтын жастар рухани мақсаттарға қол жеткізіп, нағыз бақытқа ие бола алады.
Алайда жастарымыздың қабілеттері осы дүниеде де жоғары бағаланатынын байқаған шығарсың. Мысалы, жас Куәгер мектепте өте жақсы оқыса, мұғалімдері не сыныптастары оны осы дүниеде табысқа жету үшін жоғары білім қууға талпындыруы мүмкін. Я болмаса, жас бауырласымыздың атлетикалық қабілеттері болса, жаттықтырушысы оған спорт саласында мансап қууға кеңес беруі мүмкін. Сен осындай жағдайға тап болғансың ба, әлде осындай қысымға кезіккен біреуді білесің бе? Мұндай жағдайда мәсіхшіге дана шешім қабылдауға не көмектеседі?
Киелі кітаптағы кеңестер бізді өмірдегі ең жақсы жолмен жүруге дайындайды. Уағыздаушы 12:1-де: “Жастық шағыңда Жаратушыңды есіңде берік ұста!”— делінген. Жастар да, жасы үлкендер де “Жаратушыны естерінде берік ұстау үшін” не істеулері керек?
Батыс Африкада тұратын Эрик * есімді бауырласымыздың жағдайын қарастырайық. Ол футбол ойнағанды жақсы көрген. Эрик 15 жасқа толғанда ұлттық футбол құрама командасында ойнауға шақырылады. Бұл оған болашақта Еуропа елдерінің бірінде жоғары дәрежелі спорт мектебінде оқуға, ал кейінірек кәсіби спортпен айналысуға жол ашпақ еді. Алайда “Жаратушыңды есіңде берік ұста” деген кеңес Эрикке қалай көмектесті? Ал біз бұл жағдайдан қандай сабақ ала аламыз?
Мектепте оқып жүргенде Эрик Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастайды. Сөйтіп, ол Жаратушы Құдайдың адамзаттың проблемасын біржолата шешетіні жайлы біледі. Сонда Эрик уақыты мен күшін Құдай еркін орындауға арнаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Осы ойды назарында ұстай отырып, ол спорттық мансапқа ұмтылудан бас тартуды шешеді. Сосын шомылдыру рәсімінен өтіп, өзін рухани істерге арнайды. Уақыт өте келе ол қызмет көмекшісі болып, кейінірек Салт басты ер бауырластарға арналған Киелі кітап мектебіне шақырылады.
Эрик спорттық мансап қуғанда, бай әрі атақты болып кетуі мүмкін еді. Бірақ ол Киелі кітаптағы: “Байдың байлығы алынбас қамалдай, өз қиялында заңғар дуалдай”,— деген сөздердің өте орынды айтылғанын түсінді (Нақ. с. 18:11). Расында да, байлықтың беретін қорғанышы бар болғаны қиял ғана. Оның үстіне, ашкөздене байлықтың соңынан қуғандар “өздерін көптеген қайғы-қасіретпен жарақаттаған” (Тім. 1-х. 6:9, 10).
Қуанышқа орай, көптеген жастарымыз толық уақытты қызмет етудің арқасында нағыз бақыт пен қорғанышқа қол жеткізген. Эрик былай дейді: “Мен Ехобаға толық уақытты қызмет ететіндердің үлкен “командасына” қосылдым. Бұл — дүниедегі ең керемет команда. Нағыз бақыт пен табысқа жетелейтін жолды көрсеткені үшін Ехобаға ризашылығым зор”.
Ал сенің жағдайың туралы не деуге болады? Осы дүниелік мақсаттарға ұмтылғаннан гөрі, неге ізашар болып қызмет ету арқылы Ехобаның алдында “жолдарыңды” берік етпеске? (“ Университет бере алмайтын игіліктерге ие болдым” деген қоршауды қара.)
ЖОЛЫҢДАҒЫ КЕДЕРГІЛЕРДІ АЛЫП ТАСТА
Бір ерлі-зайыпты бауырластарымыз Құрама Штаттардағы филиалға барғанда, сонда қызмет ететін бетелдіктердің қуаныштарын көріп таңғалады. Кейінірек әйел бауырласымыз: “Біз өмір сүру қалпымызды тым жайлы етіп алған сияқтымыз”,— деп хат жазып жібереді. Сөйтіп, олар уақыттары мен күштерін Ехобаға көбірек қызмет етуге арнауды шешеді.
Алайда бұл ерлі-зайыптыға өзгерістер жасау қиын болып көрінеді. Бірақ бір күні олар күнделікті жазба орнын қарастырғанда Жохан 8:31-де жазылған сөздерді оқиды. Ол жерде: “Егер менің сөзімді ұстансаңдар, шынымен менің шәкіртімсіңдер”,— деген Исаның сөздері жазылған. Осы сөздерді есте ұстай отырып, олар: “Өмірімізді қарапайым ету үшін не істеуге тура келсе де, бұл соған тұрарлық емес пе?”— деп ой жүгіртеді. Содан олар үлкен үйлерін сатып, өздеріне ауыртпалық болған басқа да нәрселерден арылып, қажеттілік бар жерге көшіп барады. Қазір олар ізашар болып қызмет етеді, сондай-ақ Патшалық сарайын соғу жұмыстарына көмектеседі және конгрестерде ерікті қызмет атқарады. Енді олар өздерін қалай сезінеді? “Біз Ехобаның ұйымы не нәрсеге талпындырса, соны істеп, қарапайым өмір сүруден келетін қуаныштың қаншалықты зор екенін көрудеміз”,— дейді олар.
РУХАНИ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖОЛДАН ТАЙМА
Сүлеймен: “Алға қарай көзің тура қарасын, алған бағыттан назарың таймасын”,— деп жазған болатын (Нақ. с. 4:25). Жүріп келе жатқан жолынан көз алмай отыратын көлік жүргізушісі сияқты, біз де рухани мақсаттар қойып, оларға қол жеткізуде алаңдататын кез келген нәрседен аулақ болуымыз керек.
Сен қандай мақсаттарға қол жеткізгің келеді? Толық уақытты қызмет ету — керемет мақсаттардың бірі. Сондай-ақ тәжірибелі жариялаушылар жетіспейтін жақын маңдағы қауымдарға барып, олардың үлкен аумақтарын өңдеуге көмектесу де жақсы мақсат болып табылады. Я болмаса, тәжірибелі жариялаушылары көп, бірақ ақсақалдар мен қызмет көмекшілері жетіспейтін қауымдарға да баруға болады. Осындай қажеттілік бар жерлерде көмек көрсете аласың ба? Онда неге аудандық бақылаушыға жолығып, қай жерде көмек көрсетуге болатыны жайлы сөйлесіп көрмеске? Егер қажеттілігі бар алыс аумаққа көшкің келсе, сондағы қауымдар жайлы сұрастырсаң болады *.
Ишая 62:10-да жазылған сөздерге қайта оралайық. Құдай халқы туған жерлеріне орала алу үшін, жолды тазалап, тегістеу жұмыстарына қатысқан яһудилер ауыр еңбек еткен болса керек. Егер қасиетті қызмет ету үшін қойған мақсаттарыңа қол жеткізуге тырысып жүрсең, еш берілме. Құдайдың көмегімен сен де өз мақсаттарыңа қол жеткізе аласың. Жолыңдағы кедергілерді “алып тастауға” күш салып жүрген болсаң, Ехобадан даналық сұрауды доғарма. Егер дұрыс бағытты таңдасаң, ол саған “жүретін жолыңды тегістеуге” көмектеседі (Нақ. с. 4:26).
^ абзац 8 Есімі өзгертілген.
^ абзац 18 “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” (ор.) кітабының 111, 112-бетін қара.